Ол Отанын сатқан жоқ
Соғыс оты тұтанып ел басына күн туып, жаппай әскери жұмылдыру жұмыстары бойынша майданға жарамды ер-азаматтарды алу – Ақмола облысы өңірінде басталған кезде, осы тізімнің ішінде Сасықов Тәукен деген азамат бар болатын.
Ол Отанға қауіп төндірген озбыр жаудың жазасын беріп, елге тезірек аман оралсам деген арман-тілекті арқалап, туған жерден аттанған еді. Бірақ өзінің майдан даласында «Отанын сатқан опасыз» деген қарғыстай үкімнің құрбаны болатынын білмеген еді.
Сасықов Тәукен 1914 жылы Ақмола облысына қарасты Ақмола ауданының Тайтөбе колхозында дүниеге келген. Партия қатарында болмаған. 1931 жылы Ақмола құрылыс техникумына (НКПС) оқуға қабылданған. Бірақ 1933 жылы аталған техникумның жабылуына байланысты Тәукен Свердлов педагогикалық институтының дайындық курсынан өтіп, 2 курсқа келгенде, отбасылық жағдайына байланысты оқудан қол үзуіне тура келеді. Сөйтіп, ол 1937 жылы ауылына оралғаннан соң, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы мектепке ауысып, бұл жерде бір жылға жуық дәріс берген. Кейіннен қайтадан Ақмолада Сталин атындағы №2 орта мектепте мұғалім, майданға аттанар алдында Тайтөбе ауылдық мектебінде (Ақмола облысы) ұстаздық еңбек атқарған.
1942 жылдың 1 ақпанында Тәукен Сасықовты Ақмола қалалық әскери комиссариаты арқылы Кеңес әскері қатарына шақырған. Оны осы қаладағы атты-артиллериялық 106-дивизиясының құрамына қатардағы жауынгер ретінде қабылдап, әскери дайындықтан өткеннен кейін 1942 жылдың 18 сәуірінде Харьков оңтүстік бағытындағы майданға жіберген.
Фронтқа келгеннен кейін аталған дивизия таратылып, 52-артиллериялық дивизияға минометші ретінде алынады. Мамыр айының басында (Харьков түбіндегі Изюм деген қаланың аумағында) шабуылға шыққан олардың дивизиясы неміс әскерлерінің қоршауында қалады. Қоршаудан шығуға бел буған жауынгерлерді төбеден төнген жау ұшақтары мен жақындап келген танктер оларды қоршауға алып, негізгі қорғаныс күштерінен айырады. Соғыс амал-тәсілдері бойынша оларға шағын топпен жұптасу арқылы бөлініп шығу бұйырылады. Әр сағат сайын қоршау шеңбері тарыла түсіп, жаудың жақын келгені соншалық, үсті-үстіне лақтырылған снарядтар бекіністерді тас-талқан етеді. Бұйрық бойынша жұбындағы бір жауынгер екеуі окопқа келіп жасырынғанда, жанына келіп жарылған снаряд жарқыншағынан Тәукен ауыр жараланады. Неміс әскерлеріне қарсыласуға қауқары болмай, басқалармен бірге тұтқындалады. Сол жерде оларды немістер жақын жердегі әскери тұтқындарды жинайтын бір деревняға (деревняның атауы нақты көрсетілмеген) алып келеді. Жаппай жиналған тұтқындармен бірге оны да Проскуров қаласына, кейіннен Перемышель қаласына алып келеді. Бұл жерде ол 1942 жылдың шілде айынан қараша айына дейін болады. Сөйтіп, ол Польшаның Вениаминово деген жерінде ортаазиялық ұлттардан топтастырылған әскери тұтқындар лагеріне («Түркістан легионы») қамауға алынады. Бұл жерде 1943 жылдың ақпан айына дейін болған Тәукенге әр түрлі шаруашылыққа қатысты жұмыстар атқаруға тура келеді. Жау алдында еш шарасыз Тәукен лагерь комендатурасы тарапынан «Түркістан комитеті» баспасынан шығатын «Ян-Түркістан» атты қазақ-өзбек тілдерінде шығатын басылымға шолу жасап, тұтқындар алдында оқу жүктеледі. Оны наурыз айының соңы, сәуір айының басында сап түзеу тактикасын дағдыландыруға үйрететін «Түркістан легионының» марш-ротасына ауыстырады.
1943 жылдың маусым айында Легионово (Польша) деген жерде 782- жауынгерлік ротаға қабылданады. Бұл жерде де күштеу арқылы оған сантитарлық міндет атқару жүктеледі. 1943 жылдың күзінде аталған ротадағы әскери тұтқындармен бірге Тәукенді неміс әскери нысандарын поляк партизандарынан қорғап, күзету үшін Стрий қаласына жөнелтеді. Бұл аталған жұмысты атқаратындардың ішінде поляк азаматтары да бар болатын. Солардың арасынан Тәукен Миша деген (аты-жөні туралы нақты деректер жоқ) поляк азаматымен танысады. Онымен кездесу барысында Миша көбінесе Тәукеннен лагерьдегі тұрмыс жағдайын, үйіңді де сағынып жүрген шығарсың деп сөзге тартып, арасында соғыс жағдайы жөнінде де хабардар етіп жүреді.
Арада үш ай уақыт өткенде Миша оған лагерьден өздерімен бірге қашу керектігін айтады. 1944 жылы 4 наурыз күні Миша Тәукенге неміс сақшылары тексергенде сезіктенбейтін «рұқсат құжатты» беріп, ал алып келген киімдерді ауыстырып киюді ұсынады. Сөйтіп, сақтық үшін неміс әскерінің формасында киінген Миша бастаған тұтқындар тобы Щертвяки деревнясына келген кезде, Тәукен Мишадан олардың поляк партизандарының отрядына келгенін бір-ақ естиді. Келгендеріне 3 тәулік өткеннен кейін Тәукенге Корсунки деген селода жайғасқан поляк партизандары отрядының командирі Андреймен (аты-жөні толық келтірілмеген) кездесу сәті түседі. Сол кезден бастап осы отряд құрамында Тәукен поляк партизандарымен бірге немістердің шабуыл жасайтын жолдарына тосқауыл жасап, олардың тірек, қорғаныс пункттерін жоюға қатысады. Оған бір тапсырмалардың кезегінде, партизан отрядтарын табумен және оларды жоюмен айналысатын неміс солдатының көзін жою міндеттеледі. Немісше киінген Тәукен небір тосқауыл алаңдарынан өтіп, жүктелген тапсырманы мінсіз орындайды. 1944 жылы маусым айының ортасында бұлар болған партизан отрядын немістер жан-жақтан қаумалап, қоршауға алады. Ебін тауып, орманға қарай сытылып шыққан отряд 5 тәулікке дейін жау соққысына төтеп беріп, олардың ту сыртынан тойтарыс береді. Сөйтіп, олар орманда 20 тәуліктен кейін (шілде айында) партизан отрядымен бірге Луковцы пен Львов аралығында Кеңес армиясының барлаушы-жауынгерлеріне кез болады. Тамыз айында Тәукенді Донбасстағы фильтрациялық лагерьге, тексеруден өткізуге жібереді. Тексеруден соң оны Донбасстағы «Гигант» шахтасында көмір өндірісіне жұмысқа қалдырады.
1945 жылы Ақмола облыстық білім бөлімінің қолдаухатымен туған жері Ақмолаға 1946 жылы тамыз айында оралады. Елге оралған кезінде 1947 жылы 29 тамызда Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) Ақмола облыстық басқармасы Сасықов Тәукенді тұтқынға алып, 1948 жылы 26 ақпанда Түркістан әскери трибуналы Т.Сасықовқа «Ұлы Отан соғысы фронтында немістерге тұтқынға түсіп, Отанына опасыздық жасады» және тұтқыннан оралғаннан кейін мұғалімдер арасында кеңеске қарсы үгіт-насихат жүргізген деген айыптар тағып, ҚСРО Қылмыстық кодексінің 49-бабынның негізінде соңғы жаза шарасы 58-1 баптың «б» бөлігі бойынша еңбекпен түзеу лагеріне 25 жылға бас бостандығынан айырады. Жау қолында қаншама азапты көріп, тар жол, тайғақ кешумен әр күнін, әр сәтін өткізіп, туған жеріне, жарына, анасына оралған жауынгер – Тәукенді тағы бір тағдыр тәлкегі күтіп тұр еді.
1955 жылы 18 сәуірдегі Контрреволюциялық қылмыс жасаған тұлғалардың істерін қайта қарау жөніндегі Ақмола облыстық комиссиясы оның жазасын өтеу мерзімін 10 (он) жылға дейін қысқартуға (№ 24) қаулы шығарған.
Сонымен қатар, 1996 жылы 25 наурызда Ақмола облыстық соты № 44 у-29 қаулысымен 1948 жылғы 26 ақпандағы Түркістан әскери округы Әскери трибуналының үкімін РКФСР ҚК 58-10 бабының 1 бөлігі бойынша, оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауы себепті тоқтатып ақтауға, ал 58-1 бабының «б» бөлігі бойынша қылмысын өз күшінде қалдырған.
Сөйтіп, 1997 жылдың 27 мамырдағы ҚР Бас прокуратурасының қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды ақтау жөніндегі бөлімнің шешімімен Сасықов Тәукен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңының негізінде толық ақталған.
Ақталуға негізделген фактілер:
– тұтқынға өзге де әскерилермен бірге түскен;
– «Түркістан легионының» құрамында бола тұра, нәсілі азия ұлтына жататындықтан және сауатты адам ретінде ғана өзге әскери тұтқындарға неміс басшылығымен беріліп отырған газеттерді, басқа да ақпарттарды оқып отырған;
– санитар болып неміс әскерінде қызмет етсе де, Қызыл Әскерге, Кеңестік және поляк партизандарына қарсы шайқастарға қатыспаған;
– мүмкіндік туған сәтте-ақ немістерге қарсы шайқасатын поляк партизандары жағына өтіп, солармен бірге неміс әскерлерін жоюға бағытталған ұрыстарға қатысқан.
1998 жылы 6 сәуірде Сасықов Тәукеннің өзіне оның толық ақталғандығы туралы хабарланған.
Ш.Алмаханова,
ҚР ҰҚК қызметкері, подполковник