«Баянды бақ»
14.04.2017
1867
0

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында жазушы Мәлік Отарбаевтың тұңғыш пьесасы –  «Баянды бақ» сахналанды. Атыраулық труппа қойылымды қазақ-түрік тілінде қойды. Пьесада 250 жыл  бұрын Осман мемлекетінің иелігінде, одан кейін Кеңес Одағының аумағында болған Ахыска (грузинше Месхетия) жерінің тумасы Жасминнің тағдыры баяндалады.

Тарихи деректерде Ахыска ай­ма­ғы 1578 жылы Сұлтан III, Мұ­рат хан заманында осман­дық­тардың же­ріне қосылған. 1828–29 жыл­дар­дағы Осман-Ресей соғысында орыс­тар әуелі Карс, сосын Ахысканы басып алды. Екінші дүние­жүзі­лік соғыста Сталин қару ұстай ала­тын 40 мың түрікті соғысқа ал­ғаннан кейін, қалған 91 мың түрік, 1944 жылы 14-16 қарашада Өзбек­стан­ға жер аударылды. Бұл айдауда 17 мың адам қаза тапты. Осындай қиын кезеңде қариясы, бала-ша­ғасы бар барлық адам жол бойын­да­ғы пойызға ентелей шығады. Аш­тықтан әл-дәрменсіз күйдегі көп­шіліктің ішінен Жасмин есімді жүк­ті әйелдің пойызға мінетіндей жағ­дайы болмай, айдалада қалып қой­ған. Жұбайы Әкбар болса көп­тің ішінде пойызда кетті. Олар мін­ген пойыз «азап көлігіне» айна­лып, жолда көбі қырылып өледі. Қа­зақ жерінде айдалада жатқан Жас­минді Әшіргүл әжей мен кен­жесі Тасболат тауып, үйіне әке­ліп, паналатады. Айы-күні жеткен Жасмин торсықтай ұл баланы туады. Оның есімін Қазақбай қояды. Қазақ жерінде қалған Жасминнің әр күні НКВД жендеттерінің ба­қы­лауында еді. Сәби «шығыс тәр­бие­сін емес, кеңес тәрбиесін алуы керек деген желеумен балалар үйіне өткізесің» деген пәрмен алған Жасмин қарсыласып, қалайда баланы бер­меуге тырысады. Сол ұрыс-ке­ріс­те жендеттің бірі атқан оқ Әшір­гүл әжейге тиіп, данагөй кейуана өмір­ден өтеді. Өзін қамқорлаған Әшіргүл әжейдің кенжесі Тасболат пен Қазақбайды адам қатарына қосу Жасминге аманатталғандай еді. Уақыт зымырап Әшіргүл әжей­дің кенжесі Тасболат темір­жол­­дың басшысы болады. Әк­бар­дың ұлы Қазақбай да ақылды, есті ұл болып ержетеді.
Қазақ елі егемендігін алған тұс­та Қазақбай да елеулі азамат еді. Ол Қазақстанға келген Мәуліт деген досын үйіне әкеліп, анасымен таныстырады. Білісіп, сұрасқанда Мәу­літтің атасының есімі Әкбар екен. Жасмин ананың қолындағы ар­найы жасалған жүзікті көрген Мәу­літ таңғалып, атасында да барын айтады. Бұл сәйкестік пе, әлде тағдыр ма? Режиссер бұл сауалға жауап­ты көрермендердің жүрек қа­лауына қалдырады. Қойылымда дінді, қазақтың салт-дәстүрін дә­ріптеуге шектеу қою секілді Ста­лин­дік жымысқы саясат та көрініс ал­ды. Жасминнің рөлін – ҚР мә­де­ниет қайраткері Ғазиза Бейсенова, Әк­барды – Асхат Мұсағалиев, Қа­зақ­байды – Қанат Ізет, Әшіргүл апаны – Гүлнар Әубәкірова, Тасбо­латты – Әміржан Нұрлан, орыс офи­­церлері мен күзетшілер – Ержан Жұматов, Шынар Рамазанова, Дастан Пышанов, аудармашы – Нұр­бек Съезхан, оператор – Ба­қыт­­жан Өтеғалиев, Тәуіп кемпір – Гүлнар Айтқалиева, Мәуліт рө­лін – Бекет Зинуллин сомдады.
Махамбет атындағы қазақ драма театрында өткен баспасөз кон­фе­ренциясына пьеса авторы М.Отарбаев пен жазушы-драматург, Ха­лықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­­ғының лауреаты Нұрғали Ораз арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, «Баян­ды бақ» қойылымының қою­шы режиссері Мұқанғали Томанов пен бас суретшісі Темірбек Мұхтар да журналистер сауалына жауап берді.
– Қойылым болған оқиға не­гізін­де жазылды. Шығарма Рахымжан Қасымғалиұлының қолдауымен көрерменге жол тартты. «Қазір жазушы жоқ, оқитын кі­тап та жоқ, жастар жазбайды» деуі­міз қате. «Жазушылар көп, со­ларға қанат бітіретін, қолдау көр­сететін тұлғалар жетіспейді» деп ойлаймын», – деді қойылым авторы Мәлік Нұржанұлы.
Театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов:
– Шығарманы бастан-аяқ оқып шық­тым. Пьесаның көрермен көңі­лінен шығып, автор, режиссер, су­ретші, актерлердің барлық ойла­ған мақсатының  көрермен жүре­гіне жетуі үшін жұмыстандық десе, жазушы-драматург, Халық­аралық «Алаш» және «Махмұт Қашқари» сый­лықтарының  лауреаты Нұр­ғали Ораз:
– Мәлік – шығыс әдебиетін терең меңгерген, солардың үлгі­сі­мен келген жаңа толқын. Мәліктің алғашқы әңгімелері де «Қазақ әде­биеті» газетінде жарық көрді. Қазір әңгімелерді түрік тілінде де жазады. Қойылым көпшіліктің кө­кейін­­де жүрген мәселені уақы­тын­да көтере білгендігімен дараланады. Осы даралығы оны әлі танымал етіп, халық тарапынан оның шы­ғар­масына деген сұраныс боларына сенемін, – деген пікірін білдірді.
Қойылым соңында көрермен­дер атынан алғыс айтқан жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев: «Спектакль – тарихи филосо­фия­лық туынды. Өйткені, қиын-қыс­тау кезеңдегі зұлмат жылдары қа­зақтың топырағынан пана тапқан талай ұлттың бірі – түрік халқы еді. Кешегі отызыншы жылдары тағ­дыр­дың тәлкегіне түскен қазаққа жақсылық жасаған да осы жұрт. Бұл екі халықтың бір-біріне айтқан рақметі болса керек», – деп «Баянды бақ» пьесасы Түркияның Анкара қаласында атыраулық әртіс­тер­дің сомдауымен көрсетілетінін айт­ты.

Тұрсын ҚАЛИМОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір