Үй сатылады (Әңгіме)
02.06.2017
1905
0

Теңгебайда келгендеріне әлі бір жыл да бола қоймаған үйін қыстың көзі қырауда қайта саудаға салар­мын-ау деген ой мүлде болмаған-тұғын. Әу баста-ақ, ойлана-ойлана қалтасына қарай осы бір ескі жайға тоқтағанда, ағайын-туыс, жекжаттары, жұмыстағы дос-жаран бар, теп­ло­воз машинисінің бұл талабы құ­лақ­тарына тигенде: «Не пәлесі ба­рын, осы бір үй қақпақылға түсіп, қайта-қайта сатыла берді, әйтеуір. Қолдан қолға өтіп, кісі тұрақтамай­тын болды» деуін дескен. Жұмысына мезгілсіз шақырылады, мезгілсіз қайтады. Түннің ортасы, таңның алды елді мекеннің арғы шетінен қатынап ығыр болған, оның үстіне бір тартса қырын кететін Теңгебай ондайға құлақ ассын ба. Ең бастысы, теміржолға қамшының сабындай, үйдегі құбырдан су да ағып тұр. Қарт анасы шелегін салдыратып, әр жер­дегі су тамшылаған шүмекке табаны тозып жүрмейді. Екі-үш жыл қам­дан­са, шегенебас өздеріне жетер­лік үй де салынар. Барлық жағын саралап, осы үйге тоқтаған кезде іс тын­дырғандай боп көптен алаң көңілі мықтап бір бірленіп қалған.
Біраз арзандау бағаға келісті де, анау-мынауына қарамай, мұзқала­ның жақтауы қаусап тұрған ескі машинасымен бір рет қатынап жаңа үйіне көшті де алды.
Соғыстан бұрынырақ қам кір­піш­тен салынған үйді олқысынып, «Мықты іргетас құйып, жұрттың мақтаулы үйінен бір де кем түспейтін жай саламын» деп, сол алғашқы ек­пінмен бірден-ақ құрылысқа керек-жарағын жинауға кірісті. Тақтайы, сырығы бар төрт-бес текше метр
ағ­аш, буылмай жатса да жүз бау қамыс, үш терезе, екі көне есік, он­шақты қалбыр бояу, үш машина тас бар бұл тұрғанда. Келу бойына екі машина құм да түсірді. Оны қазір бар деп есепке алмаса да болады, бірақ осы талапқа деп түсіргені рас. Алғаш аппақ құмның үстіне көршілердің балалары ойнады. Шешесі: «Айналасын қымтап, жауып таста» деп құ­дайдың зарын қылды. Әні-міне деп жүріп, оған да қол тимеді. «Үй салу құмға қарап қалса табылар, нәті топырақ қой, әйтеуір. Балаларды қума, ойнай берсін» деп, пейілді кеңге салған. Бүгіндері шашылып бітті. Қалғанын жел суырып әкетіп жатыр. «Үйдің орнын пішіп, іргесін құй. Қамыс та рәсуа болар, буып жи­на» деп, айта-айта нәтиже шығара алмай жағы талған соң, «Қойдым енді. Бірдеңесі болар» деп, қолын сілтеп анасы отыр. Мән онда да емес, білек сыбанып әупірімдеп кірісіп кеткендей болса, ел іші, тума-туыс, дос-жаран бар, бір амалының табыларын Теңгебай көңілге тоқ санайды. Бірақ жұрттың анадағы айтқан­дары айдай келіп, соңғы кезде нілдей бұзылып, тағы да көшкісі келе ме қа­лай. Іште жатқан сол ойын шешесі­не айтуға тағы қорынады.
Бұлар қоныс аударған бойда ір­гедегі Олжабай көршісі дереу ескі қамыс қорасын жаңалауға кіріскен. Көріп отыр, қораның қадаларын бұның жеріне екі қадам сұғындырып жіберді. Баяғыдан тұрған қораға аяқасты кірісетіндей… сонда бұның мәнісі қалай? Оның мәні бар болып шықты. Екі үйдің аралығында түбі шіріп түскен темір күпшек көмулі тұрыпты. Бұрынғы қамыс қора бөл­ген шекара соның арғы жағы. Олжабай бұның анасын да сол жерге ша­қырып алып, шолақ аяғымен сызып тұрып бажайлап түсіндіріп берді. «Осы күпшектің бергі жағы екі үйге ше­кара. Нанбайды екенсіңдер, үй­лерің­нің әу бастағы түпкі қожайы­ны Бодықтан сұраңдар. Екі-ақ адам – мен білемін, сол біледі. Міне, иманым, міне, жаным. Жабдығы дайын­дал­ған соң жаңғыртып алармын деп, көршілерімнің бәріне айтып қойған­м­ын, нан ұрсын. Біздің шекарамыз осы деп, соры қобырсып жатқан сызды жерді тепкілеп тұрып алды. Келмей жатып құдайы көршімен ищаласуды жөн көрмеді, поссәбетке де барыспады, қағазға да қараспады, әлдеқашан о дүниелік болып кеткен Бодықты кім тапсын. Аналы-балалы екеуі бір-біріне қарасты да, жаңа көр­шімен ищаласпай қоя салды. Солай болса солай да шығар. Бар болғаны екі-ақ қадам екен, сыймай жатқан нелері бар.
…Кезекті жұмысынан түнделетіп қайтқан Теңгебай ертеңгілік есік ал­дын­да ұйқысын аша алмай аузын кере ашып, есінеп көзін уқалап тұр­ғанда, Олжабайдың үйінен бір қора мал шұбырынып шыға бастасын. Бұларда мал барын білетін, дегенмен бір қорада осынша мал болар-ау деп ойламаған. Екі құлынды бие, бір жабағы, бір сиыр, екі торпақ, ірілі-уа­қ­ты жиырма шақты ешкі-лақ тап ал­­дынан шұбырсын келіп. Майдаларын санай алмай қалды. Аң-таң. Иір-иір ұзын ақ таяқ ұстаған Олжа­бай­ға аю көргендей аңтарыла қарасын.
– Олжеке-ау, қораң екі этаж ба, немене? Бір колхоздың малын қай жерге сыйғызып жүрсің? – Басын шайқап қойды. – От те да…
Олжабай сілкініп түсті.
– Не сонша… Мал көрмеп пе едің?!
Бұған ит көзімен жалт қарады да, өріске кете барды.
Шешесі болса шарбақтан екі ешкіні зарлатып қуып шықты.
Сонан кейін Теңгебайдың күнде көретіні, Олжабай қызыл іңірден малын шұбыртып өріске жаяу айдап бара жатады. Қас қарая жаяу айдап қайтады. Егін көктегелі елді мекен­нің маңы тарылып, ірі қараны арқан­дап қоймаса, не қыр жақтағы алыс өріске айдап салмаса, шу көбейіп, жағдай қиындап кеткен. Оң аяғымен шеңбер сыза оралтып басып, азып-тозып биені жетектеп бара жатады, жетектеп келе жатады. Түгі жылтырап тұрған жылқының біріне аяқ артқанын көрген емес. Қазір мал соңында белсебетін итеріп келеді. Күн қақтап, екі көз кіртиген. Теңге­бай­дың ит жыны мұнда тырыспаған­да қайда тырысады енді. Көше бет­тегі титімдей жіңішке бажылда­уық тақтай орындықта шашы ұйпа-тұйпа, басы мең-зең темекі сораптап отырып, көрінеу көзге көршісіне тиісті.
– Ассалаумағалейкүм, Олжеке!
Олжабайдың бір жарым жас үл­кендігі бар, құрдас десе де болады, аға десе де жарасады.
– Оғалайкүмүссалам.
– Уа. Жол болсын?
– Көріп отырған жоқсың ба өрістен келе жатқанымызды…
– Биең болдырып қалыпты ғой. Арқалап алмадың ба?
Анау көзі ақшиып шап ете қал­ды.
– Жұмысың болмасын! Арқала­сам да, арқаламасам да бұл менің малым. Өз шаруаңды жөндеп ал!
– Е… е, біздің шаруа әлдеқашан жөнделіп болған.
Олжабайдың қусырылып бара жатқан жауырынына көз қадап отырып, көптен бері шорланып қалған қордалы кегі қайтқандай жымың етті. Бұл Олжекең адамды сөйлетпей қоймайды ғой.
Теңгебай да, Олжабай да бойдақ, демек «айлас қатын – мұңдас», қатар адамдардың араларында жүгіртпе әзіл жүрер болса не айыбы болсын. Олжабай тұйық, жұртқа араласуға құлықсыз, күндіз үйінде де бола бер­­мейді, қисалақтап пайданы сырттан қуып кететін. Көрші үйде жүргеннің өзінде де тыным тауып көрген емес. Таң­ның атысы, күннің батысы әй­теуір бірдеңелерді әурелеп күйбеңдеп жүргені. Көршінің үйі шағын бір өн­діріс тәрізді. Күні-түні қатыр-құ­тыр, сатыр да сұтыр, дүңк те дүңк, гү­­рс те гүрс.
Үйлену Теңгебайдың ойында бар­­да, Олжабайдың ойында жоқ тәрізді. Шешесінің айтары белгілі. «Қашанғы бүкшеңдетесің? Біреумен бас қауыштырсайшы. Бала сүйіп, ерніміз жібісін». Шешесіне мойнын созып тұрып, ойын-шыны аралас ежіктейді кеп. «Әуелі үй саламын. Мы­­на құжырыңа қыз келе ме? Қатын сонан кейін. Қыз деген пәлең алдымен үйге қарайды. Оларға жақсы үй керек». «Уа, тұқымың жайылсын. Тұқымың жайылғыр. Үй салмай-ақ ала бер. Өзіңе көмекші болады. Сен үй салып боламын дегенше, жұрттың қызы күтіп отырар». «Күтпегені кете берсін». Бітіп жатқан үй жоқ, сонан кейін­гі кезекте тұрған шаңырақ кө­теру мәселесі болса әзір су аяғы құр­дым­да.
Теңгебай осы жаңа қонысқа кел­ге­лі тағы бірдеңеге таң.
Бұл өңірде көкөніс атаулы жазды алқымдап барып көрінер-ді. Олжабай болса талай ертешіл бақша­шы­лар­­дың өздерінің ауыздарын ш­ығыс­қа қаратып кетіпті. Көршісінің ебіне жағасын ұстайды да, отырып ап таң­дай қағып басын шайқайды. Соншама мал тұрғанда, аядай жерге көк-сөкті мерзімінен ерте өндіріп, оны татып та алмай, ақшаға айналдырып үлгіру Теңгебайдың ақылына қалай да оңайлықпен сияр емес. Томпақтау келіп тұр. Әлдене сылтау­ратып, арнайы сол жағдаятты өз көзімен көр­мек­ке барған. Ана жолғы өзінен бө­ліп алатын соры бұрқырап жатқан іргедегі тастай жерді танымай қалды. Көкпеңбек болып жайқалып тұр. Жарты сүйемі бос болса-шы. Қия­мет­тің қыл көпіріндей ғана жал­ғыз аяқ тақтай жол. Титімдей бақ­ша­лықты темір тормен мыстай етіп қор­шап тастаған, төбесінде ау, бір адам ғана қырындап кіретін есіктің аузында шоқпардай құлып. Көктем­нің ашқарақ торғайлары да серп ете алмас, тышқан да жорғаламас шағын бекініс. Ине шаншар жер жоқ: қыза­нақ, қияр мен шалқан, жуа әрқайсы­сы бөлек-бөлек, көздің жауын алатын қуыршақтай боп сыңсып тұр. Ба­ланың ойыншық қалашығыма дерсің. Басы артық бір қылтанақ, не арам шөп таба алса-шы. Мұнтаздай. Тура сурет. Қылдай тақтайдың үстімен ғана иманын үйіріп ептеп бар­ар да керегін ғана үзіп алар. Сонан кейін кемиек сары кемпірдің құлқынсәріден беті бүркемеленген себетін алып тоңқалаңдап базарға кетіп бара жатқаны. Көрді. Көрді де басын шайқап таңырқанып қайтты. «От это да».
…Айдың басындағы кезекті бір жұ­мысынан үйге ішіңкіреп орал­ған­да ол жақ, бұл жағы селкілдеп тұр­ған қақпасына қарап: «Саған бір сын болмаса нетті. Ғарышқа тағы да бірдеңе ұшқалы жатыр», – деп қойған. Айтқаны айдай келді.
Таң алакеугімде шақырылған. Барса, бұл Төретамға жеткізіп салуға міндетті арқа жақтан келіп тұрған тұла бойы түп-түгел қымтаулы жүк пойызы жолда сақадай сай тұрыпты. Бұрынғыдай емес, вагон басына бір солдат. Көмекшісі екеуі тепловозды қабылдар алдында капитан келіп құжаттарын қарады, тұла бойларын тіміскілеп шықты, әлдебір колбаға дем алдырып, өздерін иіскеп алған­нан кейін барып кабиналарына көтерілуіне ұлықсат еткен. Баяғыдан бері атқарып келе жатқан кәнігі өз жұмыстарын бөгде біреудің желкеле­рі­нен бақылап тұруы жүйкеге тиетін іс боп шықты. Төретамға жеткенше бойы құрысып тұрды. Поезды есен-аман жеткізіп барып «Уһ! Құтылдым ба, құтылмадым ба? – деп, демін бір алған. – Осылар тағы бірдеңе ұшыр­ғалы жүр-ау». Секем алғанындай болды да шықты. Ұзамай екі бірдей алып «Протон» бірінен кейін бірі көкке көтерілді де баспасөз бар, радио, телевизоры бар жүректері жарылып бөріктерін аспанға атып у да шу боп жатты. Сонан бүкіл аймақта алапат құйынды боран басталсын. Бір-екі күнде тына да қоймайды, тұтас бір апта бойы екі иығын жұлып жеп ұлыды да тұрды. Аш қасқырша аласұрып, қиыршық құм аралас боранға ұласып кетті. Бір күн де, екі күн де емес, тұтас бір апта бойы. Сол алапаттың соңы не болды?
Елпілдеп тұрған Теңгебайдың қақпасын қақпақтай ұшырды да кетті.
Осы үйдің ол бастағы түпкі ие­сі­нің көзін көрген шай жәшіктің жұқа тақтайынан быту-сыту құрастыра салынған бұл неме қасақана «келсең кел» деп, шамасы келгенше желдің өтіне кеудесін төсеп, қасқайып-ақ тұрған. Қашанғы шыдасын, онсыз да тұла бойы сықырлап жалпылдап тұрған немені «Протонның» дауылы шалқасынан түсірді де кетті ғой. Теңгебайдың бірден қолы тие қойған жоқ. Сонысымен екі, әлде үш күн жатты. Үстіне балалар ойнап қа­қы­ра­­тып кететін болған соң ше­ше­сінің өзі амалсыз қолға алып, көр­ші­лердің майда балаларын жауып діңгек­тердің түбін қайта қаздырып көміп, ілдалдалап қалқайтқан. Жұ­мыс­тан келсе, онысы «Мені қайт­тіңдер?» дегендей өткен-кеткенге сәлем беріп, көшеге қарай еңкейіп тұр екен. Екі «Протонмен» қоса ғұмыры таусылып тұрған неменің зәузатын бір сулап шығып, «сонан кейін-ақ тынығармын, көшеден өткен жұрттан ұятты» деп, алақанына түкіріп, бірден-ақ іске кіріскен. Қақырап кеткен жерлерін шегелей­мін деп сермей берген балғасының басы сонадай жерге барып бұрқ етіп топырақ қапты. Көптен ұсталмаған неменің ағаш сабы қақсып, басы босап қалғаны да. Мүлік болған тап әкесінің ауыз жағын бір шайпап ал­ып, балтамен ілекерлеп басын сыналап бекітіп, енді қобдишаға қол салса, шегенің тақаға қағуға жарар­лық майдалары ғана қалған екен. Түбінде үй салатын болған соң әр түрінен кемінде екі-үш жәшік шеге керектігі, келесі айлықта алармын деп баяғыдан әні-мінілеп ысырмалап келе жатқаныжәне сол шаруаны енді жеделдетпесе болмайтындығы есіне түсті. Сол иттерді әкеліп қою керек екен. Жан-жағына алақтап қарап тұрып-тұрып, үйдегі қуыс-қуысты түртінектегенмен таба алмайтынына анық көзі жеткен соң көршіге кетті. Шаңқ-шұңқ дыбыс­тап тауып алды. Сарайда аяғын кө­сіліп салып, қаңылтыр түзетіп отыр. Есік алдында біреу серейіп тұрған соң, Олжабай басын кекжең еткізіп көтеріп алды. Ұрлығының үстінен түскендей көзі жыпылықтап аларып кеткен. Таңырқағаны ма, үрейленгені ме, оны өзі біледі.
– Жайша ма?
– Жүз жиырмалық, болмаса жүз отыздықтан шамалы шеге керек боп қалды.
– Оны қайтесің?
– Бекітіп тастамасам, дарбаза­ның тақтайлары сетінеп кетіпті.
– Қақпа дегеннің түбін цементтеп, темірмен жақтауламаса, тұра­тын ба еді? Ескіні жамағанның есі кетеді. Жаңа тақтайдан қайта жасау керек. Көріп жүрмін, ана топса болмайды. Дауыл енді бір ұрғанда, тағы да омырып тастайды. Төрт шегеге ілініп сырқылдап қалғаны қашан. Болмағанда екі-үш тақтайды басып ұстап тұратын ұзындау етіп жасамаса, өнемейін жел ырғып тұрған соң шыдайтын ба еді?! Осы көргенің көр­ген. Ескіні тастап, тақтай әкеліп алып, шегелерін дайындап, қайтадан жаса…
Мына неме бұның қақпасын өзі­нен де артық біледі ғой, әй. Бірбеткей Теңгебайға жұрттың артық ақылы қона бере ме…
– Әй, аға! Сенен сұрап тұрғаным ақыл емес, шеге!
Олжабай сол аяғын созып тастап отырған күйі бетіне бажырайып таңырқай қарады.
– Қандай шеге?
– Жүз жиырма, болмаса жүз отыз деп тұрмын ғой!
Дауысы көтеріліп кетті. Бұнысын көршісі елемеген тәрізді, шамданған жоқ.
– Әй, білмедім. Ондайы жоқ шығар…
Орнынан сүйретіліп сылбыр тұрып, үйді қуалай салынған ұзын сарайдың арғы қуысындағы бөлмеге беттеді. Теңгебай ілесе берген. Бұған мойнын бұрып кідіріп қолын сер­меді.
– Тұр солай! Нең бар бұл жақта. Өзім әкелемін.
Бұндайды күтпеген Теңгебай не істерін білмей жарты жолда сазарып тұрып қалды. Қайта шыққан көрші­сі­­нің қолында тот басқан, бірақ түзе­тілген төрт шеге.
– Әрең таптым. Шегесі құрыма­ғыр таусылып қалыпты. Осымен амалда.
Теңгебайдың бір жыны: «Тап қазір көзінше лақтыр» деді, біраз ысынып-суынып тұрды да қайта басылды, «нем кетті, оқталып тұр­ғанда бітіріп тастайын» деген оймен үндемей аяқ астынан ұстай салатын қырсығына сабырдың суын сеуіп буынып, бірақ ләм-мим деместен бұрылып жүре берген.
Осыдан кейін алты аласы, бес бересі жоқ Теңгебай Олжабайдың үйіндегі барлық қуыс-қолтықты тінтіп, өз көзімен армансыз көруге ын­тызары аусын. Алдыңғы дөңгеле­гі­нен артқы дөңгелегі үлкен тот басқан көне белсебетін шақыр-шұқыр еткізіп көршісінің бос келе жатқанын көрген емес. Бірде бөк­те­рін­дегі брезент дорба бұлтиып, бірде ескі темір құбыр салдыр-күлдір жер сызып, енді бірде алдында қарайған нәрсе салақтап… әйтеуір көлігі қа­шан­да жүктеулі, бірдеңе теңдеулі келе жатады. Жүгі ауыр белесебетін мінбейді де, ылғи жаяу жетелейді. Көне демес, қопсы демес жинай берер, жинай берер. Сонша қоқыстың ішінде дені сау он шегенің болмағаны ма? Басын шайқайды. «От это да».
Бұл ағасына күн де бір, түн де бір. Жұмыс орайымен үйге көбіне мезгіл­сіз келетін Теңгебай қай кез болмасын осы үйдің ауласында, не сарайында сығырайып шам жанып тұ­ра­ты­нын аңғарып жүр. Беймезгіл кезде де Олжекеңнің әйтеуір бір­деңені шұқылап күйбеңдеп жүргені. Қытыр-қытыр, тарс-тұрс, баж-бұж. Күні-түні бітіп болмайтын жұмыс әйтеуір. Беймаза көршінің жыртығы бір бітелсе-ші, жұмысы бір бітсеші. Қар екеш қарды да жауып болған соң тазалауға тағат қайдан жетсін. Шар­бақ­тың ішіне сыпырғышқа ілінетін бірдеңе түссе болды, дереу іске кіріс­пек. Қарды әр жерге үйіп, қолшанаға бекітілген үлкен дөңгелек астаумен маңдайының терін жеңімен сүртіп тастап, қисалақтап сыртқа тасып жүр­гені. Ауласын айнадай етпей бұ­ған­ тыным болмас. Әрқайсысына бір айқайлап, мал қайырып жүрген дауысы да жұрт шырт ұйқыда жатқан іңір қараңғысынан-ақ шығар. «Өк, әй! Тарт басыңды! Былай! Былай! Арамқатқыр!». Жұмыс деген шаш-етек­тен. Кезек-кезек бастырманың астына шығарып, шөп салады, суарады, қиды сарайдың төбесіне атады, қоқысты легенге салып, көшеге тасиды.
Ел бір ұйықтағанға дейін бітіп болмайтын сарай ішіндегі сонша дүң­кілдің тегін Теңгебай көпке дейін түсіне алмай да жүрді.
Жазда пойыз молайған сайын машинистің жұмысы да ауырлай түс­пек. Он шақты сағат тынықты ма, тынықпады да қайта шақырылып жатқаны. Сондай бір қарбалас кезде бозамықтанып таң ата бастағанда келіп, шала-пұла шешініп, төсегіне құлай кетсін. Кірпігі ілінер-ілінбес­тен әлдеқандай мотор парылдап зар­лай жөнелмей ме. «Бұл не болды екен?» деп, басын жастықтан жұлып алып, құлақ түргені сол – әлігі дыбыс енді бірқалыпты дүңкілге ұлас­ты. Не болушы еді, елең-алаңда су соруға кіріскен Олжабай да. Күн сәс­ке түске асыла бере жұрт орындарынан тұрып, қам-қарекетке кірісе бас­таған кезде-ақ құбыр атаулы қақ­си бастамақ. Содан, өзге мұқтаждық­тарын былай қойғанда, таңдай жібітер ауыз судың өзіне зар бұл жұрт, шелектерін салдыратып әр жаққа босып жүргендері. Қора толы малы мен бақшаға, үй ішіне керек суды көршілер қалың ұйқыда жатқан кезде темір құбырдан солқылдатып тұрып мотормен сорғызып алатын Олжабай ғана. Қазір бұған қарсылық ету мезгілсіз уақытта міндетті түрде жаға жыртысу деген сөз. Өзіне өзі сабырдың суын сеуіп, көрпе-жасты­ғын орап құшақтап алып, жолай сыбаған күйі тәнтіректеп арғы бөл­меге кетті. «Білгенін істесін әбден».
Бұл сонымен кете берсін.
Тағы бірде түн ортасынан ауа келіп, көз шырымын алды ма, алмады ма, шаң-шұң дыбыстан шошып оянсын. «Не қырғын бұл?». Орнынан тұрып, ұйқылы-ояу терезеден қара­са, заңғарың жуық арада бітіп болмайтын ауқымды іске кірісіп кеткен екен. Жанынан өткен кезде­рінде көріп жүрген қайта жөнделіп жатқан клубтың шатырынан түскен ескі қаңылтыр жанында төбе боп үюлі жатыр, көрші соларды шетінен суырып төске салып, түзетіп отыр екен да. Көрпе-төсегін көтеріп, анасының бөлмесіне ауысты. Бұл жақтан да тыныштық кеткен. Ендігі ұйқының берекетінің қашқанына әбден көз жеткен соң мең-зең болып отырды да, тісін шақыр-шұқыр қайрап киіне бастады.
– Мына қисық қашан өледі ек­ен?! Жо… оқ, бұл қасқа өлмей бізге тыным болмас, сірә. Өлмейді. Жұрт­ты түгелдей өлтіріп түгескен соң барып өлмесе…
Тәнтіректеп тысқа шықты. Бөл­ме­дегі даңғұр-дұңғыр шүкіршілік екен. Осы үйде тап бір темір дүкеннің жұмысы қызып тұрғандай сарт та сұрт құлақ тұндырып әлемді алып барады. Шақ та шұқ. Шақ та шұқ. Аяғының астына біреуге жаласын жаба алмай қисалақтап тұрған орын­дықты қойып, шарбақтан әрі асылды.
– Олушка!
Есітпейді. Бас киімінің күнқаға­рын желкесіне ысырып тастапты. Бір тізерлеп отырып алған, самайынан тер сорғалап, төстің үстіне түсіп бүкшеңдеп емініп болып отыр. Бал­ға­ны әр соққан сайын жеті атасының кеткен кегі қайтқандай ернін жым­қырып, тістене түседі.
– О… лушка… а!
Енді ғана есітіп, шарбақтан басы қылқиып тұрған бұған үрписін.
– Не?
Теңгебайдың тоқтауынша, «Ол­уш­ка» – Олжабай. Тағы да «өлермен» дегендердің орысшасы.Еркелетіп айтқанда осылай болар. Олушка – демек өлермен Олжабай. Қандай жарасымды. «Екі елі маңдайға төрт елі етіп бұйыртқан бұл көршіден ен­ді қалай құтыламыз?».
Лек-легімен түйінделіп келіп тұр­ған жынын барынша басуға тырысып, майдалап бастады.
– Кешке тағы рейске шығатын едім, жайлап соқсайшы… Төбе құ­ры­мағыр ойылып барады. – Бүл­кілдеп көмейіне өзі келе қалған «Әкең­ді өлтірген осы ескі темір бол­са да» деген сөзді іркіп қалды. – Көз ілін­діре алатын емеспін. Жаңа келіп ем…
Олжабай болса, «Өй, сандалып тұрғаның сол ма?» дегендей тыржың етіп теріс қарады да, жұмысымен бола берді. Теңгебай тісін қайрады. «Тап сені!..» деп, желкесіне оқты кө­зін қадап, кіжініп, шарбаққа иегін асып, біраз тұрды. «Енді не істейміз?». Бұнда бұл маңда өзінен өзге де жұрт бар, олар тынығу керек, көршілерде дім­кәс қарт, жас бала болар-ау, ірге­дегі Теңгебайда жұмыс деген бар, пәленбай жүз адамның өмірі,қыруар қазына осының мойнында… Деген сәуле болмағаны ма? Сенің тың болғаның керек – тәрізді бірдеңелерді мына тоңмойынның санасына қайтіп жеткізерін білмей пұшайман күйде шарбаққа асылып тұрды да қойды. Ақыры қисалақтап әрең тұрған орындықтан түсіп, іші қыж-қыж қайнап, аяғын сүйрете басып, үйді айналып жанына барды. Тіс қай­раулы. Қарсы алдында тас төбе­сінен қарап, тырс етпей беді­рейіп тағы тұрды. Екі қол қалтада. Бір кезде барып Олжабай амалсыздан бұған қарады:
– Не? Қандай шаруа?
– Қысқаш керек еді.
– Қысқашты тот басып қалған. Ашылып жабылмайды.
– Сондай ашылып-жабылмай­ты­ны керек.
«Мынаның дені сау ма өзі?» дегендей бұның бетіне бажырая қара­сын. Бұл да қынбай безеріп тұр.
– Шын, дәл сондайы, қасарысып қалғаны қажет боп тұр.
Олжабай орнынан еріксіз сылбырай әрең көтеріліп, сарай жаққа беттеді. Ізіне еріп еді, қолын сермеп қақпайлап тастады.
– Тұр солай. Өзім әкеп беремін.
Керең адамдай бұл да жүре берді. «Соншама қорғаштайтын осының сарайында не бар? Неге жаны шы­ғады?».
– Кідіре тұр деймін.
Құлақ асқан жоқ.
– Сарайыңды жемеймін.
«Бұнда аузы ашылмай қасарысып қалған қысқаш болуы мүмкін емес. Ондай қысқашты таба алмайды». Босағаға сүйенді де ішегін тартты. Көз аңғалағы қолапайсыз ашылып кеткен.
– Иомойо. Мынаның бәрін қай­дан тапқансың?! Қойма ғой, шыра­ғым-ау… Мәсса…ған. Зауыттың қой­масы ма, немене?
Жіңішкелі-жуанды ескі құбыр, батарея, машинаның түрлі-түрлі доң­ғалағы, мотоциклдің рамасы, ескі ау, солдаттың пилоткасы, белесебеттің рөлі, не түрлі бояу, көне терезе, шыны, шаңырақ, ара, ескі қал­пақ, тот басқан қаңылтыр, кепкен балық, атты әскердің екі бірдей галифесі, бөшке толы әк – әйтеуір көз сүрінеді. Түгендей алар емес. Иін тіресіп сыңсып тұр. Қабырғада шегеде ілулі тұрған қысқаш көзіне оттай басылды. Бәрі де соншалық ұқып­тылықпен сәкіленіп жерде де емес, көкте де емес, рет-ретімен тек­шелі сөреде самсап тұр-ау, самсап. Бықырсып жатқан ешбірі жоқ. Қоб­ди­шаның алдында әрі қарай бүк­шең­деп күйбеңдеп тұрған Олжабай ақыры тот басып қарысып қалған қысқашты алып шықты.
– Айтқам жоқ па. Мінекей, ашы­лып-жабылмайды.
Теңгебай әлігі көзіне оттай басылып тұрған жаңа қысқашқа сауса­ғын шошайтты.
Олжабай ышқынып түсті.
– Ол ма? Ол менікі емес!
Амал қайсы, тіс жармай ескі қыс­қашты саусақтарының ұшымен салбырата ұстап кете берген. «Бұл сабазға дауа болмады». Олжабай сарайды құлыптап, оны тартып көр­ді, кілтін қалтасына салды. Тең­ге­байға бұл тұрғанда қысқаштың, оның үстіне тот басып, қарысып қал­ған қысқаштың түкке де қажеті жоқ еді. Ұйқы қашырғаны үшін бе, жұмбақ сарайға кіру үшін бе, әлде оның жынына тигісі келді ме, өзі де байыптаған жоқ, әйтеуір сондай кесірлікпен әдейі барды. Іске аспайтын мүлікті жолай қоқысқа лақ­тырып кетсе қайтеді. Солай ойлады да, өзіне тоқтау салды. Түкке тұр­майтын нәрсеге өлерменмен ілінісуді жөн көрмеді. «Жоғалған пышақтың сабы алтын» жарамсыз мүлкін атан түйеге балап талай сұрайды бұл. Соңы үлкен дауға ұласса да Теңге­байдан көрме. Аспай-саспай шарб­а­ғына келіп, жаңағы еркелеп тұрған орындығына қайта шықты. Қа­са­рысып қалған қысқашты ескі қа­ңыл­тырдың үстіне қайта қонып жат­қан Олжабайдың алдына дүрс еткізіп лақтырып тастады. Ол селк етіп орнынан ұшып тұрсын. Тең­ге­бай күлді. Көршінің көзі атыздай.
– Жабылмайды екен.
– Жабылмайды да, ашылмайды деп айттым емес пе!
Теңгебай орындықтан түсіп, көп­тен ойлап жүрген маңызды ісін тындырып тастаған кісідей кері қайырылып байпаңдап жүре берді. Ұйқы адыра қалған.
Бұл да кете берсін.
Содан бір ай өтті ме, өтпеді ме, жұмыстан түн ауа келіп, тас бүркеніп бұрынғыдай үйді басына көтеріп «құр-сыр, құр-сырына» басып жат­қан. Терезенің сартылынан шошып оянсын. Амал жоқ, орнынан тыжырынып тұрып, тәнтіректеп терезеге жақындады. «Аманшылық па екен? Жұмысқа шақырмауы керек еді? Жаңа келген бойым емес пе? Әлде, әлдеқандай апат па? Қой, ондайдың беті әрі». Ұйқылы-ояу адамның басына, пәтуасыз ойлардың бірі кіріп, бірі шығады. Перденің шетін ысырып әйнекке бетін тақап еді, тас қараңғыда некөріне қойсын, әйтеуір арғы жақтан біреудің сүлдесі қарая­ды. Қарауытқан кісі қисалақтап жа­қындап келіп, бұның тап маңдай тұсынан терезені тағы сартылдатсын.
– Не?
Сүлде ішке қарай қол сермеді.
– Есікті аш.
«Апырмай, аманшылық болса игі. Жақындарымыздан жазым бола қоя­тындай кім? Ауру кім бар еді? Қайсысы болғаны? Бір-екі мың тауып бермесем, апам отырып алады енді. Мотоциклге жинаған тиын-тебеннің мойнына тағы су құйылды дей бер. Құрыса құрысын. Сондай жағдай болса, құрымай қайтеді. Әлде жұмыс жақтан бір жайсыз хабар бар ма?». Әр жерден дүңк-дүңк басып, есікке беттеді. Жолай шам жағып, босағадағы сулығын бүркене сала ілмешекті ағытып, қабырғасы сай-сай тыртиып далаға шықты. «Сырқат кім бар еді бізден? Тап қолай­сыз күні өлген екен да пақыр? Бұл айлық та қоса кететін болды. Осы мотоциклдің-ақ сәті кетумен болды. Енді жақындады-ау дегенде осындай бірдеңе шыға келеді, әйтеуір. Құрысын. Неше жыл болды, бір бүтінделер емес. Баста берекесі кеткен нәрсенің осылай берекесі ке­те береді де. Саған мотоцикл қай­да?».
Есіктің аузында бөгде біреу емес, үсті-басы малмандай болып сүмі­рейіп Олжабай тұр.
Нөсер құйып тұр екен. Жалаңаш еті түшіркеніп берсін.
– Не дейді? Сенейін бе, сенбейін бе. Оу, бұ құдайың бізді ұмытып кет­кен шығар деп ем. Уа, Алла, ұмыт­па­ған екенсің ғой. Жарылқады ғой бұл құ­дайың. Жау, жаңбыр. Жауа түс. Жау! Құй! Таныт әкемізді. Сі­лейт! Өліп болдық қой таңдайымыз кеуіп. Әп, бәрекелді. Өкірт!
Олжабайға сонан кейін барып қарады.
– Сен бе?
– Мен ғой…
– Жайшылық па?
– Көрмейсің бе, мына құйып тұр­ғанын?
Аспанға қарай иегін көтеріп, қолын шошайтты.
– Ал көрдік. Қуанбайсың ба қай­та.
Осы тұрғанда Олжабайға жөн сөйлеуге Теңгебайдың ешқандай да зауқы жоқ-тұғын.
– Мына көлді көрмей тұрмы­сың?
Теңгебай ұйқылы-ояу көзін әрі салған болды. Тас қараңғыда не көріне қойсын. Шарбақтың іші ой болатын. Жаңбырдың шылпылына бақса, бұл аула осы кезде көлкіп тұрған болуы тиіс.
– Ал, көрдік…
– Мына үй құлайды.
Теңгебай аң-таң.
– Қай үй?
Олжабай қолын шошайтып, соғыстан бұрын салынған бұның бәкене балшық үйін емес, іргетасы белуардан, қаңылтыр шатырлы өзінің үйін көрсетіп тұр. Теңгебай мұртынан күлді, ашу шақырды, іштей кіжінді. «Бұған не деген жөн енді?».
– Біздің қырық төртке келіп тұр­ған жаман үй құламай, мына сенің тас үйің құлай ма? – деп біраз тұрды. Бұндайда сөз табу да қиын екен. – Басың сау болса, үй табылар…
Күйгені ғой, бүкшеңдеп су кешіп барып, біреудің іргетасын теуіп-теуіп жіберді.
– Осылай жауа берсе құламай қайтеді? Мына шарбағыңдағы көліңді ағыз сыртқа.
Теңгебай шошып кетті.
– Қашан?
– Қазір да. Мына нөсерден таң атқанша не қалады?
Теңгебай осының дені шынымен сау ма екен деп, тағы да қолма-қол лайықты жауап та таба алмай іштей булығып күйіп тұр.
– Кетпенім жоқ.
– Жоғың кетпен болса, міне.
– Ойбай! Біреудің кетпенін сындырып аламын.
Солай деді де, кейін қайырыл­мас­тан дірдектеген күйі жүгіріп үйге сүң­гіп кетті де, есікті іліп ала қой­ды.
Жаңбыр болса тынар емес. Ұй­қысы ашылған соң білді, шатырдан су сарылдап тұр. Құлағын біраз тосып жатты да, «Сөйтпесең Олушка боларсың ба? Әйтеуір жауғаны жақ­сы» деп күбірледі. Қол-аяғын бауырына алып, жиырыла дірілдеп, көпке дейін көз іліндіре алса-шы.
Түстелетіп барып тысқа шықса, ауласының ортасы қақ жарылып арық қазылып қалыпты. Үйдің іргесіне кілкілдеп келген су көшеге ағып кеткен. Екі қалтасына қолын салып, таңдайын қағып, есік аузында таңырқанып тұр. Шарбағының сыртында қолында кетпені күй­беңдеп жүрген Олжабай бұған көзін де салмайды. Теңгебай басын шайқап қойды.
– От… да Құдды трактор. Бөл­дізер. Касемсот.
Сонымен бұл да кете берсін.
…Әу баста қисыны кеткен іс солай қырындап кете береді екен да… Дауылдатып, жауындатып күз де келді. Вокзалға жүйрік пойызды өз кестесімен таң алдында жеткізді. Кезекті машинистерге тапсырып, иығынан ауыр жүк түскендей жеңі­лейіп азық салған сөмкесін де ауырсынып, үйіне бет алғаны. Темір жолдың дәл іргесіндегі көмір қойма­сының сырт жағында мезгілсіз уақытта қараңдаған жалғыз біреуді көзі шалған. Тұсынан өте бере қауіп алып, қолшамын жағып, солай қарай оқтап жіберсе, сылтып басып көмір теріп жүрген өзінің жекемен­шік көршісі. Тоңқалаңдап бірдеңе іздеп жүр… Сәл кідіріп, жарықты сөндірмей әрі қызықтап, әрі анықтап қарап алды. Жарты қап көмірі беле­се­беттің жанында. Шамын жар­қы­ра­тып қарап тұрған кісімен жұмысы жоқ. Бар ынтасы шашылып жатқан көмірде. Шамын сөндіре сала әрі кете берген. «Қара басыңа көрінсін. Басыңа көрінгір. Айдың, күннің аманында соқталдай азамат көмір теріп жағып… Қай бала-шағасын асырай алмай жүргені. Енді қай­тейін».
Көңілі қатты қабарған. Өзіне-өзі келе алмай шала бүлініп жүрді. Қатарластығын пайдаланып, бұрын­ғы жұғысқан, тиіскенді пышақкесті тыйған. Ол туралы зауқайым әңгіме бола қалған жерде «Әй!» деп тыжырынып қолын сілтейді де қояды. Жақсы-ау, жаман-ау деп аузына алғысы да келмейді. Және ол туралы әлдене естуге де жоқ.

* * *
…Жоғарғы жағынан жуан сыммен қаусырылып шандылған қабыр­ғасы сай-сай ағаш дарбазаның бел ортасында жұқа тақтайшаға сойда-сойдақ жазыла салынған құлақ­тан­дыру көптен бері ілулі тұр. Әлдеқалай жел қаққан сайын қалақтай ағаш тақтайша бұлғалақтап дарбазаға сарт та сұрт соғылады.
– Үй сатылады!
– Үй сатылады!
– Үй сатылады!

Молдахмет Қаназ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір