Жетістіктерге жетелеген
Құшағын кең жайған бауырмал, жүз отыздан аса ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатқан кең байтақ еліміз – Тәуелсіз Қазақстан біз үшін қадірлі, қымбат! Себебі, біз өзіміздің ыстық ұямызда түнде тыныш ұйықтап, күндіз күлімдеп жұмыс істеп келеміз. Әрбір таңғы тәтті ұйқымыздан бұлбұлдың әсем әуені оятатын Қазақстанда тыныш өмір сүріп жатырмыз. Адамзат үшін ең басты бақыт – әлемнің бейбітшілігі мен елдің тыныштығы болса, дәл сол бақыт біздің қазақстандықтарда!
Ұлы Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп айтқанындай, Қазақстанда еңбек етіп келе жатқан барлық халық бір-бірін дәл солай бауыр санап келеді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандықтардың отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын», – деп айтқаны біз қазақстандықтардың достық атты рухани байлықты ту етіп көтеруімізге мүмкіндік ашып береді.
Қазақстан халқының достығы дәуірдің қалай өзгергеніне қарамай, уақыт сынағынан өтіп кемелденді. Бұл дәл осылай екенін күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде анық сезініп, біліп келеміз. Себебі, ортақ тағдыр мен тарих бірлестірген ұлт өкілдері еліміз тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап-ақ, ортақ үйіміз – Отанымыздың тәуелсіздік іргетасын бірге қаладық. Еліміздің бүгінгі дамуына және келешекте гүлденуіне де бәріміз бірге үлес қосатынымыз анық.
Елдегі достықты нығайтуда, өзінің даму жолында көпұлтты Қазақстан халқының мақсаты бір, арманы ортақ. Өнері мен өмірі тығыз байланысып бірлігі жарасқан мемлекет болып қалыптасып келеді. Киелі сахнада халқымыздың өшпес тарихын, мәдениетін, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттап, ұрпаққа ұсынып отырмыз. Ұлы бабаларымыздың көмескі тартқан образдарын тірілтіп, отансүйгіштікке, ұлттық рухқа, дәстүрлі діни сенімге, ұлт аралық достыққа баулып отырмыз. Әдептілік мәселелерін жарқырата көрсетіп, ұлттық драматургиямен бір қатарда өзге халықтар драматургиясы арқылы бүкіл адамзатты ойландыратын осы заманғы құндылықтарды ортаға алып шығып, көрерменге ұсынып келе жатқан Ұйғыр театрының алатын орны ерекше. 2002 жылы театрымыздың күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимаратының ашылу салтанатына еліміз Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқаны сөзіміздің дәлелі болса керек.
Театр репертуарында ұйғыр қаламгерлерінен сырт әлем классиктерімен бірге қазақ драматургтерінің шығармалары да үнемі орын алып келеді. Өткен ғасырдың 30 жылдары жазушы-драматург Ғ.Мүсірепов театрға өзінің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасын алып келіп ұсынған күннен басталған бұл достық кейінірек М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Ш.Құсайынов, Қ.Шаңғытбаев, тағы басқалардың шығармаларына жол ашып берді. Екі халық өнеріндегі достықты бүгінде С.Балғабаев, Иран-Ғайып, Ә.Тарази, И.Сапарбай,
Ә.Оразбеков, Б.Мұқаи, Д.Иса-
бековтардың шығармалары жалғастыруда.
Өнердегі достық көпірін салуда театрымыз қазақ тілінде қойған, Орал қаласында өткен Республикалық 21-театрлар фестивалінде суретші П.Ибрагимов «Ең үздік сценография» номинациясы, жас актриса А.Үсенова «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша лауреат атанды.
Ә.Таразидің «Махамбет» спектаклі (реж. С.Асылханов), Астана қаласында өткен ұлттық театрлар фестивалінде Ана образын сомдаған Р.Махпирова «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» номинациясы бойынша фестиваль лауреаты аталды. «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алған Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағаш» спектаклі (реж. Ә.Искандеров), спектакль көрінісінде қазақ-ұйғыр достығын бейнеледі. Қарағанды қаласында өткен
ІІ Республикалық ұлттық театрлар фестивалінде «Өткенге – тағзым, болашаққа – тағылым тақырыбын көтергені үшін» номинациясы бойынша дипломмен марапатталған Д.Машурованың «Ана мирасы» драмасын (реж. М.Изимов) атап айтуға болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Шымкент қаласында өткен ІІІ Республикалық ұлттық театрлар фестивалінде С.Шарипова «Үздік әйел бейнесі», Х.Мунаров «Үздік ер адам бейнесі» номинацияларын жеңіп алған Ә.Һашириннің «Жалғыз жалбыз» драмасы (реж.
Я.Шамиев), театр режиссері
М.Изимовтың арнайы шақырумен Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облысы драма театры сахнасында қазақ халқының атақты ақыны, сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайыптың «Киелі күнә» («Муқәддәс гуна») пьесасын, Көкшетау атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында Ш.Хусайыновтың «Анамның ақ көйлегі» спектаклін қазақ тілінде қоюға мүмкіндік алғаны өте маңызды екенін айтып өткен орынды. Бұл дәстүр осы жылы да жалғасып, Д.Исабековтың «Мұрагерлер» драмасы қазақ тілінде қойылмақшы. Сондай-ақ, театрымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен үстіміздігі жылдың 8-12 шілде аралығында «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне арналған Қазақстан ұлттық театрларының IV республикалық фестиваліне И.Зайниевтің «Жұпардың ащы иісі» мелодрамасымен (реж.
М.Изимов) қатысты. Өнер саласындағы бұл достық Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың дана саясаты арқасында көпұлтты Қазақстан халқының достық қарым-қатынасын нығайтып келе жатқанының айқын көрінісі.
Адамзат үшін баға жетпес қазынасы достықты, татулықты ту еткен, жаңа ғасырға қадам басқан, жаңа технологиялар дәуірін алға тартқан әлемдік көрме өтуде. Бұл – ХХІ ғасырдағы елімізде болып отырған тағы бір үлкен оқиға. Астанада «ЕХРО-2017» халықаралық көрме әлем халқына есігін ашты. Бұл көрмеге қатысып отырған барлық мемлекеттер өздерінің технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін көрсете бастады.
Астана тұрғындары 13-14 шілде, 5-7 тамыз күндері «Астана балет» театрында және «Жастар» сарайында ЮНЕСКО тарапынан дүние назарындағы мәдени мұралар тізіміне енген «Он екі мұқам» негізіндегі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Я.Шамиев сахналаған, халықаралық фестивальдердің лауреаты «Нава» және «Рухсара» ансамбльдері бірлесіп өткізетін «Жібек жолы әуендері» музыкалық спектаклі көрермендерге шымылдығын ашады.
Патигүл Мақсатова,
Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі.