ЖАҢАҒА КӨШЕ ОТЫРЫП, ЕСКІНІ ҰМЫТПАЙЫҚ
16.06.2017
1357
0

Біздер, түркілер, соның ішінде қазақ халқы да бірнеше жазу түр­лерін бастан өткерген халықпыз. Сонау көне түркілік жазудан бастап, манихей, соғ­ды, ұйғыр жазбаларын айтпағанның өзінде, соңғы 100 жылдың ішінде араб, латын, кирилл жазуларын ауыстыруды бастан кештік. Міне, бүгінде тағы да латын жазуына ауысудың алдында тұрмыз.

Жаңа жазуға көшудің жағымды тұстары аз айтылып жатқан жоқ.Қолданыстағы жазуымызды латын жазуына ауыстырудың қанша­лық­ты маңызды екендігі, оның ұтымды жақтары, қазіргі ағылшын тілді жастардың бұл жазуды жатырқа­май­тыны жеткілікті айтылып жатыр. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтере түседі деп күтілуде. Сондай-ақ, бұл жазу түріне екінші рет қай­та­лап оралуымыздың да ұтымды жақтары бар екенін ескеруіміз керек. Себебі, 1929 жылы алғаш осы жазу түріне ауысу кезінде бұл жазу түрінің ұлттық тіліміздің ­та­­би­ға­­тына, даму заңдарына фоне­ти­калық жүйесі мен грамма­ти­ка­лық құ­рылысына лайықталу жағы на­ғыз ұлт жанашырларының тарапынан жан-жақты талданып бе­ріліп еді. Кейіннен жеделдете кирилл жазуына көшірілгенде еске­ріл­мей қалған осы бір олқы­лық­тардың орнын толтырудың сәті түсіп тұрғаны да рас. Себебі, көп жағдайда ғалымдарымыз латын жазуына көшудің басты жетістігі ретінде, кирилл жазуы арқылы келген тіліміз­дегі орыс тілі заңдылық­тарынан құтылатын­дығымыз­ды қ­уана айтып жүр.
Шын мәнінде, біздің жазу ере­желерімізді орыстандырған кирилл жазуын қабылдаудың салдары емес, керісінше, кирилл жазуын қазақыландыра қабылдай алмауымыздан болып отыр. Ендеше, біз тағы да латын жазуына көше отырып, ол жазуды қазақыландыра отырып қабылдамасақ, жазуды ауыстырғаннан ешбір пайда жоқ екенін түсінуіміз керек. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанның түрік әлемімен байланысы да арта түседі деген үмітіміздің де бар екенін мойын­дауы­мыз керек. Шетелдерде тұра­тын қандастарымыз үшін өз ата­ме­ке­німен қарым-қатынас жа­сау­­ла­рын да жеңілдете түсер еді де­ген ойлар да жиі айтылып ке­леді.
Ешбір талас туғыза қоймайтын тағы бір дәлеліміз, ақпарат және телекоммуникациялық саладағы қолжетімділік арта түседі. Бұл арада ең бастысы – латын әліпбиі де­геніміз, ағылшын әліпбиінің негізі екендігін ескергеніміз абзал.Ал ағылшын тілі болса, ол ең ірі ха­лықаралық тіл болып саналады. Әлем халықтарының басым бөлігі латын әрпін қолданып отырған­дығы белгілі. Деректерге сүйенер болсақ, дүниедегі адам са­ны­ның ­үш­­тен екі бөлігі аталмыш жазуды пайдаланады екен. Тіпті, жоғарыда айтылған Қытай, Жапон, Корей халықтары да латын жазуының осы мүмкіндігін ескере отырып, өз жазуларына лайықталған қосымша арнайы қорын дайындап, қол­да­нысқа енгізгенін де естіп жүрміз. Міне, қарап отырсақ, латын жазуына ауысудың артықшылықтары мен кемшіліктерін таразылаған сайын ұтымды тұстары басым екенін аңғарамыз.
Дегенмен, жоғалтарымыз да аз еместей көрінеді. Шындығында да, тарихы көп заманды қамтитын төл­ жазуы бар халықтардың өр­ке­ниет­тің төрінен орын алып отыр­ға­нын білеміз. Мысалы, әлемде дамыған өркениетті елге айналып отырған Англия, Қытай, Корея, Жапония сияқты елдердің қай қайсысы­ның да жазу тарихы неше ­мыңдаған жылдарды қамтиды. Яғни бүгіні ұрпақ өз елінің неше мың жылдық жазба құндылық­та­рымен сусындап өскен ұрпақтың өкілдері. Сондықтан да бұл елдер­дің рухани тұғыры мығым. Ал өзге елдің жазу үлгісін пайдаланатын елдердің сол елдің мәдени әсеріне ұшырайтынын ғалымдар жоққа шығармайды. Оны ескермесек, өт­кен қателік­терімізден сабақ ал­ма­сақ, тағы да ұтыларымыз сөзсіз. Академик
Л.В.Щерба: тіл– қарым-қатынас жасауда әлеуметтік сипаты басым қоғамды біріктіруші ірі құбылыс екенін айта келіп, жазу­дың ма­ңыз­дылығы одан да жоғары екендігін айтқан екен. Оған дәлел аз емес. Мысалы, бірін-бірі түсіне бер­мей­тін Қытай халқын ортақ тілі емес, ортақ жазуы бір ұлт ре­тінде тұ­тастырып, бірегейлен­діріп отыр.
Сонау 1926 жылғы Бакуде өткен түркологиялық съездің өзінде татар ғалымы Галимжан Шарафараб жазуынан латын жазуына ауысуда­ғы басты қатер – араб жазулы мә­дени құндылықтарымыздан қол үзіп қалу қаупі екендігін айтып еді. Ғалымның айтқан қаупінің орынды екендігін уақыт таразысы дә­лелдеп берді. Бүгінде бір­неше ­ғасыр қолданылған араб жазуымен хатқа түскен жәдігерлік­тердің бар­лығы дерлік көпшілік оқылу мүм­кін­дігінен айырылып, тек архив жағалаған аздаған ғалымдардың ғана меншігіне айналғанының куәсі болып отырмыз. Ең қауіптісі сол – еліміздің даму тарихындағы XX ғасыр қорындағы кирилл жазуымен дүниеге келген миллион­да­ған жазба дүниелеріміз де келешек ұрпақ үшін беймәлім болып қалайын деп отыр. Жазуды ауыс­тырумен бірге, сөзсіз мәдениет пен ғылымның түрлі сфераларын­дағы қол жеткізген жетістік­тері­міздің құндылығы көлеңкеде қал­уы әб­ден мүмкін. Ескі жазумен бірге халқы­мыз­дың мәдени-рухани құн­дылық­тарын да бірге көміп кетіп отырғанымыз жасырын емес.
Ендеше, бұл жолы жазуымызды ауыстыра отырып,жаңаша жол табуға тырысуымыз қажет секілді.Айталық, кеңес үкіметі тұсында араб жазуынан латын жазуына, кейіннен кирилл жазуына көшуде біз өте үлкен қателіктерге жол бер­дік. Жаңа жазуға ауысу арқылы біз ескі жазуды ұмыттық. Сол арқылы тарихи тамырымызға балта шабылды. Бұл – ащы шындық. Бұл қателіктің орны толмасы белгілі.Демек, осы қателігімізден қоры­тын­ды шығаруымыз керек болып отыр. Ендеше, біз енді кеңестік дәуірдегі қол жеткізілген құн­ды­лық­тарымыздың келесі ұрпақ үшін жұмбаққа айналмауының алдын алуымыз қажет. Ол үшін жаңа жазуды қабылдай отырып, ескі жазуды ұмытпауға күш салуымыз керек. Біздіңше, бұл жолы басты меже осы болуы керек деп ойлаймыз. Қазіргі жаңа замандағы адамзаттың даму деңгейінде 2-3 жазу тарихын меңгеріп шығу аса бір қиындық келтірмесі белгілі.Оған толық мүмкіндік бар. Еліміз үш тілде білім беруді қолға алып отыр. Ендеше, келешек орыс тілінде жүргізілетін пәндер үшін де кирилл әрпі сақталатыны сөзсіз. Өтпелі кезеңде бұл заңды болып көрінгенімен, келешек 50-60 жылдан соң, тіпті, бір ғасырдан кейін не боларын да ойлап қойғанымыз жөн. Демек, заман ағымының өзі бізді латын жазуына ауыса отырып, кирилл жазуынан да, араб жазуы­ның жұмбаққа айналдырып алмау қажеттігін көрсетіп отырған­дай. Ендеше, келешек ұрпағымыз латын жазуын қолдана отырып, кирилл жазуын да, тіпті араб жазуын да толық оқи алу қабілетін сақтап қалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Әңгіме екі жазу қатар сақтала­тын өтпелі кезең жайында емес. Уақыт алға оза берер, жылдар өтер, ғасырлар жалғасын табар. Біз сол келесі ғасырдағы ұрпақтардың өткеннен мақұрым қалмауын бү­гін­нен бастап ойлауымыз керек. Сол үшін келешекте мектеп бағ­дарламаларына жазу тарихын мектептен бастап оқытуға арнайы көңіл бөлу ісі ұрпақтарға жалға­сын ­табатын дәстүрге ұласты­рыла­тындай жағдай қалыптастыруымыз керек. Ғалымдарымызға ойласатын нәрсе аз емес. Бұл жолы латын жазуына бейімделген жаңа әліпби жасау қазақ ғалымдарының тарихи әрі лингвистикалық біліктілік­тілі­гін­ байқататын нағыз сынақ бол­ғалы тұр. Ендеше, үлкен «құр­бан­­дық­тарға» бара отырып, таң­далып алынған әліпбиіміз қоғам санасында оңай қабылданып қана қоймай, оның нәтижесі ұлт санасын жаңғыртуда шын мәнінде секіріс болғандығын толыққанды ақтай алатындай жол табуымыз керек. Ойланайық, Ағайын!

Қаламқас Қалыбаева,
ҚазМемҚызПУ-дың профессоры, ф.ғ.д .

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір