АҚЫЛМАН АБЫЗ
25.01.2019
1168
0

Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ

(Жазушы Әдіһам Шілтерхановтың рухымен сырласу)

Қанша қашықтасам да көңілден өшпейтін, жұмсара жалынсам да естеліктердің елес елінен бермен қарай көшпейтін жақсы күндерімді, жасыл жылдарымды сағындым. Бір түндіктің астында түтін түтетпесек те, ол кезде қасымда сегіз қырлы, сексен сырлы сіз барсыз. Жаратушы Жаббар Ием өзіңізді тоқсан төрт жасыңызда жалғанның жүрдек пойызынан Мәңгілік бекетіне түсірген соң, қайғымның қара тұманы қалыңдады. Сіз абыз едіңіз. Ана сүтін ақтадыңыз, сабырлылықпен ел сенімінен шықтыңыз. Адамгершілігіңізге, ар-ұятыңызға қылау қондырмадыңыз. Мазар басындағы таскерең тыныштық еңсемді езіп, Қасым Аманжоловтың «Күзетіп екі дүние босағасын, Мүлгіген мылқау, меңіреу тұрар бейіт» дегенін іштей қайталадым. Содан соң Нәмет Сүлейменовтің «Туған жер» өлеңінің төрт тармағы жадымда жаңғырықты: «Таңым да сенде атады, Күнім де сенде батады. Өлсем де мені жер-анам, Құшақтап сүйіп жатады».

Ұлы Отан соғысы басталғанда бозым екен­сіз. Боздақтарды бордай етпекке бора­ған оқтан бетіңіз қайтпапты. Қырмызы қы­зыл жібектей бозбалалығыңыз қан ке­шіп, майданда мертігіпті. Кітаптарыңыз­дан көз жеткізгенмін. Қиян-кескі ұрыстың қиянатты шетін жолдарындағы алмағайып қатерлермен қыспақтасқан, оттай орақшы, жау­дай қарақшы, қабағы қатыңқы, түсі суық уақыттағы буыны бекімей шығынға шық­қан жастық шағыңыз туралы айта бер­мей­тінсіз. Қазбалап сұрап ем:
– Сол соғысқа біз ғана қатысыппыз ба? Майдан даласында жылқының жылағанын, аш өгіздің қару тиел­ген арбаны сүйрей алмай діңкелей құ­лағанын, беліне мина бай­лаған иттердің танк астында ажал құш­қа­нын, аң-құстар­дың да оққа ұшқанын көр­дім. Дарақылықты дарға асқандай, «басқа салды, біз көндік», – деп қабағы­ңыз­дан қырау қыламытып, кірпігіңізден мұз тоңазып отырдыңыз. Дана кісі айтқандай, бір күндік қасірет бес жыл­дық өмірді қысқартатыны рас шығар. Ойлап қарасам, жақсылығын жалпақ жұртқа жарияламайтын, даң қылмайтын, жаратылысы жарытымды жауынгерлердің жиынтық бейнесі іс­петті екенсіз. Ауыр жарақатыңыз­дан әскери госпитальда ұзақ емделгенді­гіңіз­ден шығар, сізден йодталған мұңның демі, дені даналық сезілетін.
Енді өзім байқаған жәйттердің басын қайырайын. Кейбіреулердің сүреңсалғыш­тығы, білгішсымақтардың жұттан шыққан жұрындай білгірсуі біртоға мінезіңіздің, ұлағатты ұстанымыңыздың уысында сы­ғым­дала сұйылып, сүт пісірімге жетпей-ақ сү­мең­дейтін. Суырыла сөйлеген сәттеріңіз­де сужұқпастар қанын ішіне тарта сұрғылт­тана­тын. Алатаудай айбыныңызбен жүген­сіз жұлымырлардың, айтқанға көнбейтін, жөнге жүрмейтіндердің талайын жұлындай ұшырдыңыз. Орынсыз жерде желімдей жа­бы­сатындардың желігін ерніңіздің емеу­ріні­мен бастыңыз. Бұлғақ құйрыққа салынатын алдамыштардың алқымынан ал­ма­­саңыз да, орағыта омыраулаған әң­гі­ме­леріңізбен апшысын қуырып, тәубесіне тү­сіретінсіз. Кез келгеннің керегесін кертуге даяр кердең мойын есірікті талға таңба­са­ңыз да, кесімді сөзіңізбен сүйегі терісіне жабысқан кесік құлақ құлға айналдыр­ғандай майрылтып, өз есінің есігінде тірі­дей өлтір­ге­ніңіз де есімде. Өңеш соза өзеу­регеніңізді, да­уыс көтергеніңізді байқа­маппын. Қа­ра­пайым сөздің өзін ішкі қуатыңызбен нұр­ландырып жіберетінсіз.

…….


(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір