КОРЕЯЛЫҚ СТУДЕНТТЕРМЕН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ПАТРУЛЬ
Халықаралық білім кеңістігінде тығыз байланыстарды дамытып, тәжірибе алмасу мақсатында 2017 жылдың 4-14 шілде күндері аралығында Оңтүстік Корея республикасының Кенбук ұлттық университетінің 18 студенті Қазақ Ұлттық Аграрлық университетіне арнайы келді.
Аталған шара аясында екі оқу орнының студенттері бірлесекен семинарларға қатысып, білікті ғалымдардан дәріс алып, ауылшаруашылығы білімі мен ғылымы саласындағы ізденістерін сарапқа салды.
Тәжірибелік сабақтар арасында 10 шілде күні кореялық студенттер Алматы қаласындағы Жасыл ел штабымен және ҚазҰАУ жастарымен бірге Медеу шатқалында экологиялық патрульге шығып, табиғат аясын тұрмыстық қалдықтардан тазарту акциясына қатысты.
Аймақты түрлі тұрмыстық қоқыстардан арылтып, тазалық жұмыстарын жасаған аграрлық білім ордасының студенттері сенбілікті көтеріңкі көңіл-күймен өткізді. Сондай-ақ шара барысында студенттер жастар санасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, осы саладағы басқа да өзекті мәселелер төңірегінде өз ойларымен бөлісіп, тәжірибе алмасты.
«Көп түкірсе – көл» демекші, еңкейген қарттан бастап еңбекке жарамды адамдардың барлығының арасында табиғат ананы қастерлеуге деген серпіліс оянса, осындай еңбекқор жастардан үлгі алса, қаламыз күл-қоқыстан арылып, тазалығы, көрік-келбеті едәуір артар еді.