ЖАҚСЫДАН ШАРАПАТ
30.09.2016
2197
0

unnamed2100 жыл – бір ғасырлық ғұмыр! Хамит Ерғалиев сынды ұлы тұлғаның осы мерейтойын атап өту – перзенттік парызды өтеудің  бір мүмкіндігі секілді жауапты іс. 100 жылдыққа байланыс­­ты ойлар мені де, яғни атамның   қыздарынан кем көрмеген үлкен келінін де бейжай қалдырмады. Атамыздың артында қалған мұраларын зерттеп, ғұмырнамалық ой-толғамдарын, ақынның замандастары туралы ойларын, суреттерін  жинақ етіп құрастыруға жетеледі. Ісіміз оңғарылып, жинақ жарық көрсе, әдебиеттану­шылар мен қаламгерлер үшін ғана емес, болашақтың иесі жастар үшін де   құнды жәдігер болар еді деп ойлаймын.

Атам адамның өмір жолын екі топқа бөліп, өзін Қиындығымен қызық өмір кешкен адамдардың тобына қосса, бізді қан майданнан аман келген әкелерінің арқасында Қиындығынан қызығы басым өмір сүрген бақытты ұрпақ деп санайтын.

Мен Алматыға жарты ғасыр бұрын арман қуып келдім, сол кездегі С.М.Киров атындағы Ұлттық универ­си­теттің механика-математика факуль­те­тіне оқуға түстім. Механика-математика мен филология факультеттері орналас­қан корпустың үлкен залында жиі ұйым­­дастырылатын әдеби кештердің бірінде шашы аппақ зор дауысты Хамит Ер­ғалиев­ті көріп, ерекше әсерленгенмін.Өзім орыс тілді ортада оқып, математика пәнінен алғыр болсам да, орыс ақын­дарының өлеңін жатқа білсем де, қа­зақ­тың әдебиеті мен мәдениетінен бейхабар өстім. 1972 жылы жас маман ретінде Қарағанды мемлекеттік уни­верситетіне жолдама алып, сол жерде ақынның үлкен ұлы Мұратпен танысып, отбасын құрдық. Міне, сол күннен бас­тап қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ден қойдым. Ұлы тұлғалардың өзара қарым-қатынасы мен адамгершілігінің, ерекше сыйлас­тығының куәсі болдым.

Бір естелік мақаласында атам: «…Қаламдас, яғни тағдырлас қатар-құрбы, аға мен іні аралығындағы осындай әзілі жарасқан дәстүр қазір әлсіреп те бара жатқан секілді. Сырбай болмысын аңсататын сәттер маған өмірдің осы жағын да ойлатады. Сырбай мен Жұбан, Ізтай мен Оспанхандар дүниеден өтсе де Қалтай, Тахауи, Шерхан, Садықбек, Қадыр, Қайрат, Жарасқандардың сала­уатты сауықшыл қалжыңдарын алдыма ұстап, Аллаға шүкірлік айтамын. Зады, қазаққа кемелсіген, кекшиген кесірлік те, кейістік те емес, кеңістік, кең пейілді жарқын мінез жарасқан», – депті.

Атамыз 80 жасқа толғанда Зейнолла Қабдолов ағамыз баяндама жасап, былай деп еді: «Ерғалиев шығармалары өз кезегінде осынау өзі өмір сүріп отыр­ған ХХ ғасырдың көркем шежіресі. Өйткені, Хамит Ерғалиев – өз дәуірінің ұлы, өз ғасырының үні». Шығарма­шы­лығы туралы айтатын, әрине, біз емес, дегенмен, біраз жыл атаның поэзиясын қолдан келгенше зерттеген менің бір ғана қосарым бар. Ол кісінің артында қалған әдеби қазынасы жеткілікті. Қазақ тілінің бай сөздігін кеңінен қолдана білген өлеңдері тұнған философия мен тарих. Көп өлеңі арнайы талдап-тал­ғауды қажет етеді, кейбір өлеңін бірнеше рет ойланып оқу керек, сонда көп нәрсе түсінесің. Сондықтан да ол кісінің өнегелі, рухани мұрасына XXI ғасырдың жастары көбірек үңілсе ашатын жаңа­лықтары мол.

Әбіш ағамыз ата туралы былай айтып еді: «Бұл кісідей қазақтың керемет тілін аса жетік білетін жан кемде-кем. Хамаң баяғы Қазыбек, Төле, Әйтеке билер тіріліп келіп қасында отырса да айылын жимай айдындана ақтарыларына еш күмәнданбаймын».

Ақынның 90 жылдығын Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық  университет­тің филология факультетінде атап өткен­де Рымғали Нұрғали мен Ақселеу Сейдімбеков ағаларымыз қазақ әдебиеті кафедрасында «Хамиттану» деген арнайы таңдау курсын енгізу керек деп еді. Өкінішке орай, бүгін ортамызда ол кісілердің өздері де жоқ.

«Бәріміз де қамшының сабындай қысқа өмірдің қонағымыз. Қанша құрметтесек те, көзден кеткен соң көңіл­де сақтала бермейтін қымбат штрихтар болмайды екеш болады. Абзалы, соларды тірлікте арттағыға айтып үлгерейік. Алды-артымыз сиресе де, ақиқат қаза болмасын», – деп ақын атам өзінің «Жақсыдан шарапат» деген эссе, очерк, көсемсөз жинағының кіріспесінде жазған екен.

Атам  қазақ  халқының дастарқаны­ның кұдіреттілігін үнемі айтып отыратын. Өз әңгімелерінде осы қасиетті дас­тарқан арқылы Мұқан Төлебаев пен Ахмет Жұбанов сынды екі алыптың арасындағы болымсыз түсінбеушілікті жой­ға­нын, ал Мұхтар мен Сәбит ағала­рын татуластыру үшін оларға да арнайы бір боз қасқа сойып үйге шақырып, алайда, мақсатына жете алмағанын айтушы еді.

Сәбит Мұқановтың жары Мәриям, Тайыр Жароковтың жары Мүнира апайларды: «Аяулы менің ақ жеңгем» деп, пір тұтып құрметтейтін. Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Жұбан Молда­ғалиев,Тұманбай Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиев, Бек Тоғысбаев ағаларымыз­дың аналарын да ерекше сыйлап: «Алтын етекті жеңешелерім» дейтін.

Атам мен енем керемет әнші еді. Ғафу ағамыз, Бек, Мағзом сияқты ағалары­мызға ән айтқызбай, Қаршыға болса күй шерткізбей жібермейтін. Бұл үйде талай атақты ақындарды көріп, қаншама қазақтың біртуар азаматтарын таныдық. Атамның темір тәртібі бойынша жұмысы күнде таңғы төртте басталса, қонаққа деген табақ күндіз сағат бірден кешікпей берілу керек болатын. Біздің үйде той-думан жасап, шығармашылық кеш өт­кіз­гендері қаншама! Зейнолла, Тауман, Қалижан, Ғафу, Сағынғали, Тахауи, Сафуан, Тұманбай, Қуандық, Берқайыр ағаларымыздың әңгімелерін қызығып тыңдайтынбыз.

Өжет мінезді, дауылпаз атанған абыз атамыз өте сезімтал еді. Жалпы, ол кісі өзіне ұнаған адамдармен туған бауырындай сыйласты. Соғыстан қайтар жолында Красноводск қаласында Нұр Өтебаев деген азаматтың ата-анасымен қалай танысқанын, ол кісілердің әу­летімен кейін қалай араласқанын жыр етіп айтатын. Ал Есенжол Домбаев, Қайрат Жұмағалиев, Қибат Иманғалиев, Марат Ысқақов, Берік Қорқытов сияқты азаматтармен туған інілеріндей қарым-қатынаста болды және олар атаның көп өлеңдерін жатқа білетін.Тағы бір ерекше сымбатты кісі келіп тұратын атаның үйіне. Атам маған: «Бұл кісі 16 жол өлеңі үшін 18 жыл отырып келген батыр ағаң», – деп таныстырып, тарихи шындықты айтып берген. Бұл кісі – Шахан Мусин екен.

Атам дастарқанды өзі басқарғанды ұнататын. «Сендер мен туралы не айта­тындарыңды, маған не тілейтіндеріңді де білемін», – деп шақырған қонақтарына көп сөз айтқызбайтын, бірақ өзі сол кісілердің әрқайсысы туралы толық мәлімет беріп, ақ тілегін ақтаратын. Мәрт еді. Өз мерейтойына сыйлаған домбыраны Асқар Сүлейменов қалап тұрған соң, ойланбай-ақ қолына ұстата салғаны көз алдымда қалыпты.

Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Атаның асын бергенде Сәкен Иманасов ағамыз ол кісінің өле-өлгенше жазу столында отырып еңбек еткенін, соңғы кітабы «Ұлтым дедім, ұлғайдым» қашан шығатынын қайта-қайта сұрағанын еске алып, бізге бір сұрақ қойған еді. Бір кезде ағам: «Сәкен, мен саған бір өсиет жазып қалдырдым» деген еді, соны көргім келеді деп. Сол өсиетін қағаздар­дың арасынан көп іздеп, атаның 95 жылдығына арнап шығарған «Өзегім толы ақ жалын» деген кітаптың тұсау­-ке­серінде Сәкен ағайдың қолына ұста­тып едім. Ол «Ескертпелер» деп аталатын парақта сонеттер жазып жүргендегі сөз­дері екен.

 

ЕСКЕРТПЕЛЕР

Жазушылардың Мәскеуде өткен бір съезінде Балтық Республикаларының (үшеуінің қайсысы екенін ұмыттым) біреуінде Шекспир сонеттері өз тіліне аударылғаны айтылғанда, залдағылар өре түрегеліп, ұзақ қол шапалақтаған еді. Бұған дейін сол сонеттерге менің сіңірген еңбегім Мәскеу тұрғай, Алматыда да ауызға алынып жарымаған-ды.

Енді қайтейін, сонет жанрының үлкен үлгісін төл поэзиямыздың төріне шығарсам деп, соны қазақшалау үшін арқа етім арша, борбай етім борша болғанында жұрттың жұмысы қанша, әлгіден кейін-ақ «қазақ сонетінің аталары» әр жерден пайда бола бастады. Оларға өкпем жоқ. Ал менің өз намысым араға аттай он төрт жыл салып оянды.

Ойлап отырсам, менің елім сонеттің сөлін өз бойына жинаудай-ақ жинаған ел екен. Замандар бойы өзінің бұқ­тыр­ғаны да, өзгеден жұқтырғаны да жетер­лік. Көзін тап та, шүйліге біл. Біздің бірегей ақындар соны қалай аңғармаға­нына қайранмын. Талаптанып көргендер там-тұм бізде де болыпты. Қаршыға түгілі, қыранның бәрі бірдей қасқырға түспеген ғой. Бір шеңгелімен көзді ағыза бүріп, екінші шеңгеліне қауқарлы бұталарды қаптырғанда шаты айырылып кеткен балаң бүркіттер де болған деседі. Біздің қай шамадан шығарымызды қайдам… Әйтеуір, жас жағынан бұған екі есе есейіп ұрындым. Толып жатқан өз қиындығы бар, шарттары шатақ жанр ерекшелігін осылай айтпасам, сөз ұзарып кетеді.

Құдай денге саушылық беріп, бұл кітаптың жазылып бітер шағын көрсетсе, дәптердегі тізбекті өзгертемін. Бұндағы әрбір жиырма сонетті дүниеге келген бойда маусымдық басылымдар жариялап отырды. Әсіресе, бастапқы 60 сонет­тің ауылдары аралас, қойлары қо­ра­лас күйде жамырасып жатыр. Қітап­тың жазылмаған жағында да бұндай жағдайлар кездесуге тиіс: кенеттен киліккен ойды кезінде қармап қалмасаң жоғалтасың. Сондықтан бұларды тақы­рыбына, мінез-құлқына қарай қайта топтастырып, белгілі бір жүйеге салу шарт. Сонда бұлардың номерлері де өзгереді. Бұл өзі әжептәуір бас қатырып, сауат­тылықты да сарапқа салатын жұ­мыс.

«Жаман айтпай жақсы жоқ», бұл жұмыстарды өзім атқарып үлгере ал­маған жағдайда соған уақыт бөлуді Зей­нолла Қабдоловтан, Сағи Жиенбаевтан, Сәкен Иманасовтан, Иранбек Ораз­баевтан өтінер едім. «Сақтықта қорлық жоқ» деген ғой. Әйтпесе, шүкір әзір, қалам қалжырай қойған жоқ.

03.02.1993.

 

Атам марқұм өмірінің соңғы бес жылында бес жаңа кітабын шығартып еді. «Ғұмырнама» естелік-эссе кітабын­дағы кейбір ой-толғамдарын келті­рейін:

Шаруашылықтағы өзгерістердің қайсыбірі дұрыс, қайсыбірі олай емес, қайсыбірін меңгеріп ала жөнелуге халық даярлығы мол, қайсыбіріне тапшы, – бұл жақтарын өз басым, әзірше жетік біле бермеймін. Әйтеуір, қазіргідей орасан батыл, кең масштабтағы қозға­лыс­тардың бәрі бірдей ойдағыдай шық­пайтыны тарихтан мағлұм. Қимылдың қисайған жерлері әлі түзетіле жатар. Ал тарихты тәртіпке келтіру, оны алдамшы, өтірік тараулардан тазарту, бүгінгі ниеті дұрыс адамдардың өз ойларын іркілмей айтуына жол ашу секілді әділеттің салтанат кұруы тамаша болды. Тек соны аяғына дейін жеткізіп, тағыда бір данышпанды қолдан жасап алмай, аман-есен шығар болсақ, төрешілдікті де төбесінен ұрып түгесер едік. Әй, осы жағы қиын-ау, қиын!.. Бұның баршасы­ның орайына келген күнін көзбен көру, әсіресе, біз кұралпы адамдарға әбден қиын. Шіркін-ай, соны біз көрмесек те, тетелес буын көрсе, мен соған «қабірімде бір аударылып жатқандай сезінгейсіз» дер едім.

Сәуір, 1989.

 

«Шер толғау»-ды «Жазушы» баспасына табыс еттім. Бұл кітап хақында аз-кем айтарым: Өткеннің күллісін дәл осы сәттегі ой өлшеміне жығып көр­генімде мұң, нала нарқы мұншалық қымбаттай қояр демеген едім. Осы кітапқа эпиграф етіп Асанқайғының «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» деген данышпан пікірін алмасқа амалым қалмады.

1991.

 

Үш ғасырға жуық бодан болған қазақ халқы шынымен-ақ осынша мол жеріне өзі емін-еркін иелік етердей қуат құрап, іргелі жұрттармен терезе теңестірер болса, соны анық көзімізбен көрсек, дүниеден аттанарда армансыз әулеттің басы да, бабасы да – біздерміз деп кетер едік. Тіпті, өз армиясы, өз ақшасы, өзінің озық техникасы өсіп жетілген, өз тілі өмірдің барлық саласында толық үстемдік құрған мерейлі мемлекетті балаларымыз көрсе де көңіл тоқ. Азап-сорды бақ-дәулет деп, қараңғыны жарық деп, қылмыс қылуды қырағылық деп, ана тілін ұмытуды сауаттылық деп, – бәрін керісінше құптап, әбден есеңгіреп қалған халықтың тым болмаса аздап ақыл-есін жинағанын көрсе, біздің ұрпаққа сол да жетіп жатыр.

1992.

 

Баспа мен баспаханада жатып-жатып «Шер толғау» да 1993-тің мүлкі есебінде 1994-тің басында жарық көрді-ау, әй­теуір. Алғашқы бетінде аз сөзбен беріл­ген баспа мазмұндамасында былай делінген екен: «Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, ардақты ақы­нымыз Хамит Ерғалиев талай оқиға­ларды бастан кешірген тарландығына бағып, соңғы екі-үш жыл бағдарында жазылған «Шер толғау» атты бұл кіта­бында мол мүлікті сыр сандығын айқара ашып салған. Толымды топтама жырларға негізделген кітаптың өне бойы – республика ғұ­мыр­намасы, соның халқының шыныққан, сыныққан, соның әрбір байырғы адамының куанған шақтары ойлы поэзия тілімен өрнектелген». Кітапты кім оқыса да бұл айтылған шындықты өтірікке шығара қоймас. Бұрындары іште бұғып жатқан осынау сырлар сандығының жұқа сары мұқабамен жұтаң шыққан түрі-түсі тоқсан үштің азып-тозған мезгіліндей ажарсыз-ақ.

Ал өзіме өмір бойы шығарған барша кітабымнан бағалы саналатынын осы кітапқа  арнайы жазылған бір сонетімнен де аңғаруға болар еді.

Ақпан, 1994.

 

«Абайды жылатқан жеккөргіш пен жексұрын көрінгіштер ылайсаңы төңірегімізде ығып тұрса ше?.. Шарапатын шам түбінен оздыра алмай ішқұса болған ірілер төңірегімізде тұнып тұрса ше?.. Осы жалпы жан тазалығының, адалдықтың өзі арманға айналып бара жатқан жоқ па?.. Міне, осынша, тіпті бұдан да көп суық сұрақтардың жауабы кеудеңді кернеп тұрса, сол ең алдымен сонет жанрының ащы да, тұщы да азығы емес пе?.. Соңғы төрт жылымды түгелге жуық сонет жанрына жұмсап, содан дар­дай бір кітап беруіме ақиқаттың осындай қилы-қилы серпіні себін тигізді.

«Сонеттер» кітабын атай отырып, оны бүкіл алпыс жылдық шығарма­шылық өмірімнің маңдай алдына апарып қояр едім. Зады, бұл менің эпикалық жанрдан кейінгі айқара ашылған тағы бір қырым мен сырым болып шықты-ау деп шамалаймын. Алла тағала сексен жылдығымды көзіммен көруге жазса, байғазы делінетін қоржынның бір басында осы кітап та жататын шығар деп ойлаймын».

1995.

 

Ал өзі қайтыс болғаннан соң бір аптадан кейін қолымызға тиген «Ұлтым дедім, ұлғайдым» деген кітабында «Ақ­парат һәм ақ бата» өлеңінде:

Мен келдім, мен келемін асып-таспай,

Алмаған соң ауыр жүк басып тастай.

Іс қылған секілдімін өлсем де жұрт

Менімен қоштасуға асықпастай.

Өмірде ақ пен қара түсі ненің?

Мен соны мезгілім деп түсінемін.

Ұйқының есебінен түнде түлеп,

Өлеңмен жерге жарық түсіремін, – деген екен.

Біздер үшін ең ыстық туындысы – шығармаларының әрі прологы, әрі эпилогы деп саналатын «Әке сыры» дас­таны. Себебі – соғыстан кейін туған тұңғыш ұлы Мұратқа қарап отырып жазған бұл дастандағы: «әлпештеген анаңдай тұрып алар біздің заман ойың­ның ортасында» немесе: «бірақ шалқып биіктен толғанарда менің кітапханамды алдыңа қой» деген сөздері бізге тікелей бүгін айтылғандай болып естіледі. Сол кезде атаның әріптестері, жолдастары, қаламгер ағалары мен інілерінің асыл бейнелері көзіміздің алдына келеді.

Енді «Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады» деген сөздер менің де есіме келетін болды. Көп жылғы «Шер толғауым» мынандай:

Өткен жылдары мен білім саласын­дағы қызметіме байланысты іссапар­мен кейбір облыстарға барғанда атаның туған бауырындай болған замандастары, қазақ елінің ардақты ақындарының есімі берілген мектептерге кіруге асыға­тынмын. Мысалы, Ғафу, Сырбай, Жұ­бан, Қалижан ағалардың есімі берілген мектептерін аралап, мұражай­ла­рымен танысқанда ерекше тебіреніп, көз алдыма атамның бейнесі келетін. Әсіресе, Павлодарда Бұқар жырау атындағы об­лыстық әдебиет және өнер мұражайын, Қа­лижан ағамыздың керемет ескерт-кі­шін, сол кісінің есімі берілген мек­тептегі ерек­­ше мұражайын көргенде өз жерлес­теріме өте риза болып қайтып едім.

Біз 1998 жылы Атырау облысының тарихи-өлкетану мұражайына атаның жәдігерлерінің жетпісін тізім бойын­ша беріп едік. Осыдан төрт-бес жыл бұрын сол мұражайға барғанда жетпістің жетеуін-ақ бір бұрыштан көріп келіп едім. Оның үстіне атаның ауылындағы мұражай деген аты бар бөлме қирап тұрған Мәдениет үйінде орналасқанын естігенде, амалсыз әкімдіктерге жазыл­ған талай хаттарымыз еске түседі екен. «Мен енді ондай хаттарды жазбаймын, одан еш нәтиже болмайды», – деп Мұрат айтқан соң, соңғы хатты осы жылдың басында атыраулықтарға мен өзім жолдап едім. Егер атаға ескерткіш қою қиын болса, атамның есімі Атыраудың бір жақсы мектебіне берілсе, жетпіс жәдігер сол мектептің мұражайында жайнап тұрар еді деп армандап едім. Бұл хатқа да баяғыдай «қарастырамыз, хабар береміз» дегендей жауап келіп еді. Сонда атамның «Туған топырақ жұртына» деген өлеңінің «…Маған десең, бір емес, өлшегін мың, – әйтеуір мен бір бүтін бөлшегіңмін. Құдай өзі біледі, бір күндері қанша дерсің қадірі өлсе кімнің?!» деген соңғы шумағы есіме түсті.

Дегенмен, ата бір ұлы тұлғаға арнаған өлеңінде былай жазған еді:

…Сіз бен біз қартаймаймыз, ұлғаямыз,

Ұрпақтар ісімізді қылғай аңыз.

Иншалла деп айтайын, Сіз бен біз де

Ғасырлар құжатына қол қоямыз!

Өмірі өнеге боларлық нар тұлғаның аты ешқашан өшпейді!

Алтын ЖАҒЫПАРҚЫЗЫ,
ақынның келіні.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір