«Ақ көбелек айналшықтап, ақ қанатын қағады…»
21.07.2017
1852
0

Ай, маған сұлулық берші,
күлкімді жасайын.
Таң, маған жылулық берші,
Сырымды ашайын.

Күн, маған жылу, нұр берші,
Бір жарық жағайын.
Жер, маған сұлу гүл берші,
бір ауық тағайын.

Бал-бұлақ, суыңды берші,
Жолыма шашайын.
Мөп-мөлдір тұнығын берші,
Шөлімді басайын.

О, Тәңір, ғаламды берші,
Кеудеме салайын.
Қолыма қаламды берші,
Бір өлең жазайын.

***
Теңіз. Арман аралы,
Ол әлемдердің шетінде.
Ауасы қалқып барады,
Бұйда бұлттардың бетінде.

Иінін салған тауларға
Созылтып көсе мойынын.
Тербелген толқын таңдарда
Ән салар әсем, ойы – мұң.

Теңіздің түбі қазандық:
жанды да жансыз кіл көсең.
Алабы алып бұл елде,
табиғат, өзі Күн-көсем.

Бәрі, бәрін… тәрк етіп,
Кең тыныстап, сәл күліп.
Су еліне сүңги сап,
Кетсем бе екен мәңгілік?

***
Әуедегі әуен ерек, жел де ерек,
Бұлт арқалап барады ма сәлемді?
Әлде даусы бұрынғыдан өзгерек,
Салып тұр ма мен үйреткен әуенді.

Көкжиекке көркем келбет сыйлайтын
Бар ма дерсің бұл далада, ей, кімі?
Менің саған жазғандарым сыймайтын,
Біздің жақтың бұлттарына кей күні.

Менің айтқан сәлемімді суреттеп,
Бұйда бұлттар көйлек кисе сүйретпе.
Өлең жаз да көмейіңнен түйдектеп,
Өтінемін, оны ешкімге үйретпе.

Менің, сенің қанатың боп самғайтын,
Әнеу бұлттар, жазылмайтын жұптары.
Жер бетінде осылардан аумайтын,
Кімдер екен? …біздің жақтың бұлттары.

Миледи деп ат қойғам
Тағы атадым (жанарымда қап қойған),
Менімен бір жылайтын да, күлетін.
тек қана бір қылығы бар жат бойдан,
Менен елі аумай өмір сүретін.

Мен секілді, таңылатын жыр жазып,
Мен секілді, жаңылатын жыр қажып.
Менікіндей жазылатын өлеңі,
Ұйқасы да, үтір, нүкте, көлемі.

Және өзімдей, сүйсінемін, жыр ғашық,
Сәті түсіп, сұрағаным сыр ашып:
— Уа, Миледи, көгершін,
көсегең сенің көгерсін.
Ұшып кеткенде қыр асып.
Өлеңге ғана тулайтын мына жүректі,
Білсең ғой, жаңа жауқазын атып түлетті.
— Кім екті?
— иә, кім екті?
Кім болғанда да жүрегі мықты, білекті.

Бұлдауың анық, бұйыра көрме айыпқа,
Өлеңге, әсте, өмірім менің лайық па?
Гүлдер атады Майсыз да,
Аспан болады Айсыз да,
Аққусыз, бірақ, ажар кірмейді Жайыққа.
…Өлеңді тап та, өмірге мені лайықта.

Өлеңге мені ұшықтар ма еді? …киеңнен,
Өлеңге жеткіз, сәлемі дерсің Иеңнен.
Ол, әне, білсем, бұйда бұлттардың басында,
Пенде болғасын топырақ Жерді сүйем мен.

P.S. Жүрек әні, «Миледи» деп шырқаған,
Жет аспанға!
көңіліме жыр таған –
Өзі болсын саятшы.
қою күрең қиялына малталап,
шабытымды жастап жатқан шалқалап,
Өлеңімді оятшы!
Өлеңімді оятшы.
***
Армандар, кейде, тым алыс,
Көгілдір тұман, мың елес.
Күлудің бәрі қуаныш,
Жылаудың бәрі мұң емес.

Өмірге келсе бір пенде,
Иманға бекем бұрса ой.
Адамның бәрі күлгенде,
Көзінде нұры тұрса ғой.

Жалғанда, сірә, жылайды,
Бір адам күлсе, бір адам.
Сәттерін кейде сынайды,
Күле тұрып та жылаған.

Өмір дегенде ойланбай,
Өзіме қарап ой өрем.
Сыйақы беріп қойғандай,
Желпінтіп өткен ой-өлең.

Күндізгі жиған күнәға
Түндерде тағы тәубе еттім.
Бас ұрып саған, Өмір-ай!
Өзімді-өзім әуре еттім.
***
Алғашқы қар!
Уақытпенен уақытты алмастырар.
Әуе бүгін алмасқан, ауа бөлек,
Ала көйлек қалпынан аумас құмар.

Алғашқы қар!
Алатаудың мойнына малдас құрар.
Аспаннан аяз келіп қарығанша
Жерге бұрын жететін алғашқылыр.

Алғашқы қар!
Сіңіп кетіп ғайыпқа алжастырар.
Ақ періште арқалап әкелетін
Аллаға да құрметті қандас бұлар.

Алғашқы қар!
Алғашқыны енді кім жалғастырар?
Елең етсем, аяғым тоң ұрыпты,
Ақ қағазға жазғаным: «Алғашқы қар».

Лилияның үзілген сабағы
(Фариза Оңғарсыноваға)
Білгісіз жан бақшасында…
о, жарықтық, обал-ай.
Қара бұлтқа қарсы қарап гүл атыпты сонадай.
Сыздауытқан, күзде ауық таң тәлкектесе,
тоң ұрып,
гүлің тұрмақ дірілдейді қара бұтақ сомадай.

Тәлкектейді!
Иә, тәлкек, мейлі.
Бірақ Лилия тәрк етпейді
арда туған өмірін.
Күн еметін Гүл егетін біреу болса бұл жерде,
Қала көрмес көңілім.
Көрмегенмін жан баласын,
Жүрек, білем, алдамасын,
Гүл, сосын ол солмаса.
Жүрек бөлек, ақыл, басым,
Аңсамайды аңсамасын,
Тек Лилия болмаса.

Ол – тәкаппар, өн бойына төзім біткен Лилия,
Ол – арудай көктемінің көзін күткен Лилия.
Жағдайға сай құбылатын құны қымбат құрбымдай,
Тумысынан өзі гүл де, өзі тікен Лилия.

Бірақ қиын тумысынан ерте туып, ерте…
Бек!
Туған екен, таңын көрсін, талайынан ертелеп.
Ұзақ, ойлы қарадым да жүріп кеттім, жол басқа
Соқпақтарға жетеледі, жетеледі ентелеп.

Сол көктемде… көргем оны.
Оны көрген қала бұл.
Ақын қызын жоқтағанда су да тұлдыр, ауа тұл.
Замананы заңғар тұтқан ақындарда ол – жалғыз,
Оған ешкім ұқсамайды. Ұқсамайды Лала гүл.
Енді Өлең, ғұмыр қайда, бақыт гүлі қалаған?
Көктеменің көзін аңсап кезем күзгі қаладан.
Бетке бастап жеткенімде
Ауыл,
Үйге,
Бақшаға
сән орнапты, мән орнапты көк төбелі жаңадан.

Ақ көбелек айналшықтап, ақ қанатын қағады,
Кірпік ілбіп, мөлдір тамшы Лилияға тамады.
Сілкінгендей көп дамылдан, гүл жамылған айнала –
Көктем! Бірақ…
Лилияның…
үзіліпті…
сабағы.

Бақ ішінде
Таң арай атып, көктен күлгенде
Тіршілік шамын жағады.
Бүршігін жарған Көктем гүлдерде
Көбелек қанат қағады.

Тасына жасыл Жапырақ түскен
Жылғалар сусып ағады.
Басына бояу атырап түспен
Көкжиек шәйі тағады.

Аспаннан сонда алапат күшпен
Ақ жамал жылдам тарады.
Жемісі жердің дамылдап піскен
Көтеріп басын қарады.

Жанына сезім тараған шығар,
Самал бір әнге салады.
Табиғат мына жаралған сыңар,
Тең-теңін тауып алады.

Аққуды көрген әуелі көлден,
Әркім-ақ ойда қалады.
Ай куә болып, әдемі, көркем
Сәулесін суға малады.

Сырласқан екі махаббат кеуде
Бақытын, бәлкім, табады.
Бір бүтін жүрек, екі жас пенде
Бақ ішін кезіп барады.

Тәубе
Ақиқатпен жалғанды құрап алып,
Басымызға тауқымет сұрап алып.
Біз арқалап барамыз бір ғұмырды
Кеудемізге көптеген сұрақ алып.

Түсіне алмай жүріп-ақ Жаратқанды,
Күтіп алдық тәубесіз тағы ақ таңды.
Тәубе келіп алқымға жеткенінде
Көз байланып, күн ауып баратқан-ды.

Көңіліңе астам ой кірмей бөтен,
Әсте пенде шүбәсіз жүрмейді екен.
Тазарғанмен әп-сәтте кір жұғатын,
Көйлек тұрмақ көңіл де кірлейді екен.
…жігерімді сонан соң жанып алдым,
уәде-серттің суына қанып алдым.
Тәубеменен тазардым, дегенменен,
Тағы қанша күнәға малып алдым?..

Күндер
…Жасаймыз ба келісім,
Жасаймыз ба жаңа Өмір?
Сен келіссең, мен үшін
Көңіл жақта жаңа өңір.

Қорқынышты ал менен,
Мәрт көңілің сол сенің.
Сауға болсын ал сенен,
Сыйлап кетші зор Сенім.

Мен берейін қайғыны,
сен қабыл ал шошынбай.
Мен білмеймін қай күні,
Шаттық орнат досымдай.

Бөленгенде ізгі, ақ таң
Махаббатқа мерейім.
Жүрегімді сыздатқан
Жалғыздықты берейін.

Дәтке қуат бітіріп,
Сен бергенде қайратты.
Күмән тұрмай кідіріп,
Саған көзін байлапты.

Сағынышты, күтуді,
Тағы сыйса өкініш.
Ақтарып сап берейін,
Алып кетші, өтініш.

Қой, не керек? …сыйлар ма ең,
мәңгі бітер Бақытты.
Ал мен саған сыйлар ем,
мына жалған Уақытты.
***
Жер басып жүргеніміздің,
Өмірді сүргеніміздің
Шүкірі болсын.
Қол жайып тілегеніміздің
Жауға қол білегеніміздің
Үкімі болсын.
Ақиқат, жалғанымыздың,
Аман боп қалғанымыздың
Тәубесі болсын.
Азаттық, ақ таңымыздың,
Бақытты шақтарымыздың
Сәулесі болсын.
Әманда амандық үшін
Мың тәубе!

КҮЙ
Жарығым менің, жанарым менің,
Жаныма дәру жазарым едің.
Бұлттармен бірге барады көшіп,
Ауада қалқып ажарың сенің.

Мақпалым менің, мақтаным менің,
Өлеңмен бірге жатталып едің.
Сөзімді сезім сазымен демеп,
Қаламға ғана ақталып едім.

Көңілдің демеп күйік күндерін,
Сенімен ғана биікпін дедім.
Көңілді мұнша көркем сөйлеткен,
Білмеймін, менің сүйіктім бе едің?!

Ғұмырым менің, жуық тағдырым,
Қай жерде сені ұмыт қалдырдым?
Көңілден ғана жауатын бір сәт,
Сен өзі кімсің, суық жаңбырым?

Көктемгі симфония
Мына ғалам оның әсем дидарына жегілген,
Кірпігінің тамшысымен топыраққа егілген.
Ана, сенің иініңде ауық-ауық дем алып,
Тіршілікке тамыр жайып тарамдалған едім мен.

Қуаныш пен аз мұңданып соққан мүсін асылдан,
Шебер, бәлкім, оның сырын адамзаттан жасырған.
Сонан шығар ерке күлкі ажарында тұнса да,
Назды қылық қайқы мүйіз кірпігіне асылған.

Жазмыш заман жауынгер һәм жазагермен дарындас,
От-Анасы, о құдайым, қаламгермен қауымдас?!
Инженер де, дәрігер де, есепші де өздері,
Қайда барсаң қарсы алады
«қырық жанды қарындас».

Сыр, толғаныс, сезім мен күй,
махаббат та өздері,
Сыр алғандай сөйлетеді мынау әсем кез мені.
Әйел деген ұғымымды толықтырдым, не шара,
Өзіме-өзім таңырқанар, шамырқанар кез бе еді?..

Ұлмекен ЛЕСБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір