ҰСТАЗЫМНЫҢ ҚАДІРІ-АЙ…
26.05.2017
1223
0

Ол үйге неге бара беретінімізді өзіміз түсінбейміз. Әйтеуір аңсарымыз ауып тұратын. Атаның қасынан айналшықтап шықпаймыз. Бізді сол шаңыраққа тартып тұратын көзге көрінбес «магнит» – оның әдемі әңгімесі, апаның тәтті тағамы мен кешқұрым ойнайтын футбол еді. Бізді қызықтырғаны осылар ғана… Ойын баласына бұдан артық қандай рахат керек десеңші?!

Оның ұстазға тән ұстам­ды­лы­ғына әлі күнге дейін таңғала­мын. Сол ұстазымның есімі – Әш­ім еді. Әкемнен 5-6 жас үл­кен болған соң Әшім ата дей­тін­мін. Өзінің ұл-қыздары да солай атай­тын. Жақын туысқан бол­ғандықтан, атаның отбасын жат көрмейтінбіз.
Домалақша келген жү­зі­нен үнемі жылулық се­зіліп тұрады. Мені өзі­не жақын тартып, ба­л­ам дейтін. Балаша фут­бол ойнап, күресе­тін.
Ойын мен тамаққа тойған соң сүре, дұға жаттауға кірісеміз. Ол Алланың сөзін сауатты оқуды үйретті. Жаттаған сүремізді ке­лесі дәрісте жарыса айтып бе­реміз. Балаша риза болып, қо­лы­­мызға түрлі сыйлық­тар мен кәм­пит ұстатады. Сү­ре­ні тақыл­дап айтып бергенге ол мәз, кәм­пит жеп, сыйлық ал­ғанға біз мәз… Сауап жинаған ол да ұтты, біз де олжалы бол­дық. Домбырасын алып, күй ше­рт­кенде, қазақ­ша былай тұр­сын, үнді әндерін сәніне келтіре орындағанда, шат-шадыман күйге енеміз. Оның орынды әзіл­дері мен әдемі ән­дері бізді өзі­не ерекше баурап алатын. Осыдан кейін ол үйден шығып көр…
Қазір ойлансам, бұл – шә-кірт тәрбиелеуге қатысты мық-ты методика екен. Бозбаланың бойы­на имандылық дәнін себуде тап­тырмайтын тәсіл. Әшім ата әуелі әдепті үйретті, адам-гер­ші­лікке тәрбиеледі. Әр істе өзі үлгі көрсететін.
Ойынның қызығына батып, доп көзге көрінбей қалғанға де­йін шаңғытып футбол ойнайтын бізге: «Күн батпай тұрып, тез­де­тіп үйлеріңе қайтыңдар. Күн ба­тарда лағынеті шайтан көше ке­зеді», – дейтін. Құманын қолы­на алып, дәретхана жаққа аяң­да­ған Әшім атаны көрген біз ақшам таяғанын түсініп, сөзге келмей үй-үйімізге тараймыз… Қазір кеш болса баланы үйге кір­гізуге асы­ғамыз. Өйткені, бұл әдет ба­лалық шақта қалып­тасты.
Бір күні көршінің қабаған иті ая­ғымды тістеп, үйден шыға ал­май қалдым. Шәкірттерінен үне­мі хабар алып, түгендеп, жағ­дайы­на үңіліп жүретін ұстаз өз ба­ла­сынан, яғни сыныптасым Ибраһимнен: «Бауырың Аға­бек­тің жағдайынан хабарың бар ма?», – депті. Ол бірден: «Жоқ» де­се керек. «Нау­қас­тан­­ған мұ­сыл­манның жағдайын сұрап, оны зиярат ету – үлкен сауап. Шұ­ғыл досыңның үйіне жүгір…», – деп бұйырыпты. Үйге анасы мен әп­ке­сін ертіп келгенде атаның осы әңгімесін айтып берді. Қиналған кезде саулығыңды сұрап келген адам­­ның жылы сөзінің өзі үлкен де­­­меу ғой. Осы бір сәт әлі есім­де…
Ол ауылдың бейресми молдасы еді. Ауылдағы ағайындар оған құдайы ас пен той-тома-лақта тө­рін ұсынып, құрмет көр­сететін. Жа­сы үлкендер жа­ғы өзінен кіші бол­са да, Әшеке деп сыйлайтын. Қ­а­зір ойласам, ауылдағы жұрт оның ұстанатын діні мен тәрбиеге тұнған тұлға­сын құрметтеген екен. Ұстаздың ұлағатты сөзі мен әде­мі насихатынан жасы да, жаса­мысы да әсер алатын. Әсірелеп айт­қаным ем­ес, оның ылғи жымиып жүре­тін жылы жүзінің өзі өзгелер үшін өз алдына үлкен бір насихат еді.
Әшім атаның бойындағы ізгілік пен ұстаздық қасиет анасы Ырыскүлден дарыса керек. Қазір ақ самайлы, ақ жаулықты әжені көрсем Ырыскүл әже есіме түседі. Бес уақыт намазына бе­рік, өзі сөзге шешен, маңайына жуыған жанды бірден өзіне баурап алатын. Бізге батырлар туралы қисса-дастандарды әңгі­ме­леп бергенде, аузымыз ашылып үйге кеткіміз келмей қалады. «Әже» деген атқа лайық жан еді. Ба­сынан ақ жаулығын тастамайтын.
Қазір мүфтияттың жер-жер­дегі мешіттерінде «Әжелер мек­тебі» ашылып, «Ақсақалдар ал­қа­сы» құрылды. Дәстүріміз дә­­ріп­­­теліп, салтымыз жаң­ғыру­да. Бұл – дұрыс бастама және кө­рін­геннің сөзіне сеніп, оған елік­­теп, соның соңынан еріп кетуге бейіл жастар үшін таптырмайтын тәрбие мектебі. Ата­ның ақылы мен әженің мейірі­міне қанып өскен жас буын діні мен дәстүріне ешқашан қырын қарамайды. Ата-әженің тәрбие мектебінен өткен бала қоғамда мәмілешіл һәм мемлекетшіл, отаншыл тұлға боп қалыптасады. Бұл түсінікті теріс ағым бұза ал­майды. Біз мұны тә­жі­рибеден түсіндік.
1990-шы жылдардың басында санамызға егілген дін мен дәс­түр­дің алтын дәні бүгінде бүр жа­ра бас­тағандай… Діни бас­қар­­маның сан-салалы ба­ғыттағы жұмыс­тарына бо­лысып, жауап­кер­шілік жү­гінің бір бұрышын кө­те­рі­сіп жүргеніміз – марқұм Әшім ұстаз­дың бізге ықыласпен бер­ген бі­лімі мен қамқор­лы­ғы­ның жемісі деп ұғамыз. Еңбегі зая кетпепті. Бір шәкірті Алматыда имамдық қызметте. Қал­ған­дары – мемле­кет­тік қызмет пен әскери салада.
Әшім атаның өмірден озға­ны­на 20 жылға жуықтапты. Әкем Қо­нарбай 1997-ші жылы қырық­тың қырқасына шығар шағында бақилық болғанда көз жасы көл болған ағайынға: «Көп езіле бер­меңдер. Ажалға амал бар ма? Ал­ланың жазуын ри­за­лық­пен қа­был алыңдар. Бәріміз де Құдай­ға қайтушымыз», – депті. Сол кезде оның: «Алланың жазуына ра­зы болыңдар. Бұған да шүкір етің­дер», – деген сөзін көпшілік қауым бірден түсіне алмаған кө­рі­неді. Бүгінде намаз оқитын ағайын Әшім атаның сол кездегі айт­қан өсиетін енді терең ұғын­ды.
Алла аузына салды ма екен, өзі де көп ұзамай дүние салды ғой, жарықтық… Исламда шә­кірт тәрбиелеудің, бір адамды иман жолына салудың сауабы сансыз. Еткен еңбегінің сауабын алып, рухы шаттыққа бөленіп жатқан шы­ғар. Лайым солай болғай! Алладан соны тілейміз.
Қолға қалам алғызған жайт – ұстазға деген сағыныш сезімі ға­на еді… Рас, оны қатты са­ғы­нып қалыппын. Сағынышпен жа­зылған осы бір жолдар дін қа­мында жүрген мешіт ұстаз­дарына да ғибрат болар деген үміттемін.
Ауыл жаққа жол түскен сайын бейіт басына барып, оның рухына Құран бағыштау біздің шә­кірт­тік парызымызға айналды.
Адамның жанын сол кісінің хә­ліне енгенде түсінеді екенсің. Ді­ни салада жүрген соң атаның қа­дірін күн сайын сезініп ке­ле­мін. Қайран ұстазымның қадірі-ай…

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір