ЖОҚ-ӨГІЗБЕН ШАЙҚАС
01.07.2016
5879
1

magauin-234x300НЕМЕСЕ Б.МОМЫШҰЛЫНЫҢ «ОРЫСШЫЛ ИТТІГІ» ЖӘНЕ Қ.МЫРЗА-ӘЛІНІҢ «ОПАСЫЗ САТҚЫНДЫҒЫ» ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ

Мұхтар МАҒАУИН


Бір кереметі, бүгінде бейресми қазақ баспасөзі мен электрондық ақпаратта, кейде тікелей, кейде мейлінше мипаздап, республика президентінің өзінің атына әрқилы тілек, пікірлер айтылып жатады, ал «Ұлттың ұлы тұлғасы» атанған алып ақын М.Шахановқа шаң жуымауға тиіс. Тасқа басылмайды, компьютер сайттарына өткізілмейді, коммент түрінде әлдеқалай жазылып қалған теріс, тіпті, бейкүнә ескертпелердің өзі сүзгіге түседі, кездейсоқта кетіп қалса, қолма-қол өшірілмек. М.Шахановқа қатысты әлденендей жеңіл-желпі уәж келтірген кісі – халық жауы есепті. Әйткенмен, қанша қорықсаң да, баз-базында ішке сыймайды екен. Сол ретпен көмейге лықсып келген көп сөздің бір үзігін сыртқа шығарайық.
 
«1982 жылы маған Бүкілодақтық  Ле­нин комсомолы сыйлығы берілді», – деп жазады М.Шаханов ғұмырбаяндық кезекті толғауларының бірінде. Мұнысы рас. Бұдан әрі өзгеше бір мағлұмат. «Ол – шығармаларымның бүкіл Кеңес Одағы жастарына белгілі бола бастаған, орыс халқының арасында өлеңдерімді жатқа айтушылардың бой көрсете бас­таған шағы еді» («Аңыз Адам». №12, 2012). Бұл шынайы ақпарды одан әр­мен сабақтап айтсақ, көп ұзамай біздің алып ақынымыздың өлеңдері Ресей шегінен өтіп, жер жүзіне кеңінен таралады және айрықша бағаланған. Бұл ретте де нақты деректер жетіп-артылады екен. «Мәсе­лен, деп жазады Шахаң, – мен қайбір жылы Жапонияда болып, сегіз қаласын­да кездесу өткіздім. Сонда жапонның қыз-жігіттері менің өлеңдерімді жатқа айтып тұрды кездесуде, өз ана тілдерінде» («Нур.кз». 18.Х.2011). Және: «Көптеген елдерде менімен кездесулер өткізілді. Мәселен, Жапонияға барғанда жапондар, Францияға барғанда француздар өлеңдерімді жатқа айтып шықты» («Алтайньюс». 17.I.2014; «Інжу.кз». 24.I.2014). «Жапонияда жапон тілінде, Германияда неміс тілінде өлеңдерімді жатқа оқыған адамдарды көрдім» («Аңыз Адам». №12, 2012). Өз тарабымыздан үстеме дәйектеме бере кетейік. Қазір мен Америкада тұрам ғой. Вашингтонмен жапсарлас кенттердің бірінде. Қажетті шаруаң шыға қалса, жиырма минутта астананың орталығына жетуге болады. Осындай аттаныстардың бірінде, АҚШ Пре­зи­денті Обаманың арнайы шақыр­туы­мен арнайы бара қалып едім, тура Ақ Үйдің алдында Шахаңның өлеңдерін ағылшын тілінде жатқа айтып жүрген, әлем-жәлем киімді тұтас бір шоғыр – ақ, қара, қо­ңыр, сары-ала, торы-ала американ жастарына ұшырастым. Қиырдағы Жапония, аралықтағы Германия мен Фран­циядан озып, мұхиттың арғы (мен үшін бергі) бетіне де жетіпті. Хош, кү­мән­сіз куәліктен соң әуелгі сорабымызға қайтып оралайық.
«…Ленин комсомолы сыйлығы бе­ріл­ді. Сол кезде Бүкілодақтық  лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық комитетінің арнайы қаулысымен бір­не­ше елді кемемен аралайтын сапар ұйым­дастырылды. Ақын-жазушылар арасынан бұл топқа мені ғана ендіріпті… Со­нымен, бірнеше күн саяхат шегіп, алдымен Италияға, сосын Испанияның Барселона қаласына келіп тұмсық тіре­дік».
Бұл Барселонада біз де болып едік. Бір­шама кейін, Жетпіс жылдығымды немерелеріммен тойлау кезінде, Испания королі Хуан Карлостың ілтипатын күтпей, өз бетімізбен барып, еркін аралағанда. Сонда ығы-жығы, ырду-дуылды қаланың, әрқилы сайқымазақ­тар әр тұста қатар түзеп, өнер көрсететін орталық даңғылында, бір топ жас жігіттердің гитараға қосып, өздерінің каталон, бәлкім, испан тілінде Шаханов жырларын термелеп тұрғанын көріп, кеудемізді шаттық пен масаттық керне­генін айта кету парыз сияқты. Хош! Енді ол заманда өлең-жырлары Испанияға жетіп үлгермеген Шахаңның өзіне сөз берейік:
«Содан  бәрімізді  қала орталығын­дағы стадионға алып барды. Бұл арада жұрт, негізінен, өгізбен жекпе-жекті тамашалайды екен…».
Осы арада шағын дәйектеме. Кіші­пейіл ақынымыздың «өгізбен жекпе-жек» деп отырғаны – испан жұртының «Коррида» аталатын қастерлі ұлттық ойы­ны. Мериме–Бизенің «Кармен» операсында көрініс тапқан, кейінде көп­теген испан жазушыларымен қатар, Эрнест Хемингуэй қызғылықты хикаят арнаған һәм тағы бірнеше шығармасына арқау еткен өзгеше өнер. Және алаңға біз көрген қалқоздың көтерем өгізі емес, ар­найы жемделіп, шу асау қалпында бапталған дөнен бұқа шығарылмақ. Әлбетте, елеусіз ұсақ-түйек, М.Шаханов коррида туралы трактат жазып отырған жоқ, өзінің даңқты, ұзақ ғұмырындағы ерлікке пара-пар, кезекті бір оқиғаны та­лантына табынушылар алдына тартпақ.
Әлқисса: «Бұл арада жұрт, негізінен, өгізбен жекпе-жекті тамашалайды екен. Едәуір уақыттан кейін біреу шығып: «Сіз­дердің араларыңызда өгізбен айқас­қа түсер талапкер бар ма?» – деп сұрады. Стадионда біздің 700 адамнан бөлек, басқа жақтан да кемемен, өзге көліктер­мен келген саяхатшылар жетерлік екен. Ешкім тіл қатпады. Ана жігіт екінші, үшінші рет дауыстады. Ешкім қозғала қоймады. Сол сәтте желке тұсымда отыр­ған бір әйелдің «Біздің арамызда еркек кіндік мүлде жоқ екен-ау» деген сөзіне намысым қайнап кетіп, алаңға секіріп түстім…».
Оқиғаның шарықтау шегі. Манадан бергіміз – әдепкі оспақ, психологиялық дәйектеме екен. Енді нағыз драмалық тартыс, әрі қым-қиғаш шиыртпақ бас­талады.
«Алаңға секіріп түстім… Жекпе-жек­ті ұйымдастырғалы тұрған жігіт қолыма қызыл матаны ұстата салды. Бұрын теледидардан қызыл шұғаны қалай ұстап, өгізді қалай алдау керектігін бірнеше рет көргенім бар. Әдетте қызыл мата өгіздің қанын қайнатып, жынын келтіреді екен. Теледидардан көргенімді жасамаққа бекіндім. Бір уақытта тайынша өгізді босатты. Ол көзін аларта маған қарай ұмтылды. Мен қолымдағы матаны біресе оң жағыма, енді бірде сол жағыма ұстап, өгізді алдап тұрдым. Зеңгі баба ұрпағы өршелене, ызалана бастағандай. Қызыл матаны тастай салып, қашып кетейін десем, еркектік намысым жі­бе­рер емес. Олай ету нағыз масқара­лық­тың көкесі болары хақ. Қысылғаннан терлеп кеттім. Бірте-бірте тәуекелге бел буып, ақырына дейін шыдауға серт еттім… Жұрттың бәрі маған ерекше құр­метпен қарап, шулап, шапалақ соқты. Нақ бір ұлттық батырдай қошемет көрсетіп, қызық болды…» («Аңыз Адам». №12, 2012).
Қызық емес, шыжық болды. Шахаң­нан кейін Өгіз-сайысқа шыққан татар жігіті қанша дегенмен, біздің кісідей ептілік көрсете алмай, өткір мүйізге ілініп, қатты жараланады. Әйткенмен, «жарақат алғанына қарамастан, өгізді мүйізінен ұстап, жерге атып ұрды». Осыдан соң, «нағыз еркектік көрсеткен» та­тар жігітін емханаға алып кетеді. Шы­жық емес, сұмдық болыпты.
Түптеп келгенде, ештеңе болған жоқ. Өйткені… ойын бітті. Енді шынына көшейік. Өмірде мұндай оқиғаның өзі түгілі, елесі де болмаған. Коррида – испан жұртының ерлік пен еп сынға түсе­тін спорттық, салтанат мерекесі дедік. Гүжбан, асау бұқаны қаншама рәсімді тәсіл бойынша піспектеп, найзалап қан­ға бөктіріп, ақыры, жіңішке, ұзын сем­сер­мен жауырын астын бойлата, жүрек­тен шаншып өлтіру – біз үшін баяғы Римдегі гладиатор шайқастарына тетелес, бірақ адам емес, жазықсыз жануар қор­лық жазаға тартылатын нағыз әш­шады жабайылық көрінсе керек. Алайда, еуропалық ұғымда ерлік пен серілік. Ал испандар үшін футбол және басқа да спорттық ойындардан әлдеқайда қызғы­лықты саналатын той-думан. Стадион­ның орталық алаңына көлденең кісі жі­берілмейді. Тіпті, коррида туралы ар­найы жазған Хемингуэйдің өзі аяқ басып көрмеген. Баяғыда, Хазіреті-Ғали неше мың кәпірді қатарынан, жапыра шап­қанда, зұлпықар қылышы қара жер­дің қыртысын қақ айырып, бұл ғаламды мүйізімен көтеріп тұрған Көк-Өгіздің мойынын кесіп түсуге шақ қалып еді. Сол замандағы жұрт сенген. Бүгінгі Көк-Өгізге де күмән болмай тұр. Бұл Көк-Өгізіңіз – Жоқ-Өгіз деп айтқан кісі – кәпір көрінбек.
Шындығында, М.Шахановтың соң­ғы отыз жылдағы бар ісі – осы Жоқ-Өгізбен шайқас. Жалған ұран, жосықсыз ойбай. Алайда, бәрі де ақиқат шындық ретінде қабылданып отыр. Жалпы, жұр­тымыздың мақтаны мен масатына таусылмас азық болды.
М.Шахановтың басшылығындағы «тіл жанашырлары» ұйымдастыратын – Кеден Одағына ену, Еуразиялық Бір­лес­тікке қосылу, тағы басқа да тараптағы көлденең шешімдер мен алмағайып жағ­даяттарға дөп келіп отырған, қазақ тілін қастерлеу ұранымен, жалпы жұрт назарын басқа жаққа бағыттайтын, зар мен жы­лауға толы, кемі жүз қырық, жүз елу қайраткер қол қоятын, дәп осы реттегі мән­сіз, мағынасыз һәм нәтижесіз үндеу, жол­дамалардың астары мен зардабын таратып айтпай-ақ қоялық, сөзіміз ұзап ке­тер, әрі бұл – басқа бір реттегі әңгі­ме.
Испания, Барселона шаһарының Орталық стадионында, мың сан жұрт алдындағы өзгеше өнер – Көк-Өгізбен жанкешті шайқас – оспадар көңілден ойланбай айтылған, бейкүнә мақтан дейік. Және алғашқы да, ең соңғы да ғажайыбы емес. Санап түгесе алмайсыз. Ақыры, бар ісі, бар сөзі өкімет тарабынан астыртын қолдау тауып, оған жал­ғас, нұсқаулы, нұсқаусыз жағдайда бұ-
­қ­а­ра­­лық ақпарат атаулы дабылдата жаң­ғыр­тып, соған орай, былайғы барша жұрт қалт­қысыз мақұлдап, әулие тұтып, көк­ке көтере мадақтап жатқан соң, Шахаң шектен шыға бастады. Енді амалсыздан, осы орайдағы айрықша оғаш бір-екі мысалды жұртшылық алдына тартуға тура келеді. М.Шахановтың бүткіл қазақ қауымын басынуы, алаш­тың өткендегі және бүгінгі мерейлі аза­мат­тарының біразын жаппай қаралау әрекетінің нақты көрінісі.
Сөз – халқымыздың ұлық батыры, ұлтшыл қайраткері Бауыржан Момыш­ұлы мен әйгілі ақын, ол да ұлттық сана­ның оянуы жолында қажырлы еңбек еткен Қадыр Мырза-Әлі турасында. М.Шахановтың баяндауынша, бұл екі тұлғаның біріншісі – аусар, ақымақ, екін­шісі – аяр сатқын болып шыққан. Және бұл жалалы, жалған сөздер айтылып, жазылып, баспа бетіне өтіп, жалпы жұртқа таралғалы бірталай заман болса да, ешкім тым құрса аз-мұз реніш біл­дір­меді, біздің бұл жолғы лепесіміздің де жарыққа жетеріне сенім жоқ, айттық, қазақ бейресми баспасөзінде Назарбаев­тың өзінің атына азды-көпті уәж айтылып жатса, М.Шахановқа әлденендей бейкүнә ескерту жасаудың өзі мүмкін емес. Сонда да, біз жазған сөз жерде қал­мас, ақыр түбінде көрініс берер деген сеніммен ойдағыны ірікпедік. Мейлін­ше сыпайылап, жалтақтай, жасқана отырып.
Жасыратыны жоқ, М.Шахановтың ке­зекті бір мазағы – Екінші Жиһан соғысының батыры, қазақ халқының мақтанышы, өр тұлғалы Бауыржан Мо­мышұлы болыпты. Сырттай, үстірт көзге Баукеңді көтермелейтін сияқты, өлеңмен жазылған, сюжетті, біртұтас хикая «Жеңіліп тұрып жеңілмеу немесе Бауыржан Момышұлының кешірім сұрауы» аталады. Қазақ тілді сайттарда қанша мәрте басылған, интернетте берік орын тепкен. М.Шахановтың жеке жинақтарына да енсе керек. Соның бәріне көніп отырмыз. Өйткені, жалпы жұртымыздың, өкіметіміз бен партиямыз, көпшілік баспасөздің ұғымы бойынша, М.Шаханов бағзыдағы, мекен-тұ­рағы, нәсіл-тегі белгісіз, зұлым Шың­ғыс хан тұрыпты, кейінгі, өзіндік мем­лекеті болмай, «жеті жүз жыл бойы моңғол билеген» бүткіл қазақ тарихынан, өткендегі қандай да хан мен батыр, қайраткерден жоғары тұр. Осы ретте Бауыржан Момышұлы – қатардағы көп садақаның бірі ғана. Басқаны білмеймін, мен өзім мұндай… сөз жетпейді, сөз жетсе, ағымдағы ақпаратқа өтпейді, мұндай сорақы жағдаймен келісе алмаймын. Міне, миыңызға салмақ түсірмей, үстірт қана қарап шығыңыз.
Өлеңмен жазылған, көркемдік атаулыдан ада, күлді-көмешті хикая:
«Мен ол кезде әр адымын еркін, батыл басатын,
Айтқанынан қайтпайтұғын, едім қайсар жас ақын», –
деп, естелік тұрғысында басталады. Ша­масы, 1960 жылдардың екінші жарымына мегзесе керек. Әлі әлемге танылмаған, бірақ бұла, басасау кезі. Алайда, Бауыржан Момышұлы жақсы біледі екен. Тәрізі, оқыған, мойындаған және ай­рық­ша жоғары бағалайды. Әйтпесе, өз та­рабынан іздеу салып, тілдесуге құ­март­­пас еді. «Бірде маған хабарласты Мо­мыш­ұлы Бауыржан». Не айтқаны бел­­гісіз, ақыл сұрады ма, ақша сұрады ма, әйтеуір «Біраз уақыт телефонда ол, тек орысша сөйледі». М.Шаханов бұл кі­сінің Бауыржан екенін біле тұра, одан әрі тыңдай бермей, келтесінен қайыра­ды.
«Кешіріңіз, – дедім оған, – ұлтсыз қазақ парықсыз,
Мені орыс адамымен шатыстырып алыпсыз».
«Жоқ, – деді ол, – үнің сенің неге ызғарлы, неге тоң,
Мен жас ақын Шахановқа соғып тұрмын телефон».
Сонда зәрлі, салқын ғана емес, мұз­дай қатқыл сөйлеп тұрған жас ақын кел­тесінен қайырып, Момышұлын жерлей бастайды:
«Ал Шаханов сізше қалай, айналған ба орысқа,
Әлде орыс тілділермен түскен жан ба жарысқа?» –
деп, бұдан соң, арасына әлдебір көтерме сөздер қосқанымен, біржола сөгіп, әң­гі­мені одан әрі созбалауды қажет санамай, телефон трубкасын тастай салады.
«Уақыт өтпей қасқағым,
Менің қайсар мінезіме үндемей бас шайқаған,
Телефоным шылдырады қайтадан».
Жаңағы орысшыл шіркін екен. Бір­ден-ақ пұшайман кішілік танытады:
«Кешір, Мұхтар, – деді Баукең, – иттігіме дес берме,
Қаншама жыл тек орысша сөз құра­дық әскерде…».
Онда бәрі де басқаша, тек орыс тілін­де ғана сөйлейсің, орысша ойлап, орысша түс көресің, осындай, «ұлт намысын қорлаған, ұлтсызданған қызметте» жү­ріп, ғадет болып кетіпті деп, мейлінше ақ­талады. Содан соң қайыра толға­нып:
«Беделімді бес тиын қып, сұрап тұрмын кешірім,
Кешір мені, айналайын, енді мүлде өзгерем,
Қазақпенен тек қазақша сөйлесуге сөз берем», – деп, ант-су ішеді.
Міне, керемет. Өстіп, «қайтпас, қай­сар жас ақын» М.Шаханов орысшаға біржола кетіп қалған, ұлттық танымнан аулақ Бауыржан Момышұлын түзу жол – ұлттық мүдде, қазақ тіліне қайырып әкеліпті.
«Айтты, бітті, еш күш оған бола алмайтын бөгесін,
Қазақтың өр, ұлы адамы, орындады уәдесін!».
Бұдан әрі өзінің «иттік» қателігін мойындап, М.Шахановтан жеңіле тұра, түбегейлі рухани жеңіске жеткен ұлы тұлға атына мадақ сөз айтылады. Хикая­ның соңында ғана емес, әр тұсында ұшырасқан лепес. Қай жерде де мадақ емес, мазақ сияқты. Ұлықтау емес, ұл­тарақ қылу. М.Шахановтың өктем бейнесін негіздей түсетін қажетті бас­пал­дақ қана. Бойына жан теңгермеген, қашанда қалаулы ырқымен, тіпе-тік жүрген, нәтижесінде өз тұсы, Совет заманында Батыр атағы бұйырмаған, генерал дәрежесі берілмеген, бірақ әлемге танылған «Волоколам тас жолы» ро­маны­ның басты кейіпкері, өзі де әскери жазушы, ана тілінің барлық қыр-сырына жетік, ең бастысы – бүткіл қазақ халқы ұлттық қаһарманы санап, көкке көтерген аңыздық тұлға, сонымен қатар, қашанда кеудесі биік Бауыржан Момышұлы жаңа бастаған «жас ақын» түгілі, «әлемге әйгілі ұлы ақын» М.Шахановтың өзінің атын естіді ме екен, естісе, оған телефон шалуы тұрыпты, осыншама бейпіл сөз айтып, «трубканы тастаған» тұрпайы баланың аяғына жығылып, жалынып-жалпайып кешірім сұрауы қаншалық қисынды деп, тәжікелесіп жатудың өзі парықсыздық болар еді. Батыр Баукең, ұлтшыл Баукең М.Шаханов дейтін бала­ға «бұдан былай тек қазақша сөйлеймін» деп уәде береді және осы антын орындап, «мүлде өзгеріп», кәдімгі қазақ болып шығады! Кереметі – бұл емес. Кім туралы кімнің басында қисынсыз қиял жоқ. Кереметі – осы, кешіріңіз, кезекті сандырақты бүткіл қазақ қауымының сол қалпында қабыл алуы. Қабыл алмаса, құп көрмесе, мұндай «Көк-Өгіз», шын мәнісінде дүниеде болмаған Жоқ-Өгіз бағзыдан бүгінге дейін интернет, баспасөз бетінде еркін сайрандап, тынымсыз жапалап, төңірегін түгел былғап, семіре қоңданып, жүре бермес еді. Әредік, санасыз бір ақпарат бетінде жайылып жүрсе де, көлденең тараптан «Тәйт» деген тоқтау естір еді. М.Шахановты көтермелеу үшін, Бауыржан Момышұлының алашқа әйгілі өршіл бейнесіне көлеңке түсіру шарт екен. Бұдан әрі талдап, талқылап жатудың өзі намыс болса керек. Әйтсе де, осыншама дабыралы даңғырақ – М.Шахановтың жеке жинақтары мен ағымдағы баспасөз­ді білмеймін, менің қолым еркін жетер интернеттегі, 2013 жылдан бері созылып келе жатқан, – үйіре топтап, ерінбей са­нап шықтым, аз-кем емес, тура тоқсан сегіз мәрте қайыра басылған бейбастақ хикая – мүлде елеусіз қалдырар кесел емес.
Жарар, Бауыржан Момышұлы М.Ша­хановтың ескертуінен кейін оң жолға түсіпті, түзеліпті. Қайткенде де «ұлы тұлғаның бір сәттік осал тұсы» екен. Алайда, түзелмей кеткен кісі бар. Бір мезеткі жағдаят – тіл кінәраты емес, ұлтын, туған халқын сатқан опасыздық. Тым құрса аз-мұз тәубаға келместен, сол беті дүниеден өтіпті. Бар қоясы өлгеннен кейін шыққан пәлекет. Кім деп ойлайсыз? Қайткенде таба алмайсыз. Қадыр Мырза-Әлі екен!.. Сұмдық-ай! Міне, Шахаңның әр тарапта неше қайыра айтқан нақты куәлігі:
«Әрбір адам міндетті түрде ұлттық мүддеге тамыр жіберуі тиіс. Егер жібере алмаса, жай әншейін өзінің қара басы­ның қамын күйттеу үшін өлең жазып жүрген адам. Мәселен, Қадыр Мырзалиев ағаң керемет дарынды ақын. Өлең­дері керемет. Бірақ сөзі бір басқа да, ісі бір басқа. Желтоқсан кезінде алаңға шыққандардың барлығы маскүнемдер мен нашақорлар дегенді қозғады. Билік не айтса, соны орындады. Керек болатын болса, бас прокуратура, КГБ, МВД бірлесіп комиссия құрмақшы болды бізді жоққа шығару үшін. Соны қолдады. Негізі екеуіміз ағалы-інілідей бір-бірі­міз­­дің сөзімізді жықпайтын жақсы қа­рым-қатынаста болғанбыз. Тіпті, менің қо­лым­да жүрген туған қарындасым Қадыр бір ай көмектессін деп өтініш жасаға­нымен тоғыз ай бала-шағасын бақты. Біздің жақсы аралас-құралас болға­ны­мызды ол да айтып отыратын. Билікке сатылып кеткеннен кейін мен Қадырдан теріс айналдым. («Алтайньюс». 17.І.2014; «Інжу.кз». 24.І.2014; «Ұлт.кз». 21.І.2014).
«…Егер мен КСРО Президенті Гор­бачевтің нөмірі бірінші қарсыласы Ельцинді өз жағыма бұрмағанымда, Кремль мінбесінен билікті қатал сынға алған сөзімнен кейін-ақ жан-жақты ойластырып құрылған, ішіне сол оқиғаға кінәлі адамдар енген Қадыр Мырзалиев басқарған комиссияның Горбачев–Колбин басшылығы ұйымдастырған қанқұйлы істерді түбегейлі ақтаған ше­шімі салтанат құрары айдан анық болатын» («Зона.кз». 20.ІХ.2010).
Ал, керек болса!  «Керемет ақын» – көз үшін ғана айтылған, шын мәнісінде «сөзі бір басқа да, ісі бір басқа», жай ғана бейкүнә іс емес, жеке басының тиімді пайдасы үшін туған халқын құрбанға шалған опасыз! Бітті, Қадыр Мырзалиев­тің шаруасы!
Бітпейді. Осы бір дәлел, дәйексіз жалалы сөздер ақыр түбі, айналып ке­ліп, М.Шахановтың өзін табуға тиіс. Бұл арада Қадыр ақын қосақ арасына тір­келіп отыр. М.Шахановтың Желтоқсан қозғалысына қатысты, айныма, тай­ғанақ, ақыр түбі құрдымға батқан баянсыз қызметін ақтап алу, бар кінәні бас­қаға аударып тастау үшін. Бүгінде Қ.Мырза-Әлінің көзі жоқ, көпе-көрнеу жалаға жауап қайтара алмайды. Ал М.Шахановтың жолына батыр Баукеңді құрбанға шалған қалың қауым Қадыр ақынды да қыңқ етпей бере салыпты. Шынымен-ақ осыншама азып-тозға­нымыз ба?!
Өлгендер туралы жалған, тіпті жала­лы естеліктер жазу – бүгінде қазақ әде­бие­тінде кең өріс тапты десек, бұл қо­лай­сыз құбылысқа алғаш дем берген қаламгер – осы Қадырдың өзі болатын. Осы орайда, өмір бойы сыйласып өткен ескі доспен арамызда алалық туып, біраз жерге кетіп қалғанымыз жұртшылыққа белгілі. Тек біз ғана емес, талай қаламгер өз кезінде орынды уәж айтқан. Оның ішінде Сайын Мұратбеков, өлгеніміздің артынан осындай шала жағып, бықсыта берсек, қазақ әдебиеті қандай кепке түспек деп күйінген еді. Енді міне, сол Қадырдың өзінің соңынан жетіпті. Та­балаудың жөні жоқ, және кісілікке жатпас. «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» деген, көпе-көрнеу жалаға ара тұрмасақ, бәрімізге  сын. Жай ғана жала емес, зіл-зардапты, ауыр айып – «билікке сатылып», туған хал­қына опасыздық жасағаннан артық қандай күнә болуы мүмкін?!
Жоқ, Қадыр – шын мәнісінде ел-жұртының айнымас патриоты болатын. Сонау советтік қыспақ заманның өзінде қазақтың сөзін сөйледі, арман-мұратын әйгіледі, ұлттық сананы көтеру, ана тілін ардақтау бағдарында қаншама өтім­ді, үлгілі шығармалар жазды. Пен­де­шілік әркімде бар, алайда ұлттық бағдар мәселесінде Қадырдың жаза басқан жері жоқ, барлық уақытта тура жолдан таймады, иман, сенімінен ай­рылған емес. Ал М.Шаханов дабыралап отырған жағдай – ешқашан өмірде болмаған «Көк-Өгіз» – Жоқ-Өгіздің кезекті бір көрінісі ғана.
Алтынды сары мыс та емес, тіпті, қа­ра темір де емес, шала иленген саз балшық деп жарияласа, оның жауабы айқын. Асылға күйе жұқпайды, негізі берік, ал қандай көң мен қоқыс өзінен өзі тозып, таусылуға тиіс.
М.Шаханов дәп осы ретте айнымас бірлік тапқан өкіметіміз бен жалпы жұртымыздың ұғымында қандай алып тұлға болса да, оның мақтаны мен мерейі жолында Бауыржан Момышұлы мен Қадыр Мырза-Әлі құрбанға шалынар жөні жоқ.

Маусым, 2016.
Америка Құрама Штаттарынан.

 

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір