Тәңірі сыйлаған дауыс
26.05.2017
1515
0

Кейде адамның көңілі құлазып, күйкі тіршіліктің әбігерінен әрі-сәрі күй кешетін кездері болады. Сондай  күйге түскен мен қалың ойдың қыспағында жүріп, ескі досымның үйінен бір-ақ шыққанымды өзім де байқамай қалдым. Менің жабырқау көңілімді қас-қабағымнан таныған досым, ноутбугын қосты да, «мына бір дауысты тыңдап көрші» деді. Экраннан ұзын бойлы, келісті келген көркем жігітті көрдім. Уыздай жас екен. Анау-мынауға  оңайлықпен елең ете қоймайтын, қытайдың жас жігіттері, әсіресе қыздары, бәрін де тарс ұмытып, әнді беріле тыңдап отыр. Ғажайып дауыстың құдіреті залдағылардың барлығын сиқырлап тастағандай. Әннен ләззат алған көпшілік көрерменнің көзіне жас үйірілген.  Әншіге риза болғаннан шыққан қуаныш жасы. Менің көзімнен де жас ыршып кетті де,  еңсемді басқан уайым әп-сәтте жым-жылас ғайып болып, жаным жадырап сала берді.

Бес октаваны меңгерген!
Мүлде өзгеше, Тәңірінің өзі сыйлаған дауыс!
Мен әсіресе, бұрын тыңдап жүрген қазақ әнін Димаштың орындауында есті­генімде, рахатқа бөленіп, қатты риза болдым.
«Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй», – деп ұлы Абай айтқандай, мен де сол дауысты естіп, өзгеше күй кеш­тім  Сірә, нағыз дарын қанмен даритын болса керек. Сөйтсем, Димаштың ата-анасы да өнер адамдары, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, атақты Ақтөбе қаласының тумалары екен.
Қазақ халқы қай заманда да хас дарын­дарға кенде болған емес. Есіме өзім бишісі болған Абай атындағы Опера және балет театрының әншілері – Күләш апа, Ермек аға, Бибігүл апа сияқты өнер саңлақтары орала кетті. Солардың біразын сахнадан өз құлағыммен тыңдағанмын. Ал Димаш болса,  Тәңірінің өзі  сахна үшін әдейі жа­рат­қандай әнші екен, ешқандай жасан­ды­лық жоқ, өзін-өзі табиғи қалыпта ұстай біледі, әрі сондай жарасымды-ақ. Ақын­ның түйсігімен сезінгенім, мұндай ға­жайып дауысты Тәңірінің өзі әдейі сыйла­ғандай көрінді. Димаш өз даусымен әлем­нің көп елдерінің тыңдармандарын тәнті етіп, солардың сүйіспеншілігіне бө­лен­ді. Небәрі жиырма екідегі жас жігіт мынадай ғажайып талантпен қандай марапатқа болса да лайық!
Мен «ХХ ғасыр қазақ халқының кең пейіліне не сыйлар екен?» деп іштей ойлап жүруші едім.  Сөйтсем, Жаратқанның өзі осындай ғажайып дауысты әнші – Димаш­ты сыйлапты. Әрі қандай сыйлық десеңіз­ші! Димаш ұлы Даламыздың төл перзенті. Қазіргі қол жеткізген жетістіктері қаншама қомақты болса да,  бұл әлі бастама ғана.  Сондықтан барлық атақ-даңқ та, әлемдік марапаттар да әлі алда деп ойлаймын. Димаштың қазақты бүкіл әлемге танытқан даусы халқымыздың асыл қазынасы, сол қазынамызды аялай, әлпештей, көзіміздің қарашығындай сақтай білейік.
Ал Димаш жас та болса, солардың бар­лы­ғын асып-таспастан көтере біледі, өйт­кені қанмен дарыған тәрбиесі де, ішкі мәдениеті де  жүзінен, жүріс-тұрысынан сезі­ліп тұр.
Өнер әлеміндегі жұлдызың жарқырап жана берсін, қазақтың ақиық ұланы!

Дүйсенбек НАҚЫПОВ,
ақын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір