Қабілетті тұлғалар тасада
«Саясатта жүрек болмайды, тек қана бас болады» депті Наполеон Бонапарт. Маған қазақ халқы үш ғасыр бойы жүрексіз саясат шырмауында болғандай көрінеді.
Әуелі патша үкіметі түрлі бекіністер сала отырып, жерімізді иеленсе, соңынан келген Кеңес үкіметі де отарлаушылық саясатты жалғастырып, «бірыңғай тәртіп» орнатты. Қылышынан қан тамған саясат өз дегенін істетті. Енді, міне, тәуелсіздікке қол жеткізгелі де ширек ғасырдың жүзі болыпты. Азаттық алған халқымыз бұрынғы озбырлық саясат зардабынан әлі де арыла алмай жүргендігі рас. Бұл – езілген халықтар психологиясының бір белгісі болса керек. Осы мәселелер төңірегінде саясаттанушы Жанболат Үсеновпен әңгімелескен едік.
– Американың ең ықпалды саясаткерлерінің бірі болған Збигнев Бжезинский Кеңес Одағы әлі тарамай тұрған уақытта болашақта оның ыдырайтыны туралы көрегендік жасаған еді. Кейде бізге де осындай пікір айтатын болжампаздар жетіспей жататын сыңайлы. Осы туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі Қазақстанда таяуда дүниеден қайтқан америкалық әйгілі саясаткер, саясаттанушы Збигнев Бжезинскийдің деңгейіне жете алатын парасатты ойшылдар бар. Басты мәселе адами ресурста емес: Қазақстан халқы алуан түрлі дарын иелеріне толы екені рас. Ал солардың өсіп, дамуына жағдай жасалған ба? Мәселен, әлеуметтік желілерді оқып отырсақ, лайықты пікірлерді айта алатын, үлкен жобалар ұсынатын қайраткерлер жеткілікті екенін көруге болады. Ал бізде солардың ойларын өңдеп, мемлекеттік саясатқа айналдыратын, нақты іске асыратын тетіктер мен жүйелер бар ма? Тіпті ұлтжандыларымыз бен ойшылдарымыздың идеяларын қоғамға жеткізетін пікірсайыс алаңдар да жоқ қой. Сондықтан еліміздегі ой қабілеттілігі жоғары тұлғалар көзге көрінбей де қалады.
– Ірі мемлекет өкілдері біз туралы бір сөз айтып қалса немесе мақтаса «Әлемге танылып жатырмыз» деп мәз болатынымыз жасырын емес. Олар қандай ниет-пиғылмен, нені меңзеп айтқанына мән де бермейтін кездер болады. Оған қоса, жан-жағымызға жалтақтай беретін, кей жағдайда өзімізді өзгеден төмен санайтын, тіпті Қазақ-
станда өмір сүре жүріп, қазақша сөйлеуге қорынатындар да бар ғой. Мұндай комплекс қазаққа қайдан келді және одан қалай арылуға болады? Егер біз өзімізге сенімді болсақ, әлемнің өзі бізді танып-білуге ұмтылмайды ма?
– «Атың шықпаса жер өрте» дегендей, біз әлемнің ілтипатына ие боламыз деп, кей кезде шектен шығып кетеміз. Қайсыбір тұстарда ұлт ретінде өзімізді өзіміз кем сезінетініміз де бар. Алайда, менің ойымша, бұл – патриоттық сезімнің бір қыры. Мысалы, мен отанымды сүйемін әрі басқалар да оған сондай көзбен қарайтын шығар деп үміттенемін. Шетелдіктер елімді мақтап жатса қуанамын. Егер мемлекетімізде шын мақтауға тұрарлық ілгерілеулер болып, дамудың айтарлықтай деңгейіне жетсек, дәріптеулер кешікпей өзі-ақ келер еді. Ең бірінші – Қазақстан халқының дамуы мен ілгерілеуі үшін жағдай жасау керек. Осы мақсатқа барлық сыртқы саяси бастамалар да бағынуы тиіс. Сыртқы саясат баяғыдан елдестіру ролін атқарады. Оның басты міндеті – мемлекет шекарасынан тыс жерлерде халықтың дамуы үшін жағымды жағдай қалыптастыру. Сондықтан, қандай да бір ірі, халықаралық мәні бар жобаны қарастырған кезде «осыдан өзіміз қандай пайда табамыз?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.
Бұл тұрғыдан Экспо-2017 көрмесінен көп үміт күткен болатынбыз. Біріншіден, Астанадағы инфрақұрылымның дамуына, жаңа құрылыс жобаларының пайда болуына серпіліс беру. Бұл экономикалық белсенділіктің артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол береді. Бұл мақсат іске асты десек қателеспейміз. Сонымен қатар, Қазақстанға жаңа технологияларды әкелу, бизнестің жаңаша дамуына мүмкіндік беру секілді мәселелер де міндеттелген. Бұл бағыттағы нәтижелерге көрме аяқталғаннан кейін баға беруге болады. Ал халықаралық туристтерді тартып, олардың Қазақстанға келу сапарларынан пайда табамыз деген ой қазірден- ақ жоққа шығып жатыр. Кем дегенде 7-8 сағат бойы ұшақ үстінде келген қонақтарға Семейдегі полигонға, Алматыдағы каньонға, Шымкенттегі ежелгі кесенелерге немесе Қызылордадағы космодромға барып-қайтуды ұсынуға болар еді. Мұндай «қазақстандық ұсыныс» интернетке шығарылып, ағылшын тілінде жарнамаланғанын көрген жоқпын. Сондықтан көптеген шетелдік туристтер Астанадағы жалғыз Экспоны ғана тамашалау үшін ұзақ жолға шығудан бас тартты.
– Үш жүз жыл бойы Ресейдің бодандығында болған біздерде ширек ғасыр бойы азат өмір сүріп жатсақ та қызыл алаңға қарағыштайтын мінез бардай көрінеді. Тіпті өзгелерге әріптестерін, туысқандарын жамандайтындарды байқап қаласыз. Бұл құлдыққа табынған халықтың психологиясы деген пікір бар екен. Империялық саясаттан әбден мезі болған халықтың бүгінгі психологиясы туралы қандай пікірдесіз?
– Империяның бір сынығынан пайда болған жас мемлекеттің халқы бірден-ақ бірінші әлемнің санасына ие бола алмайды. Ал Сингапурдың негізін қалаушысы Ли Куан Ю айтқан ақылын еске түсіретін болсақ: «санасы үшінші әлемде тұтылып қалған халық бірінші әлемге ешқашан жетпейді». Қазіргі Қазақстандағы парақорлық, непотизм, әділетсіздік – сол психологияға негізделген сарқыншақ. Әрине, психологиялық кемшіліктеріміздің тарихи көздерін зерттеп, нақтылауымыз қажет. Алайда, бұл істің мақсаты біреуге наразылық білдіруде емес. Керісінше, біз өз тарихымызға ашық көзбен қарасақ, болашаққа апаратын жолды да көріп қалармыз. Сондықтан өз проблемаларымызға басқа елдерді (Ресей немесе Қытай болсын) кінәлауға болмайды. Олардан риясыз көмек күтудің де пайдасы жоқ. Еліміздің, ұлтымыздың нақты мүдделерін жүзеге асыруды ұстанып, көршілерімізбен заманауи, прагматизм мен шынайылыққа негізделген қарым-қатынас жасай беруіміз керек.
Уақыт өте келе ұрпақтар алмасуы барысында халқымыздың психологиясы қалпына келіп, ұлтымыздың өркендеуіне жол ашылатынына еш күмәнданбаймын. Үмітімді өсіп келе жатқан ұрпақтарға артамын. Олар бұрынғы қоғамының тәрбиесін көрмеген, әлемге ашық, елім дейтін, жерім дейтін жандар. Ұлтымыздың шынайы рухани жаңғыруы солардың қолында.
– Танымал саясаткер Збигнев Бжезинский қазіргі Украина мен Ресей жайлы бір сұхбатында «Украинасыз Ресей империя болудан қалады. Ол өз бетімен империя болуға талпынып көруі мүмкін, бірақ бұл сәтсіздікке ұрындырады. Ресейдің қайтадан империя болу мақсаты Украинаны бағындырғанда ғана іске асады. Бірақ оның бұл ниеті оңайлықпен жүзеге аса қоймайды. Барлығы Украинаның жастарына, әсіресе Кеңес Одағының азаматы емес, Украинаның азаматы болып туған жас ұрпаққа байланысты», – дей келе Украинаның Еуропадағы мықты елге айналуы үшін ондағы барлық жүйені жайлап алған жемқорлықты жою керектігін айтқан екен. Әлемде орын алған өзгерістер бізге де әсер етпей қоймайды. Сыртқы саясаттағы біздің ұстанымдарымыз туралы айтып өтсеңіз?
– Украинамен ашық қақтығыс, менің ойымша, қазіргі Ресей басшылығының үлкен қатесі. Қысқа мерзімді ішкі саяси мақсаттарға қол жеткізбек болған олар аса қажет көршісімен қарым-қатынасты бірден үзіп алды. Ортақ шекарасы бар, достас мемлекетті қас дұшпанға айналдырып жіберді. Бұл алауыздықтың қашан тыйылатыны белгісіз. Бұл мәселе Ресейдің сыртқы саяси беделіне ғана емес, ішкі дамуына да кері әсерін тигізеді. Мысалы, Азияның екі алпауыт мемлекеті – Үндістан мен Қытайға қарасақ, Бейжіңнің көшбасшы екені күмәнсіз. Оның бір себебі – Үндістанның өз көршісі Пәкістанмен бітпейтін қақтығысы. Осындай шекара бойындағы жанжал айтарлықтай ресурстарды талап етіп, мемлекеттің ішкі дамуын тежейді.
Қазақстанның Ресей мен Украинаның арасындағы қақтығысқа қатысты ұстанымы дұрыс деп ойлаймын. Саяси қайшылықтардан аулақ жүріп, барлық тараптармен экономикалық ынтымақтастықты жалғастырып, шиеленісті тоқтатуға шақырған еліміздің саясаты дұрыс деп білемін.
– Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатындағыдай жетілген мәдениетті мемлекет болуымыз үшін ең алдымен біз нені түсінуіміз керек? Әрі қай мемлекеттің тәжірибесін үлгі етуге болады?
– Заманауи мемлекеттердің үйренуге тұрарлық тәжирибелері мол.
Мәселен, Испания Корольдігін алсақ, ол Франко режимінен құтылғаннан кейін ұлттық бірлікті сақтай алды. Ешқандай қантөгіссіз эволюциялық даму арқылы ашық қоғам мен күшті мемлекет құра білді. Осы жетістіктерге қол жеткізген – Испанияның бұрынғы патшасы Хуан Карлос. Ол кісі біздің президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын досы екенін ескере отырып, тәжирибе алмасымдарын жасайтын шығар деп ойлаймын.
Сонымен қатар немістерді де үлгі етуге болар еді. Жақында олардың патриотизмді қалай түсінетіні туралы оқығанмын. Жалпы айтқанда, немістер үшін патриоттық сезім – ол жалауын желбірету, әнұранын айқайлап айту емес. Нағыз патриотизм – ол мемлекеттің, ұлттың қамы мен болашағын ойлау. «Біз үшін нағыз патриотизм – бізден алатын салықты жоғарылатса да елімізге пайда әкелетін саясаткерлерге дауыс беру», – деген екен. Осылай ел мүддесін жеке бас мүддесінен биік қоя алған халық озады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нұрлайым БАТЫР.