«Алмас қылыштың» жалғасы түсіріледі
«Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы Астана және Алматы қалаларында өткен болатын. 2017 жылы 5 қаңтарда жалпы ұлттық прокатқа шыққан аталмыш толықметражды көркем фильм, қазақстандық прокатта 72 млн. аса қаржы жинап, көшбасшылар қатарынан көрінді. Жалпы алғанда, 2,5 мыңнан аса сеанс, оның 60% қазақ тілінде, ал 40% орыс тілінде көрсетілді.
Енді міне, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында орналасқан «Қазақ хандығы» көп сериалы тарихи туындысының түсірілімдері үшін арнайы тұрғызылған «Сығанақ қаласы» декорациясында режиссер Рүстем Әбдіраштың «Алмас қылыш» фильмінің DVD дискісінің тұсаукесері өтті. «Қазақ хандығы» киносериалының кинонұсқасы – «Алмас қылыш» фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «CentauRus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен жарыққа шыққан. Бұл ауқымды жобаның идея авторы – ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының негізінде жазылған.
«Алмас қылыш» фильмі DVD дискісінің тұсаукесер рәсіміне фильмнің режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдіраш, картинаның Бас продюсері Арман Әсенов, «Қазақфильм» киностудиясы мен «Меломан» компаниясының өкілдері, сондай-ақ түсірілім тобы қатысты.
– «Алмас қылыш» фильмін көре алмай қалған және бұл фильмді қайта көргісі келетін көрермендердің көптеген сұраныстары бойынша, біз «Меломан» компаниясымен бірлесе отырып, осы фильмнің DVD дискін шығарып отырмыз. Дискіден фильмді қазақ және орыс тілдерінде, сонымен қатар, ағылшын тіліндегі субтитрлар арқылы көруге болады, – деген режиссер Рүстем Әбдіраш «Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымының түсірілім жұмыстары 2017 жылдың қыркүйегінде басталатыны туралы айтып өтті:
– Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әлеуметтің дамуы мен рухани жаңғыруы төңірегінде өзекті мәселелерге тоқталып кетті. Біз – киногерлер мемлекетіміз бен ұлтымыздың рухани жаңғыруы жолында еңбек етеміз. Мақалада айтылған аспектілердің бірі – тарихқа бай өткенімізге үңілу. Төл тарихымызды тарихшылар зерттеп қана қоймай, қалың жұртшылық арасында кең насихатталуы тиіс. Тарихи сериалды жарыққа шығару – тарихымызды танудағы маңызды қадамдардың бірі. Осы жобаның жалғасы түсірілгенін біз де, қарапайым көрермендер де қалап отыр. Мен үшін бұндай жобаны түсіру – үлкен жауапкершілік пен мақтаныш. Сондықтан да «Қазақ хандығы. Алтын тақ» деген шартты атаумен сериалдың екінші маусымын қолға алғанымыз туралы қуана хабарлаймыз, – деді режиссер.
Режиссердің айтуы бойынша, екінші маусымда оқиға Жәнібек ханның қайтыс болуына дейінгі аралықты қамтиды. Жаңа маусымның сценарий авторлары да бұрынғы сценаристер болмақ. Олар: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдіраш. Сонымен қатар, режиссер екінші маусымда негізгі актерлерден басқа тағы 5-6 кейіпкерлердің қосылатынын мәлімдеді.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.