Тал бойында міні жоқ Зекең еді
Зейнолла Сәнік! Бұл есім естілген жерде оны білетін кісілер елең етпей қалмайды. Өйткені «кісі парқын білмегеннің кісіге парқы болмайды» десек, Зекеңнің басты қасиеттерінің бірі – ол өзгенің парқын парықтай білетін үлкеннің бірі еді. Зекең ағамыз мәмлеге берік, еркіне би, арына құл, сыршыл кісі еді. Байқаған адамға Зекеңнің болмысы бөлек болатын. Сондықтан бұл мақалада оның жұрт білетін шығармашылығын қоя тұрып, ең әуелі жазушы Зейнолла Сәніктің мінезге бай адам екенін айту артық емес. Ұлылардан қалған: «Данышпан атану үшін әлемнен асқан ақыл аздық етеді; сол ақылыңды мүлт кетірмей сақтайтын көркем мінезің болу керек» деген ұлағат бар.
Жоғарыда айтқанымдай, мен ең алдымен Зеке-ағаның адами қасиетіне, кісілік болмысына тоқталғым келіп отыр. Зекең өзінің туылыс-жарылысына сай, өзін сыртқы әлемге тепе-теңдікпен ұстайтын бекзат адам болатын. Ол ешкімді алалап, бөлмеуші еді. Әрі әлдебір шаруа үшін ешкімнің алдына бас иіп; біреуге бұйымтай, сырымтай айтып бармайтын; өз басын қастерлеген сырбаз кісі еді. Дүниеге көңілі тоқ жаралған, қанағатшыл адам болатын. Оның сондай ізгі қасиеттерін еске алғанда, атамыз қазақтың «барма биге, өзі келсін үйге, барма ханға, өзі келер малға» немесе «бай алдына барып көр, бақыр болмасаң маған кел, қазы алдына барып көр, қапыл қалмасаң маған кел» деген нақылияттарын еске алар едік. Яғни Зейнолла Сәнік ағамыз өзінің орны қай деңгейде, қай өреде екенін біліп, өзіне сенімді түрде сыпайы жүретін дегдар адам болатын. Және өзін жұртқа әйгілегісі келмейтін. Шығармасының алдына өзі түсіп алып, арқан бойы жердің тұсау бойы төтелігін іздеп, күлді-көмеш дүниесін уағыздатқысы келетіндерден мүлде басқа еді. Бет мөрін түсірмейтін. Зекең мына біздің «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» болатын, яки өз мүддесі дегенде бүлкілдеп желіп кететін, ұсақшылдық көбейген заманда «сырты жібек, іші кеуек» дейтін пендегершілікке бармайтын. Іші-сырты бірдей, мұнтаздай болып таза жүретін. Өзінің бек басын пенде еткісі келмейтін. Біреулерімізше өз мүддесі үшін басы сыймайтын жерге денесімен сұғынуды жек көретін. Бойы кербез, ойы сырбаз, ұстамды, тоқтамды мырза кісі еді. Адам мен адамның «аспан мен жердей парқы бар, ешкі мен нардай нарқы бар» деген. Жанап кетсең «бояуын» жұқтыратын күйелі ағаш біреулер ғана күндемесе, Зекеңнің дұшпаны жоқ, қалыс адам болатын.
Зекең мына біздің – қаршыға орнына қарғасын ұшыратын, тұйғын орнына тырнасын ұшыратын; тауыс құстың орнына тауығын көрсететін заманда; көтеремін тұлпар, көгершінін сұңқар ететін заманда; ала қарғадан азаншы, қара қарғадан қазаншысы бар заманда, уақыт кінәратын өз бойына жұқтырмай өтті. Мезгіл ауруын өзіне жұқтырмады. Өзінің тумысындағы пәк қалпын сақтап өткен кісі болды. Яғни өмірдегі ұстам-логикасы сондайлық берік еді. Және Зекең «бер» десең бедірейіп, «ал» десең жадырайтын; саусағы ішке ғана бүгіліп, алақаны ашылмайтын қатты адамның салтынан емес-ті. Біреуден алғанына емес, бергеніне қуанатын. Өзгені өзінің рухани пейілімен, жақсы лебізімен қуанта алса, сол үшін көңілі өсіп, марқайып жүретін. «Пейілін бергенге пейілін бермеген кәпір» дегендей, Зекеңді білетін кімде-кім ол кісінің алдынан қия өтпейтін. Зекең досқұмар еді. Қайталап айтқанда; «асқұмардың тәні семіреді, досқұмардың жаны семіреді». Адам мен адам салыстырмалы түрде ерекшеленеді. Табаны бұдырсыз, таңдайы бедерсіз таныстарың жүре келе бір күні сыр беріп, көңіл қалдырады, «жақсы екен деп жүресің, ісің түссе білесің» деген. Өзінің олқы жерін бәлен танысының беделімен жапқысы келетіндердің жөні басқа. Өзінде жоқ, өзгенің бет-беделін жамылу, мықты бір танысының абыройын малдану, сол арқылы мығым көріну – пасықтықтың белгісі. «Пасықтың көңілі биігі жаман, басыңды бағаламас – күйігі жаман» дейді. Қазекең «жаман өзін білмейді; жақсыларды күндейді» дегенді де ойламай айтпаған.
Зекең ойға көсем, тілге шешен; бала жүректі, баба тілекті кісі болды. Тегінде жүрекке салсаң – сезімге тартады, миға салсаң – төзімге тартады… Ол екеуін тең ұстаған жерде, қазы айтты деп бұқпақ жоқ, хан айтты деп ықпақ жоқ. Тарихшы қаламгер Зейнолла Сәнік ақыл мен сезімді тең ұстайтын. Ал сезім дүниесін мүлде ауыздықтап, тек ақылдың амал-айласымен ғана өмір сүргісі келетін пысықтар өзге тұрмақ күлкісін де жасырып жүреді. Сезімі жабық жерде қанша ақылдының өзін сексен ауыз сөз айтып, селт еткізе алмайсың. Пейілі тас келеді. Зекең – өзгенің жан-дүниесіне үңіле білетін, ішіңдегіні айтқызбай ұғып тұратын жаны зерек, жақсылардың бірі еді! «Қанағатшылға барлық жер бас иеді» дегендей, Зекең ағамыз қанағатшыл, тоқмейіл еді. Өз өмірінен тоят алған, көңілі тоқ, мығым мырза кісі болды. Тегінде ақын-жазушы атаулы өзі туған халқының ақыл-сезім жиынтығы, ой басшысы, рухани жетекшісі десек те, артық айтқан болмаймыз. «Иса пайғамбар өз жолымен, Мұса пайғамбар өз жолымен» дегендей, зиялы қауым мен ел басқарушылардың өзді-өз орны бар… Қорыта келгенде, Зейнолла Сәнік ағамыздай өз абыройын ардақтап өткен кәделі кісіні бір ауық орнымен әтуерлеп еске алып қойсақ, сауапты істің бірі болмақ. Жақсыға қайырылған жерде қайыр бар.
Жанат Ахмади,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері.