Жортқанға жолбарыс түн салар әнін…
14.04.2017
2482
0

Батырхан Сәрсенхан


БІР ЖЫЛҒЫ…
Бір жылғы тәп-тәтті ойларым,
Өмірге айналды.
Өмірге айналған махаббат майданын,
Жазатын жас жүрек, қайда әлгі?!

Бір жылғы түстердің оятып қалдығы,
Ішінде жүр екем.
Мұңайып қараған тікеннің барлығы,
Күлімдеп қарасам, гүл екен.

Бір жылы кеткемін қайырылмай қауымға,
Бүгінде бәрі аңыз.
Сен үшін шайыр боп жеткенде ауылға,
Қайдасың, қара қыз?

Бір жылғы сол күліс, сол жүріс жүргенім,
Жүк артып қарынға.
Көмілген сенімнің маңында,
Жеңілген баланың жағында.

Бір жылғы парасат былғанса пайдаға,
Өкінбеу қажет пе?
Жылаған бейнем тұр айнада,
Жымиған бейнем тұр газетте.

Бір жылғы тәп-тәтті ойлардың,
Күнәсін бақылап.
Күнәлі өмірдің біріне айналдым,
– Кім үшін?
– Ақымақ.

ФОРРЕСТ ГАМП
Кетсем бе екен,
бетке алып жазықтарды,
Жазықтарда қағылмай қазық қалды.
Құшақтап сүйсем бе екен,
көңлі кетік,
Ғұмырдан мән көрмеген нәзік шалды.
Кетсем бе екен,
атызға, аралдарға,
Бабалар ту көтерген хан ордамда,
Жатсам ба,
түртер ме екен беймаз кемпір,
Жас мүрдемді,
жаңа бір замандарда.
Көлік пе,
ұшақ па әлде,
сайтан арба,
Бәрібір!
жүйтки берсем жай таба алмай.
Амазонка ішінде бейғам басып,
Шегіртке аулап,
шуы мол тайпаларда!
Төгілсем бе шырындай, түйрелсем бе,
Жапырақты назымға үйленсем бе,
Әтірлі үмітімді шерге малып,
«Айналдым!»
«Айналайын!» дей берсем бе.
Мұртшасын,
бет ұшының қызарысын,
Көруге,
қалам үшін, құшақ үшін,
Кетсем бе,
Құдай ақы, бос пәтерде,
Үш жүз мың сегіз рет пысады ішім!

* * *
Мама,
сенші, тыңдашы ақ самайлым,
Жиі айтатын болдың сен ақша жайлы.
Ақша не?
жалтыр жолдай беті күлген,
Сүртемін. Артылмайды ол етігімнен.
Немесе саудагердей басы байлы,
Батагөй қайыршыны асыраймын.
Мен ақынмын.
тоң мінез, тасыр ойлы,
Жабырқаман,
жүнжімен,
жасымаймын.
Түсінші,
түсінгенің сол сыбағам,
Теңеу ме қызыл-жасыл әнші маған?
Теңеу ме құлдық қоғам қансыраған,
Арқыраған жанымды аршып алам.
Жарымас, жарымаса қаламақым,
Ақысыз ақ қағазда қалады атым.
Түрсем екен,
түндігін ер Алаштың,
Білсем екен, саулығын, саламатын!

Күні ертең,
дән егерміз далаларға,
Ел асып емделерге, дәрі аларға.
Көмбесі күміс толы кең өлкенің,
Қазбасын ұлың саған жөнелтерін
білсең ғой,
сонда екеуміз ғана отырып,
Жап-жақсы жамандаймыз көлеңкені!

ЖАҢБЫРЛЫ ТҮН
Жуындырып біттің бе Жер-ананы,
Қолаң шашын, шолпысын, долы күшін.
Ұлпалы ақ қырауға орап алып,
Көмейік дүниені,
сағынышым –
Сезімдердей сүркейлі, сенесің бе?
Қолтаңбасы қойылған төбесінде.
Кітабындай қадірсіз жазушының,
Ынтасыз келіншектің көжесіндей.
Болмаған мұның бәрі,
болған, бәлкім,
Арман қалды, алқызыл арман қалпы,
Жолдар қалды, шұбалған жолдар қалпы,
Ерте кетпей нөсерде қалғандарды.

Секілді күлкі қылар жалғанды адам,
Жалғандығы ғұмырдың қорған маған.
Жол түседі есіме, ол түседі,
Жыр жазарда ешкімге арналмаған.

Жаңбырлы түн…
жанымның көк тұманы,
Көк тұманға енді де кетті бәрі.
Белгісіндей жалт еткен жаз ғұмырдың,
Жауын жауса жылағым кеп тұрады.

ЫМЫРТ
Көз ілерде көрпемді қымтап алып,
Ойланам ғұмыр жайлы,
Өткен жайлы,
болашақ,
бүгін жайлы.
Неге күн, баяғыдай күлімдемес,
Неге түн, былтырғыдай құбылмайды?

Белгілі ай атауы, жыл атауы,
Белгісіз тек тағдырға кінә тағу.
Жол міндеті, дәл бүгін, саған бастау,
Қол міндеті құрметпен гүл апару.

Жатталса жолымызда мәнді із қалып,
Жатталсын,
мақтанға оны алғызбалық.
Кім көрді құлағанды күресінге,
Кім көрді жылағанды жалғыз қалып?

Айталық, қарашаны түні басым,
Айталық, қара көзді мұңы басым,
Кім келіп жұбатты екен жан жүрегін,
Кім келіп бөлісті екен шұғыласын?

Сұрша таң серпісе егер мола түнді,
Қалаға күшігіммен баратынмын.
Білесің ғой, пойызда бәрі өнерпаз,
Білесің ғой, таксистің бәрі ақылды.

Жалғыз-ақ жортып шығу жол амалым,
Жортқанға жолбарыс түн салар әнін.
Жазмышы таңбаланған
жер үстінде,
Бұлғар ма ғұмыр бізге орамалын?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір