Дана АСЫЛБЕК. ЛАЙ-ДЕВАЙС
02.09.2021
4543
0

 

«Жас тұлпардың» бұл санында жас авторлардың өлеңдері мен әңгімесін оларға жазылған сынмен қатар жариялап отырмыз. Бұрын соңды еш жерде жарық көрмеген туындыларын автордың есім-сойы мен жасын жасырын қалдырып, сыншы, әдебиетші жастарға ұсындық. Мақсатымыз сыншы қауымның пікірін бүкпесіз, ашық айтуына жағдай туғызу еді. Бұл – қаламгер жастарға ғана емес, жас сыншыларға да сын болғаны сөзсіз. Редакция тарапынан туындылар мен сын-пікірлерді барынша өзгерпей, сол күйінде қалдыруға тырысқанымызды айта кетуіміз керек.

Дана Асылбек. Лай-ДЕВАЙС

Таңертең ұшақтан қалып қоятындай ертерек әуежайға жеттім. Адам көп. Әр жерде сөмке құшақтап ұйықтаған жолаушылар. Отырғызу басталғанда орын таппай қалатындай жүгірген, асыққан, аптыққан адамдардың артынан еріп отырдым.

Терезе тұсқа отырып жерді бақылағым келіп еді, мүмкін болмады. Ол орын орта жастағы бір ер кісіге бұйырыпты. Өзі бір іскерлік жиынға қатысатын адам секілді сықиып киініп алыпты. Бірақ өте ұқыпсыздау сияқты көрінді. Ол маған маңғаздана қарап, сөйлей бастады. Өзінің еңбек арқылы ғылыми жетістіктерге жеткенін айтты. Тіпті өз атына патенттеген өнер табыстары да көп екен. Әжетхана қағазын жыртатын, қолың су кезде қаптаманың сыртын ашып беретін, тіпті дәрет алуға көмектесетін құралды да ойлап тауыпты. Соңғы айтқан құралын бір компаниямен бірігіп жарыққа шығармақ ниеті бар екен. Себебі, халық арасында жүргізген сауалнамаға сәйкес, көбі «бұл құрылғыны сөзсіз сатып аламын» деген көрінеді. Айта берсе, ерсі бірдеңелер ойлап шығара беретін адам екенін байқадым. «Қалайша осындай адам терезе тұсқа отыра алады екен?» деп ойланып кеттім.

Адамдар толық жиналды. Бәрі отырды. Балалардың мазасыз жылай беруі мен жанымдағы біртүрлі ғалымның әңгімелері менің жайлылығыма кедергі келтіре бергені болмаса, ұшақ өте ыңғайлы екен. Ол ғылымдағы бәсекелестері туралы әңгімесін айтып, бір сәттік жайлы ортаны бұза берді. Әсіресе, бұның жас кезінде үлкен профессорлар оны менсінбей, жұмыстарын шетке ысыра беріпті. Осыдан қайраттанған ол өзіне арнайы лаборатория жасап, сонда іс атқара бастапты. Мұның бәрі мені мезі қыла бастады. Оның біліктілігін тексергім кеп барады.

– Сіз ұшақ құрылысы туралы жақсы білетін шығарсыз?

– Әрине, мен дәл осы ұшақты шашып тастап, қайта құрастыра да аламын.

– Онда мені мұқият тыңдаңыз. Негізі бұл ұшақтың лай-девайсы жоқ екен.

Ол түсінбей қарап қалды.

– Қалай сонда?

– Естуімше, біз отырған сол жақ қанатқа лай-девайс салынбаған. Бұған не дейсіз?

– О, жоқ!

Айқайлап жібергеніне қарағанда қатты таңғалды. Енді менің ақылдылығыма басын иіп, орнын босатып беретін шығар.

– Жоқ, мүмкін емес.

Орнынан атып тұрды. О, міне, менің аяулы орным босады.

– Мүмкін емес! Болмайды! Жоқ!

Енді орныңды маған босат демек едім, жұрттың көзі бізде екенін байқадым. Мына ғалымсымақ неге сонша дабыр қағып жатыр? Жай ғана «мына жерге сіз отырыңыз, ұлы ғалымым» дей салмай ма?

– Бұл ұшақ қалайша лай-девайссыз ұшып бара жатыр? Бортсеріктер қайда қарап отыр?

