КЕЗДЕЙСОҚ КІСІНЕГЕН ТЕЛЕФОН
– Алматыға Джавахарлал Неру қызы Индира Гандименен келе жатыр, қарсы алуға барғыларың келсе, қапыда қалып жүрмеңдер, – деді «Араның» бас редакторы Ғабит Мүсірепов ағамыз өзінің маңғаз, әр сөзін қорғасындай салмақтап ыңырана сөйлейтін әдетімен.
Ғабеңнің машинасына басқа жармасушылардан бізге орын тимей, өз жайымызбен аэропортқа жеттік. Қарақұрым адамдардың ішінен Мұхтар Әуезовтің әңгімесіне ұйып құлақ тосып тұрған Сәбең мен Ғабең, Шәкен Айманов, Серәлі Қожамқұлов пен Төлеген Тәжібаев, өзге де әдебиетші, өнер адамдары көзімізге шалынды.
Мұхтар аға әдеттегідей бірде теңіздей толқыса, бірде мұхиттай мөңкіп қызықты әңгімелерін төгіп тұр екен.
« – Қансонарда аңға шығайық, біздің үйден ораза ашайық, – деп, Абай Көкбайға қолқа салса керек.
– Жарайды, – деп, келісе кеткен Көкбай ертеңіне таңертең жуынып-шайынып, дәретін алған соң Абай үйіне келеді.
– Көкбай, бір қысқа әңгімеңді қайырып тасташы, – деп қолқа салады екен Абай.
– Жарайды, – деп, әңгімесін ұршық иірімге жеткізбей-ақ Көкбай бастай жөнелгенде шай ішіліп болып, артынан қымыз, онан соң ет алмасып, әңгіменің қызығы мен шыжығына жіпсіз байланып, аңға шығу ниеттерін мүлде естен шығарып алса керек. Бір сәтте ойына түскен Абай:
– Әу, әлгі… қансонарымыз, – деп сағатына қараса, күн батуға құрық бойы қалып тұрады екен. Осылай ертең де, бүрсігүні де жалғаса береді. Сонда Көкбай:
– «Әңгіме не бұзау емізеді, не таяқ жегізеді» деген осы дағы, – деп, қарқылдай күліп алыпты.
– Онан да әңгіме қызыққа батырады десеңші, – деп Абай да қосыла езу тартса керек».
Көкбай шешендігіне орай айтылған әңгімесін тыйған соң Мұхаң орнынан бір қозғалып койып, сәл күлімсіреп, сол кездегі Сыртқы істер министрі Төлеген Тәжібаевқа қарап:
– Бәлі, – деді, – Төлегенге қараңдаршы, анау ақ шағаладай жағаға жас нәрестенің жұдырығындай жабыса қалған галстук, етікші қоңыздай алабажақ костюм, қыры сынбаған шалбар, тағалы ат тайып жығылатындай жылтыр қара туфли… міне, министр деген осылай болуға керек. Ал біздің талантты тас жара Шәкендер серілер киімімен жүре береді, – деді. Жұрт жапа-тармағай күліп алды. Шәкен Айманов есесін жібергісі келмегендей:
– Мұха, сонда атқамінер азаматтардың бәрі мойындарына қарғы бау тағып жүруі қажет пе? – деді.
– Бәлі, мынаның тілі шығайын депті ей, Қазақстанның картасындағыдай тарам-тарам сызықты бетіңнен сол өзіңнің, – деп еді, жұрт одан сайын ішек-сілелері қатқанша күлісіп алды. Тек Ғабит қана оқшаулау, сыр білдірмей жай ғана езу тартқан бойы сол маңғаз қалпында тұрған еді.
– Бәлі, – деді Мұхаң, – анау Ғабит бар ғой, осы тұрған жеріне ақы алайын деп тұрған іспетті, патша жаяу баратын жерге де бармайтындай табандап қалған, – деп еді, жұрт тағы да ду күлді. Ғабең сәл кеудесін қозғалтып, миығынан күлді де қойды. Жауап та қатпады.
– Әй, осы жұртқа сын айтқанды қо-
йып, Нерудің қашан келетінінен нақты хабар алсақ қайтеді, – деді Сәбит Мұқанов қалыптағы мығым денесіне лайықсыздау қарлыға да жарықшақтана шиқылдай шығатын даусына басып.
– Бәлі, Сәбит, сені кім қос қолдап қылғындырып тастаған, әлде біздің әзіл-қалжыңымыз ұнамай қалды ма? – деді Мұхаң.
Сәбең көңіліне алған жоқ, тамағын қырына күлімсіреп, қайта одан сайын мәз болған кейіп танытқандай сыңай білдірді.
Сөзге араласқан Серәлі аға таяғымен жерді бір нұқып, әр сөздің арасын бөліп-бөліп, қадап-қадап айтатын әдетімен:
– Әй, қай-ран қа-за-ғым-ай десейші, жай тұрмай-сың-ау, бір-біріңді қағыт-пасаңдар іш-терің ке-уіп ба-ра ма? – деді, реңінен сәл ашу ізі аңдалғандай.
– Бәлі, – деді Мұхаң, – әй, Сәбит, сен осы таяуда Ленинград түбіндегі Комаровадан келдің ғой?
– Иә, – деді Сәбең қарлыққан даусымен.
– Ендеше сол Комаровада (қазіргі Санкт-Петербургтің маңайындағы жазушылардың өнержай үйін айтып отыр. – М.Р.) қарағайлардың ұшар басына шығып алып, пістиген біз тұмсығымен ұя жасайтын тоқылдақ құстарды көрген шығарсың, құдай аманат, Серағаң сөйлегенде көз алдыма сол тоқылдақтар елестейді де тұрады, – деді Мұхаң. Сол кезде үш данадан жеке-жеке топтастырылып жылтыр қағазға қосақтала оралған гүл шоқтары әкелінді. Неру құрметіне деп, тұрған адамдарға үлестіріле бастады. Сондай гүлдің бір шоғын Төлеген Тәжібаев Мұхаңа үсынған еді, Мұхаң жаратпай теріс айналып кетті. Енді Төлеген теріс айналған жағынан ұсынды.
– Түу, Төлеген, саған не болған, бәтшағар, менен өзгелеріне берсеңдер де же-
тетін еді ғой, өзің аузын шымшып буған ала қапқа ұқсамай жайыңа тұрмаспысың, – деп, Мұхаң гүлді алудан бас тартты да, аяқ астынан ашуға булығып, машинасына мініп, аэропорттан мүлде кетіп қалды.
Жұрт басында не болғанын айыра алмай абыр-сабыр болып, сәл дуылдасты да, сабасына түскендей еді.
…Джавахарлал Неру қызы Индирамен машинамен Алматының өріне қарай тартып берді. Шұбырған керуендей гүлдермен безенген машиналар таусылар емес. Димаш Ахметұлы Қонаев өзі бастап алып барады. Қазіргі Абылай хан даңғылының екі жағы иін тірескен адамдар қол бұлғасып, гүл лақтырысып, бірте-бірте артта қалысып жатыр. Аса қадірлі қонақ құрметіне қабылдау рәсімі болды. Осы қызықтың бәрінен мақұрым қалған Мұхтар түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмаса керек, таң ата Ғабиденге телефон шалыпты.
– Әу… бұ кім таң бозынан? – деп, Ғабиден аға ұйқылы-ояу сөйлесіп жатыр.
– Мен ғой, Ғабиден, мына мен секілді, сен секілді егде адамдардың гүл ұстауы шарт емес көрінеді. Иә, сонымен қонақты қалай қарсы алдыңдар, айтшы кәне…
– Түу, Мұха-ай, сен де бір, ана алты жасар немерем де бір болды-ау, ұйқымды бөліп жібергеніңді қарашы, өзім үйіңе барып, анық-қанығын айта жатармын, көріскенше… – деп Ғабиден телефон тұтқасын іле салды да: – Әй, Мұха-ай, пенделік кімде жоқ дейсің, – деп, қайран қалған қалпында ұйқысын жалғастыра берді.
Мыңбай Рәш