Сөзден сыр бағып
Тыныштық. Мезеттерді алға әкетіп бара жатқан сөредегі сағаттың суыт жүрісі құлаққа еміс-еміс естіледі. Мұның өзі жанға маза берер емес. Ол болса, ойына алғаш келген орамдарды тілімдей қағазға түсіріп әлек. Жұмыс үстеліндегі соңғы парақты да умаждап, қоқыс жәшігіне лақтыра салды.
Мұны жазушы қауымына ортақ «дерттің» басы деп қараңыз. Жазбақ болған дүниеңді он ойланып, жүз толғансаң да кейде бас білмес тұлпардай тулап, ырқыңа көнбей қояды. Қашан оны қағазға түсіремін дегенше діңкәлап, азапқа түсесің. Сөзді дерт көргеннен емес, қиялында тұнып тұрған оқиға тілінің ұшына келсе де жүйелеп жазудың ретін таба алмағаннан қиналады. Бұл сәтте қаламгердің санасында төңкеріс орнап жататындай. Қарап отырсаңыз, сіз үшін түк те қиын емес. Әйтсе де, бұрынырақта жай ғана эссе жазу үстінде сөз құрай алмай, әлек болғаның есіңе түссе, жазушылардың ғұмыр бойы қаламды серік еткендеріне таңданасың әрі жаның ашиды. Көк аспанда құстың ұшып бара жатқанын көргенде қалыпты жағдай ретінде қарасақ, оған зер салып тұрған суреткер сол сәтке бүкіл бір өмірді сыйдырып жібереді. Ал осыдан кейін жазушының жан дүниесіне бойлап көріңіз.
«Қаламгер шығармасында өзін суреттейді. Жаны таза емес адам жазушы бола алмайды. Олар әр туындысын баласындай көреді екен» деген сарындағы сансыз пікірлер мен әр түрлі топшылауларды жиі естісек те, шығармашылық адамдарының өз ойын қағазға қалай түсіретініне мән бермей жататындаймыз. Дайын дүниені тұшынып оқығанмен «жазу үстінде қаламгер қандай күй кешті екен?» дейтін сауал санамызға кіріп те шықпайды. Ал бірақ өлім туралы жазған адам оны сезінгені анық қой. Сол секілді, махаббатты жырлағанда ғашықтық сезімін, қасіретті толғағанда қайғыны көретіні де рас. Олар сондай сәтті өз басынан өткізгенін ашық білдіртпесе де, жазуы – сөзі арқылы астарлап жеткізетіндей көрінеді. Әр түрлі образдар болған соң жазушының не айтқысы келгенін ұғынса, жүзден біреу ғана шын ұғынар. Сырын көпке ашқысы келмегендіктен бе, әйтеуір бұрынғы қаламгерлер хат жазысқан екен. Хатта жазушының жан дүниесі ашылып, шынайылық көрініс табады деседі. Ал «…Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам…», – деп анасына өлең түрінде сыр шерткен Ахмет Байтұрсынұлының хатынан санаға сіңіп қалған, қайраткер Ахметтен мүлде басқа кейіпті танығандай боласың. Оның үкіметтен зәбір шеккені, жазықсыз Семейдегі абақтыға жабылғаны, он үш жасында көз алдында әділетсіздікке араша түскендігі үшін ғана түрмеге тоғытылған әке бейнесі бала санасына қаншалық көлеңке түсіргені байқалып тұрады. Хат қара сөзбен ғана жазылмайды екен. Бізге қарағанда байыпты көрінетін бұрынғылар жан сырын хатқа түсіргенді жөн санапты.
1993 жылы Маралтай Райымбекұлы Жазушылар одағының жертөлесінен тапқан Оралхан Бөкейдің күнделігінің арасынан қаламгердің белгісіз қызға жазған хаты шығып, ол әдеби ортаға, әсіресе, жастарға біршама серпін бергендей еді. Төменгі тұсына «1985 жыл» деп таңбаланған хатты сол кездегі журфактың біраз студенті бірінен-бірі алып, кезек-кезек оқып шығыпты. «Аға! Мен сізбен бұрын ойша сөйлесетінмін, енді қағаз жүзінде де бел байлап отырмын, сондықтан бұл маған оңайға түсіп отырған жоқ…», – деп басталатын бейтаныс қыздың хатына Оралхан Бөкейдің, оны танымаса да, бар пейілімен жауап қатқаны қызық. Шығармаларын тауыса оқып, ішкі сырын жазумен жеткізген бейтаныс арудың боямасыз хаты жазушыға соншалық әсерлі ұшырасыпты. «Сенің ағыңнан ақтарылған сырнамаңды оқып шығып, бейкүнә, нәп-нәзік, қып-қысқа, бірақ ұзақ ғұмырыңның куәгері болдым…», – деп жауап қататын қаламгер хатына әрі қарай үңілгенде өмірінде кездесіп көрмеген жанға «…Бір шаршау бар, жалығу бар, түңілу бар, сенбестік бар бойымда. Себеп?.. Білмеймін…» деп мұңын сездірген басқа Оралханды көресің. Ал қазіргі қаламгерлер арасында хат жазысу дәстүрі үзіле бастағандай. «Техника дамыған заманда хат жазудың не қажеті бар?» деп те айтатындар аз емес. Бұл бүгінгі адамның бір-бірімен еркін сөйлесуден қалып, енді жазуға да ескіліктің сарқыты ретінде қарай бастағанын, жазушы тұрмақ, қарапайым ғана адамның адамға деген сенімі азайып бара жатқанын меңзейтіндей.
Дайын дүниені тұшынып оқығанмен «жазу үстінде қаламгер қандай күй кешті екен?» дейтін сауал санамызға кіріп те шықпайды. Ал бірақ өлім туралы жазған адам оны сезінгені анық қой. Сол секілді, махаббатты жырлағанда ғашықтық сезімін, қасіретті толғағанда қайғыны көретіні де рас. Олар сондай сәтті өз басынан өткізгенін ашық білдіртпесе де, жазуы – сөзі арқылы астарлап жеткізетіндей көрінеді. Әр түрлі образдар болған соң жазушының не айтқысы келгенін ұғынса жүзден біреу ғана шын ұғынар. Сырын көпке ашқысы келмегендіктен бе, әйтеуір бұрынғы қаламгерлер хат жазысқан екен. Хатта жазушының жан дүниесі ашылып, шынайылық көрініс табады деседі.
Хатпен бірге жан әлеміңді ашып көрсететін – күнделік. Жоғарыда келтірілген хат та Оралханның күнделігінен шыққан еді. Күнделік, көп адамдар секілді, жазушының да өзімен-өзі сырласқан сәті. Ішкі сырын көпке айта бермейтін, ашықтыққа сараңдау кей жандардың күнделігінен кейде мүлде басқа адамды танығандай боласың. Ол да ет пен сүйектен жаралған жан екенін үнемі жадыңа салып тұрады. Мұның барлығы қай заманда да қаламгердің жан жалауы сөз екенін айғақтап тұрғандай. Сөзге сырын айтып, сөзге мұңын шағып, сөзден жігер алып, сөзге өмір сыйлайтындар да – солар. Сөз арқылы мұздаған жүректің тоңын ерітіп, сөз арқылы ішкі жан әлемінде құйын орнатады. «Көген көз қазағыма қаратып, мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: «Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!» – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық», – депті Мұхтар Әуезов. Жазушы сөзге соншалық бейіл қойып, оны жер-жаһандағы ең ұлық қазынаға балайтыны да содан болар. Қадым заманнан бері қазақ сөзді тек құрал ғана емес, кие санапты. Жазушы қаламынан туындайтын шынайылық та алғашқы сөзден байқалыпты.
Сөзбен жанына ем іздейтіндер де – жазушылар. Хат пен күнделік жазудың астарындағы жазушының нәзік үміті де осында жатса керек. Олардың хатынан бөлек, шығармашылығынан өз басыңнан кешірген сезімнің айна-қатесіз бейнесін кезіктіргенде «менің сезінгенімді қалайша дөп басты екен?» деп таңырқайсың. Кейде олардың қайғы жоқ жерден мұң тапқан аянышты тағдырын» айыптап жатасың. «Өзгенің мұңын өз жүрегіне салған солар не тапты?» деген кейбір жандардың жаттанды пікірін де естіп қаласың. Содан кейін әлдеқашан көзі кеткен қаламгерге қалдырған еңбектері арқылы қайта жүгінесің. Кенет санаңа «Біз сізді түсіне алдық па?» деген сауал келеді. Үнсіздік. Қолыңда тұрған жұқалтаң кітапты ары ақтарсаң да, бері ақтарсаң да жауап таппайсың. Сөйтсек, олар ешқашан ешкімге кінә артпаған екен. Баяғы әдетіне басып, бәріне өзін жазғырып, «жүрегіне жүк арта беріпті». Жүрегіне жүк салған Абай жалғыз емес екен. Рубаилары арқылы іштегі қайғыны шығарып, дертін бір ғана шөлмекпен емдеп жазуға тырысқан шығыс шайырларының өміріне үңіле қарасаңыз, көбісінің шынайы тірлікте ішімдікті татып алмағандығына көз жеткізер едіңіз. Олардың шерлі көңілді шараппен емдеймін дегенінде де сыр бардай көрінеді.
Әдебиеттің арғы тарихына жүгініп, сүю мен сүйіспеншілік дегеннің не екенін бізге үйреткен қаламгерлердің кейбірінің, тіпті отызға жетпей дүниені тәрк еткенін естігенде, біртүрлі күй кешеді екенсің. Лермонтовтың «…Что без страданий жизнь поэта? И что без бури океан?..», – деген жыр жолдарынан «жазушы қауымының жан әлемі үшін ҚАЙҒЫ ШЕГУ қажеттілік екен ғой» деген де ой келеді. Әйтсе де әрбір адамның ішінде жасырын мұң болары да белгілі. Ал қаламгерлер шығармалары арқылы ішкі арпалысын сыртқа шығара алады. Бұл, бәлкім, олардың артықшылығы болар. Ылғи да ой тұңғиығына батып жүретін жазушылардың басқалардан еректеу тағдырын мүсіркеп, аяушылықпен қарайтындар да бар. Сол көптің арасында қаламгер ғұмырына қызыға таңырқап, лайықты өмір кешкен шындық шырақшыларын пір тұтатындар да кездеседі. Өз санаңда «Бірақ солар неге көзі тірісінде жандалбасалап, жалғыз қалған асылдарды түсіне алмады?» деген сұраққа тап боласың. Ішіңде бір күмән мұны білгеннің кімге қандай керегі бар екенін айтып, тыныштық таптырмайды. Шынында да, «сендерді тірі тұрғанда бағаламапты» деп өлгендерге тіл қата алмайтынымыздай, «неге олардың бағасын білмедіңдер» деген өкпелі сөзді тірі жүргендерге де тықпалау орынсыздай көрінеді. Сөйте тұра шексіздікпен жалғасқан жазушының жан дүниесіне бойлап көргің келіп тұрады. Бір ғана суреткердің тағдыры арқылы бүкіл бір қаламгер қауымының ішкі әлемінен сыр бағамын деу ақиқаттан алыстатады. Бірақ кез келген суреткер ғұмырына бақылай қарағанда олардың тағдыры ортақ болмаса да, ұқсас екенін байқайсың. Әсілінде, саналы түрде оқшаулану шын қаламгерге тән құбылыс секілді. Кей қаламгердің өз ортасында өзін жат сезінуі де содан туындаса керек.
Көп ішінде елден ерек арқа-жарқа болып отырған біреуді көрсеңіз немесе керісінше, ешкіммен ашылып сөйлесе бермейтін оғаштау мінезді жанды байқасаңыз, таңданбаңыз. Ол жазушы болуы мүмкін. Бұлар, біз көпшілігіміз түсіне бермейтін, түсіндік дегеннің өзінде әрі қарай жанына бойлап кетсеңіз бұрын байқамаған дүниеңізге кезігетін өзінше бір тылсым әлемі. Жазушының жан дүниесінен жазған хаттары мен күнделігі ғана хабар бермейді. Халықтың алдында өзін ұстауы, мінез-құлқы мен қимыл-әрекеті де көңілге сенім ұялатпаса, оған көпшілік нанудан қалатыны рас. Кезінде Асқар Сүлейменов пен Ақселеу Сейдімбеков халықтың алдына шығар сәтте қатты дайындалатын көрінеді. Бұл олардың көп алдында сөйлеген сөздерінен де байқалып тұратын. Осыған қарап, қаламгерлердің жазуға да дәл сондай кірпияздықпен келгендігіне сенесің. Жұмыс бөлмесінде жалғыз отырып, қолына қалам алмастан бұрын, өз қиялында әлі өмірге келмеген шығармасының көптің қолында ауысып оқылып жүргенін елестетіп алатын да шығар. Жазушылардың ғұмыры жайлы аңыз бен ақиқат шексіз болғанымен, олардың «мәңгілікке өзімен ала кеткен, нәзік жанын» түсіну қолымыздан келер ме екен? Кім білсін?..
Нұрлайым БАТЫР.