Өлеңнің кеніші еді
14.04.2017
1407
0

Мың тарау тірлік бізді қай сапарға бастамады? Қытай елінде болған шуақты күндерімнің бірінде ізетшіл де ізденімпаз Сержан бауыр маған іні боп табысқан. Ілтипаты бөлек. Араға аз жыл салып, сол інімді жаныма алып, Құлжа бетке жол түсті. Ата-анасына сәлем берейін, туып-өскен өңірін көрейін дедім. Содан Мұңғұлкүре ауданын басып өтіп, тау қойнауына тығылған Ақдала ауылына тізгін тарттық.

Тоқтасын Байсалов есімді ағамызбен таныстығым, жо-жоқ, жәй таныстық ем­ес, рухани табысуым осылай бастал­ған. Шаңырақтың желбауындай ұл-қызды, немере-шөберелі  құт дарыған отбасы екен. Жеңгеміз сырбаз да сали­қалы бәй­біше. Айналасына алтын шуақ үйіріліп жүрді.
Тоқаң 1928 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Іле басы жайлауында дү­ниеге келіпті. 1932 жылғы ақсүйек аш­­тықта ел үркіншілікке ұшырап ше­кара асқан. Қытай бетте мектеп бітір­ген. Содан 40 жылға жуық мектепте мұғалім, меңгеруші боп мың сан шәкірт­тің санасына сәуле төккен. Жеңгеміз де мұғалім. Ондаған жыл ауданның, ай­мақ­тың «озат оқытушысы» атанған.
Тоқаң сөз ләмін өлеңмен ұйқасты­рып, термелетіп бастайды екен. Елең ет­­тім. Бақсам, арғы аталары көмейі бүл­кіл­деген төкпе ақын атанған. Қос аға­йын­ды Байсал мен Байсарының атағы кезінде Алатау асып, Арқа еліне де кеңі­нен жайылыпты. Айтыс үстінде адуын әйел ақынның:
– Байсарың домбырашы, Байсалың сал,
Той іздеп, аттарыңда қалмады жал.
Сауықпен өмір өтті сайран құрып,
Салдықпен өмір өтті жинамай мал, –
деп төгілтетіні бар .
Өз әкесі Сәрсенбай да «Таңжарық пен Қойдымның айтысы», «Шарғын мен Нұриланың айтысы», «Албан тарихы», «16 жыл туралы» қисса, дастандарды таңды таңға ұрып айтатын әйгілі жыршы болып өтіпті.
Тоқтасын ағаның да көмейінен жыр саулап тұрады екен. Екі-үш күнде небір кесекті жыр, аламан айтыс, әдемі қағыт­паға  кенелдік те қалдық. Сексен­нің сеңгір бөркін киген қарияның зер­десіне таңқалдым. Оның Шынықанмен айтысы, Ізетпен айтысы Қытайдағы бауырлар арасында кеңінен тараған.
1990 жылы Шынықан есімді ақын келіншек:
Ақынсып Тоқтасын мақтанбағын,
Жақсы ғой ауыз бағып сақтанғаның.
Сен алпыста болғанда, мен елуде,
Жас болған соң келіп тұр аспандағым, –
деп әріптесін сөзбен сындырмақ болады.
Сонда Тоқаң:
Не деп тұрсың кемітіп сары қатын,
Жақсы сөздің түйеді нәрін ақын.
Күнім қарап тұрған жоқ саған менің,
Мен емеспін сөз таппай жалынатын.
Елу менен алпыстың көп парқы жоқ,
Жарық қарын сенің де кәрі атың.
Қандай мүдде ойыңды бұзып тұрған,
Адамның кәрі – жасын айыратын, –
деп тап бермеде жауап қайтарады, қайран ақын.
Ең кереметі – Тоқаң көзі тірісінде өзіне арнап жоқтау шығарған. Сол сәу­ле­сі мол жыр жолдарына зер сала отырып, оның парасаты мен пайымына, пә­ни мен баһи арасын таразылағанына, жарық  дүниеге деген разылығына еріксіз тәнті боласың. Тектінің тұяғы бес күндік бұлағай дәуренмен осылай хош-хош айтысқан.
Былтырғы жылы 88 жасқа қараған шағында Ақдала ауылында баһи кешті. Алыстағы ағайынның алтын-арқауы, күміс-жалғауы еді. Иманды болғай!

Рахымжан Отарбаев.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір