Қарағайдан күмбез соққан
11.07.2017
894
0

Әтейбек бидің қызметтік мөрі (ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 26973-іс. 11-п.)

Елі мен жері үшін өмірін арпалыста өткізіп, сол жолда жанын пида еткен жаужүрек ұлдарын туған халқы ешқашан да ұмытпаған. Олардың аяулы есімдерін ардақтап, аңыз-жырға айналдырып кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруге тырысқан. Сондай ел есінде сақталған тұлғаның бірі – Тоқан Сағынайұлы. Тоқан 1832 жылы Верный уезіне қарасты Сегіз Сары (кейінгі деректерде Шонжы болысы – Р.О.) болыстығында дүниеге келген. Үлкен атасы Бәйсейіт осы күнгі Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйсейіт елді мекенінде дүние салған. Өз атасы Сеңкібай осы ауданға қарасты Масақ елді мекенінде өмір сүрген. Қазір Масақ ауылының төменгі жағында Іле бойында Сеңкібай аралы деген жер атауы бар. Әкесі Сағынай Шонжының күншығыс жағында мекен еткен. Күні бүгінге дейін бұл жердің атауы Сағынай атымен аталады.

Тоқан Сағынайұлының есімі алғаш мұрағат деректерінде 1870 жылы кездеседі. Осы жылы ол елубасы қызметінде болған. Елубасы болыс пен билерді сайлауда белсенді қызмет еткен. 1870 жылы Верный уезіне қарасты Шонжы болыстығының алдағы, яғни 1871–73 жылдарға жүргізген санақта бірінші ауылда 254 түтін тіркеліп, Тоқан Сағынайұлы бірінші ауылда тұрды. Санақ мәліметіне зер салсақ, Тоқан Сағы­найұлының түтінінде 5 адам, оның үшеуі ер, екеуі әйел болса, малынан 4 түйесі, 70 жылқысы, 300 қойы көрсетілген. Ал бауыры Жанғазы Сағынайұлының түтінінде де 5 адам, мал-мүлкінен 3 түйе, 20 жылқы, 220 қой тіркеліпті (ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 21343-іс. 480-п.). Мұнда ескерте кететін жәйт, мал басынан алынатын салыққа байланысты мал басын төмен көрсеткенін қаперден шығармаған жөн.
1882 жылы 30 қазанда Жетісу әскери губернаторының №111 бұйрығымен Шонжы болысының алдағы үш жылға, яғни 1883–85 жылдар аралығына болыс болып Тоқан Сағынайұлы, үміткері болып Атамбек Мәмбетұлы бекітілсе, бірінші ауылдың биі болып Өтебай Тасболатов, екінші ауылдың биі болып Бозымбай Ақтам­бер­динов, үшінші ауылдың биі болып Тезекбай Малдыбаев, төртінші ауылдың биі болып Бердібек Байқанлин, бесінші ауыл­дың биі болып Жәменке Мәмбетов, алтыншы ауылдың биі болып Қылышбай Шотаманов, жетінші ауылдың биі болып Бек­­мыр­за Қашкенов, сегізінші ауылдың биі болып Сансызбай Берденов, тоғызыншы ауылдың биі болып Алпысбай Тоқанов бекітіледі (ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 30935-іс. 110-п.).
Тоқан Сағынайұлы болыс болып сай­ланғанда парақорлық шарықтау шегіне жеткен. Ол жөнінде мұрағат қорында «Полковник Герасимовтың кезіндегі Жаркент уезіндегі тәртіпсіздіктер» деген атпен сақ­та­лынған іс дәлел болады. Тоқан болыс болып сайланғаннан кейін уезд басшысына пара бермегені үшін Борохудзар гаупвахтасына 7 күнге қамалған болатын. Сол себепті де, 1885 жылы Жаркент уезінде басшылық еткен полковник Герасимовтың үстінен қылмыстық іс көтерілген. Жалпы, Жаркент уезі жеке уезд болып құрылғаннан кейін полковник Герасимов болыстық сайлаулар мен жер мәселесіне қатысты жиындарда парақорлыққа ден қойып, сайлауда жеңген азаматтардан ашық пара сұрап отырған. Сонымен қатар, болыстық­тың жерін кеңейтіп беремін деген желеумен де болыс басшыларынан 1000 сом мен 1500 сом аралығында ақша сұрағаны аталған істе анық көрсетілген. Мысалы, «1883 жылы Қарқарада өткен уез аралық съезде полковник Герасимов Шонжы болысының болысы Тоқан Сағынаевтан 1000 сом пара талап еткен. Осы съезден кейін Түгелбай Әденұлының жылдық асында Герасимов Тоқан Сағынаевтан үшінші мәрте 1000 сом пара беруін талап етеді. Тоқан болыс пара беруден бас тартқандықтан полковник Герасимов Жәмеңке би екеуін Жаркентке келуін талап етеді. Осыдан соң қамауға алынудан қауіптенген Тоқан Сағынаев қасындағы билермен ақылдаса келе, осы жиынға қатысқан бір татар Шамсудин Абдуллатиф Енекеевке 250 қой беріп, 1000 сом ақша алады. Ақша алған соң Тоқан, Жәмеңке би және біраз адамдармен қатар уезд бастығы Герасимовпен бірге Жаркентке жүреді. Жаркентке 10 шақырымдай қалғанда Тоқан уезд бастығы Герасимовқа Жәмеңкенің көзінше 900 сом, қалған жүз сомның орнына қытай ақшасы жамбы (ямбы) береді. Пара алып, көңілі толған полковник Тоқан мен Жәмеңкеге Жаркентке кірмей-ақ, кейін қайтуларына рұқсат береді (ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 31269-іс. 1-3 пп.).
Көтерілген қылмыстық істе болыс басшылары мен билер өздері тарапынан Герасимовқа «пара беруге мәжбүр болдық» деп көрсетсе, ал полковник Герасимов «мен талап еткен жоқпын көбіне маған өздері тарту етеді» деп жалтарғаны құжаттарда анық көрсетілген. Полковник Герасимов 1886 жылы тергеу аяқталмай жатып қайтыс болады. Герасимовтың әйелі әскери министрге отбасына зейнетақы тағайындау жөнінде өтініш білдірген. Полковник Герасимовтың орыс әскерінің өкілі ретін­дегі қазақ даласындағы іс-әрекеті арқылы сол замандағы жалпы Ресей отарлау саясатының шынайы мазмұны мен негізгі мақсат-мүддесін анық көруге болады.
Осы істен кейін қайта болыстық сайлауға түспеген Тоқан Сағынайұлы енді ұрпақтарының білім алуын керектігін түсініп, көшпелі мектеп ашқан, кейіннен Үкірші мен Топталда мектеп салдырған. Құрылысқа кеткен шығында өз қалтасынан төлеп отырған.
Тоқан Сағынайұлынан Әтейбек, Сә­тейбек, Ахмет, Мәмесейіт, Ысқатай, Іліпбай, Күліпбай, Нұсқақ, Алмабек, Жанәбіл, Қисар атты балалар тараған. Осы ұлдарының ішінде әке ісін жалғастырған Әтейбек Тоқанұлы болды. Ол 1898-1900, 1907-1915 жылдар аралығында төрт сайлау Иванов болыстығының 14 ауылында би қызметін атқарғандығын мұрағат құжатта­ры айғақтайды.

Көпшіліктің таңдауына түскен болыс­тар мен билер өздерінің шама-шарқы­н­ша жергілікті тұрғындардың мүдделерін қорғауға күш салып, осы бағытта кейбір елеулі жұмыстар атқарған болатын. Олар­дың ықпалы да өсіп, ел ішінде жиі-жиі кө­рініс беріп қалатын дау-дамайларды әділетті түрде шешуде, алаяқтар мен барымташыларды, сотқарлар мен алауыз­дықтарды тыюда біршама маңызға ие болды. Жалпы, жергілікті тұрғындардың кейбір ауыл билерінің шығарған шешім­деріне, олардың жемқорлығына наразы болып, ұлықтардың кеңсесіне жиі-жиі шағымданғанын байқау қиын емес. Сонымен бірге, құзырлы кеңселердің тұтқасын ұстаған орыс ұлықтарының жергілікті тұрғындарды өзара қырқыстырып, бір-біріне қарсы қоюды әдетке айналдырғанын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл да патша үкіметінің ұстанған қитұрқы саясатының бір көрінісі іспетті еді.
Тоқаннан тараған Ысқатай дін жолына бет бұрып, ХХ ғасыр басында ауыл молдасы болған. Мұрағат қорындағы бір құжатта «1901 жылы 23 мамырда Жетісу облысы әскери губернаторының №214 бұйрығымен Жаркент уезі Байынқол болысының молдасы қызметінен Ысқатай Тоқанов босап, орнына молда болып Манау Құттымбетов бекітілсін», – деген дерек сөзімізді растай түседі (ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 1643-іс. 115-п.). Тоқан кіндігінен тараған Мәмесейіт туралы 1912 жылы Жаркент уезін зерттеген
П.П. Румянцевтің еңбегінде: «Мәмесейіт Тоқанұлының қыстауы Сулы сай, шаңы­рағы жеті отаудан тұратынын, онда 37 ер адам, 35 әйел адам, барлығы 72 адам тір­кел­ген. Малынан 232 жылқысы, 89 ірі қарасы, 676 қойы және 64 ешкісі бар» екендігі қатталған (Румянцев П.П. Материалы обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области.. Том. 3. Джар­кентский уезд Спб., 1912. 445-446 б.б.).
1908 жылы Тоқан дүниеден өтеді. Ұр­пақтары жерленген жері Үкіршіге ағаштан үлкен күмбез тұрғызған. Бұл күмбез ел аузында Қарағайлы күмбез аталып кеткен. Биіктігі соншалық, Төте асуынан шық­қанда ақ шаңқай күмбез болып көрінеді екен. Бертін келе 1916 жылғы көтеріліс кезінде Кравченконың жазалаушы әскері Төтеден өткен соң дүрбі салып Үкіршідеге ағарған күмбезді көріп, бұл не нәрсе деген кезінде жанындағы тілмаштар Жәмеңке болыстың туыс ағасы Тоқан болыстың күм­безі екендігін айтады. Жазалаушы әс­кер күмбезді өртеп, жермен жексен еткен.
Кеңес билігі орнағаннан кейін патша заманында болыс, би болғандардың ұрпақтары қудалауға түскені тарихтан белгілі. Осы орайда Тоқан кіндігінен тараған ұрпақта екіге жарылып, бірі – Қытай асса, екіншілері – Кеңестік билікті мойындап, колхоздастыру ісіне тартылды. 1930 жылдары Тоқанұлы Қисар Қаратоған колхозының төрағасы қызметін атқарғаны туралы мұрағат деректері сақталған (ҚР ПМ. 27-қ., 1-т., 251-іс. 5-6 пп.). Мұрағат қорларында сақталған Тоқан болыс пен оның ұрпақтарына қатысты құжаттардан аталған тұлғалардың халық үшін атқарған қызметінің бір қырына ғана тоқталдық.
Ел арасында билігі жүріп, сөзі өткен, ел мен жер дауына төрелік етіп, сөз бен билікті қатар ұстай алған осындай ірі тұлғалар және олардың қызметі ұзақ уақыт айтылмай келді. Бірақ ел жадында сақталған тарихи ақиқат тәуелсіздік алғаннан кейін барып айтыла бастады.
Рашид ОРАЗОВ,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
ғылыми қызметкері және PhD докторанты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір