Элегия

0
170 қаралды

«Жас тұлпар» қияға қанат қаққалы, жас ақындардың жауһазын жырлары шығып та үлгерді. Газетіміздің он мыңнан астам таралымы барын ескерсек, жастардың талпынысын үлкен ақындар да қадағалап, оқып, өз пікірлерін білдіріп отырады деуге негіз бар. Яғни, газетімізде шыққан әрбір туынды ескерусіз, көзден таса қалмақ емес. Біз бүгін Аманхан Әлімұлының жас ақын Айдын Байыс жайлы жазған пікірімен қатар бір топ жас ақынның өлеңдерін ұсынып отырмыз.


СӘТ САПАР!

Жас ақын өз буына піскен палаудай ісіп-кеппей, шығармашылық денсаулығы мен тазалығын бұзып алмай, дәл осы бағыт-бағдардағы көркемдік пен суреткерліктің бастауы тіл мен образ, музыканы игерген қазіргі қадыр-қасиетін жоғалтып алмаса, ұзаққа барады. Сосын, маған оның шашыраңқылықтың бастауы — көпсөзділік пен боссөзділіктен ада, жыр жолындағы логикаға негізделген жинақылығы да ұнайды. Меніңше, Айдын Байыс нағыз ақында артық өлең болмауы керектігін сезініп, білетін секілді. Мына өлеңдерінен білімділік пен біліктілікке ден қойған ізденісі де сезіледі. Үлкен жолға түскен ақын, енді, өлеңге үстірт әрі атүсті қарамас деп ойлаймын. Жортқанда жолың болып, жолдасың Қыдыр болсын, жас досым!

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
ақын, М.Мақатаев атындағы
сыйлықтың лауреаты


Айдын Байыс

Элегия

Жаным Балқаш, жағаңа жетсем қазір,
(Жаман ұлың жатырқап кетсең де әзір)
Ертегіде айтылған алтын балық,
Ол да сенің суыңда — тек сонда жүр.

Естіледі ескі әуен кешке мұңлы,
Толқын жұтқан қайықпын ескегімді.
Жағаңа жетсем болды бар арманым,
Жетіп алып білмеймін не істерімді.

Сағынышты шертем бе сол баяғы,
Сағыныштан келемін оңбай әлі.
Толқындарым түнімен тебіреніп,
Қамыс біткен күбірлеп қол жаяды.

Қар жаумай, қазан ұрмай, күз мұңлы өңі,
Күнтізбеде қайық-күн жүзді ілгері.
…Қойыныңда, қайран көл, тұрсам шіркін,
Мойынымды қытықтап қыздың демі.

ҚАЙТҚАН ҚҰСҚА НАЗ

Қай жаққа ұшып барасың, ерке құсым?
Далада қалды ақының өртеп ішін.
Кімге оқимын су жаңа өлеңімді?
Кімге айтамын әжемнің ертегісін?

Күз-арудың айналса жасы мұзға,
Мұңнан мүйіз шықпай ма басымызға?!
Жұмақты іздеп кеттің бе мәңгі жасыл?
Қала берсең жақсы еді-ау қасымызда!

Құлазып, қол бұлғатқан кеш құрысын!
Шақырмай-ақ шалғайдан еш туысың,
Кемпірдей кеттің бе әлде төркіндетіп,
«Қыз-ау» деген жалқы сөз есту үшін?

…Тынық ауа, ымырт, күз, тербейді еппен.
Көз алдымда көп дүние көлбейді өткен.
Жай, әншейін, біреуді еске салдың,
Келемін деп кезінде келмей кеткен.


Айдана Қайсарбекқызы

Алақарақ

Соқыр күн көтерер сәулелі кірпігін,
Бұлттың да мазақтап жыртығын.
Бөтекем босаса –
Қалауым қуаныш,
Қуаныш бір тілім!

Омыртқа орақтай иілер ой орып,
Қиялдың қырында қой өріп.
Кенезем құрғаса –
Қуаныш ұрттауға,
Бермей жүр бой ерік.

Көгерген көбенің қаупіне бермей мән,
Үмітті кәлләлар жөнді ойдан.
Сағыныш сілкісе
Сарғайған сезімнен
Табылар көр қайдан?

Бетпақтау бітіммен беттейтін беткейге,
Жарыместігім де жетпей ме?!
Шешесі дударбас
Сол жетім сәбидің
Көздері көк дей ме?
Сұмдық-ай!

Метро

Жасанды жарықтың саңырау сәулесі
Жалаған рельстің жылтыры көзде ойнап,
Сөзді ойлап кетсем бе
Жоқ әлде,
Оранар бөзді ойлап кетсем бе?!
Қанша азап шексең де
Ойыңда қу тірлік әуресі…

Сезімің ойыншық боп шығар соңында,
Қап-қара әйнектен қадалған көз айтты!
Тез айтты ғұмырдың жалғанын,
Және де
Алдыңда аз уақыт қалғанын…
Танымнан бәрібір танбадың
Өмірдің өтірік жолында…

Аз ғана сезімнен татқың кеп өзіңше
Жұтынып келіп ең еріксіз сапарға.
Жат ол да! Күтіпті кім сені?
Айт кәні?!
Бұл сапар бейбақтың бітпейтін бүрсеңі.
Шайтан да көреді құл сені
Сәжделі пәк кейіп періште көзінше…

Сенімдер, келіңдер, өлім бар, көріңдер,
Беріңдер бір жауап сұраққа мидағы.
Қинады деме сен, ішіме симады.
Ол ол ма?!
Жазықсыз тағдырды жаныма жинады
Солар ғой… өлімге қимады
Тұраққа жыр сіңген жүректің төрін бер?!

Уәделі күн келер, әуелі сын келер
Жыр да өлер жүректер түгелдей тоқтаса.
Тамбаса сол кезде көзімнен көп тамшы
Оқталшы
Тағы да бақытты қылуға?
Бұрынғыдағыдай жалғызым боп қалшы!
Әйтпесе жасымды кім көрер?
Иә, Құдай?!


Нұрбек НҰРЖАН

Бағбан

Сүйегі сықырлап аспанның
Түн жауар ақ жұпар моншақтар…
Жұлдыз кірпігінен жас тамған
жасыл жапыраққа жасқаншақ…

Тамшылар – жұп-жұмсақ, сұп-суық
ойнайды әйнекте жүгіріп.
Көзімнің тентегі тұп тұнық
жылайды кірпікке жығылып.

Бауыры бүлкілдеп ақша бұлт
Ақ көйлек етегін сығады.
Кірпияз гүлдері бақшамның
Қарашы, жасырын жылауын…

Жұбанар,
…тас жүрек емес ем,
Көз жасын себеді бағбаның.
Мен үшін өмір ол – гүл әсем,
Ал гүлдер – бүрлеген ақ жауын…

Кеңістікке ұшқан гүлдерім
құстарға айналып… көзімнің
мөп-мөлдір жастарын бүрке-гін
қауырсындарыңмен сезімге…

Сезінем, бүрлеймін мен сонда
Әр бауда, кірпікте, жүректе…
Бағбанның жасы ағар аспаннан –
гүлдердің қанаты дір етсе…

***

Білесің бе,
мен бүгін күзді көрдім,
Тіпті, қолын ұстадым –
ыстық, нәзік…
Ол да мені таныды.
Түстік.
Тозып
қалған арым аспанға созып қолын,
шыбығынан жанардың түсті солып…
Күз де маған қарады, мен де күзге –
Аяқ астым жапырақ, «пендеміз» деп…
Табан астым созылған алақанға
«тағдыр» деймін –
сарғайған ендігі іздер,
сол бір іздер – жапырақ…
Өңім – қағаз:
Сүйді
қалам-шыбықтың –
ерні боп-боз;
Қоңыр сия, далабы қатып қалған,
Солып қалған не дауа уақыттарға…
Сыбдыр етті, жаны ұшып кетті ме екен.
Талға ілінген сағаттар — жел ұшырған…
Ай-жапырақ сарғайып тал ұшында;
кірпігімнің сүйеніп балконынан
күз қарап тұр көз жасым жан ұшымда…


Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Жатақхана

Болашақтан – бейтаныс, ұрпағымыз,
Босат деп тұр орнымды,
Естідің бе?!
Мұқағали Мақатаев

Сан мұңайтқан, қуантқан һәм күлдірген,
Өзіңе жат боларымды кім білген?!
Жатақханам, төрт жыл тұрған тұрағым,
Саған келіп бөтенсіреп тұрмын мен.

Жаным аңсап осында өткен күнімді,
Тоймай іштім сағыныштай шырынды.
Өзің тұрсың, қайда бірақ қатарым?
Маған таныс жүздер қайда бұрынғы?

Біздің жастық қанатын кең жайғанда,
Жүруші едік тоймай сауық-сайранға.
Бүгін басқа буын кепті, күй кештім –
Шығып қалған балықтайын қайраңға.

Қас қағымда құйып өтер жауындай,
Уақыт жүйрік өте шығар дауылдай.
Қатарым жоқ,
Жатақханам көріндің –
Өзі көшіп, жұрты қалған ауылдай.

…Сезінгенде ауырлығын жүгімнің,
Ақылымның айтқанына жығылдым.
Жатақханам, саған келіп бүгін мен,
Уақыттың тым баянсызын ұғындым.

ОЛ

Сен, мейлі, тарпаңдай бұла бол,
Ақылмен жығады ол.
Тұлпарын тебінген батырдай,
Сын сәтте суырылып шығады ол.

Ақ арман қол бұлғап тұрса алдан,
Ол, тіпті, бұлттардан нұр сауған.
Көктемде жібіген тоңдай боп,
Жүрегі, мінезі жұмсарған.

Парызды, адамдық қарызды,
Есінен шығармас жан ізгі.
Жемісін ұсынып тұрады ол,
Күздегі алма бақ тәрізді.

Бейнесін жазамын:
Дидары – жайдарлы жаз оның.
Орманның ауасы секілді –
Көңілі таза оның.

Ағайын, сипатын біліп ал:
Байлығы – тұмадай тұнық ар.
Сәулемен ойнайтын күміс қар –
Сияқты
Жүзінде нұры бар.

«Құранмен» суарған тамырды,
Тәрк еткен зомбылық, зәбірді.
Бәрінен жоғары санайды ол,
Ақылды, иманды, сабырды.

Шүкірмен атады әр таңы,
Ел үшін бөрідей жортады.
Өйткені,
Ол – кемел мұсылман,
Өйткені ол,
Алладан қорқады.


Сүндет Сейітов

Шыназ

Жағасында Бозсудың мал жүретін,
Жайлы жердің қадірін һәм білетін.
Бергі бетке өтерде сол өзеннің,
Қимай-қимай кеткенмін арғы бетін!

Ағасында елімнің болды — ағалық,
Анасында жерімнің болды — аналық.
Ең соңғы рет еңіреп көшіп өттім,
Жүк көлігін ауылдың жалдап алып.

Отаным-ау, көңілсіз күйге айналған,
Бауырыңа жетелеп, қинайды арман.
Құшағыңа Шыназым басармысың,
Құшағына қазақтың симай қалған.

Өзеніңді мен талай кешіп өтем,
Сағынышым оралмас есіме кем.
Туған елі болғанмен Ержігіттің,
Туған жері болмаса — жетім екен!

Жетім емеспін…

Сыйлық

Айды сыйлай алмайтыным рас енді…
Айды алып берем деген өтірік.
Арусың ғой жалғыз басты, жас өңді,
Ақ бөрідей көп ұлып,
Көк теңіздей көпіріп…

Тұратының маған және күн, айға,
Ұнайды ғой… Құшақтатпай кетесің…
Ай дегенің — нүкте ғана Құдайға,
Ал, мен үшін – зат есім!

Айға қарап отырасың ойланып,
Айға қарағанның көбі жынды емес.
Ал, мен сенің жанарыңа байланып,
Бірде серің, бола салам бірде елес.

Күн көрінсе, ерисің де төгіліп,
Балқып кетер сұлусың ғой себебі.
Ай туғанда барша меңі көрініп,
Жалаңаш қап, өле салғың келеді.

Өлмейсің де… мына қою түн өлмей,
Керексің–ай, түннің де бар керегі…
Алып қалып айға сені жібермей,
Айдың өзін бере салғым келеді…


Бақберген ДАРИҒА

Сенсіз Түркістан

Көктемі де күз сияқты,
Күзі тіптен болмағандай.
Табиғатта біз сияқты,
Жазға қысты жалғағандай.

Адамдары тоқ, тынымды,
Ескі шаһар күрсінеді.
Сенің бұнда жоқтығыңды,
Қайдан ғана білсін елі.

Жаз айының таңы гүлдей,
Қыс болды да тынды бәрі.
Сен жоқ болсаң сәні кірмей,
Кеше аспан шын жылады.

Көктем айтып жатыр әнін,
Көре алмадық жыл құстарды.
Мені қойшы, ақымағым,
Аясаңшы Түркістанды.

Адамдардың көзімен қарасаңыз

Қара түн нұрға айналат
Надандардың көзімен қарасаңыз
Дара шың шылғаудай-ақ.

Дарындының көзімен қарасаңыз
Төбеттер күшік екен.
Қарындының көзімен қарасаңыз
Абай тек мүсін екен.

Боз өкпенің көзімен қарасаңыз
Бұл өмір ойынхана.
Жезөкшенің көзімен қарасаңыз
Махаббат ойын ғана.

Батыр ата көзімен қарасаңыз
Тіршілік майдан білем.
Ақын апа көзімен қарасаңыз…
…(Оны мен қайдан білем).


Азамат ӘБІЛҚАЙЫР

Не айтайын, не дейін тағдырға мен?
жалғыздықты дәл бұлай ән қылмап ем.
Елесіңді іздеймін ескі бақтан,
Жанарымда іркіліп жаңбырлы әлем…

Сынаса да біздерді бүгін Құдай,
Таусылмайық бекерге күнім, бұлай.
Қамсыз, мұңсыз болмайды неге бәрі,
Неге бәрі болмайды бұрынғыдай?!

Мен білдім бе өмірдің кереғарын,
Бұрынғыдай болмайды неге, жаным?
Бәрін, бәрін шегерші кейін қарай,
Өзгертуге өмірді келе ме әлің?

Сол өмірге дұрыс па көне салу?
(Гүлге саусақ созады неге сәуір?)
…Өмір деген — біреуге өлу ғана,
Өмір деген — біреуді көме салу.

Амал таппай, құрыдым тағдырға мен.
Сор, мұңымды дәл бұлай ән қылмап ем.
Көше бойлап тағы да қаңғып жүрмін,
Қайда кетті, біз кешкен сол бір дәурен?

Қайда әкетіп барады дүрмек мынау?
Дүрмек мына бізсіз де гүлдеп тұр-ау.
…Арыла алмай жүргенде күз мұңынан
Көктем келіп қалғанын білмеппін-ау…

***

Жабығып жүрмін, жалығып жүрмін бәрінен,
Жаралы болған жалғыздығымның жарығы ең…
Мұнарлы мұңмен, манаурап көктен жыл құсын,
Қарсы алдым жалғыз тағы мен.

Сағындым сені, сағындым сені, сен күнім!
Жылуын қимас жалған да мені жеңді мұң.
Балқадишасы бұйырмай кеткен кешегі,
Ақан серідей шерлімін!

Сүйдірдің, сүйдім, ұнаттың мен де ұнағам,
Жырақ та қалған жүрегім енді жүр аман.
…Жалғанда мүмкін сағынып, аңсап жүретін
Керек те шығар бір адам.


Біржан АХМЕР

***

Жарығым,
мұнша аяулы болар ма сезім деген?..
сезім деген – сенделген өзім дер ем.
көкжиекке тығылған Күн нұрындай,
ұяласың…
мөлдіреп көзіңде өлең.
Күннің нұры – арыңның шұғыласы,
білем, содан әр сәттің құны басым.
жылылығын сезінсең жүрегіңнің,
ұлылығын бақыттың ұғынасың…
Содан кейін,
жаныңның тыңдашы үнін,
жүректердің сездің бе «ымдасуын»?
ізгі әлемнен,
ал кейде күзгі әлемнен,
іздейді екен құс-көңіл шын ғашығын.
өмір солай, секілді өң мен түсім,
өң мен түстен қалықтап келгенбісің? ..
періштедей жаныңа өлең арнап,
пенде болып күн кешем
мен сен үшін.
Жарығым…

***

Сөз – ғаламнан, ғалам – Хақтан жаралған.
құсни хаттай шимайланған жер беті.
өмір мәні – қара жүрек, ақ арман,
әр күн сайын алмасады келбеті.
пенде дейсің… кімді, нені білмедім,
ақтау үшін бір ғажайып сөз ол да…
сезіндің бе мынау ғажап Түн демін,
сезіндің бе, жүрек соқты ғазалда.
мұң мен шаттық – жаратылыс ділі ме,
жан әлемі – барлығыңның елесі.
керуендеп ой көшетін күніге,
ішімізге үңілмейміз неге осы?..

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.