ІШТЕ ПІКІР ӨЛГЕНШЕ
Исраил Сапарбай
(Соңы. Басы өткен сандарда)
5. Сөз төркіні
Марқұм Білгір (Бельгер) ағамның «Чепухасын» оқып тұрушы едім. Айтар сөздің өткір де ұтқыр әдісін тауып, тақырып аясын әр түрлі мақамға салатын. «Айдалаға оқ аттым, атқан оғым жоғалттым» дейтіндей емес, керісінше, аты, жөні, ныспысы бар нысананы дәл көздейтін машығы бәрімізді тәнті ететін. Кейде топтап ұшқан торғайды топырлатып атып алады. Кейде қырғиды да қырып салатындай қатты шүйлігетін. Әлгі бытырамен. Ол құрғырдың оғы құмырсқаның боғындай болған соң ба, қырғиың қыңқ етпейді. Бірінші-ден, ол биікте (біздің билік сияқты), топырлап ұшатын торғай емес. Екіншіден, қырғидың аты – қырғи, ұясы қырғы үйде. Қырғи мен қырғы үйге жеткенше бытыраңыздың дені шашырап-пышырап, халі бытықай-шытықай болады. Үшіншіден, жә, жарайды…
Ана бір жолы «ДАТ»-тан осы көкемнің қазіргі қазақ поэзиясының хал-қадары хақындағы оймақтай ойын оқыдым: «У казахов во все времена было много выдающихся поэтов. Сам казахский язык создан для высокой поэзии. Я о том говорил и писал не раз. Тем не менее нынешняя казахская поэзия чудится мне в подавляющим большинстве однообразной, застойной, безликой… То есть нет гор, нет утесов, пиков, а есть холмы, сопки, бугорки в плоской , ровной степи… В чем дело? Гете в «Поэзии и правде» говорит: «Любая национальная поэзия пуста и неминуемо будет пустой, если она не зыждется на самом важном – на великих событиях в жизни народов и их пастырей, когда все, как один человек, стоят за общее дело».
Тағы да саусақ бүгуге тура келеді. Біріншіден, арғы-бергі қазақ даласында ағын да төгін ақындар легі аса көп болған деу артық. Олай болып жатса әлдеқашан-ақ «Ақындар ауылын» немесе бүгінгідей «Ақындар қауымын» бас-басымызға құрып алмас па едік! Бірақ біз әу бастан ақынжанды халықпыз. Ана сүті сұйылмаса, әке белі бүгілмесе, қанға сіңген қасиет бүдан кейін де сақтала бермек. «Әр заманның өз сұрқылтайы» болған, бола береді де, бірақ бәрі шетінен ұлы емес!.. Оны білмесек, біле тұра көзге ілмесек, жер басып жүргенімізге жол болсын.
Екіншіден, қазақтың бүгінге қара өлеңі, қайсыбіреулер айтқандай, әбеқоңыр, әлсіз, әрсіз, нәрсіз, сөлсіз, өңсіз емес. Керісінше, өр, өжет, мінезді, кіді, кірпияз… Кейінгі ширек ғасырдың бергі беделінде «Жетім қозы тасбауыр, отығар да жетілердің» күйін кешіп келе жатса, оған айыпты ақындар әулеті емес, аумалы-төкпелі заман ауанын не алдын ала, не дер кезінде тамыршыдай тап басуды білмей де, үйрене алмай да жүрген ала-құла билік, шала-пұла қоғам, әбеқоңыр әлеумет.
Рас, бұрынғы бабаларымыз батыр да болған, бағылан да болған, ақын да болған, оғылан да болған!.. Батыр жаугершілікте, ақын жайгершілікте. Екеуі де елдіктің егіз негізі. Құдай аламантасыр алапаттан, апат-опаттан сақтасын… Батырдың атақ-даңқы шығуы үшін Алладан арасат майданын тілеп қайтейік, бірақ бүгінгі ақынның жеме-жемдегі бес қаруы – СӨЗ. Елі-жұртының ұлттық «Мені» менмұндалап тұрмаған соң, ақын амал жоқ, сөз қаруына қол созады. Мейлі, саясат билесін, мейлі, «арасат» орнасын, Ақын табиғаты ешуақытта, ешқашан да екінші планда – елеусіз кезекте қала алмайды! Оның орны – алғы шеп. Бәлкім, осы ретте СӨЗ иесінің алғашқы «жекпе-жегі» сырттан емес, іштен табылып қалуы бек мүмкін. Қалай болғанда да, дәл қазір, әсіресе, ақын үшін көшеге найза, шоқпар ұстап шығатын заман емес. Кешегі Сегіз сері, Ақтамберді, Махамбеттер үлгісі бұған дәлел.
Үшіншіден, ақын жаратылысын ол туып-өскен ел мен жердің жағрапиясынан бөліп қарау әбестік. Қүдайға шүкір, Олжас ақын айтқандай, бізде тау да бар, дала да жеткілікті. Демек, қазақ ақынының көкжиегі кең, кемелі биік, келбеті келісті. Оның бірден-бір Анасы – баяны белгісіз бай тілі. Ал панасы… ауыз толтырып айта алмаймын. Тілді жұта тұруға тура келеді. Себебі әмбеге аян.
Төртіншіден, Гете сөзінің дұрыс-бұрыстығын, шынтуайтына келгенде, әр ұлт-ұлыстың өз тағдыр-талайы мен Уақыт деген ұлы мәртебелі таразбен шешеді. Дәл қазіргі ахуал-аужайымызға ғайыптан келіп көз салса, сол Гетеңіз әлгіндегі сөзін қайтып алар ма еді, кім білсін… Сонан соң – Білгір ағамыз да.
Ақынға жатарға жайлы төсек, құс жастық, атарға ауладағы ит, құс, татарға қазы-қарта, жал-жая аса қажет бола қоймас. Барға мәзір, жоққа әзір. Қаншырдай қатқан сүйрік те бір, құс ұйқылы ашқұрсақ шайыр да бір. Жан азығы – жарық дүние. Жан азабы – айтып жеткісіз. Сол Гетеңіз емес пе еді: «Егер жұмыр жердің қиян бір шетінде титтей сызат білінсе, ол сөз жоқ, ақын жүрегі арқылы өтеді…» дейтін. Сізді қайдам, бізге осы мақұл. Не үшін? Мына артында қалып бара жатқан ертеңінен хабарсыз, бүгініне амалсыз жұртына оймақтай ойы мен қаймақтай сөзін аманатқа қалдыру үшін…
Мынау тозақы дүниеде қазақы ақын қай кезде де қалғып-мүлгіп күн кешкен емес. Кеше де солай болған, бүгін де, ертең де солай болады! Еленбей жүрсек, әлдекімдердің елемеуінен емес, бәлкім, керісінше шығар?..
6. Абырой
Ата-бабадан қалған қандық қасиеттің бірі де бірегейі – Тектілік. Тектіліктің тамырында Ар, Абырой, Ождан, Ұят, Намыс, Өжеттік, Өрлік, Ерлік, Ерендік сипатты, т.б. адами атрибуттар тұрақтайды. Имам Исмаил Бұхаридің «Ақиқи хадисінде» айтылғандай, Иман дарағы алпыстан аса бұтақтан (пәлсапалық теңеу) тұрса, бұлар соның бірен-сараны ғана. Әлемдік аядағы он ғұламаның бірі Ошоның адами қасиеттердің (жақсысы бар, жаманы бар) әрқайсысына тоқтала отырып, ой толғайтын отыздан аса кітабы бар. Өз басым әзірге олардың бес-алтауын ғана оқыдым. Қалғаны қолға түспей жүр. Қазір бізде, өзгені қойып өзімізді-ақ алайықшы, жоғарыда аталған айшықты қасиеттерден азды-көпті қалған жұғын-жұрнақ бар ма, қалай ойлайсыз? Жоқ деп кесіп айтуға, бар деп бөсіп айтуға болмас. Дегенмен… ойды он саққа, сананы сан саққа сенделтетін секемдер жеткілікті. Ақын ретінде де, азамат есебінде де мені көбірек алаңдататын жәй – қазіргі қазақы болмысымыздағы Абырой ахуалы.
