Ақындығы азаматтыққа астасқан
11.12.2018
1073
0

Рахым Балабиев туралы үзік сыр

Әдебиет әлеміне қаламгерлер әртүрлі жолмен келетіні аян. Бірі ананың ақ сүтімен дарыған тума талантын өрістетуге келсе, бірі ізденіп, еңбектеніп өз дарынын дамытады. Тәңірінің берген қабілет-қарымымен татымды шығармалар тудырады.

Қойнауы қазбаға толы, атырабы сыңсыған тылсым сырға тұн­ған Теріскейден талай майталмандар өмірге келіп, әдебиетке зор үлес қосқаны белгілі. Олар­дың ішінде Асқар Сүлейменовті, Тәкен Әлімқұловты, Бәтима Батырбекованы ерекше атауға болады. Осы топырақта дарынды аға­­лар­дың ізін өкшелеп Рахым Балабиев те дүниеге келген. Әр адам­ның болмысы туған топыра­ғына, оның табиғатына тартады деген рас болса керек. Кісілік кел­беті бөлек, жүрегі жылы, сары алтындай сабырлы Рахым ағаның рухани образы Теріскейдің жұм­бақ табиғатына ұқсайды. Қоғам­дағы өз орнын бағалайды, елдің мәдени-рухани өміріне белсене араласады, жығылғанды жылы жүрегімен сүйейді, болашаққа зор сенім артады.
Еңбек жолын көлікпен жүк та­сымалдаудан бастағанда, иірі­ліп келетін өлең жолдарын қойын дәптеріне түсіріп жүретін. Алғаш­қыда өлеңді жан дүниесін ты­ныш­тан­дыру үшін жазып жүрмін деп ойлайтын. Кейін өлеңнің өзі ақынның өмірмен өріліп жатқан ойларының философиялық түйін­дері екенін ұққан соң, шы­ғар­машылыққа кең қадам басады. Поэзия ақынның жанына, шығармашылығына дем беретін, адамды армандарға жетелейтін, жүрекке сұлу сезімдер ұялататын қасиетті құбылыс екенін ұғынған сайын, өлеңнің қайнар бұлағына тапжылмай бас қояды. Уақыт өткен сайын жырға ғашық жүрегі дауылы мен шуағы мол өмірге шексіз сүйіспеншілікпен қарай­ды. Түркістан облысының Түлкі­бас ауданында, сосын Кентау қала­сында жүк тасымалдау меке­месін басқара жүріп, жұбайымен бірге отбасындағы жеті баланы асырап жеткізді. Балаларын заман талабына сай кәсіпке баулыды. Өмірге қанат қағып, әр салаға кеткен кезде де, оларға тіршіліктің қыр-сырын үйретуден әсте жа­лық­пайды. Өмірдің қиын кезең­де­рінде де қаламын қолынан тас­тамады.
Тірлікте қайда қадам басса да, оны өлеңнің құдіретті киесі желеп-жебеп жүргендей көрінеді. Абыройлы еңбек жолы, ұрпақ тәрбиесі, әдебиетке адал қызметі, хақ алдындағы ислами парыз­да­рының тіні – көзге байқалмас өлең иірімдерімен сабақтасып жатқандай. Оның «Төскейсаз», «Жан сыры», «Екі дүние нұры» ат­ты жинақтарында рухани әлемі­нің поэзиядан күш алып, қоғамға өз жемісін беріп жүргеніне куә боламыз. Ол ақындығымен ғана емес, сазгерлігімен де елге таныл­ған өнер иесі. Сөзін де, әнін де өзі жазған «Неге, неге?», «Созағым», «Әке мен ана», «Сағындым сені», «Қа­зақтың жігіттері», «Кентау», т.б. әндерін қазақ эстрадасының жұл­дыздары жиі шырқап жүр. Осы әндерге он шақты бейнебаян түсір­ген.
Рахым Балабиев кенді қалада жас ақындарды әдебиетке баулып қана қоймай, ислам жолына түскен жандарға шапағатын төгіп, отбасымен жұмыла ұйымдасып, Кентау қаласында жеті мұнаралы «Балаби қары» атындағы үлкен мешіт пен медресе салып, елге ас берді. Мешіт пен медресенің салтанатты ашылу рәсімі Кентау қаласының 60 жылдығы мерейтойында өткізілді. Оны сол кезде бас мүфти Ержан қажы Малға­ж­-
ұ­лының өзі келіп ашты.
Самарқанд медресесін бітіріп, елге діни сауатымен танылған әке­сі Балаби дүние салғанда, Рахым аға небәрі 8-9 жаста екен. Ау­ру­шаң анасы Тотыкүлдің қо­лына қарап қалған бауырларымен бірге небір қиын күндерді бастан кешеді. Жақсы адамдардың арқасында өсіп жетіледі. Азамат болып атқа қонған шағынан бас­тап, жақсылықтың қайтарымын қайырымды істерімен сабақтап, мұқтаж жандарға көмек көрсетуді азаматтық борышына айналдырды.
Ал, Рахым Базаргелдіұлының қазақ әдебиетіндегі алатын орны бір төбе. Қазіргі таңда Кентау қаласында өзі ашқан «Қаратау тәжі» әдеби бірлестігін басқаруда. Қаладағы ақын-жазушылардың басын біріктіріп, шығарма­шы­лық­ты қолдауға ұйытқы болуда. Әде­биет есігін енді ашқан жас буын­ға жол сілтеп, парасатты тәр­бие беруде. Алақандай Кентауда әдебиеттің шағын отауын тігіп, жас талапкерлердің жүрегіне өлеңнің отын жағып жүрген аға­мыз бүгінге дейін 14 жыр жинағын жарыққа шығарыпты. Ол – ҚР-ның мәдениет қайраткері, Қа­зақ­с­тан Жазушылар одағының мү­шесі, Кентау қаласының Құрметті аза­маты. Оның қазақ поэзия­сын­дағы қаламгерлік еңбегі жоғары бағаланып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды.
Қайырымды істерімен жүрек­терді сүйсіндіріп жүрген абыз ақын сексеннің сеңгіріне келіпті. Айналасындағыларға жүрек жылуын төккен, жас өскінді мейі­рімге бөлеген, асыл жары – Салиха апаймен бірге ұл-қыздарының бәрін адамгершілігі мол, білімді азамат етіп тәрбиелеген ақын Рахым Балабиев елдің алғысына бөленген бақытты жан. Ұл-қыз­да­ры бүгінде белгілі кәсіпкер, депутат, дәрігер лауазымдарымен халық­қа қызмет етуде.
Поэзия парасаты қашан да биіктерге бастайтыны рас.

Ділдәгүл Нұрмаханбет
Түркістан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір