Мамандық таңдау машақаты
Білім беру саласындағы ең ірі реформаның бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі болғаны белгілі. Бұл жүйе енгізілген алғашқы жылдары ата-аналар мен түлектер тарапынан түрлі наразылық туып, көптеген түсініспеушілік болған еді. Уақыт өте келе оған оқушылар да, мұғалімдер де дағдыланып қалған болатын. Биыл олардың алдынан тағы бір өзгеріс шыға келді. Түлектер бұдан былай мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына түсу сынағын бөлек-бөлек тапсыратын болды.
Бұл өзгерісті құп алып қуанғандар да, 125 сұрақтың 140-қа күрт өскеніне наразы болғандар да баршылық. Дегенмен, талаптың аты талап. Жыл сайын оқу жылының соңында үлкен өмірге қадам басқан баланың жігерін жанып, төзімін шыңдайтын ата-ананың уайымын күшейтіп, сабырын сынайтын осы мезгіл бұрнағы жылдардан қарағанда қалыпты өткен секілді. Бұқаралық ақпарат құралдары таратқан ҰБТ-ға қатысты ақпараттар да аса шікәмшіл емес. Керісінше, тестілеуден жоғары балл жинаған түлектердің еңбегін жан-жақты насихаттап, ҰБТ-дан өтпей қалудың аса үлкен соққы емес екендігін айтып-жазып жатыр. Халық арасында да қоғам талабына қарай әрекет ету үрдісі байқалады. Ата-ана да, мұғалім де, оқушы да жылдан-жылға білімнің бағасын нақты сезініп келеді. Дей тұғанмен, білімнің бағасын сезіну білімді болуға мүмкіндік тудырмайды.Биылғы ҰБТ-дан Астана қаласы бойынша ең жоғарғы балды (140-тан 137 балл) «Нұр Орда» мектеп-лицейінің түлегі Алтынай Әмірхан алыпты.
Юлия Лапенко (№6 мектеп-гимназия), Фариза Оразбекова (№50 мектеп-лицей), Тоғжан Оразаева (№65 мектеп-гимназия), Тұрсынай Абельдинова (№4 мектеп-гимназия) есімді төрт түлек 135 балл алды. Алматылық Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияның түлегі Саят Тасан ең жоғарғы 140 балдан 139 балл жинапты. Бұған қарап, жоғары балл жинаған балалардың дені мектеп-гимназия, яки лицейлердің түлектері екенін байқау қиын емес. Жалпы, білім беретін мектептердің жоғары балл алған түлектерімен әңгімелесе қалсаңыз, мектеп бағдарламасынан тыс қосымша ақылы курстарға барғанын айтады. Ал тек жалпы білім беретін мектеп бағдарламасының шеңберінде ғана дайындалған балалардың жоғары балл алғаны бірен-саран. Осы жерде «Жоғары оқу орындарына түсу барысында берілетін тапсырмалар жалпы білім беретін мектеп бағдарламасынан соншалықты алшақ болғаны ма?» деген заңды сауал туындайды. Әсіресе, ақылы болса да қосымша дәріс алуға мүмкіндігі жоқ шалғай ауылда білім алған балалар көбіне межелі балл жинай алмай қалатыны баршаға аян. Мамандар бұл жайтқа себеп ретінде кадр тапшылығын алға тартады. Алайда, ғалымдар мен оқымыстылар бұл олқылық білім саласындағы тым жиі қолға алынатын реформалардың әсерінен болатынын ұдайы айтып жүр. Алматы мен Астанадан алыс аймақтардағы мектептердің білімімен жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік жоқ екенін сезген ата-ана балаларын 9 сыныптан соң мүмкіндігінше колледжге іліндіріп жіберуге асығады. Бұл орайда ең таңдаулы оқу орны медициналық пен педагогикалық колледждер. Халық арасында осы екі мамандыққа жұмыс тез табылады деген түсінік бар. Грантқа ілігу мен жұмыс тез табылатын мамандықты иелену мүмкіндігі басым болған тұста, адамның қалауы туралы сөз аса қозғала қоймайды. Өйткені, қарапайым халық қалау мен мүмкіндіктің арасынан таңдау жасау керек болғанда, бірінші орынға сөзсіз мүмкіндікті қояды.
Түлектердің мамандық таңдау шеңберінің тар болуына осы заманға лайық жаңа мамандықтар туралы жетік білмейтіні де себеп болып отыр. Қарапайым жұрт арасында тігінші пен аспазды, ағаш шеберін оқып меңгеруге болады дегенге әлі күнге ден қоймайтындар бар. Тіпті, оны мамандық есебіне жатқызбайтандар да табылады. Статистикаға сүйенген мамандар 1965 жылдан бері 35 мың мамандықтың жойылып кеткенін айтып жүр. Заманның ағымына қарай жаңа мамандықтардың пайда болатыны заңдылық. Қазір әлемде 50, ал Қазақстанда 7 мың мамандықтың түрі бар екен. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір «Құқықтану», «Дизайн», «Дене шынықтыру және спорт», «Жалпы медицина», «Қаржы» саласының маман-дықтарына сұраныс көп екен. Ал «Композиция», «Музыкатану», «Скульптура», «Баспа ісі», «Түркітану» сынды мамандықатрды иеленуге түлектер аса ықылас танытпайтын көрінеді.
Күн өткен сайын инженерлік, ІТ және компьютерлік бағдарламалар жасаушылар, нанотехнологиялар, маркетинг және сату, логистика секілді сала мамандарына сұраныс артып келеді. Алайда, түлектер мен оқушылардың бұл мамандықтар туралы білетіні тым аз. Мамандықтар туралы ақпарат жетік болған сайын түлектердің де талғамы өсетіні анық…
Өзі өмір сүріп отырған қоғамның әр сәтінен қалыс қалмау үшін бүгінгі тұрғындарға, ең алдымен, жұмыс керек. Жұмыссыз адам – жарты адам. Ал жұмыс табуы үшін мамандыққа машықтану керек. Адам жанына өзге мамандардан гөрі тереңірек үңілетін психологтар, өз ісін жақсы көрген адам міндетті түрде сол салада жетістікке жетеді, деген пікірді жиі айтады. Бұл пікірдің растығына шүбә келтіре алмаймыз. Алайда, жыл сайын мектепті бітіріп мамандық алу жолында таңдау жасайтын түлектер әзірге жақсы көрген кәсібінен бұрын, шамасы жеткен, өзіне етене таныс саланы меңгеруге талпынып жүр…
Назым ДҮТБАЕВА.
ПІКІРЛЕР1