Есіңізде болар, Тәуелсіздікке тәубе айта жүріп, жаңа өмірге тәй-тәй басқан кезімізде өзімізді-өзіміз жаңа тапқандай болып, ата-баба рухымен төркіндеп келген қыздайын жылап көрістік емес пе?! Желкемізге мінген жетпіс жыл жеті атамызың талын бұтарлап, тамырын қиып міскіндік халге жеткізе жаздағанда… Жаппар ие жар болып қайта түлеп, қайта өндік. Әйткенмен, «әләуләйшіл» эйфория, «әриайдайшыл» экзотика таң алдындағы тәтті түстей лезімде ізім-қайым жоғалды. Әйтпегенде, сол жылдардағы сәйгүлік мініп сал желген «Жігіттің сұлтандары», сәукеле киіп сәнденген «Қазақ арулары» қайда бүгін? Әсіресе, соңғылары…
Қай кез-кезеңде де ел мен ердің Темірқазығы – Ана! Хауа-Ана болмаса, Адам-Ата ішқұсалық індетке бой алдырып, бағзы заманда-ақ мынау жарық дүниеден баз кешер ме еді?.. «Құдай – шебер» дегеніміз, міне, осы! Мен айтар едім: мынау іргеміздегі ормандай орекең бидай өңді орыс қызы болмаса, армандай бүгініне аман-есен жете алмас еді. Бір кездегі түпкі жұртынан түнере түңіліп, күңірене көшкен түрік (Түркия) ағайын атажұртының антын ақтап, салтын сақтап қалмағанда бүгіндері жетпіс миллионды еңсерер ме еді?! Бізбенен өмірі өзектес өзбек бауырлар өздерін өлердей жақсы көруімен тұрмай, өзгені де өлермендікпен қан-жынына сіңдіріп жібермесе, отыз миллионнан асып жығылар ма еді? Ал біздің осы күнге дейін өне алмай да өсе алмай жүргеніміздің негізгі себебі, несін айтасыз, әлі күнге дейін қазақ қызының Қағбасын қастерлеп, Құбыласын түзей алмай келе жатқандығымызда. Бағдарсыз өмір баянсыз. Мемлекеттің басты байлығы – Адам екені бесенеден белгілі. «Айта-айта «Алтайды» Жамал апам қартайды» демекші, Кеңес заманы да мұны наша мен нашатырды қосып құлағымызға әбден құйған. Айтыңызшы, «Адам факторы» қай заманда күн тәртібінен түсіп еді? Ендеше, біздікі қай қылық, қай құлық? Неге өспейміз? Алланың қарғысына ұшырай қоятындай аса бір қамсоз да қамсыз ел емес едік қой?
Береке, байлық бейнетпен келеді. Қадырсыз қасиет жоқ. Тектілік заты тереңде жатыр. Ол дегеніңіз бүгін тауып, ертең қазып ала қоятындай көмір, не темір емес қой?! Қазақтың әрбір қызының алтын екенін өзімізден гөрі өзгелер жақсы біліп отыр бүгінде. Білгендіктен де бірі шүйлігіп, бірі килігіп, бірі үймелеп, бірі кимелеп «Е!» дегенімізді елемейтін халге жетті. Ашынған аз да басынған көп. «Қымызды кім ішпейді, Қызды кім айттырмайды…» – айттырып та жатқанын шыққыр көзіміз көріп отыр. Есіктен сығалаған «күйеу бала», мына бейғам, берекесіз әрекетіміз тұрғанда, ертең төрден бір-ақ шығады! Көреген дейсіз бе, көріпкел дейсіз бе, Абай мұны әлдеқашан-ақ айтқан:
«…Адалды сатсаң арамға,
Құдай қабыл етер ме?..».
Кешелі-бүгінгі бір аңыз есіме түсіп отыр. Бәйтеректің басына ұя салған Көкқұтан сарыауыз балапандарына сонау ит арқасы қияннан жем іздеп жүріп өлдім-талдым әрең жетсе, ұясына кәдімгі сіз бен біз білетін Қарға қона жайғасып алыпты. «Жә, жарайды, мен сияқты бұл-дағы құстың бірі ғой, шаршаған, болдырған шығар, аз-кем демала қойсын деп…» қайта ұшып кетіп қайтып оралса, әлгілер қарасын көбейте түскен екен. Жалғыздың көпке әлі қайдан келсін, не қона алмай, не үркіте алмай сорлының күйін кешіп отырғанда көктен үш жүз-төрт жүздей Көкқұтан ұшып келіпті де, әлгі мәнжубастың түте-түтесін шығарыпты. Мұны көріп, үрке шошынған қарғалар қауымы қас-қағымда қарасын батырыпты…
«Торғай екеш торғай да,
Балапанын қорғайды…», –
дегеннің бір мысалы – осы.
Абырой – ардың ісі. Ар – адамның құны. Адам құны ақшаға айырбас қоғамда «Қызға қырық үйден тыйым» болмаса, ел ертеңі неғайбыл. Мұны ата-бабаларымыз бағзы-баяғыдан бері айтып келген. Бүгін елемесек, «асқынған аурудың» ертең бой алдырмасы анық!.. Бұл – бір. Екіншіден, «Тиым» дегеніңіз тиын, бұйым емес – Таным, Тәлім, Тәрбие. Қазақ осы қағидамен өскен, өнген, көгерген! «Еркіндік» деп елден безудің, «Демократия» деп деліқұлға айналудың аяғы қарақан басқа «Арасат майданын» аңсау ғана!..
7. «Арасат майданы»
«Қатыгез заман, қайырсыз қоғам…» дейміз. Заманның ішін кім ақтарып, қоғамның ісін кім атқарып жүр? Әрине, біз, өзіміз. Өзін-өзі (мақтамаса) кім кінәлай қойсын… Әсіресе, қазір. Өзгешілден өзімшіл өктемірек, өтімдірек болып тұрған мына мезетте Өмір шіркін әркімнің тақымында, Өнеге, Өсиет әлуеті әр үйдің қоқымында кете барса өткен күннен не қайырым, келер күннен не айырым қалмақшы? Өсиеті мен қасиеті азайып барады деп онсыз да қамкөңіл қарияны жазғырудан, ақсақалды азғырудан әріге аспаған астамшыл ұрпақтан жақсылық күту неғайбыл.
Қария неге қамкөңіл? Қасында қауымы, алдында ауылы жоқ. Бар бағымы бәйбішесіне қарап қалған, онда да қасында қарайып жүрер болса. Ақсақал неге азаншыл? Өйткені, оған алдындағы немерелерінен гөрі аузындағы Алласы жақын. Амалын қайдам, аманы мен заманын күні-түні тілейді де отырады. Өкіметтен де, өзгеден де емес, Алладан. Сөйткен баласы мен оның бала-шағасы оған опа берсе жақсы-ау… Бермесе де өкінбеуге бейім. Қолдан іс, ауыздан тіс кеткен соң тіл байғұста не жазық – сөйлейді, өй дейді, бүй дейді. Сөйтеді де бірде болмаса бірде жазып қалады. Кемпіріне, келініне, баласына… Іштен налыған кісіні сырттан келген адам қайдан айналып- толғана қойсын, ол бейбақ та есіктен шалқайып емес, еңкейіп кіріп жүрген жоқ па?..
«Үй ішінде көнең болса,
Жазылулы хатпен тең.
Үй сыртында төбең болса,
Ерттеулі атпен тең»-нің заманы келмеске кеткені қа-ша-ан!.. Жақында ғана фейсбуктан көзім шалып қалды, жүзден әлдеқашан асып кеткен бір тірі әруақ «құдай мені мүлдем ұмытып кеткен болса керек…» деп наланамасын қаузап отыр. Бұдан артық қасірет бола ма?.. Қазақ аузындағы «жақсы қартай…» сөзінің бір кері осы ма деп қалдым. Пенденің пешенеге жазғанын көрмеуі, білмеуі мүмкін емес дейтіндей өз басым өте кеткен әсіре-әулиешілдердің әулетінен емеспін. Бірақ қартаюдан кім қаша алсын. Ақсақалдың ендігі қалған аз-кем күнде алды-артын қатар ойлауы осыдан. Осы орайда қала қартын қатты аяймын. Кешіріңіз, қазымыр да сол, қауқарсыз да сол. Кемелдікті қайдам, кеңдіктен кенде. «Ұшпақ» қалада қыспақ көп. Дауа кем де ауа тар. Еңсе тіктеген қабат-қабат, қатар-қатар қара үйлер еңкіш тартқан адамның өкшесін басады, өкпесін қысады. Сол үйдің біріне бала-шағасының арқасында кіріп алғанына тәуба айтады ішінен. Үйсіз, күйсіз жүргендер қаншама… «Қарттар үйін» қалған күнінің қалт-құлт құжырасына балап, ай-күнін санап жүргендері де жыл сайын қара көбейтіп барады… Баяғыдай қора-қопсы, мал-жай, үй сыртындағы әлгі «төбе» түсіне кіре ме, кірмей ме… о да беймәлім. Шыққыр көзіміз көргенінен жазбай жүр: қайсыбірінен бата сұрай қалсаңыз, ұзын-ырғалы тілек айтып тілінен жаңылып қалатынын байқайсың. Бірақ басты шайқай алмайсың – орта бөлек, опа басқа. Дана шалдарымыздың бала қылығы бар кейде. Мұны да мүлтіксіз айтып кеткен бұрынғылар…
Әлдебір тексіз де тежеусіз, тебеген де тегеурінді Күштің ұлтсыздық қабет алып бара жатқан бейәдеп ұсқыны қадымнан қалыптасқан салт-санамызға ұйыса, ұжымдаса кері ықпал жасап жатқаны өнерімізден (өнерсымағымыз десек, бек жарасар) де, өмірімізден де Есениннің «Қара адамындай» қараң-құраң бой көрсетіп жүргені кімге өтірік? Ал дәстүрлік даралық пен салттық сана-сезімнің саралығы қай заманда кімге залал болыпты?! «Өз күніңді өзің көр»-дің аяғы да соңы өзімшілдікке келіп тірелсе, кімді сөгіп, кімді кінәлай алмақпыз? Сол кесел бізге – бүгінгі қазағымызға қайдан, кімнен жұқты? Жаяуға ат үстінен сәлем беретінді, кеткенге де, келгенге де маңғазсып, мардамсып кеуде керетінді қайдан шығардық? Кеше әр кәлләда бір қиял еді, бүгін әр кеудеде бір «құдай». Қуыршақ құдай болған соң кіші әріппен әдіптеп жатырмыз. Көрмеген соң қайдан біліппіз: сол кеудеге, сол қуысқа «құдай» кейіпті ібіліс, жын-шайтан кіріп алып, шықпай қойса қайттік? Абай айтпақшы, алдыңыздағы адамыңыз біреу емес, әлденеше пошым-пішімде бой көрсетсе, оны әлгі іштегі індеттің заматта мың құбылып, өң-түс бермеуінен дөп түсінетін жан иесі бар ма, жоқ па? Адамның хайуан, адалдың харам, достың қас, жақынның жауыз болып шығуы, қаласаңыз да, қаламасаңыз да осыдан.
Ертеде, яғни Антикалық әлем мифологиясында құдайлар көп болған. Зевс, Прометей… демекші. Эварист Парнидың «Құдайлар соғысын» оқыдыңыз ба? Несін айтасыз, сол құдайлар соғысынан әлем әлемтапырық күй кешкен: жел тұрған, дауыл соққан, жай ойнаған, бұлт өртенген, көк сауыры сөгілген…
Аспандағы айқас бүгінде жерге ауысты. Андағы «құдайлар» екі- үшеу, ары кетсе оншақты болса, мұндағылар жүздеп, мыңдап саналады. Аспандағы соғыс айналайын ғой, жердегі айқасты айтсаңшы?! «Бес қаруын сайланған» эпостық әсіре-гиперболаңыз әдірем қалады. Қазір қарудың нешеме түрі бар: арасат қаруы, саясат қаруы, ақпарат қаруы, оқ борат қаруы… Сізге біреу, не сіз біреуге ұнамай қалсаңыз болды – астыртыны бар, ашығы бар, жасырыны бар, небір қитұрқы құбыжықтар алдыңыздан андағайлап шыға келеді! Бірінен қорқасыз, бірінен үркесіз. Өңіңіздегі аз болғандай, түсіңізден шошып оянасыз. Жарты әлемді жаулаған жаһангер Әмір-Темір ұрпағына қалдырған «Өсиетнамасында»:
«Мен жаулап алған ұлан-ғайыр империямды өле-өлгенше өз уысымда, яғни үрей мен үміт құшағында ұстадым…» депті. Бұл осыдан 700-800 жыл бұрын айтылған сөз. «Айтылған сөз – атылған оқ». Әлі күнге дейін жеті қат жер астына түскен жоқ, алты қат аспан үстін шарлап жүр. Зымыран болып, зымыстан болып… Әлгі көріпкел Вангаңыз да қайдағы заманнан қайтып келген кейіпте Ақырзаманды аузына жиі алатын болыпты. Құдайым «Арасат майданын» адамзат қауымынан аулақ қылсын. Одан өзге не дейік енді…
8. Абай әлемі
Абай әлемі… Өткен-кеткен мен бүгін-ертеңнің тылсым тынысын, болмыс-бітімін түп-түгелімен тұла бойына дарытқан даңғайыр бір дүние, әфсанауи әлем. Онымен толайым қауышуға болар, тақ-тұқ тауысу талайлы тағдыр иесінің пешенесіне жазылмапты. Абайды таныған сайын өзіңнің табиғатың мен бәндәуи тіршіліктегі тапқан-таянғаныңды, тіпті, ішкі-сыртқы өлшем-пішіміңді таразыға салып саралай бастайсың. Салмағың қанша, алғаның қанша? Көрмегің қанша, бермегің қанша? Мұны да Абай мезгілінде меңзеп, тұспалдап, тұжырып айтып кетіпті…
Бұл не сонда? Көріпкелдік пе? Болжампаздық па? Дүниенің арғы- бергісін алдын ала оқып, біліп қою үрдісі тек Абайға ғана тән деп тағы да айта алмаймыз. Адамзат жаратылысында мұндай айырықша туған Ақперендер (феномен) бұрын да болған, бұдан кейін де бола бермек. Құдай-тағала құп көрген бұл құбылыс ілкі сәтте ілуде бір келетін, соның өзінде жүзжылдықтар мен мыңжылдықтардың ғана еншісі екенін мойындамасқа лажымыз жоқ. Бір қызығы, адам баласының интеллектуалдық зейін-зердесі кемеліне келе кеңейіп, телегейге ене тереңдей түскен сайын аталмыш құбылыстың астар-сыры ашыла, айқындала, айшықтана түседі, бірақ толайым толық емес. Біздің бақытымызға бұйырған басыбайлы, асыл ойлы Абайымыз, міне, осындай жан иесі.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында тағдыр ауанымен Тәңір бұйырып, Өзбекстандағы Қазақ елшілігінде азды-көпті қызмет атқарғаным бар. Сондағы бір көңілге қонған игі шара әлі күнге есімнен шыға қойған жоқ. Ел Президенті ресми сапармен келген әрбір шетел басшысын өз ордасында емес, әуелі аумақты алаңның төріндегі Әлішер Науаи ескерткішінің алдында күтіп алатын. Жағымды рәсім, жақсы үрдіс. Бірақ кейін келе оның қаншалықты жалғасын тапқанын айта алмаймын. Көпшілік назарын аударатын тағы бір көрініс – Ташкент шаһарының қақ ортасындағы «Ақындар аллеясы». Кеңестер Одағы кезінен бері. Бара қалсаңыз, әлем ақындарының небір дүрдана ұлылары алқалаған Науаи алдымен көзіңізге шалынады. Қызығасыз, таңданасыз, тамашалайсыз. Сонан соң… өзіңізді оңашаға алып шыққан бетте, неге екенін қайдам, Абай есіңізге оралады… Сыбырлайсыз… күбірлейсіз… Іштегі, не түстегі Абаймен қайта қауышасыз – күнде болмаса да, кәдімгі, әредіктегі ақын болмысымен:
«Жүрегіңнің түбіне терең бойла:
Мен бір жұмбақ адаммын,
оны да ойла!
Соқтықпалы, соқпақсыз
жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым,
кінә қойма!…».
Жұмбақ шешілді ме? Өмірге келе тұрып, жарық дүниені көре тұрып өзінің жұмбақ жан екенін қай пенде айта алады? Бір түрлі естілмей ме? Бірақ Абай айтты ғой… Ортасынан оза туған кемел адам кейпіндегі Алланың сүйікті ұлының ғана тілінен емес, ділінен тамған ілудегі бір інжу-маржан дерсің мұны!.. Демек, «Ақынның аузына сөзді Алла салады» деген хадис қағидасының айна-қатесіз рас болғаны да. Тәкен көкем осы тұста бір ойланып-толғанып көріп еді ғой, сонау бір жылдары… Одан бері де ең кемі – ширек ғасыр өтіпті. Біраз еңбектер жазылды, жазылып жатыр. Әркім… әл-қадарынша… Жыл сайын екі мәрте атап өтіледі – туған күні, қайтқан мерзімі. «Абайтану» ғылымы да үзіліп қалмағандай әсер қалдырады. «Абай әлемі» атты танымдық-тағылымдық орталықтар да әр жер-әр жерде ашылып жатыр. «Абай оқулары» да ұмыт қалмай өз үрдісін жалғастыруда. Ақын өлеңдерінің текстологиялық төркін-тегі де зерттеуші ғалымдар тарапынан түбегейлі тиянақталған тәрізді. Бірақ… кешегі Абай мен бүгінгі Абай арасы әлі тым шалғай көрінеді де тұрады маған: күндіз күмән, түнде тұман… Неге? Неліктен? Мұның жауабын зерттеуші адамның жазған-сызғанынан ғана емес, әсілі жалпы-жәми қазақтың өнебойынан, кешелі-бүгінгі болмысынан іздеуіміз керек шығар. Былайша айтқанда, күнделікті жүріс-тұрысымыздан, қимыл-әрекетімізден, пейіл-пиғылымыздан, өзара қарым-қатысымыздан, ойлау жүйемізден, тәлім-тәрбиемізден, таным-білімімізден, тағы-тағыларымыздан… Оған біз әзірміз бе? Әзір болмасақ, қашан жетеміз? Бүгінгі өгізаяңмен бе? Бәлкім, заттық зауық (материалдық) пен жан дүниелік (рухани) жағдаяттың өзара жанасып, жарасым табуынан кейін шығар? Дәл бүгінгі порым-пошымымызда біздің бұл абзал арманымыз қашпаған сиырдың сүтінен дәметудің әрі-берісі ғана болып жүрмей ме? Енді қайттік?
Бір айғақ – алыс-жақын болсын, Абайдың бізге келе жатқандығы. Анық-қанығы – Тәуелсіздікке тәу еткелі бері, тағдырымызға тәубе еткелі бері. Әзіз мейман, әз қонақ… Ана бір жолы қазақы ақжарма салт-дәстүрімізбен қарсы алмаққа әппақ-әппақ үйлерді тігіп тастадық. Кесене-кешен бой көтерді. Іштік, жедік, қайттық. Бірақ… Абайды көзбен көре алмадық. Себебін кейін сезіндік. Бұл жолы ұлы ақынның әруағы разы болды. Ниетімізге, дархан дастарханымызға. Ал, шындығында, ол кісі өз заманында да мұндай аста-төк көңіл, бейілге кенде болмап еді.
Атқа қонған құт қонақтың дала бойлап, қона жайлап ақыры бір діттеген жерге жетері хақ. «Әруақ разы болмай, тірі байымайды». Тігілген үй, жайылған дастарханның қайырымы Алладан. Атадәстүрдің бір қадыр-қасиеті осы. Жанынан садаға қазақ жадынан жаңылмаса екен деп тілейік. Күні кешегі Абай күні, Абай жылы бізге осыны аңғартты. Бұрынғыдай емес, есін жиған елдің алқа ұсынған ақыл мен келелі кеңеске көбірек көңіл аударғанын көрдік. Мазмұнды мәміле, мағыналы отырыс алға озды. Ұлы ақынның әруағын алқалай отырып, рухына тағзым ету байқалды. Демек, Ақын көші Шыңғыстаудан бері асты деген сөз!
«Бақ қонбалы, Рух ұшпалы» деген ежелгі сөз бар. «Рух туралы сіздерге аз мәлімет бердік…» дейді Құран сүресі. Мұның аужай-астарын ақыл-еспен пайымдауды өзін сауатты һәм саналымын деген әр қазақтың еншісіне қалдырсақ игі. Ал енді «төрт құбыла» мәселесін қалай түсінсек болады? Көрші-қолаң немесе шет-шалғаймен шекара бөлісу ме, жоқ әлде?.. Менің қазақы ұғымымда бұл басқаша есітілетін сияқты. Сол төрт құбыланы біз түгендеп болдық па? Әйтпесе, әлі оның алғышартында жүрміз бе? Дәлірек айтсақ, қазіргі қазақтың осыдан шамасы екі ғасырлық әрідегі Абай қазағынан қаншалықты айырмашылығы бар? Өсу, өнуді былай қойғанда, лексиконымыздағы «озу», «азу», «юзу» деген іркес-тіркес сөздерді бәріңіз де білесіздер. Қайсысына бүйрегіңіз бұрады? Озу ойымызда, ал азу, тозу бойымыздан табылып жатса, не істей алмақсыз? Екеуге біреудің әлі келе қоятын заман ба бұл? Уақыт амалынан да, заман талабынан да табыла алмаудың ақыреттен де азапты екенін бір сәт сезініп көрдіңіз бе? Тым болмаса, ойша, өзіңізбен өзіңіз қалғанда…
Жеке адам, аса бір иісалмас нақұрыс болмаса, өз жүріс, тұрысындағы кемшілік пен артықшылықты өзгеден гөрі жақсы біледі, сезеді. Ал тұтас қоғам ше? Қазіргі қазақ қоғамы… Дәл осы араға келгенде амалсыз, шарасыз күйге түсесің. Амалсыздығың – дүмше дүниенің бейопа билігі сенің қолыңда емес. Ішкі арманыңды сыртқы парман езіп-жаншып тастайды. Сен жалғызсың. Ал жалғыздың аты озбайды, шаңы шықпайды. Бұл әрі-беріден соң, Абай заманынан бергі ақ езу аксиома. Ал шарасыздығың амалсыздығыңнан асып түседі: «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ»! Бәрін көріп, біліп, сезіп тұрсың – бүгініңді, ертеңіңді… бірақ дегбірің дерт емулі, өзегің өртенулі. Адам өз ауруын, ерте болсын, кеш болсын, ішкі ағзасының иіс-қоңысынан сезеді. Шамасы келсе күреседі, шамасы келмесе «келместің кемесіне» біржола бет бұрады. Ал қоғам дерті…
Ішкі іріңді сыртқы түрің алғаусыз аңғартып тұрады. Жауырды жаба тоқу бұрынғы ат мінген қазақтың қарабайыр ғана амалы болатын. Қазіргі ат, әсірелеп айтсақ, жылқы тұқымы алдымен нойыстың да, ноянның да, ноқайдың да сойыс малы, сонан соң ғана үзік-созық бәйге мен азын-аулақ көкпарсымақтың дәнекері. Ал енді… күнделікті аста-төк той-думан, сахнадағы сайтани ойын-сауық, саяз-таяз сайқы-мазақпен өзін-өзі алдап-сұлдап жүрген даңғой-дабыра топ пен тоңмойын тобырдың тоқмейіл берекеті мен ашкөңіл әрекетіне көзің сүрінеді, бірақ сөзің жүрмейді. Содан болса керек, сопылықтың дәру-дәргейімен соқа басын әрең сүйретіп жүрген біз сияқты «бәдәуи бәдік бәнделер» болмаса, дені қазаққа әзір Абайдың қажеті шамалыдай көрінеді. Турасын айтсақ: «Абай әлеміне» енуді былай қойғанда, «Абай жұмбағын» шешерлік хал-ахуал бізде жоқ. Ал анау жыл сайынғы қайталанып келіп отыратын жер-жердегі ресми қалыптан шықпайтын салмақсыз сарытап іс-шаралар, мектеп шәкірттерінің ақын өлеңдерін жабыла жатқа оқудан әрі аспайтын жалаңқия жарысы («…Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін…») күндердің күнінде біз бейбақты жалықтыруымен қоймай, келе жатқан әз қонақтың игі сапарын кешіктіре түсе ме деген қауіп бар. Себебін сұрасаңыз, оны да ортаға салуға болады… Анығына келсек: біз әлі күнге дейін ақын әлемінің айнала-төңірегінде ғана қара көрсетіп жүрміз. Кодын тауып, кілтін қолымызға ұстағанда ғана «Жұмбақ адамның» есігі айқара ашылмақ!
«…Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың…».
Абай сөзінің астарлы емеурініне құлақ ассақ, әлі біраз адасатынға ұқсаймыз. Ал іздеген, ізденген адамға адасу да айып емес!..
Менің ұғымымдағы Абай тұғыры аттан да, тақтан да биік! Айнала төңірекке, көрші-қолаңға ой көзімен, ақыл тезімен үңіле қарасаңыз, адамзат қауымына ауадай қажет ортақ игілік пен өнеге жетерлік. Ал біздегі өнеге ертеңгі күні өзгенің де қажетіне жарап жатса – Абай әлемінің толыға, молыға түскені. Сондағы «өзге» кім? Әрине, ең бірінші – көрші-қолаң, сонан соң – адамзат қауымының өзге де алыс-жақын өкілдері. Бұл тұста да Абай ізі алдымызда сайрап жатыр: Гете, Пушкин, Лермонтов, Крылов, ол аз десеңіз, бүткіл Шығыс шайырларының абзал әфсаналары, назды, сазды назымдары!..
«Абай шығармалары аударылмайды…» деген сөз қауқарсыз, әлсіз, әлжуаз әңгіме. Оған да кінәлі өзіміз. Тәржіме өнеріне талап қойған адамға ең алдымен дәмі дәнегінен табылатын жолма-жол тәржіманы түпнұсқа негізінде дәлме-дәл дайындап бере алмадық. Өткенде кеткен бұл олқылықтың орнын бүгін толтыруға болады ғой? Гәп осында екен, анау П.Антокольскийді, В.Вознесенскийді, Е.Евтушенконы, т.б. кінәлап неміз бар?
Ана бір жылы Республика көлемінде «Жаңа ғасырға – жаңа ән» деп аталатын барынша аумақты да айтулы жабық ән байқауы өтті. Қазақ ән өнерінің сабақтас, салалас аталымдары (номинация) түгелінен қамтылған бұл байқауда оншақты романс та қазылар алқасының талқысына түскен болатын. Дені – Абай өлеңдерін өзек еткен өміршең шығармалар. Сол аламан бәйгеден оза шауып, жүлде алған романстар қазір неге айтылмай жүр? Әлде, бүгінгі әнсүйер әлеумет әлемдік руханияттың ең биік жетістігі саналатын романс жанрын қажет етпей ме? Бұлай деуге ешкімнің де дәті бара қоймас. Бірақ… дәл қазіргі сөзден жүйе, әннен кие кеткен мына бір мезі мезгілде бәрі-бәрі де мүмкін-ау… Сонда деймін-ау, сығандардың аузынан түспейтін, Тютчев, Есениндердің өлеңдеріне жазылған әлгі романстар біздің танымымызға жат, табиғатымызға бөлек болғаны ма?
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.