ҰЛЫТАУҒА БАРДЫҢ БА, ЖҮРСІН АҒА?
Жүрсін Ерманның есімін білмейтін қазақ жоқ шығар. Қырық жыл бойы ақындар айтысының көшін жетелеп келе жатқан қайраткер. Академик Рымғали Нұрғалиевтің сөзімен айтсақ, «айтысты қалпына келтіруші реставратор, жаңғыртушы реформатор» ретінде еңбегі жанған Ж.Ерман атамұра өнерді әлемге танытып, Стамбұлда, Мәскеуде, Парижде айтыс өткізіп, талай жүйріктің тайын оздырғанмен, өз басы айтысқа байланысты атқарған шаш-етек жұмысын қоғамдық қызметім деп қана бағалайды екен.
Жүрсіннің асыл мұраты – поэзия. Өлеңді өміріне балаған ақын он бес шақты кітап жариялап, қазақтың ұлы сөз өнеріне бір өрмек қоссам деумен өмір сүріп келеді. Республикалық деңгейдегі үш бірдей жабық мүшәйрада Бас жүлдені жеңіп алған Жүрсін Ерман әріптес қаламгерлер тарапынан лайық бағасын әлдеқашан алған: «Қазақ университеті» баспасынан жарық көріп отырған «Ұларың қайда, Ұлытау?» атты жыр кітабына алғысөз ретінде берілген Ғалым Жайлыбайдың, соңғысөз ретінде берілген Серік Ақсұңқарұлының және Ұлықбек Есдәулеттің арнау өлеңінде замандас ақынның қадіріне жеткен шынайы құрмет белгісі біраз жайдың басын ашатындай. Жырдың жасауын келістірем деп аз жазуға тырысатын ақынның жаңа кітабында оның қолтаңбасы әр қырынан көрініс береді. Ұлытау бейнесін ұлт тағдырына балаған ел перзенті өзінің сол рухани киесіне ауық-ауық оралып соғып, жан күйін қасиетті таудың барометрімен бағамдап отыру арқылы мазасыз шығармашылық қалпын сақтайтындай. Жалаң патриотизммен әуестеніп көрмеген шынайы ақынның астаң-кестең көңіл-күй ауаны оқырманын әр қияға салады. Бұл өлеңдерді талғап-тамсану үшін де дайындық керек. Есесіне, өлең сөздің барлық көркемдік жаратылысынан жан рахатын табатын талғампаз оқырман олжаға кенеледі.
«Қазақ әдебиеті» жаңа кітаптың тұсауын кесе отырып, жыр ғұмырының ұзақ болуына тілектестік білдірді.
ҰЛЫТАУҒА БАРДЫҢ БА, ЖҮРСІН АҒА?
Ұлытауға бардың ба, Жүрсін ақын?
Биігіміз еді ғой бір шығатын.
Тұма таппай кезінде тұншығатын
Ұлытаудан ұлтым деп күн шығатын.
Ауылыңа бардың ба, Жүрсін ақын.
Маң далаға маңғанда үйіріміз,
Қатар жортқан Бетбақтың киігіміз.
Жиынымыз тарқамай тұрған шақта –
Бір шығатын Ұлытау, биігіміз.
Бісмілләсі сөзіңнің Ұлытау, Қасым,
Шыңырауда емес, қашан да шырқаудасың.
Ұлытаудың жоғалған ұлар құсы
Булақ-будақ басынан бұлт ауғасын.
Жүрегіңнен көшкенде өлең көші,
Сендей болар білгенім ел еркесі.
Қыс ішінде туылған Құлжанбайда
Құс ішінде ұлардың көлеңкесі.
Ақын едік тербеткен ақпан әні,
Өлең бізді білгенім баққа орады.
Ұлытаудың ұлыған аш бөрісі
Ұлытаудың ұлыған ақ бораны…
Жаздар қалып артыңда, Күздер қалып,
Бұл ғұмырда сен жүрген іздер қанық.
Алпысқа да алшаңдап бұрын жеттің
Елсізінде елудің біздер қалып.
Жылағанда жаныңда жыр ұлары,
Көз алдымда көк аспан құбылады.
Сіздің ауыл іргесі
Біздің ауыл
Оқ боп жауған орыстың зымыраны.
Нар бағасын білетін
ар бағасын,
Тағдырласым сен менің
арналасым.
…Ұлар құсқа не дейміз көрмегесін
Ұлытауға не дейміз, бармағасын.
Өмір жарыс біреуге
Өлең – дүбір,
Тасыр тағдыр тыңдай ма
Керең ғұмыр.
Сарыарқаның сағымын сағынғанда
Көріп жүрсем жарайды төбеңді бір.
Жүрсін ақын,
Жүрсін дос,
Жүрсін аға,
Жақын туған жаныма жырсың аға.
Тағдырыңнан күткелі бір сыбаға
Тереңіңде тұмалар тұншыға ма?
…Ұлар құсты көрдің бе, Жүрсін ақын
Ұлытауға бардың ба, Жүрсін аға?!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.
Жүрсін ЕРМАН
ҰЛЫТАУДА ҰЛАР ЖОҚ
Аз отырған қонағың көп сынайды,
Қарт Ұлытау бұл күнде жоқ шырайлы.
Ұлытауға үйіріліп барған халық
«Ұлар бар ма бұл тауда» деп сұрайды.
Ұлытауда ұлар жоқ.
О несі екен?
Көңіл бірден алада неге секем?
Бұл Ұлытау – өзі емес, көне таудың,
Бізге жеткен аласа елесі екен.
Көзін тігер өткенге кім оралып,
Бір тау жатыр көрпесін жылы оранып.
Заңғар таудың биігін уақыт ұрлап,
Тау шөккенде, кетіпті ұлар ауып.
Кімді қандай күтеді тағдыр алдан,
Биіктікпен өлшенбек әрбір арман.
Өмір сүре алмаған аласада,
Бақыт құсы биікке дағдыланған!
Ол бір заман – бұлдырап алыс қалған,
Бақыт бар ма – бұлттардан әрі ұшқаннан.
Биік ұшып, биікке қонған құстар,
Жорғалауға төменде намыстанған.
Зердесі бар адамға ол да қайғы,
Көздің жасы мұң болып сорғалайды.
Жерде жүріп үйренген мимырт адам,
Бауырында сол таудың жорғалайды.
Іңкәр ақын көңілге жара салып,
Адамдар да жатады аласарып.
Биіктеген шығар деп көз тігемін,
Ұлытаудың басынан тараса бұлт.
Ұлар деген ұлы құс – тауық деп пе ең,
Ұлылық та жатпайды жауып көктен.
Таудың аласарғанын назырқанып,
Ұлытауда ұлар жоқ.
Ауып кеткен!
АШЫНДЫРМА АҚЫНДЫ
Ашындырма ақынды,
Ашынбасын.
Басынбасын біреулер асыл басын.
Сальеридей Моцартты маңайлаған
Жүрген жоқ па, байқаңдар, қасыңда сұм?
Мұңайтпаңдар ақынды,
Мұңаймасын.
Мұңайтпаудың табыңдар мың айласын
Басқалардың қабағы кірбисе де
Ақыныңның көзінде күн ойнасын!
Жасытпаңдар ақынды,
Жасымасын.
Тұтқиылдан түспесін басына сын.
Етемін деп бірімді қайтсем екеу
Күйбеңменен миы оның ашымасын.
Күрсінтпеңдер ақынды,
Күрсінбесін.
Қуаныштан жүрегі дүрсілдесін.
Қасіреттен қан жылап жүрегі оның
Әрең сүйреп жүрмесін құр сүлдесін.
…Теңізде де қайырға батып кемем
Жыр шөлінің азабын татып келем.
Нағыз ақын уайымның уын ішіп,
Қасіретпен жазады бақытты өлең!
ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ШАПАНЫ
Туғандай тектілерге бір күмән шақ
Құрт құсап көңілдерге кірді мәнсап.
Аз сөзбен алты алаштың басын қосқан
Қадірін Қазыбектің жүрмін аңсап.
Тарихым тағы да бір жаңғырыпты,
Ұрпағым ойлансын деп мәңгілікті.
Найза емес,
Қылыш емес,
Бабам бізге
Шапанын мұра қылып қалдырыпты.
Табылса көшкен жұртта жатқан сақам
Оқа емес ортамызда жоқ болса атам.
Тоғыз қат торғыннан да артық маған,
Бабамның исі сіңген мақпал шапан!
Өзгеріп жатқанымен жылдам сана
Осыдан болар еді-ау үлгі алса да.
Даладай кең шапанның өңірінен
Өрбіді алтын асық ұл қаншама.
Тозбаған,
Былғанбаған,
Ластанбаған
Тағылымы бұл шапанның дастан маған.
Айқара ашып тастап омырауын,
Бауырына бар қазақты басқан бабам.
Балаға қалсын басқа қандай үлгі,
Тигіздім тәберікке маңдайымды.
Шапанын шалдар бізге қалдырған-ау,
Жамылып жүріңдер деп шалғайымды.
***
Барам – келемін, сенделіп келем – кетемін,
Не болса соған көңілді – елеңдетемін
Қадалма, қалам, қағазға кенедей болып,
Өле алмай жүріп, өңмендеп өлең не
теңім?!
«Сырымды жұртқа жаюға» неге
ынтығамын,
Желкемді қиып барады көген-тұмарым.
…Аранын ашқан ашқарақ көңіл-пешіме
Көмейі толып қалғанша өлең тығамын!
***
Жұртында Жамбыл менен Сүйінбайдың,
Күзетіп жүргендеймін үйін байдың.
Сөлкебайлы ұлықтың қалтасында
Шылдырлаған құнсыздау тиындаймын.
Жолымды бірде – қара,
бірде – ақ қылып,
Қойды ғой заманақыр зыр қақтырып.
Ниетіне қарайған бұзық қоғам,
Қойнына тыққан тасын тұр лақтырып.
Ат үшін, шапан үшін арланбаған,
Жарымес болдым-ау деп жарбаңдаған.
Жанымды қоярға жер таппай қалам,
Итеріп жіберер деп жардан қоғам.
Жол тосып әккі болған жырыңды ұлық,
Қалпымнан қалбаңдаған сырымды ұғып.
Қылтадан қылт етсем де қиып түсіп
Қапыда жібереді сүріндіріп.
Салты осы өзгермейтін бұрынғының,
Ұғар деп жырдан басқа сырымды кім.
Шалғайын паналайын деп келіп ем,
Шапаны Абайдың да жырым-жырым…
СОҢҒЫСӨЗ ОРНЫНА
ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛАРЫ
(Жүрсін Ерманға)
Ұлытауға бардың ба,
Ұлар етін жедің бе?
Ел аузынан.
Арқада Ақсораңға (сыңары жоқ), –
Құлайды Жыландының
жыланы кеп;
Көкшетау, Қарқаралы көзіңді
арбап,
Мұнартып Ұлытау тұр!
…Ұлары – жоқ!
Келгенде ақырып қыс, күліп көктем,
Іздеме оны әуре боп жүріп – көктен;
Ұлары Ұлытаудың ұшып келіп,
Жүрсіннің жүрегіне кіріп кеткен!
Құдай-ау, құс па?!
Өзі алып неткен:
Түйедей жетелі ұлын
танып көктен, –
Баладай –
Ұлытаудан көтеріп ап,
Қалай бұл Алатауға алып кеткен?!
Ұларым,
Күллі құстан дара осында,
Ұлытауға бармайсың ба, барасың ба?
Қанатың талғанынша ұша берші,
Алтай мен Атыраудың арасында?
Қазақтың ұларынан жыр-әні көп,
(Ішінен, сонсоң жиі тынады кеп);
…Бір соғып тұрсаң болды Ұлытауға,
Ұларым, –
Ұлысымда сыңары жоқ…
Серік АҚСҰҢҚАР.
***
Өлең-жыр тыншын алған Жүрсін Ерман,
Жүрегі жын адасар тылсым орман.
Басталған Құлжанбайдан бір дария
Көңілдің шөлейтіне гүл шығарған.
Сизифтің тағдырына басын тігіп,
Қазақтың тасын тауға кім шығарған?
Айтысқа арып-ашып арық қазып,
Ол – Қыпшақ Сейітқұл ғой құм суарған.
Абайсыз тамып түскен алтын тамшы
Абай мен Махамбеттей жыршылардан.
Жырына жүрегіңнің құрышы қанған,
Бағасын бұл балаңның білші, жалған!
Қозыдан – серт, Қодардан қырсық алған,
Қолында Қобыландының қылышы қалған.
Ей, жігіттер, болыңдар Жүрсін Ерман,
Бола алмаған жамандар жүрсін әрман!
Ұлықбек ЕСӘДУЛЕТ.