Арекең не дейді?
Бірде қатты шөлдеп дүкенге кірдім. Сусындарға арналған тоңазытқышты аша бергенім сол еді, бір бөтелке сайрай жөнелгені бар емес пе? Көзім бақырайып, аузым ашылып, бір орында қаттым да қалдым.
– Привет, қарындас, хош келдің! Мені аласың ба?
– Жо-о-ға! – дедім мен судан шыққан балықтай ыршып түсіп.
– Неге? Мені танымайтын, атымды білмейтін адам бұл фәниде кемде-кем. Әйтсе де мені қанша адам жақсы көрсе, сонша адам жек көреді. Оны білемін. Оған қиналып жатқан мен де жоқ. Көңілім тоқ, уайымым жоқ. Мен біреуді жылатпасам, өзім жыламаймын да, біреуді құлатпасам, өзім құламаймын да. Егер де көшеден көйлегінің жағасы жайлауға кеткен, шашы ұйпа-тұйпа, көзі ақиған, тісі ақсиған біреуді көрсең, міне, сол менің бір нанды, түу, не айтып кеттім, бір сусынды бөліп ішкен жан досым, – деп көкірегін керді ол. Сол сәтте ғана өз-өзіме келген мен:
– Кешіріп қойыңыз, бірақ мен сізді тани алмай.., – дей беріп ем, әлгінің тепсініп кеп тулағаны-ай.
– Әй, айналайын, үлкенді сыйламайтын, мені танымайтын, кімсің-ей, өзі?Ендеше, тыңда, бала. Менің атым – Арақ. Естимісің, Арақ! О, несі-ей, түге?! Мені танымаймын деп… Енді, менен кіші болған соң, Ареке десең де артықтық етпейді, – деп аяқ астынан сызылды да қалды сабазың. Осыны пайдаланған мен де тентек неменің тамырын басып:
– Е, амансыз ба, Ареке? Ой, айып етпеңізші. Жаза басып, сізді танымай. Жаспыз ғой біз. Сіздерді сыйлап… алысырақ жүретін болғаннан кейін, – дедім ұялғансып.
– Бәсе, шырағым, солай демейсің бе, бағанадан. Ағаңды ашуландырмай. Енді менің еркелетіп қойған атым көп. Көп тойдың дастарқанының сәнін келтіріп тұратын аққудың мойнындай мойным үшін жұрт «Көкмойын» дейді. Жуастан жуан, жуаннан жын шығаратын «талантым» үшін «Жынды су» дейді. Қой аузынан шөп алмасты мені ішсе тоя алмас, өліп құламай қоя алмас қылатын «шипагерлігім» үшін «Шайтан су» дейді. Енді айта берсем, көп, – деп бір кекіріп қойды. Мен де қояйын ба:
– А-а, Көкмойын көке, осы жұрт сізбен бір танысқан адам қасыңыздан кете алмайтын, ал дәмдес-тұздас болған бейбақ сізді айналып өте алмайтын Мәжнүннің халіне душар болады дейді ғой, сол рас па? Тіпті, кейбіреулер сіздің құтыңызды құшақтап алып, дүниеден баз кешеді дейді-мыс, – дедім бар пейіліммен беріле сөйлеп.
– Өй, айтпа деймін, қарағым! Ондайым бар. Сол бәтшағарларды мен емес, өздері іздеп келеді ғой өлермен халге жетіп. Маған бұл жаратылыстың ішіндегі ең саналысы, ең ақылдысы екі аяқ, бір басымен өзі кеп тұрған соң мен не істейін? Екі аяғымен бармай жүрген жеріне апарамын, бір басымен ойламаған нәрсесін жасатамын. Әйелінің алдында төмендетіп, сөз есіткіземін, балаларын қорқытқызамын. Бір сөзбен айтқанда, досқа күлкі, дұшпанға таба етемін. Сонан соң үйінен безіп, ағайынның алдында қадірі кеткен бейшара көшеде қалады мені құшақта-а-а-п. Дүниенің ең сұмдығы – адамзатты дәл бұлай аздыру менің қолымнан ғана келіп тұрғанда мен неден қорқайын?!
– Ай, Ареке, жасыңыз келді ғой. Осы кәсіпті қойсаңыз қайтеді, а? Біраз сайран-сауық құрдыңыз ғой, енді…
– Әй, айналайын, менің жолыма тұрма! Шаруама араласпа! Айттым ғой мен саған, мен ештеңені өзім барып бүлдірмеймін деп. Мені өздері іздеп келеді. Әне, тағы да бір клиентім кеп қалды. Сен алмасаң, былайырақ тұршы, мені көрмей қалар. Қанекей, былай тұр, – дей бергені мұң еді, дүкенге екі көзі алақ-жұлақ етіп, екі танауы делдиген біреу кіріп, екі қойнына Көкмойынның екеуін сүңгітіп жіберіп, алды да кетті. Дел-сал болып мен тұрмын. Көрерім бұнымен бітпеген екен, сатушымен саудаласып болам дегенше, бір толықша келген апай келіп «жалғыз баламнан немді аяйын, ертең тойы деп» арақтан 5-6 қорап, шараптан 2-3 қорап алып ол кетті. «Балам, жұмысқа тұрды, жуамын», – деп бір ақ сақалды қария келіп, бір қорапты алып ол кетті. «Кәлективіме туған күнімді жасайтын едім» деп сызыла кірген бір келіншек
2 бөтелкені алып ол да кетті. Соның артынан екі сүт, бір нанымды алып мен кеттім.
Ай, арақ дегенді қойсаңшы. Үйіме жақындап қалғанда манағы менімен айтысқан «Арекемді» қолына ұстап алып, екі құлап, бір тұрып бара жатқан адам деген аты ғана, заты басқа біреуді көрдім. Кешке қарай сіңілімді далаға ойнатып бара жатып, «ата» деген ардақты атты иеленсе де, тентек суды асқазанына құйып алып, қасында жүгіріп жүрген немерелеріне батаның орнына былапыт сөз айтып, ақырып жүрген тағы біреуді көрдім. Сол маңдағы кафенің сыртынан әдемі саусақтарына бір «шайтан суды» қыстырып алып, әндетіп, теңселіп тұрған бір «жеңгейді» көрдім.
Денем түршігіп кетті. Кішкентай сіңілімнің жүзін бұрып әкеттім.
Біз не боп барамыз, өзі? Арақ атамыздан қалған ас емес еді ғой. Көкмойынды соншама мойынға мінгізіп… Бұдан көгермесіміз айдай анық емес пе, а?
Бірақ, сарбаздардай сап құраған «ащы суың» дүкендерде тізіліп әлі тұр… Өкінішті…
Әсем ҚҰЛМАНОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің
2 курс студенті.
ПІКІРЛЕР3