Қамшы
Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
жазушы
Ел жайлауға көшті. Былтырғыдай Ақшагүл сегіз жасар баласы Тастемір екеуі жұртта қалды. Ұлы оншақты қой мен бір сиырды күндегі әдеті бойынша көк есекпен айдап, жайылымға қарай белден асты. Осыны күтіп тұрғандай шығыс жақтағы қырқаға бір атты шыға келді. Баласын жайылымға шығарып салып тұрған Ақшагүл салт аттыға ұзақ қарады. Ол да бір орнында қозғалмастан, қаққан қазықтай тұр. Келіншек жез самаурынды далаға алып шығып, су құйып, от салды. Үйге кіріп, көрпелерді қағып, сілкіп, жинастырды. Қазан көтерді. Салт атты тұрған жотаға қарады. Жолаушы әлі бір орнында қозғалмастан тұр екен.Үйге қайта кіріп, құрақ көрпенің жаңасын төседі. Көп ұзамай «Кім бар?» деген дауыс шықты. Келіншек сыртқа шықты. «Біз бар. Аттан түсіңіз, сусын ішіңіз» деген келіншек көзін көтерместен шегіншектеп үйге кіріп кетті. Үсті-басын қағып, құндыз бөркі мен қамшысын қолына ұстаған жолаушы табалдырықтан аттады.
– Ассалаумағалейкум…
– Саламат болыңыз, төрге шығыңыз. Келіншектің даусы дірілдеп шықты. Қара торы жүзі алаулап, жүрегі лүпіл қақты.
– Ақшагүл, танымадың ба? Бұл мен ғой. Сайран. Қонақ бөркі мен қамшысын төрдегі шегеге ілді.
– Жайғаса беріңіз, мен самаурынды кіргізейін, – деген келіншек сыртқа шығып кетті. Самаурынға емес, жатаған үйдің сыртына қарай тез-тез жүрді. Неге екені белгісіз, қос жанардан ыстық жас сауғалады. Жаулығының ұшымен жасын сүртіп тұрып, өзінің осыншама неге көңілі босағанына таңғалды. «Таныдың ба» дегені несі. Неге танымасын, таныды. Ортадан жоғары бойы толысқаны болмаса, аса өзгермеген. Сонау жотаға атымен шыға келгенде-ақ сұлбасынан таныған. Сол кезде-ақ жүрегі солқылдап, алқымына тығылған. Күйеуінің қайтыс болған күннен бастап келер деген. Содан бері екі жылдан асып барады. Мұның басына түскен ауыртпалықты Сайранның естімеуі мүмкін емес. Бір жағынан кешіккенін жақсылыққа балаған. Тыз етпе көңілдің лүпіліне ерік бермей, бәрін өлшеп, пішіп алып, шешім қабылдау аса маңызды екенін Ақшагүл жақсы біледі. Кешіккен сайын Сайранның өзіне деген ізгі байламмен келетініне сенімі нығайған. Бұған дейін де ол бір сәттік сезімнің жетегіне кетіп, көптің көңіліне қаяу түсіретін шешім қабылдамаған. Екеуі әке-шешелерінің ақ батасымен шаңырақ көтерейін деп тұрғанда марқұм күйеуі мұны басып алып қашқан. Сайран алып қашқан жігіттің тұл жетім әрі ыңыршағы айналған кедей екенін естігенде шабуға дайын тұрған атының басын тартқан. Түк болмағандай күй кешіп, «қалыңдығымды қайтар» деп қоқаңдамай, не істерін білмей жүргенде Ақшагүлдің әкесі мен шешесі уланып өлгенін естіді. Ақшагүлге келіп көңіл айтпаса да оның мұны ұмытпағанын жүрегімен сезді. Сайран көп ұзамай келер деп үміттенген. Жүрек алдамапты, ақыры, міне, келді. Енді не болады? Қандай оймен келді? Жұртта қалған жесір әйелдің төсегінде аунап кету үшін келді ме, әлде «етегімнен ұста» дей ме? Көңілі алаулап, соны білгісі келеді… Көз жасын сүртіп, өксігін басты.
Екі иығынан демалған самаурынды көтеріп Ақшагүл үйге кіргенде, Сайран көп жылдан бері тартылмаған домбыраның құлағын бұрап, күйіне келтіріп отыр екен.
– Ақшагүл, біздің көріспегенімізе де біраз жыл болыпты. Осы жылдары сені бір естен шығарған емеспін. Бақилық болғандардың жаны жәннатта болсын. Өліге салауат, тіріге иман берсін, – деп ауыр тыныстаған Сайран домбыраны шерте жөнелді. Көңіл толқынын домбыраның үніне сабақтады. Ақшагүлдің көзінен ыстық жас тамшылады. Домбыраның үнімен бірге екеуі де іштей егілді.
Домбыра ұзақ сарнады. Домбыраның үнімен бірге бірі асылының, ғашығының өзгенің құшағына енген кездегі жүрек күйзелісін айтса, екіншісі сүймеген адаммен бірге шаңырақ көтеріп, өмірдің азабын тартқанын, ғашығын аңсаумен өткен жылдарын айтты. Тоғыз жылда бір-ақ ұл сүюінің сыры сол ұйқысыз өткізген түндердің, күлкісіз болған күндердің қасіреті екенін екеуі де сезді. Бойға біткен бірнеше шарана жарық дүние есігін ашуға уақыты жетпей түсік болып түсті. Ақшагүл осыны іштей айтып егілді. Жүрегі зарлап, жылады.
Маңыраған қозының даусы шыққанда ғана бебеу қаққан домбыра тоқтады. Ақшагүл орнынан тұрып, сыртқа шықты. Баласы көк есектен түсіп жатыр екен.
– Құлыным, шөлдеген жоқсың ба? Үйде жолаушылап келе жатқан кісі бар. Қолы-басыңды жуып, тезірек ішке кір. Тамақ та дайын болып қалды, – деген Ақшагүл қара қазанның қақпағын ашып, етін сүзіп алды да, қамырын салды. Ошақтың астын бір көсеп, жыңғыл салды. Лаулаған от биікке көтерілді.
Сүр ет салынған астауды сәл өзіне қарай тартып, турауға икемделе бастаған баланың қимылын қалт жібермей қарап отырған қонақ:
– Айналайын, пышағыңды маған бер, мен турайын, – деді. Жалғас үн қатпастан пышағын берді.
– Жалғас, қонаққа ет туратқанмыз ұят болды ғой, өзің турамадың ба, – деген анасына жалт қараған баласы:
– Апа, көрші ауылдағылар етті қонағына туратады. «Досыңа ет турат, қасыңа шай құйғыз» деген сөз бар емес пе?
Баланың сөзіне жымиған қонақ:
– О… айналайын, балам, дұрыс айтады… Сонымен бұл жігіттің аты Жалғас болды ғой, – деп, қолына алған бір сүйем қазына үшке бөліп, алдарына тастады. Баланың көңілі жадырады. Мұны байқаған анасы да күлімдеді.
– Әкесі барда бір жылдан аса татар молдасынан дәріс алған. Оқи да, жаза алады. Өкінішке орай, оқуын жалғастыра алмады.
– Қамықпаңыз, құдай қаласа әлі-ақ үлкен қалада оқитын болады.
Ет желінді, бір-екі кеседен шай ішілді. Қонақ үй иелеріне рахметін айтып, дастарханға бата жасап, орнынан тұрды.
Жалғас жүгіріп барып, қонақтың атының шылбырын шешті.
– Айналайын, Жалғас, өркенің өссін, – деп атына мінді. Жалғас пен Ақшагүл қонақ белден асқанша үйлеріне кірмеді.
– Апа, жақсы кісі екен. Атын сұрадың ба?
– Аты – Сайран.
– Сіз танитын ба едіңіз?
Ақшагүл баласының сұрағын естімегендей, дастарханды жинастыра бастады. Баласы сұрағын қайталамады.
– Апа! Жалғастың даусы қатты шықты. Ақшагүл басын шалт көтеріп, ұлына қарады.
– Не болды, балам?
– Апа, қонақ қамшысын ұмытып кетіпті. Қарашы, төрде ілулі тұр, – деген Жалғас аса жылдамдықпен қамшына қолына алып, жүгіріп тысқа шықты. Ақшагүлдің жүрегі жылып сала берді. Қуанды. Артынша өзінің ойламаған жерден қуанғанына таңғалды. Қуанатынының да, таңғалатынының да себебі бар. Қуанатыны – Сайранның қамшысын қалдырып кеткені «қайтып келем» дегені. Ата-баба салты солай болған. Салт бойынша егер қонақтың қайтып келуін қаламаса, төрде ілулі тұрған қамшыны алып, босағаға іліп қояды, тіпті, беріп жіберетінін де естіген. Қысқасы, Сайранның қайтып келетініне қуанды. Таңғалатыны – жастықтың алауымен бір-біріне ашық болғандар, тағдырдың тәлкегімен өзгенің құшағында шаңырақ көтергендердің қосылуы мүмкін бе?! Сайран күні бойы «бір арнада тоғысайық, қосылайық» деген жоқ. Алайда, бекерден-бекер келмегені анық. Жастық шақтағы ғашығының көңіл-күйін, өзіне деген жүрек соғысын білуге келгені анық. Ал қамшысын қалдыруы – көп ұзамай, нақты ұсыныспен, қолқа сала келетінін білді.
Үйге Жалғас кірді. Қолында қамшы. Өріміне қарап, дыр қамшы екенін білді. Қызғылт тобылғы сабына өрімі үйлесіп тұр.
– Жалғас, қонақ қайтар жолында келіп, қамшысын алып кетер. Орнына, төрге іліп қой, – деді аса бір сабырлы дауыспен…
Ақшагүл Сайран келіп-кеткеннен кейін бір ай өткеннен соң шығыс жақтағы белеске жиі қарайтын болды. Тіпті, есіктің алдына шығып алып, сол белеске ұзақ қарап отыратынды шығарды. Жаздың соңғы күндері сәске түсте белеске арбаның оттығына қос атты байлаған жолаушы көрінді. Ақшагүл жүгіріп үйге кіріп, жез самаурынды алып шықты. Қара қазанға ет салды. Үйден құрақ көрпелерді алып шығып, қақты. Қонақ арбасын алысқа қалдырып, қос атты тұсап, жаяу үйге жақындап келіп, үсті-басын қаққан болып біраз тұрды.
– Ассалаумағалейкум… Сайранның даусы жадырай шықты.
– Төрлетіңіз,– деген Ақшагүлдің жанары жалт етті. Сайранға елжірей қарады. Жүзі балбұл жанды. Жүрегі жылып, көңілі шалқыды.
Сайран толқыған жүректі сезді, келіншекке тіке қарай алмады, төрге озды. Қамшысы ілген жерінде тұр. Жүзі алаулады…
БАЛБАЛ
Трактордың доңғалағы бір орнында айналып, қозғалмай тұрды да қалды. Алдыңғы соқаның тісі жерге бойлай кіріп, қазыққа байланып қалғандай. Тракторшы тракторын бір артқа, бір алға жүргізіп, соқасын ажыратып алмақ болғанымен одан ешнәрсе шықпады. Жайлап соқаны көтеретін тетікті қосып, артына қарады. Алғашқыда не екенін түсінбей қорқып кетті. Соқамен бірге жерден адам көтеріліп келеді. Балбал! Керемет! Жайдар кабинадан секіріп түсті. Жерге етпетінен жатқан балбалға жабысқан топырақтар түскен сайын балбалдың кескіні айқындала берді. Бұзылмаған, мүжілмеген. Биіктігі 1,5 метрдей болып қалады. Балбалды мұқият қарап шығып, тракторын сөндірді. Балбалды соқадан ажыратып, тіке тұрғызды. Шынында да керемет. Осы айналада балбал көп, көріп жүр, бірақ мұндай кереметті көрген емес. Ентігін басып біраз отырған соң Жайсаңның күн шағыс жағында балбал тастарды зерттеп жүрген ғалым Айман Досымбаеваға қарай асықты. Бағана өзі келіп жолыққан. «Айналайын, осы жерлерде балбал тастар кездесіп қалуы мүмкін, абай бол, сындырып алма», – деген. Білгендей айтқан екен. Оның да себебі бар, бұл жерге өмір бойы соқаның тісі тимеген. Сондықтан да балбалдың кездесіп қалуы әбден мүмкін еді. Осы өңірдің мәдениетін көгертуде жанын салып еңбек етіп жүрген облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әлібек Әмзеге телефон шалды.
Қүн қызылиектеніп қалғанда Мәдениет басқармасының басшысы Жайсаңға жетті.
– Міне, Әлеке, мұндай кереметті бұрын-соңды ешкім көрген жоқ. Айманның қуанышты жүзі алаулап батып бара жатқан күн сәулесіне шағылысып, үлкен дөңгелек көздері жарқ-жұрқ етеді. Әлібек балбалға жақындап келіп, алдымен оның ұстап тұрған ыдысына тесіле қарады, одан соң қолымен сипап, бұрымын көрді. Ұзын мұртты сардарға ұқсас кескіні көз тартады. Төсіндегі сауытының ықшамдығын көріп, қол бастаған сардар екеніне көзі жетті. Оның үстіне оның сардар екенін беліне таққан кісесіндегі қанжары да айқындап тұр. Әдеттегідей көп балбал тастардағыдай бұл да оң қолында ыдыс ұстап тұр. Сол қолы сол ыдысты демеп тұрғандай. Бәрінен де ерекшелігі тоқпақтай бұрымының барлығы.
– Керемет, Айман! Қандай жақсы сақталған. Оған етпетімен ғасырлар бойы қозғалыссыз жатуы ықпал еткен. Құтты болсын, бұл үлкен табыс, – деген Әлібек қуанышын жасыра алмай қайта-қайта балбалды сипалап, балбал көтерілген жердің айналасын қолындағы кішкентай таяғымен шұқылап көрді.Жалғыз болмауы керек қой. Қорымның да орны байқалмайды. Айнала ойдым-ойдым болғанымен мына жер тегіс қой. Соған қарағанда бұл балбал басқа жақтан әкелінген бе деймін.
– Жоқ, тап осы жердікі. Осы жерге қойылған. Бұл жер Жайсаң жайлауының батыс жағындағы ең шеткі жері.
…Күн алаулап батып бара жатты. Тракторшы Жайдар балбалдың жанында ұзақ отырды. Түстен бері қаңтарулы тұрған тракторында оталдырмады. Айман мен Әлібек бағана кеткен. Бұл болса кете алмай осы жерде айналшақтап әлі жүр. Тағы да балбалға жақындап келіп, тесіле қарады. Бір нәрсе есіне түскендей шөкелеп отыра қалып, құран оқыды. Денесі сергіп, кеудесін керді. Шалғын шөпке шалқасынан түсіп жата кетті.
***
Көк трактордың жарығы түн қараңғылығын ысырып, бар жылдамдықпен алға ұмтылды. Қара жерді қақ жарып келеді. Жайдар соқасын көтеріп, саяздау жыртайын десе, үш тісті соққа одан сайын тереңдей түседі. Басқаруға көнбеген тракторын енді тоқтатпақ болып еді, тоқтамады. Трактор қырға бұрынғыдай емес, бұл жолы қиналмай шығып, енді еңіске қарай зулады. Жайдар қорқып кетті. Аударылып қалуы мүмкін. Лезингке алғанына бір ай да толған жоқ. Тракторынан айрылса, жері жыртылмайды, жерін көтермеген соң егін егілмейді, одан соң дән себе алмай, қарызын өтей алмайды. Бәрі бір-бірімен ұштасып жатқан дүние. Енді не істемек. Түнде бекер-ақ жер жыртқан екен. Бірақ уақыт шіркін қусырып, қуырып барады емес пе?! Тағы атызға қарады. Қара жер таспадай түп-түзу тілініп келеді. Көзіне бірнәрсе шалынғандай. Кабинаның артындағы фарды сүртіп, атызға қарай түзетті. Міне, керемет. Жыртылған жерде бірнеше балбал тас тікесінен тік тұр. Өз көзіне өзі сенбеді. Қанша? Он шақты ма? Жоқ одан да көп. Жер жыртылған сайын балбал тастардың көлеңкесі көбейді. Бұл жер Айман әпкесі айтқандай, түркілердің ғибадатханасы болғаны ғой. Жарықты тағы атызға қаратты. Керемет, балбалдардың арасында алтын түсті әйелдердің де сұлбасы көрінеді. Апырай-а… бояулары әлі көшпегенін қарашы. Жо…жоқ … бояу емес, таза алтыннан құйылған болса ше?! Ойын ой қуалады.
Алғаш осыншама тарих жәдігерінің табылғанына қуанғандай еді, олар көбейген сайын қорқайын деді. Сан ғасырдың тарихын бауырына басып жатқан мына қара жерді басудың өзі күнә секілді. Соны елемей кейде ескі қорғандарға түрен салатынымыз қалай?! Қара жер қаншама құпияны ғасырлар бойы жасырып келген?! Мұның бәрін Айман әпкем көрсе не істейді екен… Бүкіл өмірді қара жер жұта берген бе?! Тракторын тағы тежеді. Тоқтамады. Жайдардың жүрегі қысылды. Тоқтамаса тоқтамасын, кабинаны ашып, секірейін деп еді, ашылмады. Бір сәт трактор жылдамдығын тежегендей. Алдына қарады. Міне, ғажап, сүліктей қап-қара атқа, ақ сауытын жарқыратып, беліне қайқы қанжарын таққан, қою қара мұртын сипап, шашақты найзасын қолына алып, тракторды тоқтату үшін түйремек. Әрекеті солай, тап солай. Бұл кісі қайдан шықты? Тесіле қарады. Бағана өзі жерден көтерген балбалға ұқсайды. Иә…иә… Сол! Қанжары да, мұрты да, тіпті, тоқпақтай бұрымы да айнымайды. Бойы дір етті. Қалай болғаны сонда, балбалдар тірі адамға айналған ба?!
Өзіне қадалмақ найзадан қаймыққан трактор алқаптан шығып, тура Шу өзеніне қарай зулады. Не болып кетті?! Жайдар жанталасты. Бар даусымен айқайлады. Көгілдір көктем болғандықтан және Үкіметтің қырғыз ағайындармен келісімге келудің нәтижесінде биыл өзеннің суы мол. Өзенге түсіп кетіп, тракторы зақымданса не істемек. Бар даусымен тағы айқайлады. Өзенге сұғынып келіп трактор кілт тоқтады. Жаңа қорыққаннан жұмған көзін ашып, алдына қарады. Мұртты кісі көк трактордың алдында тұр. Кабина өзінен-өзі сарт ашылып, Жайдар жерге жалп етіп құлап түсті. Біреу демеп, орнынан тұрғызды. Алдында қақиып балбал тас тұр. Қара ат қайда? Балбал орнына қозғалақтап, бұған жақындап келді. Қорқып кетті. Мұздай тер бұр етті.
– Неге мазаладың? Неге мені ғана тұрғыздың? Тағы қанша жыл сақтай тұруым керек? Біз мына қасиетті Ұлы Даланы кеудемізбен басып, ұстап жатырмыз. Біз болмағанда сендер бұл далаға ие болар ма едіңдер?! Соны бір сәт ойлаңдар! Кеуделеріңді ешкімге, ешқашан да бастырмаңдар! Қол ұстасып, күш біріктіріңдер, найзаларыңның ұшы тек жауға тисін! Біздің бар екенімізге сеніп, сыйыныңдар! Сендердің бойларыңда біздің қан, өмірлеріңде болмысымыз бар. Сонымен бірге, араларыңда біреулер сияқты сұмпайылар да бар. Көрдің бе, басына қойған белгісі де сұмпайы, – деген балбал артына бұрылып, көмескіленіп көрініп тұрған тағы бір балбалды нұсқады да, көк аспанға көтерілді. Ұзаған сайын жарқырап барады…
Жайдар шошып оянды. Не болғанын өзі түсіне алмай дел-сал. Көк аспанға қарады. Жымыңдаған сан мың жұлдыз. Жалма-жан орнынан ұшып тұрды. Тракторы да, балбал тас та орнында. Апырай-а, түсі өңіндей болғанын қарашы. Бәрі анық, бәрі қанық. Осындай да керемет болады екен. Бозғылтанып, таң атып келеді. Көп ұйықтағанына таңғалды. Жаңа ғана көрген түсінен арыла алмай жүрсе де, тракторын оталдырудың қамына кірісті. Шалқиып жататын кез емес, жұмыс істеу керек…
***
Сәскеде тракторына май құю үшін тоқтағаныда сол еді, жанына ентелей келіп машина тоқтады. Машинадан кешегі кешкіліктегі кісілер түсіп жатты. Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Жайдардың сәлем алып:
– Сенің де келгенің дұрыс болды. Қазір арнайы көлік келеді, мына балбалды сол көлікке салып, алып кетеміз, – деді. Жайдар шошып кетті.
– Жо… жоқ! Орнынан қозғауға болмайды! Ол осында мәңгі тұруы керек. Осы жердің қасиетті киесіне тиісуге болмайды.
– Не деп тұрсың? Киесі несі?
– Иә, «осы даланы ұстап тұрмыз» деп өзі айтты…
– Мына жігіт осында қонып шыққаннан сау ма? – деп әңгімеге Айман араласты.
– Иә, кеше Сіздер кеткен соң, демалайын деп қисайсам ұйықтап кетіппін. Түсімде осы балбал тас сөйледі. Ол осылай деп мұңая төмен қарады.
– Түсінікті болды. Айман жымиды.
– Айттым ғой. Қимылдатуға болмайды. Осы жердің иесі болғанның киелі болғаны да анық.
Әлібек:
– Біреу бүлдірмесе болғаны ғой… Мен содан қорқам, құндылығымызды да, қасиетімізді де сақтау қиындап барады емес пе?
–Қорықпаңыз, алғашқы кезде мен күзетемін. Ел-жұртқа жар салып, «сақтаңдар, жердің, елдің киесін» деймін. Түсінеді. Сақтайды, бүлдірмейді…
***
…Жиырма бес жыл өтті. Жайдар, Әлібек пен Айман бүгін Дінмұхамед Қонаев ауылының оңтүстік-шығыс жағында он бес шақырым жерде, адырлы далаға тағы келді. Жайқалған астық алқабын қақ жарып, қара жолдың шаңын көтеріп, Жайсаң даласына жетті. Айналаны үшеуі де көзбен аймалап, балбалды іздеді. Тапты. Тоқтады. Жайдар балбалға жақындамай джипін тежеді. Қазір мұнда бір емес екі балбал тас тұр. Жайдар серіктерінен озыңқырап барып, өзі тапқан балбалдың жанында жайғасқан екінші балбалға жақындады. Бұл да мұртты, биіктігі бірдей болғанымен, жанындағыдай жалпақ емес, үш бұрышты, қырлы және мүсіннің сол жақ беті мен кеудесі өңделмеген, яғни қашалмаған. Ескерткіш бітпей қалғанға ұқсайды. Тоқта… тоқта… бұл балбалды ана жылы түсінде көрген сияқты. Сонда мұртты балбал: «араларыңда біреулер сияқты сұмпайылар да бар. Көрдің бе, басына қойған белгісі де сұмпайы, – деп осы балбалды меңзегендей болғаны есіне түсті.
– Мұны да осы маңнан жақында таптық. Бірге тұрғаны дұрыс деп шештік. Кім білсін, мүмкін белгінің толық өңделмей қоюында үлкен бір сыр бар шығар. Жақсы мен жаман бір-бірін толықтырып тұрар деген ой келді…
Мынаны қарашы, қауын-қарбыздың қабықтарын тастап кетіпті, бүйте берсе, бұл жер күл-қоқысқа айналмасына кім кепіл. Жайдар күлді. Әлібек ағасы баяғыдай өзгермеген. Барлық іске жанашырлықпен қарап, жаман көрініске күйініп жүргені. Ол серіктеріне бағдарлай қарады.
Үшеуі де өзгерген. Самайларын қырау шалыпты, жүздеріне түскен әжімдері тереңдеген, ұзарған. Қозғалыссыз тұрған балбал тастар ғана өзгермегендей. Мыңқиып тұрған қалпы. Жайдарға дала да өзгеріп кеткендей көрінді.
– Аға, бұл жерге туристер жиі келеді. Өз бетінше Жайсаң даласын аралайтындар қанша ма? Бұл даланың бағын Айман әпкем ашты ғой. Жайдардың сөзін Айман бөліп жіберді.
– Даланың бағын мен емес, бүгін тарихқа айналған бабалар ашқан, мен соны тек жаңғырттым.
– Солай-ақ болсын. Жасампаздыққа бастайтын жаңғыртудың қуанышы мол болады.
– Осы сені ірі агробірлестіктің басшысы дей ме? Өткенде телеарнадан көріп қалдым, сені әрең таныдым. Шаруашылығың шалқып тұрғаны қандай ғанибет. Рахмет, бауырым, еңбегің жансын. Әлібектің сөзін Айман да қолдады.
– Тәуелсіздік пен Елбасы талайлардың бағын ашты ғой. Соның бірі менмін. Қазір шаруашылығымыз облыстағы ең ірі агроқұрылым. Айналымызда миллиардтаған теңге қаржымыз бар. Мені қойшы, аға-әпке, бүкіл қазақ даласы ашық аспан астындағы музей, яғни тарихымыз тереңде екеніне көзіміз жетті ғой. Қазақ хандығының 550 жылдығын ұлықтау – ел, мемлекет болғанымызды дәлелдемедік пе?! Өзгенің көзін де, көкірегін де аштық деп ойлаймын. Ел боламыз десек, бесікті түзеумен бірге сол бесікті тербететін, ата-баба дәстүріне адал ұрпақ тәрбиелеу керек.
Әлібек пен Айман бір-біріне қарады. Баяғы тракторшы жігіттің осындай ой қорытқанына екеуі де қуанды. «Бұл өскеніміз. Енді өшпейміз! Мәңгіміз!». Әлібек жай ғана осылай деді. Айман оған жымия қарады…
Балбал мызғымай тұр. Шу жаймен ағып жатыр. Көк аспанға бозторғай ілініп қалғандай бір орнында шырылдайды…