Абдрахман Асылбек

0
108 қаралды

Қазақстан жұртшылығы, қазақ әдебиеті мен руханияты ауыр қазаға душар болды. 81 жасқа қараған шағында көр­некті ақын, аудармашы Абдрах­ман Асылбек дүниеден озды.
Абдрахман Асылбек 1938 жылы 1 мамырда Жамбыл об­лы­сының Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында туған. ҚазПИ-дің тарих-фило-логия факультетін бітіргеннен кейін мектепте мұғалім болған. Аспи­рантурада оқыған, облыс­тық газетте, республи­ка­лық Қазақ радиосында, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мем­ле­кет­тік комитетінде қызмет жаса­ған. Сондай-ақ, «Жазу­шы», «Жа­лын» баспаларында, Қазақстан Жазушылар одағын­дағы көр­кем әдебиетті насихаттау бюросында, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық бөлімшесінде, республикалық «Әділет», «Мәдениет», «Заң», «Көзқарас» газеттерінде қызмет істеген. «Заңгер» журналында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, ҚР Бас Про­куратурасының «Құқықтық Қазақстан» газетінің Бас редакторы болған.
1955 жылы «Бейбітшілік бақшасы», «Жауды аяған жаралы» сияқты тырнақалды шығармалары басылған. Балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарықа шыққан.
Содан бергі уақытта отыздан аса жыр кітабы оқырманға жол тартқан. Сатира және аударма жанрларымен де айналысқан. Біршама әдеби байқаулардың жеңімпазы, жүлдегері болған. Сондай-ақ, қазақ эстрадасында шырқалып жүрген, халықтың жүрегінде жатталып қалған көптеген ән мәтіндерінің авторы.
«Жапырақтар», «Қиял қиясында», «Алтын дән», «Алатау аясында», «Ғажап бала», «Балам туралы баллада», «Әлемге үні тараған», «Көкорай көктем», «Түрлі-түрлі бала бар», «Туысыңды таптың ба?», «Светофор сыры», «Алтын арай», «Ерден атайдың ертегілері», «Достық балладасы», «Байқа, балақай», «Бәйшешектер», «Хантау қойнауында», «Ақ тілек», «За тучами – солнце», «Сауысқанның сәлемі», «Сыйқырлы сыбызғы», «Ақ моншақты аруым», «Шапағат шуағы», «Балбұлақ», «Айдай сұлу аруым», «Әнші бала», «Сүйеді екем», «Биназар батыр», «Байғозы батыр», «Құранға құрмет», т.б. кітаптары жарық көрген.
Абдрахман Асылбектің 80 жылдық мерейтойында «Қасиетті құран – мәңгілік мұраң» деген тәржімасы жарық көріп, тұсауы кесілген болатын.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқының руханиятына аянбай еңбек еткен еліміздің абыз ақсақалы Абдрахман Асылбектің жарқын бейнесі ел жадында ұзақ сақталатын болады.

Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының секретариаты


Енді, өзім өмірден өткенше сағынатын болдым…

Мен іссапармен Астанада жүр­ге­німде қазақтың үлкен жүректі ақыны Әбірахман Асылбеков ағам өмірден өтіпті. Қоштасып, топырақ сала алмадым.
Осыдан көп жылдар бұрын, «Заң газеті» басылымында қызмет етіп жүрген кезім. Мақаланы да өндіріп жазып, салалық журналистиканың бірі саналатын заң тақырыбына төселіп те қалғанмын. Бізбен бірге, үлкендерден Әбдірахман Асылбеков аға қызмет етеді. О кісі де өз ісінің маманы. Заң саласындағы қандай да болмасын тақырыпқа еркін көсіледі. Қолымыз қалт етсе Әбекең және бірлі-екілі жас журналистер шахмат ойнаймыз. Сондай күндердің бірінде ағам екеуміз ойнайтын болдық шахматты. Ойынға кірісердің алдын­да, шахмат тастарын тігіп жатып, сәл-пәл бөсіңкіреп; «Әбдірахман аға, бүгін Сізбен шахматты жарты ақы­лым­мен ойнаймын. Әйтпесе, ұтылып қала бересіз,» – демеймін бе, кеу­дем­ді жел керіп! Шынымды айтсам, өзімше ол кісіні қатырдым деп отыр­мын. Айналамыздағылар күлісіп алды. Сол кезде Әбдірахман ағам­ның; «Несі бар, Аманхан, бар ақы­лың­мен ойнайсың, дә! Жоқ нәрсені қайдан аласың?!» деп салғаны. Ба­ғанағы күлкі күлкі ме, жастар жағы қырылып қалды, күлкіден! Мен тұрып, ағамның қолын алдым. Міне, біздің ағалармен ойын-күлкі, әзілі­міздің осындай да түрі болған. Оны қазір ерекше ілтипатпен еске ала­мын. Бір қалада жүрсек те, сирек кездесетін Әбдірахман ағамды қарап жүріп сағынушы едім. Енді, оны өзім өмірден өткенше сағынатын болдым. Ағамды соңғы сапарына, мәңгілік мекеніне шығарып сала алмадым. Өкінішті! Бірақ, Алланың жазғанына амал жоқ. Көнесің. Көндігесің.
Жатқан жеріңіз жайлы, топыра­ғы­ңыз торқа, Алла, жаныңызға жән­нәтті жазсын Әбдірахман аға!

Аманхан Әлім

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.