…«Шалқар» радиосынан жан жүрегіңді тербеп, сусыныңды қандыра салынған әннің соңғы нотасы үн қатқан кезде, жан-дүниеңде қас-қағым алау шашқан қоңырау дауыстың соңғы сылдыры үздіге шыққанда, домбыраның шанағынан соңғы сыр арқалаған саз тамып түскенде, елсізде отырғандай, қарлыға да елжірей үн қатыппын: «Айналайын, Рамазан-ай, алтын дауысың да алтын, басың да аман болса екен!».
УАҚЫТПЕН ОЙ ТАЛАСТЫРЫП ОТЫРМЫН: кезінде Ақан, Біржан, Әсеттерді, өзге де халқымыздың сал-сері, әнші-күйшілерін қазақ мейірі қанғанша тыңдады ма екен? Жалықпады ма екен?
ЗАМАНМЕН СӨЗ ЖАРЫСТЫРЫП ОТЫРМЫН: олардан берідегі қол жетіп, көзін көріп, дауысын естіген Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, өзге де күміс көмей, алтын саусақ аға-апаларымыздың өнерінен көкірегі ояу, көзі ашық қандастарымыз мейірі қанғанша сусындай алды ма екен? Әлде, тиіп-қашып тыңдады ма?
ҒАСЫРМЕН ҚИМАЙ ҚОШТАСЫП ОТЫРМЫН: салмағы ауыр болған ХХ ғасырдың шымылдығы жабылар тұс – қазаққа Жәнібек пен Қайраттай қос әншіні құрдас-замандас етіп беріп, олардың кәусардай әндерін бал орнына жұтып жүріп өткізген қимас кезеңдер екен-ау өзі?! Қайтейін, ол заман да қолын бір-ақ бұлғады. Жәнібек, Қайраттарды күні-түні тыңдасам, жалыққанның орнына жалындап тұрушы едім өмірге деп бүгін кімдерді сендірейін?! Олардан жалығу – өмірден жеріну мағынасын бермеуші ме еді?..
БҮГІНМЕН СЫРЛАСЫП ОТЫРМЫН: бүкіл қазақ даласы әнге бөленіп, күймен тербеліп тұратын ол кезеңдер келмеске кетті-ау… Кешелергі Жүсекең, Манекең, Ғарекеңдер алшаң басқан кезең түгілі, Жәнібек, Қайраттар тынбай ән салған сол жылдар қазақ қоғамына бүгінде ертегідей көрінбей ме? Ел болса ертеңіне өз ән-күйінсіз жете алмас, әйтсе де заманмен ілесе келген шексіз тарсыл-гүрсіл, жөнді-жөнсіз жаңғырық, ынданы кеуіп ышқыну, қылбұрау салғандай шыңғыру, сілкініп жатқан жер үстінде билегендей жөн-ретсіз аспанға секірулер – қазағымның қазына әндерін естігенде, баяу шоққа ұстаған қорғасындай еріп тұрар жанымызды, астындағы ыдысын аударғандай, төгіп-шашып жатқанын сезіну, сол сезінуден шошынуға әкеліп соғып жатқанын кімге айтамыз, кімнен көмек сұраймыз?! Ертеңді білмеймін, бүгін бұл азаптан құтқарса, соңына Еркін, Дәуренбек, Тілеулес, Ерландарды және бір топ шәкірттерін ертіп, ән сала жортқан Рамазан ғана құтқарар. Иә, Рамазан, әнші Рамазан, қазына кеуде, қоңырау дауысты Рамазан Стамғазиев!

…Рамазанды атауым мұң екен, сәтінде сағындым. Кезінде қазақ даласын жайлаған ата-бабаларымыз ұлы әншілерін жиі сағынып, не шақырып келтіріп, не өздері барып тыңдаған шығар-ау. Рамазан Алатаудың баурайында тұрады. Біз болсақ қартайғанда мекен ауыстырып, Сарыарқаның төріндегі Астанаға кеттік. Тартып кететін ат та ерттеулі емес… Келе ғой деуге заманның күйсеуі басқа… Қайран, Ыбырай атам-ай, сол заманда-ақ білген екен ғой, бүгін не болатынын – «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған!» деп жазғанда. Дереу бүгінгінің сен үшін барып, сен үшін сөйлесетін құралын іске қостым да сәлемнен соң сырласуға кірістім. Ал кіммен не жайлы сырласып отырғанымды ұмытпау үшін – әндерін тыңдамай күн өткізбейтін мақсатпен жинаған алақандай-алақандай ғана ән табақтарын компьютердің жанына жиып қойдым.
Дереу сыр суыртпақтауымның беташары сымсыз телефон арқылы бар ғаламды көктей өтіп, Алматыға асықты.
– Рамазанжан, екеуміз қалай танысып едік осы?
– Ой, Несаға, әлгі Сіз «Намыс» ұлттық футбол клубын құрып, соның тіршілігімен ел аралап зыр жүгіріп жүргенде Талдықорғанға апарып «Намыстың» балаларын ойнатпақ болып, әнші-күйші де футбол ойнайтындай, бір топ өнерпазды ала кеттіңіз емес пе? Мен, Сәуле Жанпейісова, «Тамаша» ойын-сауық отауының тобындағы Мейірман, Райыс, Тоқсын ағалар…
– Ә, есіме түсті! «Намысқа» қолдау іздеп жүрген кез. Менің де шығармайтыным жоқ, ұлттық футбол клубына ұлттық өнер егіз деп елге жар салып жүрген жылдар екен ғой. Осы Жәнібек, Қайраттар бұл сапарға өздері бара алмайтын болған соң сені ұсынған. Оларға сол үшін де рахмет!
– … Сол жолы алғаш кездескенде-ақ жол бойы Жәнібек Кәрменов аға жайлы тынбай әңгіме қылдыңыз. Сіздің Жәнібекке деген құрметіңізден алыста тұрып-ақ мен де жылынып жүретінмін. Содан арамыз суыған жоқ. Мен «Жерұйық» мейрамханасында әнші боп жүргенде сіз күн құрғатпай келіп, ән тыңдайтынсыз… Сосын, Несаға, Мұстафа Өзтүрік достарымен шаңырағыңызға қонаққа келіп, мені шақырып, ән салғызып едіңіз ғой. Мұстафа ағамен тұңғыш таныстығым сіздің үйде өтті. Ол кезде Мұстафа ағаның дүрілдеп тұрған кезі. Кеш бойы бірге отырып, ән салдым. Қазақтың халық әндерін естігенде Мұстафа ағаның, оның достарының солқылдап тұрып жылағаны әлі күнге көз алдымда. Туған елін, туған тілін сағынудың айғағы сондай-ақ болар, аға! Сол жолы Жәнібек Кәрменовтен өзіңіздің қол магнитофонға сұрақ қоя отырып, жазып алған небір әндерді тыңдаттыңыз. Қандай ғажап әндер, қандай тұщымды әңгімелер еді! Менің ол жазбалардан үйрегенім ұшан-теңіз, аға. Кейіннен сіз сол жазбаларды толықтай «Әкемнің қамшысы» деген әдеби жинағыңызда жарияладыңыз.
– Өй, өркенің өссін, Рамазан! Біздің жадымызда сарғая бастаған оқиғаларды бүгін болғандай баяндап отырғаныңнан садағаң кетейін!.. Жарайды, біз жасы келіп қалған адамдар кешегімді айта түссе деп отырамыз. Жетер. Енді саған ауысайық. Өзің де дәп осылай Рамазан әнші боп туа салмаған шығарсың: тұқымыңда ата-баба, ата-ана арасында әу дейтіндер болған шығар? Солардың дәні шығарсың. Ал кейіннен «Осы сары бала ән айтып кетеді-ау» деп алғаш байқағандар кімдер еді?
– Па, шіркін, құрықты құлаштап лақтырдыңыз ғой, Несаға! Айтайын. Арғы аталарымызда Бейсенбай деген үлкен қария болған екен. Ауыл еліне сыйлы, әңгімешіл, отырған жерін үйіріп әкететін, білетін жұрты сағына күтіп, қимай қоштасатын ақсақал болса керек. Бейсенбай атамыз мінген атын өзі ерттеп, өзі тарап, өзі мәпелеп күтетін жан екен. Тіпті, салынған төсегін қайта бұзып салғызып, тамағын да талғап ішетін адам болыпты. Домбырасы өле-өлгенше қолынан түспей кетіпті деп отыратын ауылдағы қариялар. Өз әкем Өмірәлі де бір кісідей домбыра тартып, сауық құрған адам. Мен домбыра тартуды әкемнен үйрендім. Әкеміз албан руының ішінде сары болса, анамыз Ұлдахан албанның алжанынан. Таратып айтсам, кешегі Мұқағали Мақатаев, бүгінгі Нұрлан Оразалин ағалардың туыстары. Анамыз отырған жерінде өз жанынан сөз құрап, оны кез келген әнге қосып, шырқай беретін-ді. Ауылда шешемді тойға арнайы шақыртып, өтініп, той бастатып отырғанын талай көрдім. Өйткені, албанның тойын алжан бастайды емес пе… Әкемнің анасы Әйімхан әже де әңгімешіл, оң-солын кең таныған білгір адам болатын. Шежіре тарқатып, санамызға талай тарихты құйды-ақ Әйімхан әжеміз. Маған көп нәрсені сол әжем үйретті. Өзі бертінде, мен оныншы класта оқып жүрген 1984 жылы өтті өмірден. Аға, әншілік, жалпы өнер атаулы тек тұқым қуалайды десек қате де бола ма, маған, менің әнші болуыма туған ауыл, қоршаған ортаның еткен әсері де мол болды. Біздің Кеген ауданындағы кішкене ғана «Көкпияз» атты ауылымыздан аудан, облыс көлеміне танымал болған әншілер шықты. Әлі есімде, біздің Темірболат Қасымов ағамыз Кәкімбек атамыздың «Жез киік» әнін Қазақ радиосы арқылы шырқағанда, бүкіл ауылымызбен жалғыз радионың жанынан табылатынбыз. Шешесі сауыншы болатын, елі еркелетіп Бөкеш атап кеткен сол Темірболат ағамыз сүт тиеген арба-шанасымен қырқаны жаңғыртып ән салып, ауыл үстінен үш мезгіл өткенде, үлкендер жағы сағатқа қарамай-ақ «өй, түс мезгілі болды, ойбу, бесін намазы өтіп барады!» деп күн мезгілін біліп отыратын. Темірболат ағамыз ауылымыздың жеке дауыстағы әншісі, өз аяғымен жүретін сағат еді. Талай жыл Талдықорғандағы филармонияда ән салып, ауылға келіп дүниеден өтті. Менің ол кісіге қызығуым қандай еді, аға?! Сол филармонияда әнші болған Оразбай Мұхамедиев ағамыз, Әлібек әнші, Нүрәлім күйші ағаларымыз бала күнімізде өз өнерлерімен көзімізді шарадай жандырды-ақ қой. Тікелей әнші болуға тәрбиелегендер мектептегі ұстазымыз Ермек Құрманғалиев, Ермек аға көп ән үйретті. Аудандық, облыстық байқауларға тынбай өзі дайындады. Ең алғаш республикалық «Өнерге қанат қаққандар!» деген байқауда бас жүлде алғанымда еңбек осы Ермек ағанікі болатын. Ол кезде мен алтыншы класта ғана оқитынмын. Бүгін өнер өлкесінде тырнақтай табысым болса, оларға қоса, Бексырға Данышпанов пен Аманкелді Бұқабаев ағаларымды ризалықпен есіме аламын. Өнер байқауларының көбісіне осы ағаларымның қамқорлығымен бардым. Бексырға ағамыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы еді. Жиналыс, жиын-тойларда ән салғанымды көріп қалып, ауданға жиі шақыртатын, облыстық концерттерге ұсынатын, ақыры Алматыға оқуға жіберген де сол ағамыз.
– Қапез аталарыңды айтпадың ғой, Рамазанжан?
– О, Қапез Байғабылов атамыз біздің албан-сары руының ғана емес, өткен ғасыр басындағы халқымыздың ұлтжанды, өнерпаз жандарының бірі болған. Ол кісі бұрынғы Кеген ауданының «Тоғызбұлақ» ауылында туып-өскен. Сонау Ыстамбұлда оқыған, одан елге келіп, өз күшімен мектеп соғып, қазақ жастарын оқытқан, білімнің білте шамын жаққан жан. Өкінішке қарай, 1937 жылы солақай саясат салдарынан халық жауы атанып, ұсталып, 1939 жылы Коми АССР-інің Ухта қаласында атылған. Ғажап сазгер, керемет әнші болған екен. Ел ішінде біраз әні қалыпты.
– Зерттелді ме, сол Қапез аталарыңыз?
– Иә, 1988-89 жылдары журналист Сағатбек Медеубекұлы ағамыз бастаған біраз азаматтар, ішінде Базарәлі Мүптекеев, Ғалымжан Досанұлы бар, ала-жаздай ел-ішін аралап, сұрастырып, тапқандарын таспаға түсіріп, біраз дүние жинап әкелді. Келісімен-ақ Сағатбек ағамыз шаңырағына жинап, тапқан дүниелерін ортаға салды. Шалдыбай, Рыскелді, Көдек, Қапез аталарымызға байланысты көп нәрсе табылыпты. Мен сол жолы Қапез атамыздың ел ішінен табылды деген төрт әнін үйреніп, эфирге экранға шығардым. Алғашқы орындаушысы мен болған әндердің бағыты – сол замандағы тұрмыс қасіреті, аш-жалаңаш қалған ел-жұрттың зары, торығу, қоштасу сарындарына толы әндер, өз тағдырының тарау-тарау жолдары. Мысалы… Мынау Қапез атаның «Қоштасу» әні, аға!
…Рамазанның өзі арнайы жазып, жолдаған алақандай шелпек-табақтардың бірін компьютер ұңғысына баяу итердім. Жан-дүниеңді тарыдай қуырған қобыз сарынды қайғылы саз отырған бөлмемді ащы иіс судай жайлап алды да, іле Рамазанның осының бәрін көкірегіне сыйғызған дауысы сорғалай жөнелді:
«Алаш қонған ақ боз үй, бос қалды ма?
Жетім-жесір, қасыңда дос қалды ма-ай?!».
Сұмдық сөз! Ғаламат ой арқалаған өлең жолы! Керемет ән бастауы! Сенің ішкі дүниең төңкеріліп түскенінде шаруасы жоқ, Рамазан одан ары сұңқылдатып кете барды:
«Өкінбейін десем де, өзегім бар-ау,
Өтіп кетті-ау дүние қас-қағымда-ай!».
Осы жерде Рамазан дауысын үзіп, кезекті қолындағы домбыраға берді. Домбыра қандай шешен, оны тартқан қол қандай шебер. Оларға осындай құдірет сыйлаған ән мен сөз қандай қасиетті:
«Әзәзілге сендің бе,
Айтқанына көндің бе?!
Халқым деген Қапезді,
Жау деп ұстап бердің бе?! –
Оу-о-оу!
Итжеккенге айдаған,
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған,
Бұл Қапездің ән еді!
О-оу-оу-о-о…».
Құдай-ау, неткен құдіретті саз, неткен сиқырлы сөз, неткен зарлы тағдыр?! Әрі бұл Қапез ата ғана емес, сол кездегі тұтас қазақ қоғамының басындағы трагедия еді ғой. Соны тар заманның тар жолымен бізге жолдай алған Қапез аталарымыз қандай ғажап тұлға, соны ел арасынан таба алған жоғарыдағы аты аталған азаматтар қандай бағалы, сол әнді пештен жаңа шыққан бөлкедей етіп таратып жатқан Рамазан әнші қандай дархан, дарынды, дара?! Тәубә, тіл көзіміз тасқа!
– Рамазан, өзіңнің әнші болуыңда жаз жайлаудай, Алатаудай тұғыр болған екі ұстазың жайлы қашан сұрайды деп елеңдеп-ақ отырған боларсың. Олар сенің ұстазың болса, менің замандас-достарым. Жәнібек пен Қайратсыз өз басым қазақтың ән өнерін бүкіл болмыс-тарихымен көз алдыма келтіре алмаймын. Сен үшін олар кім десем де қателесермін, бәлкім?
– Әрине, Несаға, әрине! Қазақтың ән өнерінің арғы-бергі тарихын кең даламызға жайып тастап, армансыз сусындасақ, құлашымыз жететін ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ өнерінің ұлы көшінде менің бұл екі ұстазым ұлы шалдардан соң ұлы топтың жуан ортасында келе жатары анық. Жәнібек ағаның әндері мен ақылы маған мәңгілік азық болғаны болған. Жәкеңнің дауысы әлі күнге құлағымда. Жәнібек Кәрменов сықиған мұғалімнен гөрі сыршыл аға еді ғой. Мені іш тартып, жиын-тойға ертіп апаратын, ән салғызатын. Өзі кез келген жиын-тойдың алтын моншағы болатын. Жәкемнен «Бет ашардың» небір көкесін естідім кезінде. Әттең, сол кезде талай «Бет ашар» шумақтары шашылып, орындық үстінде қалды-ау! Бәрін өз қолымен ақ қағазға жазып келетін. Сөздері бір-біріне ұқсамайды. Әнін де неше түрлі мақамға салып сорғалататын Жәнібек аға. Тойдан соң ол қағаздар сол жайылған жерінде қалады. Жинап алуға қорқамыз. Кейін зар болатынымызды білдік пе?! Атыма екі-үш ауыз жылы сөз айтып, мені шығарады ән айтуға. Кеше ғана өзі мен Қайрат аға үйреткен әндерді саламын мұрным тершіп тұрып. Ән айтылып болған соң, тойда отырмыз демей, дереу түзетулерін айтып тастайтын Жәнібек аға. Мақтау естіген күндер де болды.
– Пау, менің ойыма мың сан тарих түсіп отыр. Біздің үйдегі жеңгеңнің бетін ашқан да сол Жәнібек қой. Жәкеңмен ән туралы, өнер туралы қанша рет сырластық. Кейіннен жылап отырып жаздым да…
– Білемін ғой, аға. Сіздің «Шырқашы, Жәнібек!» атты толғауыңызды мың қайтара оқыған шығармын.
– Ал сол қос сабаздың ұстаздығына көш, Рамазанжан!
– Ең әуелі, Жәнібек және Қайрат ағалардан шөл қанғанша сабақ алған мына менде арман жоқ! Сол кезде бізді зорлаған да ешкім жоқ, өзіміз Жәкеңнің сабағы біте бере, Қайрат ағаның класына, ол кісінің сабағы аяқтала бере Жәкеңнің аудиториясына жүгіретінбіз. Өзім солай болдым, әйтеуір. Ол сабақтарға бармай қалу – ас ішіп, ауа жұтпағанмен пара-пар еді ғой маған.
Қайрат аға әнді жілікше шағып, ішек-қарнын аршып, жалықпай үйрететін. Ол кісі үшін ұсақ-түйек дейтін болмайтын. Домбырамен қалай бастау, дауысты қай кезде қосу, қай кезде үзіліс алу, қай кезде шырқатып дауысты қияға ұшыру – бәрін-бәрін тәптіштеп талдап беретін. Жәнібек аға әнді үйретіп көп отырмайтын. Алдымен әннің тарихын айтып, зердеңді оятып алатын. Ән орындаушылар жайлы да тарихты молынан жеткізетін. Бір кезде шәкірттердің көзі шарадай жанды-ау деген кезде, «Ал, тыңдаңдар!» деп домбыраны қағып-қағып жіберіп, сол әнді өзі орындап беретін. Білмеймін, мұнан соң әр нота, әр қағыс, әр дауыс толқынын жеке-жеке түсіндірмесе де үйреткен әні көкірегіме құйылып қалатын. Қайрат аға да әңгімешіл. Ән тарихы, әншілер, әнші-сазгерлер жайлы білмейтіні жоқ. Бірақ әңгімеге көп уақыт ұттырмай, тікелей ән үйретудің классикалық үлгісін танытатын. Қайрат ағаның әнді домбыра тартып бастауы қандай! Домбыра пернелерінде жүгірген саусақтарына біздің көзіміз ілеспейтін. Шіркін, қалай қағып алсақ деп тамсанып біз отыратынбыз. «Әншінің домбыраға қолы жүйрік болуы керек» деген талап қоятын Қайрат аға. Өзі домбырада виртуоз, сиқырлы ойнайтын. Әннің қиын бір жерлеріне дауысын қосып, қайталап үйрететін. Шабытына мінгендегі айқайынан, студияның ескі терезелерінің әйнектері шашылып түсердей, дірілдеп тұратын… Екеуі де адам тану, әнші сұрыптауға келгенде академиктер еді. Әрине, әркімге ән тапсыру талғамында өзгешеліктер болды. Ән айтуда академик, ән үйретуде профессор, адам тануда ғұлама ұстаздарым ғой олар. …Үй тапсырмасын жалықпай сұрап, орындамасақ – күні бойы орындататын. Сондай талап пен өз істеріне, өнерге деген құрметтері шығар, екі ағайымыздан екі жылда қоржын толы ән үйреніп, үлкен сахналарға дайын болдық!
– Па, шіркін, ұстаздарыңа құрметің ән айтқандай биік межелі, құлақ құрышын қандырардай тәтті екен. Ал ұстаздарыңның ұстаздары – Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиевтер жайлы жан дүниеңе не жинадың, Рамазан? Сол аталарымыздың ән салған жылдары қазақ дәстүрлі ән өнерінің алтын кезеңі болды-ау осы…
– Ой, аға, бұл аталарымыз ән салған кезде бүкіл қазақ даласы ән айтып тұрғандай болған алтын ғасыр ғой! Ол кезде елдің құлағы ұлттық ән өнерінен өзгеге ашылмайтын, дәстүрлі қазақ әнін қанша тыңдаса жалықпайтын, мынау бүгінгі алашапқын музыка дерті ел ішін жайламаған кезең ғой. Шіркін-ай, сол уақыттарға қайта оралар ма еді?!
…Мен ол аталарымның бірін де көрген жоқпын, аға. Бірақ ауыл радиосынан бала күнімнен сол аталарымызды тыңдап өстім. Кейіннен қалаға келген кезде телеарналардағы жазбаларын көрдім: Жүсіпбек атамыз қазақ ән өнерінің хан сарайындай, Манарбек атамыз бас уәзіріндей, ал Ғарифолла атамыз бас қолбасшысындай әсер ететін маған. Кейіннен Манарбек атамыздың «Сайра, бұлбұлын!» айтып та жүрмін. Жүсіпбек ата жайлы Жәнібек ағаның, Қайрат ағаның ағынан жарылған қымбатты естеліктері бүгінге дейін құлақта. Кейіннен Хабиба Елебекова апамнан көп естелік естідім, жазған кітабын оқыдым. Үнтаспаларын бір сабақ жіп жібермей тыңдадым. Бұл аталарыма баға беруге менің дәрежем жетпес. Ұлы Мұхтар Әуезовтен артық не айтамыз, аға! Ұлы Ахмет Жұбановқа не қосамыз, аға! Жүсекең жайлы «Әншілердің академигі» деген бағаға не қосуға болады, аға! Манарбек ағаның дауысы, ән айту мәнері менің жаныма жақын. Дауысы қандай әуезді ол ағаның. Сезімге бай, әнді өмірінің туы етіп ұстаған жан ғой ол. Ал Ғарифолла ағаның ұнайтын жері – ән айтқанда жалындап, жанып тұратындығы. Дауыс, екпін, құлшыныс қандай?! Дауысында шек жоқ, тура бір шыңыраудан шелек тартып жатқандай! Өле-өлгенше дауысы қайтпаған әнші! Ғарекеңнің сахнадағы актерлігі де керемет. Тіл тазалығы да сұмдық. Жалықпай үйрене алсаң бұл үш атамыз да мәңгілік сарқылмайтын оқулық қой. Олар ғасырлар қойнауынан бізге жеткен дәстүрлі ән өнерінің алтын көпірлері!
– Жүрек лүпіліңнен айналайын! Бұл бағаларды естіген соң әңгімеміздің құнарына терең барайын, Рамазан. Сенен асып ешкімнен сұрамаспын: бүгінгі таңда дәстүрлі қазақ әндерінің кезіндегі қазақ композиторларының әндеріндей боп туа бермеуінің себебі неде деп ойлайсың? Қарап отырсақ, Ақселеу Сейдімбек ағаның екі әні, Жәнібек Кәрменовтің бір-екі толғауы, сосын Тұрсынжан Шапайдың бір топ ғажап әндері болмаса, Ақан, Біржан, Әсет секілді ән сүлейлері тарихта болмағандай, сол бір ғажап әндерді солар туғызбағандай тосылып қаласың… Ел болса ер ғана емес, елдің келбеті болар ән туғызбай да тұра алмайды емес пе?!
– Мен де осы сұрақтарға малтығып жүремін, Несіп аға. Халық композиторларының әндері сол заманғы өмір жолдарына, сол кезеңдегі қоғам дамуына кіндіктері байлана туған әндер ғой. Шығу себептері мен айтылу жолдары, айтушысын таңдауы тағы бар. Ол әндердің ескірмей, бояуы оңбай бізге жетуінің өзінде ғаламаттай алтын көпір бар: ол – әнші – ұстаз, шәкірт арасындағы кендір арқандай үзілмеген байланыс, қабырғасы сөгілмеген сыйластық, әнге деген махаббат, әншіге деген құрмет. Құлтума бабамыз Біржанға ұстаз болса, Біржан атамыз тікелей де, әнімен де, әншілігімен де қанша талантқа ұстаз болды кезінде?! Әндері де осы сыйластық, осы құрметтің арқасында жетті бізге. Сол ұлылардың өз әндерін өздері орындап, ел аралап жүріп насихаттауы, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ән өмірін ұзақ қылуларының жемісін жеп отырғандаймыз бүгін. Әңгіме тек жоғарыда аты аталған үш әнші ата туралы ғана емес, бұл әндері бізге жеткен бүкіл халық композиторларына деген бас июдің белгісі деп қабылдаңыз.
– Тағзымыңнан айналайын, Рамазанжан!
– Өкінішім – мына біздің заманда туып жатқан қазақ әндері құрау-құрау: сөзі жақсы болса, әні әлсіз, әні тәуір болса, жеткізіп орындаушысы аз, әйтеуір бір кем дүние. Дәстүрлі қазақ әндеріне қалам тербейтін, домбырасын қамшылайтын сазгерлер аз десем, қоғамым ренжімесін. Тұрсынжан Шапай секілді аз да болса сазды әнші шығаратын сазгерлер жоқтың қасы. Бір сұмдығы – сол әндерді түсінетін тыңдаушы қатары да сирек боп барады. Әлгі сіз өлердей ғашық болған «Арман» әні бар ғой Тұрсынжан ағаның, сол ән маған да қатты ұнайды. Әнді жақсы көргенім сонша бір аптада үйреніп, Қазақ радиосынан шырқап, пікірлер күте бастадым. Көпке ұнапты. Алғыс айтқандар мол болды. Бірақ әннің сүйемелдеуіне оркестрдің бір аз дыбысы қосылғаны үшін сынап, рай бермей қойғандар да аз болған жоқ. Уақыт өте келе сол жандар кешірім сұрады. Әннің құдіретінен ғой. Нағыз ән тыңдаушысын осылай мойындататын болар.
– Аспанында ән қалықтамаған қоғам да, заман да болмаған шығар тарихта. Біздің бүгінгі кезеңге көз қиығын тасташы…
– Сіз бен біз бесікке бөлеп отырған дәстүрлі әндер бүгінде шетқақпай болғалы қашан! Көптеген дәстүрлі әншілердің эстрадаға қосылып ән айта бастауы да, домбыраны сахнаға көрсету үшін ғана ала шығуына да түрткі осы. Жақында ғана ел Президенті жариялаған РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ әңгімесі кеткен есені қайтарып бермесе, еңсе түсіп жүргелі қашан, аға! Бүгінде бүкіл экранды, эфирді шексіз айқай мен таусылмайтын тарсыл-гүрсіл жаулап алды. Әлі даусымыз қайтпаған әншіміз ғой, білеміз, кейбір концерттерге бізді ел дәстүрлі әншілерді де шақырыпты деп айтуы үшін ғана алғызады. Менің білетінім, дәстүрлі ән өнерінен толық айырылып қалмай тұрғанда эфирді тазалау керек, ол жерде де қазақтың дәстүрлі ән өнерінің үлесін үзіліп кетпейтіндей етіп беру керек! Бұған арнайы заң шығару да қажет болар. Дәстүрлі ән орындаушыларды тұншықтырмай, ел алдына еселеп шығару керек! Ел арасында қаншама талантты әншілер жүр, оларды ешкім білмейді. Экранға, эфирге шығуға орын, кезек, яғни мүмкіндік жоқ. Ішің ашиды. Зая кеткен қайран еңбек, қолдаушысы жоқ таланттар, бір рет берілетін адам өмірі… Өнер билігіне осыларды жанымен түсінетін бір жан келе ме жоқ па?! Білмеймін, аға, Абай атам кезінде «сөз түзелді…» деп еді, бүгінде сөз де түзелмеді, іс те түзелмеді ғой, аға. Бізде не шара, домбырамызды қағып-қағып жіберіп, сол үнге өзіміз тұншығып жүріп жатырмыз…
– Қарс айрылған көкірегіңнің мұң тамшылаған тұсын көріп тұрмын, айналайын! Бірақ бізге баяғы күнге қайта оралу жоқ-ау деп күрсінемін мен де бүгін. Әлгіде ғана көрегендігіне басымды иген Ыбырай атамның болжауындағы көрген-білгеннен келер кесірді айтайын: бәрі – шексіз даму жолына түскен адамзат қоғамының екпіні мен күн санап ел мен жерді жалмап бара жатқан Жаһанданудан! Бүгін ғой кез келген бала мен бойжеткен үйден шықпай-ақ құлағына үнқағарын киіп алып, әлгі Әмрикаң мен Африкаңның, Еуропаң мен Аустралияңның дәлдүр-дәлішін таңдай береді емес пе? Ал бұрын ше? Сонау Алматыдан келетін қос сым темірге жалғанған жалғыз радиодан қазақ әні сұңқылдап тұрмаушы ма еді? Соны үлкен де, жас та, қаласын қаламасын, күн сайын тыңдаған соң бойына сіңіріп жатпаушы ма еді? Төл өнерімізге құрмет осыдан қалыптасушы еді десем қателесемін бе? Алдымыз тұман… Бәрі Жаратқанның ісі, оған қарсы тұрып, күнәға батқанымыз жараспас. Тек алдының қайырын берсін деп тілейік, Рамазанжан!
Астана қаласы.