Бәрі бізге бедірейіп қарап отыр. Бортсерік жанымызға жақындап, түк түсінбегендей, аңтарылып қалды. Менің орын ауыстырғым келгенін білер болса, мұныңыз заң бұзушылық десе қайтемін? Бірақ орын ауыстыруда тұрған не бар?

– Кешіріңіз, мырза, орныңызға отырыңыз.

«Мен әзер босатып алдым ғой. Отырмасын!»

– Мырза, орныңызға отырып, белдігіңізді тағыңыз. Қауіпті аймақтамыз.

Ол бортсерікке жабыса кетті:

– Қауіпті аймақ деп мені тыныштандырмаңдар! Бұл ұшақта лай-девайс жоқ екен ғой!
«Керемет! Енді қай жақта екенін айтсаңшы».

– Ол тіпті сол жақ қанатта жоқ екен. Неге мұны жолаушыларға ескертпейсіздер?

Осы кезде сол жақ қанатта отырғандардың бәрі орнынан атып тұрып, жамырай бастады.

– Не дейді?

– Қалайша?

– Енді ұшақ құлай ма?

– Ұшақты тоқтатыңдар, мен түсемін!

– Мен де!

Бәрі быт-шыт болды. Жанымдағы бұл былығымен қоймай тағы да:

– Сендердің компанияларыңды сотқа беру керек! Сапасыз ұшақтарды халыққа ұсынып отырсыңдар, – деп айғайға басты.

Жолаушылар түгел шулап қоя берді.

– Халықтың жағдайын неге ойламайсыңдар?

– Бізді өлтіруге тапсырыс түсті ме?

– Сендер қашан біздің жайымызды ойлайсыңдар?

– Мүмкін емес, мен сонда туған күнімді тойлай алмаймын ба?

– Уау, туған күніңізбен!

– Рақмет, бірақ тойлап үлгермейтін сияқтымын.

Бортсеріктер түсінбей жан-жаққа қарап:

– Тынышталыңыздар! Орындарыңызға отырыңыздар. Біз қауіпсіздік шараларын қарастырамыз.

Ғалым аяғымды басып, ортаға қарай өтті. Бортсеріктерге жақындап өзінің білікті ғалым екенін, дәрет алуға арналған құрылғы жасап шығарғанын, ал ұшақта лай-девайстың жоқтығы өте зиян екенін жеткізіп жатыр. Оның орнынан қашан тұратынын күтіп отырған едім, жайлап барып орнына жайғастым.

Оһ, бұлттар бүгін ерекше. Кескіндері жерден аспанға қарағандай емес, қол созым жерде тұрғандай боп көрінеді. Қаланы жоғарыдан бақыласа, тіпті, әдемі екен ғой. Неткен сұлу көрініс! Атақты суретші картинасындай көз тартады. Бұл сәтті суретке түсіріп алу керек.

Менің есіл-дертім аспанда. Ал мына жақта адамдар бұл сұлулықты бақылауыма кедергі келтіре берді. Бортсеріктер арлы-берлі сабылып жүр. Жан-жаққа қарасам, сол жақ қанаттағылар түгел орнын босатыпты. Тіпті, терезе тұста отырғандар ортаға үймелепті. Ақымақтар! Мына әдемі көріністі тамашалаудан қалай құр қалуға болады?!

Бортсерік тағы көпке қарата сөйледі:

– Құрметті жолаушылар! Қазір ұшақ төтенше жағдайға байланысты қонуына тура келеді. Отырып, белдіктеріңізді тағыңыздар. Өтінеміз, отырыңыздар!

Ғалымсымақ болса, терлеп-тепшіп ұшақтағының бәріне насихатшы миссионерлер секілді:

– Мен ғалыммын. Неше түрлі құрылғылар жасап шығарғанмын. Иә, ұшақта лай-девайстың жоқтығын кештеу білгенімде жайымыз не боларын кім білсін…

Ұшақта кәдімгідей ақырзаман орнады. Қонғанша адамдар Құдайға сыйынып, аман-есен жерді сүюге асықты. Есікке жақындап топырлаған адамдар қауіпсіздік туралы да ұмытып кеткен. Ұшаққа мінгеннен жылаған балалар одан бетер боздап жатыр.

Ал мен қуаныштымын. Аспанның сұлулығын асықпай тамашалап үлгердім. Әрине, айналадағы у-шуды есепке алмағанда, ләззат ала алдым.

Ұшақ қонды. Ешкім пилотқа шапалақ ұрмады. Жұртщылық жарысып жерге түсті. Бәрі жылап жүр. «Шүкір» деп жүр. Қуанып жүр. Бірі жерді сүйіп жатыр.  Ғалымымыз екі қолын бұлғап, жұрттан алғыс жинап, ұшақтан соңғы боп түсті. Ал әуежай ұшақтан бетер шулы. Журналисттер қаптап кеткен. Бірі қақшиып тұрып алып «стендап» айтып жатыр: «…ұшағының сол жақ қанатында лай-девайс жоқ екендігі мәлім болды. Ұшақ қайтадан жерге жедел қонуына тура келді. Зардап шеккендер жоқ. Енді ұшақ сараптамаға жіберілетін болады. Компания жолаушылардың ақшасын қайтарып беруге уәде берді».

Осылай біз жетер жерімізге жетпей, орта жолда қалдық. Бәрінің аузында –  лай-девайстың жоқтығы. Негізі сол «lie-device» дегеннің аты айтып тұрғандай, мүлдем жоқ нәрсе, ұшаққа да, сол жақ қанатқа да қатысы жоқ. Жай бір сандырақ қана. Енді байғұс ғалымсымақ дәрет алуға арналған құрылғысын шығарып үлгермей, жалған ақпарат таратып, адамдарды дүрліктіргені үшін сотталатын шығар. Ал мен сұлу табиғат әлемін аспаннан тамашалап үлгердім.


АДАСҚАН КЕЙІПКЕРМЕН ҰШЫРАСУ

Сөзді әуелі «Тәп-тәуір, жинақы әңгіме оқыдым» деп бастауға немесе көңіл сергітерлік шағын экскурсияда болдым деп мақтауға болады. Бірақ көзімізге түскен кемшіліктерді де атап көрсетуді жөн көрдік.

Шығарма біз оқып жүрген дәстүрлі прозадан алыс. Чеховтық кейіпкер жасау үлгісі, диалогтардың бірден процеске түсуі – бізден бір деталға ғана назар аударуды талап етеді. Яғни антогонистің мақсатына. Оқырман соңына дейін «оның мақсаты қандай?» деген сұрақпен ғана отырады. Ал жақсы жазушы, соның ішінде кәсіби жазушы бір мотивке ғана әңгіме жазбаса керек-ті. Осы тұрғыдан тағы бір-екі кульминацияның орны үңірейіп тұр. Жоғарыда айтқандай, А.Чеховтың «Шенуніктің ажалы» немесе «Құндақтағы адам» әңгімелерінде кездесетін догматик кейіпкер осы жерде де бой көрсеткен. Тек сеттинг бөлек, дәуір басқа. «Уақыттан адасқан кейіпкер» (О.Мендельштам) қалыбына түскен.

Шығарма қай типке жатады? Әңгіме ме, әлде новелла ма? Оқырман көзқарасында туындының жанры маңызды болмауы мүмкін, алайда мәтіндік талдау үшін бұл – басты аспектілердің бірі. Шығарманың бұрылыстары мен тосын конфликтерін ескере отырып новелла деп айтуға толық негіз бар. Бірақ идеялық құрылымына қарап, туындыны нақты қысқа әңгімелер үлгісіне де жатқыза алмадық. Шығарманың құрылымы прозадан гөрі драматургиялық структураға әлдеқайда жақын. Сеттинг, «үш таған», екі басты кейіпкер (антогонист және протогонист) арасындағы конфликт – барлығы қойылым үлгісіне жататын ескі тәсіл. Прозалық деңгейде көп дүние ескерілмеген, «басталуы мен аяқталуына ғана арқа сүйеген бе» деген ойда қаласыз. Дегенмен шығармадағы диалогтар бұл олқылықтың орнын сәл де болсын толтырғандай. К.Юнгша айтсақ, «кейіпкердің көлеңке жағын көрсеткен».

Асығыстық басым. Шығарма психологиялық әжуаға негізделген соң ішкі конфликті тағы тереңдету жетіспейді. Автор өз шығармасын экраннан көріп отырған сияқты жазады. Бұлайша жазуды әдетте драматургтердің қолтаңбасынан жиі байқаймыз. Кино тілі, сахна тілі, әрине, жаман емес. Бірақ шығарманың көтерген жүгі ауыр болған соң, әдеби тілдік норма сақталғаны да артық болмас еді.

«Лай-девайс» – символикалық туынды. Қара-әжуаға негізделген психологиялық шығарма. Қазіргі қазақ әдебиетіне осындай туындылардың келуі жақсылықтың нышаны. Алдағы уақытта автор осы тақырып бойынша әлі де көп ізденеді деп сенеміз.

Жантас ЕРКІН, жазушы.

 

«51 МЕН 49!»

 51 «тұтылып», 49 «құтылдым» болмақ емес.  Обьективті интерпретация «қырық тоғыздан» ізденімпаздықты, ал «елу бірден» зор үмітті күтеді һәм сенеді…

Сөз басында бас кейіпкердің мәтіннен бұрын «шоковый» жағдайға ұшырағанын айтқым келеді. Әңгімедегі ситуациялар – салдар ғана.

Мәтіндегі тақырып һәм сюжет мотивировкасы болған «Lie device» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «өтірік құрылғы» деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, кейіпкер қалаған борттың сол жақ тұсында  «өтірік құрылғы» бар делінеді. Егер ұшақтағы «тобыр халық», лидері болған «біртүрлі ғалымды» ұшақпен параллелді түрде салыстырсақ, ҰШАҚ – символды образ, сол жақ тұсты – ЖҮРЕК десем, не дер екенсіз? Мақтаншақтық, әсіреқызыл сөзге еру, реалды қоғамдағы кейбір жағдайлардың себі «lie device» туындатып, мәтіндегі екінші қабат ойды бүркемелеп тұр ма екен?

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жас жазушылардың айрықша кемшілігі – тіл.  Тіл – эволюциялық құбылыс (Ы.Олжай) екеніне дау жоқ. Дегенмен, шұрайлы тіл, көркем тіл – мәтіннің «қарапайымдылығы» деп білемін. Бейтаныс авторға тағар ықыласты сынымыздың бағдары да – осы мәселе. Суреттеу тілі, бейнелеу тілі (айтпақшы, ол бар ма еді?) – жұтаң. Құрылымы – әлсіз. Автордың бірнеше сөйлемге түзетулер енгізгені дұрыс-ақ. Мысалы: «Отырғызу басталғанда орын таппай қалатындай жүгірген, асыққан (?), апттыққан (?) адамдардың артынан еріп (?) отырдым»

Үш бірдей әрекеттті, синонимдерді жазудың қажеті қанша? Бір сөзбен-ақ ситуацияны беруге, эмоциялық реңктің қалыбын бұзбауға болады ғой. Әрі «жүгірген» адамдардың артынан жүгіргені (ермей) де дұрыс-ау.

«…Онда мен мұқият тыңдаңыз. Негізі бұл ұшақтың лай-девайсы салынбаған. Бұған не дейсіз?

– О, жоқ!

– Айқайлап жібергеніне қарағанда қатты таң қалды (?)».

Айғай қорқыныштан туған шығар, бірақ «Таң қалу» контексте ситуацияны дәлелдемейтін эмоция.

«Бортсерік тағы көпке қарата (?) сөйледі»

«Көпке қарата сөйлеу». Ұшақта «көптен» артық «көп» бар ма?

«Ғалымсымақ болса, терлеп-тершіп ұшқатағының бәріне насихатшы миссионерлер (?) секілді». Мұндай жалаң теңеулердің керегі жоқ. Әрі автор ғалым болмысын мәтінде қаншама жерде сипаттады. Ендігі оқырманға белгілі шығар. Миссионер бола ма, аферист бола ма, оның сөздері сол эмоцияны жоғалтпайды.

Шығарманың тағы бір кемшілігі – «әңгімеден» алшақ, «публицистикалық» сарыны. Авторға тілін жетілдіруді, сөйлем құрауды үйреніп, кезекті шығармаларында оқырманның шөлін қандыратындай «төгілуін», әңгіме тізгінін босата көсілуін тілейміз. Өйткені обьективті интерпретация «қырық тоғыздан» ізденімпаздықты, ал «елу бірден» зор үмітті күтеді һәм сенеді…

Ертай БІЛӘЛ, әдебиеттанушы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір