ЖЫРАУЛЫҚ ПОЭЗИЯНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ
30.10.2015
2728
0

Suiinbai-

(Соңы. Басы өткен санда).

581907_1662600964_8A49B22A-8CB7-4ED4-8DB3-64CF6ADA803F_mw1024_s_nРафат ӘБДІҒҰЛОВ


1847 жылы қазанның 23-інде манап Ор­ман Ниязбековтің Сібір қазақтарының бас­тығына Кенесары Қасымовтың өлімі жай­лы жазған хатында: «…Засим предъяв­ляю Вам, что из рода чапрашты Саврук-кочька, вы­з­вав 12 человек наших под видом посо­льства, передали их Кенесаре на смерть. Глав­ный из них назывался Джаманкара ба­тыр, а другой – сын Бердогожи Булат ба­тыр; с того времени он, действуя с Кенесарой заодно, не удовлетворил нас за умерщвленных куном…», – деп жазған.
Бұл хатқа, т.б. материалдарға қа­ра­ған­да Кенесары өлген кезде Саурық тірі. Сау­рық өмірінің соңғы жылы кейде 1854 жыл деп берілсе, кей материалдарда Кенесарыдан бұрын өлген дейді. Бірақ кейінгі жыл­дары жарыққа шыққан құжат де­рек­теріне қарағанда Саурық Кенесары ж­а­ғында қырғыздарға қарсы соғысқан, қор­шау­ды бұзып шыққан.
М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы 1929 жы­лы бірер рет қойылып, тыйым салынған бо­латын.
Осы пьесаға қатысты талқылаудың хат­та­масында (протокол) Сәкен Сейфуллиннің сөзі бар. Сонда пьесаның бір кемшілігі ре­тін­де кейіпкерлердің ішінде осы өңірдегі ең ірі батыр, Кенесарының соңғы соғысына бел­сенді қатысқан Саурықтың болмауы д­е­ген.
ҚР БҒМ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтының қолжазба қорында 1944 жылы Әбілқасым Ділебаев өткізген «Кенесары қозғалысы туралы» қолжазбада: «Сұраншы Ақынбекұлы Саурық екеуі неме­релес, екеуінің әкелері Стамбек пен Ақын­бек бірге туған адамдар. Сұраншы да кейін Қо­қан бектеріне қарсы күресте қаза тап­қан.
Бұлармен бірге Кенесарының қол­бас­шы­сы болған Шапырашты Бұғыбай батыр, Шы­мырдың Жаңабай руынан шыққан Бай­зақ батыр, Ботбайдың Жанқойлық руынан шыққан Толымбет батыр, Шапырашты Таятай, әуез Атамқұл батырлар болған.
Бұл аталған батырлардың ерліктері жә­не Кенесары туралы халық әңгімелері көп, олар әртүрлі, олардың ішінде алғаным – оқиғаның ішінде болғандардың өз аузынан ес­тігендердің әңгімелері. Онымен қатар, оқи­ғаға қатысқан батырлардың ұрпақ­та­ры­ның әңгімелері…
Кенесарының жеңілуі қалай, қай жерде қол­ға түсуі жөнінде «Колос» колхозының мү­шесі, 63 жастағы Белқожа Жаманбасов бы­лай дейді:
«Соғыстың басынан аяғына дейін Сау­рық­тың қасында болған Таятай батырдың өз аузынан естідім. Қырғыздың Жантайы Сы­патай батыр мен Рүстем төреге сөз са­лып­ты. Қалағаныңды берелік Дулаттың қо­лын қашыр депті.
Кене хан алғаш келгенде Сыпатай батыр мен Рүстем төре барса, хан бас-аяғына жас­тық қойып жатыр екен дейді. Тұрмапты, жа­тып жауаптасыпты. Сонда Сыпатай батыр бұл қай қорлағаны деп өкпелеген екен. Сондықтан манаптардың айтқанына көніп, қолды қашырыпты. Қазақтар Майтөбеден тауға қарай шегініпті. Алмалы мен Суалман сайының қосылған жеріне барғанда Кене хан қолға түсіпті. Хан қолға түскен соң Нау­рыз­бай төре қырғыздарға өзі барыпты. Қал­ған батырлар соғыса-соғыса тау-тасқа шы­ғып құтылыпты. Ішінде біздің ауылдан Тая­тайдың өзінен басқа Саурық, әуез Атам­құл батырлар бар екен. Өштесіп жүрген Сау­рықты кейін қырғыздар өлтіріпті…».
Кенесарымен бірге болған Бұғыбай, Сау­рық, Ағыбай, Байсейіт, Орман, Таятай, т.б. батырлар Кенесары мен Наурызбай қол­ға түскесін ғана шегінген. Олар да қор­шау­да болған (дала жағынан), бірақ та олар со­ғыс арқылы таумен шегінуі мүмкін, өйт­кені, жер ыңғайына (Алмалының) қарағанда, оларды айнала қоршап алды деуге, тіпті, мүм­кіншілік жоқ. Егер Кенесары бір ғана құ­тылудың қамын ойласа, ол жерден қолға түс­пейтіндігін жер ыңғайы көрсетіп тұр.
Саурықтың өлімі жайында. Қырғыздар ар­найы Саурықты өлтіру үшін келмеген. Олай болса Саурықтың ауылын шабуы керек еді. Барымтаға, жылқы алуға келген. Бір­неше кісілердің айтуынша, қазіргі Қа­рақыстақ, Аққайнар ауылын қосып тұрған жол­дан төменгі жазықта жатқан Өтеп руының бір байының жылқысы болу керек. 400-ден 600-ге дейінгі санды айтады. Ел ха­барланғаннан кейін жігіттер артынан қуа­ды. Қарақыстақ өзенінің Тарөткел деген же­рінде жатқан Саурық тірі екен. Дене­сін­дегі найзаны жігіттердің ішіндегі ең жасы Ес­қожаның Болай атасынан шыққан Битан­ға «күнәң аз ғой, сен суыр» дейді. Найзаны суырып алған кезде қансырап қалған батыр өліп кетеді. Ә.Ділебаевтың қолжазба­сын­да қазақ жігіттерінің жылқыны айдап бара жатқан қырғыздарды Шуға жете қуып барып, жылқыны айырып алып, барымташыларды жаяу жібереді. Сендерді жаяу жі­берген соншалықты қандай батыр деп сұ­ра­ған манапқа «Битанқұл» деп жауап бе­­реді. «Құл» дегені қырғыз, қазақта үлкен әйел­ден кейінгі әйелдерден тарағандарды кем­сіту үрдісі болған ғой. Кейін Битан үлкен батыр болады. Ел арасында қырғыздармен тоқал найзамен сайысқа түскен қазақтарды қырғыздың Тістеуік батырымен шыққаны жайында жиі айтылады. Тістеуіктің аты бас­қа екен. Қоян-қолтық жақын жанасып қал­ған қарсыласын көбіне иықтан тістеп лақ­ты­рып жіберетін алып күш иесі екен. Тіс­теуік­пен үлкен бір жиында Битанның ұлы Жы­ланкөз шығады. Жамбылдың Құлмам­бет­пен айтысы бойынша белгілі Құттық­сейіт­тің Құдайбергені Жыланкөзге «жақын кел­ме, алыстан иықтан соғып, қолын түсіріп жі­бер» деп кеңес беріпті. Жыланкөз сол әдіс­пен Тістеуікті жеңіпті.
Кейін Сұраншы бастап барып Саурық үшін үш ердің құнын алыпты. Ә.Ділебаевтың қол­жазбасындағы әңгімені бірдей дерлік Әділ­бек Сүлейменұлы да айтатын.
Сүйінбайдың Саурықпен үнемі қатар жыр­лайтын батыры Сұраншы Ақынбекұлы Сау­рықтың немере інісі. «Алыстан дұшпан аттанса, қар жауғандай бораған, Жақыннан дұшпан аттанса қарт бурадай жараған» Сұ­ран­шы Сүйінбаймен жас жағынан қарайлас, ерлік, елдік ұстанымдары үндес, ауылы қа­тар аралас өскен тұлғалар. Сұраншы жо­рық­тарының бәрінде дерлік Сүйінбай жанында болған. Саурық батыр өлімінен кейін жиырма жылға жуық өмір сүрген Сұран­шы­ның өмірі жайлы деректер молырақ сақ­талған. Ресейдің отарлық әкімшілігінің кан­целяриясы өте мұқият жұмыс істегені бе­лгілі. Осы себепті Сұраншы өмірі жайлы ар­хивтік деректер де баршылық. Сонымен қа­тар, Жамбылдың «Сұраншы батыр» жырын зерттеген әдебиетші, тарихшы ғалым­дар да Сұраншы батыр жайлы көптеген дерек, мәліметтер қалдырды.
Сұраншыны алғаш жырлаған Сүйінбай еке­ні анық. Сүйінбай мен Жамбыл шығар­машылығында Сұраншы туралы жырдың әртүрлі көлемдегі бірнеше нұсқалары бар. Ең шағын үлгісі Сүйінбай мен Қаңтарбайдың ай­тысында Сүйінбай өз кезегінде:
«Сұраншым отыр, міне, судай тасып,
Сарыкемерді жау келіп шапқанында,
Сыпатай босып кеткен шөлге қашып.
«Мың қарғаға – бір кесек» болған кезде,
Сұраншы майдан қылған араласып.
Батырдың ызғарына шыдай алмай,
Далбаңдап Орман қашқан таудан асып.

Сарыкемерге атойлап,
Қоқандар келіп шапқанда,
Дұшпаннан кек ала алмай,
Сені құдай атқанда,
Үйінде тыныш жатқанда,
Қырбасыңның қыздарын
Қызыл нарға мінгізіп,
Жаулар алып қашқанда,
Сұраншы батыр айырып,
Ерлігін сонда білгізген.
Сондағы қорқақ сен едің,
Жауға шапқан мен едім.
Албан, Дулат жиылып.

Сұраншының алдына
Жылап, еңіреп кеп еді… –
дегенде:
«Жығылдым, Сүйінжан, жығылдым, айт­қаныңның бәрі рас», – деп, Қаңтарбай орнынан тұрып тізе бүгіпті.
Бұл айтыстың басы-қасында Сұраншы­мен қатар Сыпатай Әлібекұлының да болға­нын Қаңтарбай кезегіндегі:
«Міне, отыр Сыпатайым он бір батпан,
Дұшпанның ерегіссе көңілі қайтқан.
Болғанмен өзім кедей, ел-жұртым бай,
Жауарбай сексен нарға көген артқан.
Кетпей ме ашуланса Дулат қаптап,
Кетеді қаптаған соң жерге таптап,
Қасқа аттың төбеліндей кедей едің,
Көрпеңді көсілсеңші бойға шақтап…», –
деген жолдар дәлелдейді.
Мұндағы 22 жол мәтінінде Сүйін­байдың Тезек төреге барғанда айтқан, кейін Жамбыл дамыта жырлаған «Сұраншы ба­тыр» жырындағы оқиғалардың бәрі бар. Көлемді нұсқалардың дәл, нақты жоспары сияқты.
Сүйінбайдың жеке жырының 1-бөлімінде Тілеуқабылдың шабылуы 65 жол, 2-бөлі­мін­дегі Сұраншы жау қолынан өлетін Сайрам со­ғысы 97 жол көлемінде суреттелген. Мұн­дағы Сайрамдағы соғыс оқиғасы Жам­был­дың «Сұраншы батыр» жырында жоқ.
Жамбылдың «Сұраншы батыр» жырының экс­позициясы 155 жол көлемінде, Тілеу­қа­был елінің шабылу оқиғасы 730 жол көле­мін­­де жырланған. Жырдың 2-бөлімінде Сұ­раншының қырғыздың Орман ханымен соғысу оқиғасы айтылады. Жамбылдың Сар­баспен айтысының нұсқаларында «Сұ­ран­шы батыр» жырының оқиғасы 144, 220 жол көлемінде айтылады. Жамбылдың өзі жыр ішінде «Сүйекемнің сүресі…» деп ал­ғаш­қы жырлаушы Сүйінбай екенін нақты ай­тып кеткен.
Сұраншы жасағының құрамында не­гі­зінен Шапырашты тайпасының Есқожа руы­ның жігіттері болса, «Сұраншы батыр» жы­рында суреттелген оқиғаларға Сүйінбай мен бауыры Жұмық қатысқан. Тілеуқабыл ауылдарының шабылып қираған орындарын көрген Жұмық «қап, қап, кешігіппіз-ау» деп алақанын қанжармен салып қалып, қанжоса қылған дейді. Дәл осы әңгімені 1925 жылы туған (90 жаста) Екейдің Қосай ата­сынан Орынтай Шәкірғазиев, 1948 жы­лы туған Секен Жылқыбаев, 1965 жылы ту­ған Үсен Дайрабай (бұлар Екейдің Әлти ата­сынан) бірдей дерлік мазмұнда айтады.
Жамбыл туралы өмірбаяндық роман жаз­ған Сапарғали Бегалин Сұраншы әске­рінің бір бөлігін Екей руының жігіттері құра­ғанын айта келіп, Есмағамбет Ысмайылов, Ғали Орманов, т.б. еңбектерінде жиі аталатын Ыбырайым Бейсімбекұлының сөзін келтіріп, сол соғысқа қатысқан Райымбек, Жауғашардың 17 аттың құлағын кескенін ай­тады. Райымбектің бар кінәсі саны аз Екейлігі, болмаса кезіндегі мықты батыр­лардың бірі екендігі жайында деректер ел арасында көп кездеседі. Райымбектен Бейсімбет, Бей­сімбеттен Ыбырайым, Мақыш. Мақыш қазақтың найза ұстаған соңғы батырлары­ның бірі. Екейдің орыс баласы атасынан: 1912 жылы қырғызда Шәбден Жантайұлына ұлан-асыр ас бері­леді. Қазақтың үш жүзіне хабар айтылады. Сонда қазақтан тұқыл най­замен сайысқа Мақыш шығады. 1913 жылы Верный – Алматыда Романовтар әу­ле­­тінің патшалық құруының 300 жылдығына орай мерей­тойлық шаралар өткізіледі. Той бағдар­ламасының этнографиялық бөлі­мін­де сауыт-сайман киген қарулы қазақ батырын көрсету талабына орай Мақышты көр­сетеді. Мақыш Ұзынағаш, Қастек болыс­тарындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көте­рі­лісі басшыларының бірі. 1920 жылы Ұзы­нағашта өткен съезде Қастек (қазіргі Жам­был) ауданының ревкомы болып сай­ланған. Коллективтендіру, конфискациялау заманында тұтқындалып, атылып кеткен. Жам­был ақындығын жоғары бағалаған Өтеп Оңғарбаевтың «Мақыш батыр» атты поэ­масы бар.
Сүйінбай шығармашылығынан үлкен орын алған тұлға – Сарыбай Айдосұлы. Жам­­былдың бір естелігінде: «Бірде ауы­лы­мыз­дың ақсақалы Күртібай, ауылдың бо­лысы Қисыбай және менің ұстазым Сүйінбай төртеуміз Ұзынағаш бекетінен шықтық. Жүре-жүре Сарыбайдың зиратына келдік, қа­сымыздағы екі кісі аттарынан түсе-түсе қалып, бата жасай бастады, сонда Сүйекең ат­тың үстінде тұрып:
Апыр-ау, мынау жатқан Сарыбай ма,
Жолдасы Сүйінбайды танымай ма?!
Абақ пенен Тарақты қосып жеп ең,
Басыңда шулап тұрған малың қайда? –
деп, әзіл аралас осы сөзді айтты да, Сүйе­­кең артынан бата жасады», – дейді. Кеңес кезеңінде осы шумақтың негізінде солақай идеологиялық сын айтылған кез де болды. Ақынның «Сарыбайым» өлеңіндегі:
«Андастың әділдігі жұртқа емес пе?
Үш жүздің бас тәуібі Құртқа емес пе?
Атадан асыл туған ер Саурық
Қырғызбенен қазаққа тұтқа емес пе?
Көсемім Сарыбайым ел құраған,
Дүниенің дөңгелегін тең бұраған.
Екейден бір дана адам шықса деп ем
Құдайым тілеуімді берді емес пе?! –
деген жолдар неге екенін, әдеби танымдық айналымға түспеді.
Энциклопедиялық еңбектерде: «Сарыбай Айдосұлы (1821–1890) батыр, би. Ша­пы­рашты тайпасының Екей руынан. Әкесі Айдос, аталары – Бірімқұл, Ыстыбай да батыр, би болған. Жастайынан ел билігіне ара­ласқан Сарыбай терең ақылымен, адал адам­гершілігімен, өжеттілімен танылып, Сау­рық, Сұраншы батырлардың жанында бол­ған. Қоқан басқыншыларына қарсы кү­ресу мақсатында бастапқыда Ресейдің отар­шылдық әкімшілігін одақтас ретінде қа­былдаған. Ресей үкіметі тарапынан бір­неше рет марапатталған. Верный уезіндегі ең қиын даулы мәселелерді шешетін төбе би болған», – түріндегі мәліметтер береді. Сүйін­байдың өлең-толғауларының, жырла­ры­ның, айтыстарының қойнауларында қаза бер­сең Жетісудың, бүкіл исі қазақтың, қала берсе туысқан қырғыз тарихының сан қат­парлары жатыр. Жырларын, айтыстарын айтпай-ақ  Сарыбайға  арналған бірер ғана өлеңі­нің ар жағында үлкен тарих, ел тағ­ды­ры, кісілік мәселелер жатыр. Әлденеше ро­мандық, әлденеше ғылыми, тарихи мо­ног­рафиялық қазына, қабаттар жатыр. Тірі ке­зінде елдің де, әкімдіктің де құрметіне ие болған, елі әлі күнге дейін қасиет деп басына көтеретін, әруағына табынатын, Сүйін­бай­дың өзі «Екейден бір дана адам шықса деп ем, Құдайым тілеуімді берді емес пе?» дейтін  Сарыбай  Айдосұлы  жайлы  есте­ліктер әлі күнге дейін ел ішінде көп айтылады. С.Бегалин, Е.Ысмайылов, т.б. көп әңгіме­­лерді қағаз бетіне түсіріп кетсе, архив қой­нау­ла­рында да құжат-деректер көп сақталған.
Шамамен 1810–1815 жылдарда Ду­латтың ішіндегі Сексен деген, Сексен мырза деп аталып кеткен өте бай ортадан шық­қан сері жігіт аңшылыққа, құс салуға шы­ғып жоғалып кетеді. Кейін оны Екейдің Әлти атасының жігіттері өлтірген болып шы­ғады. С.Бегалиннің жазуында ағайынды Бәй­бі, Сәйбі деген жігіттер Сексеннің елінен жылқы алып келе жатып Қордайдың бір қиын терең сайында демалып жатқанда бі­реуінің бөркінің төбесі қызыл екен, соған құс түседі. Құстың артынан жолдастарымен Сек­сен келіп қалып, жылқыны танитын бол­ған соң соғыс болып, Сексендерді өлтіріп, сол арадағы суыр індерін кеңейтіп көміп, жа­сырып кеткен дейді. Басқа айтушылардың әң­гімелерде бұл оқиғаны бірде Үшқоңырда, бір­де Талғардың тауында болған Бәйбі жоқ, Сәйбі ғана болған дейді. Бір айтушылар құс киіз үйдің шаңырағына келіп қонған, сү­ліктей сұлу қара ат мінген жігіт келіп құсым­ды әпер дегенде, Сәйбі «Құсыңды мен қон­дыр­ған жоқпын, керек болса өзің ал» дейді. Осыдан ерегіс туып кетіп Сексен өлген. Кей­бір айтушылар Талғардың тауында жаңа­дан сойылып ағаштарға іліп сорғытып қой­ған жылқының етіне түскен дейді. Өлім­нің білініп қалуы жайында да әңгімелер бір­неше нұсқада айтылады.
Білініп қалғаннан кейін билер соты болып, алғашында құндыкерімізді бер, қанға қан дейді. Екейлер амал жоқ бұл билікке көніп, Сәйбіні адамы өлген жаққа беретін күн белгіленеді. Сәйбі бір жақын досының жүй­рік күрең атын құпия сұрап алып, суытып дайындап қояды. Белгіленген күні екей­лер күрең атқа мінген Сәйбіні Сексен­нің еліне қаумалап апарып беріп кері қайтқан кезде Сәйбі ұстамақ болғандардың бірнешеуін аттан құлатып қашып ұстатпай кетеді. Ел арасында Сәйбі содан тоқтамай қытай өтіп кетіпті, сол жақта ұрпағы бар көрінеді деген әңгімелер бар.
Сәйбіден айрылып қалғаннан кейін Сек­сеннің елі қайтадан билер сотын шығарып, құн даулап 400, 500, 600 жылқыдан сексенге үш адамның құнын кеседі. Сексен мен жолдастарының құнын қоса есептеді деген деректер бар.
Екей руы 23 атадан тұрады, кей аталарда қазір 15-20, кей аталарда 100-200 шамасында түтін бар. Бұл аталар Екейдің 4,5-ұрпақтарынан барып басталады. Қазір бұлардың 7,9-ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Әр ұрпақты шамамен 30 жыл деп алғанда, шежірелік деректерге қарағанда 1810–1820 жылдар шамасында 23 атаның әрқай­сысы бірнеше ғана түтіннен болу керек. Аз Екей бұл құнды көтере алмайтын болады. Қатар отырған ағайын рулар Есқожа, Айқым араласпайды.
Ол кезде Екейдің бетке ұстар адамы қазақтың ұлы сазгері Нұрғиса Тілендиевтің үлкен атасы Санбай екен. Өте берік, тілді, өткір Санбай құн сұрап келгендерге «Құндыкеріңді қолыңа бердік қой, енді не қыл дейсің» деп бірер жыл көнбей тұрады. Сол кезде Санбай қайтыс болып дау қайта өршіп, екей бытырайды. Екейдің жеріне есқожалар, дулаттың бір атасы орнығады. Екейлер Оңтүстік Қазақстан, Шымкент, Ташкент маңына дейін, Талдықорған жақ, Іленің, Шудың төмен жағына дейін кетеді. М.Әуезовтің этнографиялық сипаттағы мақалаларында бұрынғы қазақ ауылының құрылымын зерттеп, кірмелердің жағдайын айтып, олардың мал жағынан да, бас жа­ғынан өсімінің төмен болатынын көрсеткен. Сүйінбайдың әкесі де, атасы да бұрыннан Сұраншы, Саурық аталарымен аралас келе жатқандықтан Есқожа руының ішінде қалған. Сарыбайдың аталары Іленің арғы бетіне өтіп, Жалайырдың ішінде Артық батырдың ауылдарында болған. Екейдің бытырауы Сүйінбайдың да, Сарыбайдың да кішкене бала кездері. Іленің сол жақ бетіне орыс келгенде Сарыбай сол жақта. Бала Сарыбай сол кезде орыс тілін үйреніп алған деген деректер бар. Ресей әкімшілігінде беделді болып, Колпаковскиймен жақын­дасуына бір себеп осы болу керек. Екейлер жарты ғасыр шамасында бытырап жүрген. Кейбір деректерде Сарыбайға Шапыраш­тының екейлерді жинау жайында Теке бөлі­мінен шыққан Сатай батыр мен Артық айт­­қан. Орыс  әскерінде Сұраншы жасағын­да болып, Сайрам, Ташкентті алғаннан ке­йін елге келген Сарыбай Екейді жинай бастайды. Бұл кездің әңгімелері ел арасында өте көп сақталған. С.Бегалиннің Жамбыл­дың өмірін зерттеген еңбегінде: «Шудан бергі Жетісу атырабы анықтап орысқа ба­ғы­нып, ел орнығып қоныс тепкен кезде Сарыбай Екейді тегіс шақырады. Әрқай­сысына кісі жібереді. Бұл кезде Жамбылдың әкесі Жапа ағайындарымен Жаныс елінің қадірлі адамы Әшекей ханның ауылының қасында болғанын айтқамыз және Жапа оның інісі Жадыра екеуі де жортарман батыр, мықты жігіттер болғанын біз осы әңгі­ме­нің ішінде айтқамыз. Сол батырлығының арқасында Әшекейге өте қадірлі болып, оларды Әшекей жібермейді.
Әшекейдің қасынан Ыстыбай ауылын яки Жамбылдың әкелерін қадірлеп Жапа, Жадыраларды барып көшіріп қайтуға Сүйінбай барады. Бұл кезде Сүйінбайдың ақын­дық аты шығып, қадірлі кісінің қата­рына қосылып, Екейдің бас көтерер адамы Сарыбаймен тізе қосқан кезі болады», – деп нақты деректер берген.
Екейлерді жинауға Сарыбайдың інісі Саржан елге келісімен Жапа мен Жадыра, Екей­дің Қосай атасынан Жантүгел, Баянай ата­сынан Мұса, Сүйінбайдың бауыры Жұ­мық, т.б. азаматтар үлкен еңбек сіңірді. Екей­лер келе бастағаннан жер мәселесі де қиын­дай түсіп, Сарыбай Верныйдағы орыс әкім­шілігімен келісіп, землемер-топограф алып, ат-көлікпен, азықпен қамтамасыз етіп, бірнеше күн жүріп, Қарғалы өзенімен тік тауға шығып, бұрын Саурықтың кезінде кесілген тау үстіндегі шекарамен жүріп, Қарақыстақ өзенін бойлап төмен түсіп, төменгі жалпақ жатқан даланы басып өтіп Екей­дің жерін анықтаған, құжаттап, топог­рафиялық картаға түсірген. Іздеген адамға бұл құжаттар табылып қалуы мүмкін. Тау­дағы сол кездегі құжат сызбасы қазіргі қа­зақ, қырғыз елінің осы учаскедегі қазіргі ше­карасымен бірдей болу керек.
Осыдан кейін Екейден Күртібай би, Ес­қо­­жадан Құдайберген Құттықсейітұлы Қа­рақыстақ өзенінің бойында белгі тас қой­ған.
Болатбек Нәсенов деген азамат бұрын үлкен қызметтер атқарған, республикадағы ал­дыңғы қатарлы экономист болған. Осы кісі он жылдан астам болды, архив қарап жүр. Алдымен өзінің туған жері Семей об­лы­сының Абай ауданына қатысты архив мате­риалдарын қарап 3-4 том қалың кітап шы­ғарды. Тобықтылардың Шыңғысқа келген кезі, жерге орналасуы, осыдан туған дау­лар, соқтығыстар документальды түрде көз алдыңда сайрап тұр. Осындай материалдар жоңғарлар басылғаннан кейінгі Шапыраштылардың тарихы, қоныстануы жайлы деректер көп және көп мәселенің бетін ашады.
Бір жақсысы, жер дауына қатысты мә­селе аса қатты ушығып, үлкен соғыстар бо­ла қойған жоқ. Қарақыстақ өзені шекара болып, Сарыбай өзенді бойлап Екейдің Әлти, Қосай, Баянай аталарын отырғызды. Екей Бәйімбет, Жәрімбет деп екіге бөлінеді. Жәрімбет төрт әйел алған. Бәйбішеден тара­ғандар көп өсіп қазір оннан астам ата, үш тоқалдан тараған Әлти, Қосай, Баянайлар еті тірі, жауынгер болғандықтан шекара­ға қойған. Жерге таластан бір-ақ соғыс бол­ған сияқты. Есқожа, Екей түгел қатыспа­ған, жапсарлас отырған аталар беттес­кен.
Осы қақтығыстың себебі, барысы жайында біраз айтушылардан әңгімелер естіп жазып алған едім. Екейлер мен Есқожалар жағының ауыздарынан шыққан сөз бірдей дерлік. Қазақы мінез, этиканы көр­сететін көптеген қызық мысалдар кездеседі. Қа­зіргі Саурық батыр, бұрынғы Кө­көзек ауы­лының жоғарғы жағында бол­ған соғыста бір қартаң Екей қарсы келіп қалған өзіне құдалығы бар бір Ес­қо­жаның жігітін жақын көріп тайқып бара жат­қанда анау сойылмен салып қалыпты. Бұған ашуланған Екей бұрылып барып құда­сын аттан жұлып түсіріп, бауыздамақ бол­ғанын байқаған Екейдің басқа бір жігіті үс­теріне құлап түсіп, «Құдаң ғой, мұны бауыз­­дағанша мені бауызда» деп үстіне жа­тып алыпты. Есіне көп әң­гіме-шежіре сақтаған Сәрсенбаев Райыс (1943) деген кісімен жақында ғана сөйлес­кенде талай қы­зықты деректер естіп, «Сол соғыста қо­сай­дың қыздары да шаштарын түйіп, бөрік­тің астына тығып алып жігіттер­мен бірдей қа­тысыпты» дегенге таңғалып едім. Жарты ға­сыр кірмеліктің қорлығын көрген Екей­лер­­ге шегінер жердің жоқтығы қатты әсер еткен сыңайлы.
Осы соғыстан кейін Сарыбай Айдосұлы Ұзы­нағаштан солдат апарып Есқожаның биі Андас Стамбекұлын жаяу айдатады. Сары­байға бұдан басқа амал жоқ болатын. Әйт­пе­се жер үшін соғыстар жалғаса беруі анық.
Андас датқа өте толық адам екен. Есқо­жалар солдаттарға бата алмай Өтеп руының адамы Нартайлаққа «Сарыбаймен дос едің ғой, барып Андасты ажыратып ал» деп өті­неді. Нартайлақ тікелей Сарыбайға бара алмай Сүйінбайға келіп «Өкпеге қисақ та өлім­ге қимайтын қазақпыз ғой, енді өзіңнің қа­тарың, арыстай азаматыңды өлтіресің бе. Сарыбайға осыны айт. Басқаның тілі өт­пе­се де сенің тілің өтеді», – дейді. Сүйінбай арт­тарынан шауып шығып Қаракөтермеде қуып же­теді.
Ей, Сарыбай, Сарыбай,
Сөзімнің түсін мәнін-ай.
Хан Кәшкемен қағысып,
Қарамайсың әліңе-ай.

Сұраншының барында,
Ата жаумен айқасып,
Бірлік үшін шайқасып,
Алып едің жаныңа-ай.
Дүниеден батыр өткен соң,
Айтқаныңнан адасып,
Есқожамен санасып,
Жайлауын сұрап отырсың,
Халықтан шыққан «данасып».
Бұл ісіңді қоймасаң,
Жырақта жалғыз қаларсың,
Текедей кәрі тау асып, –
деген өлеңді Сүйінбай сол Қаракөтермеде айтыпты. Сүйінбайдың сөзіне тоқтап, Сарыбай Андасты босаттырыпты.
Қырғыз, қазаққа, орысқа да сыйлы бол­ған, Шапыраштының төбе биі Сарыбай 1890 жы­лы дүниеден өтіп, «Дала уалаяты» газе­тінде орыс, қазақ тілінде көлемді некролог беріліпті.
Сүйінбай шығармашылығында қазақ та­рихының мәселелері тұнып тұр. Тарихи оқи­ғаларға ұлы жырау жыраулық тұрғыдан ба­ға беруден ауытқымай өткен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір