ЖАРТЫНЫҢ ШАМЫ
16.10.2018
1348
2

Асанқадыр ИСАБЕК

(аңыздар желісімен)

— 1 —

Батыр да ол болмапты жау қашырар,
Ақын да ол болмапты арнасы бар.
Сүйерқұлдың сүткенже баласына
Болған екен әуелден Алласы жар.

Заман, заман, не қилы заман өткен,
Заманға адам түрліше амал еткен.
Қиял құсы жете алмас кезеңдерден
Адам өтіп,
Аңыздар ғана жеткен.

Ұрпақ қана өмірді мәнді етеді,
Ұрпақ қана көңілді әрлі етеді.
Жапырақтай жайқалған ұрпақ қана
Тіршіліктің тынысын мәңгі етеді.

Ұрпақпенен ғұмырың – мықты, берік!
Жанарынан шаттықтың ұшқыны өріп,
Сүйерқұлдың көңілі көкке жетті,
Кезекті рет қатыны жүкті болып.

Түн құшағын ашқанда таңға жайып,
Түнеугүні түс көрген таңғажайып –
Шаңырағында тұрды бір шырақ жанып,
Нұр сәулесін алаулап маңға жайып.

Ұлы өзгеріс болардай өмірінде,
Бір қуаныш жүр оның көңілінде.
Күндер жылжып, ақырын айлар аттап,
Бәйбішесі толысып, «семіруде».

Айы толып, толғатар күн де жетті,
Қуаныштың самалы іргені өпті.
Құрсақ жарып, нәресте «шар» еткенде,
Босандырған қатындар кіржің етті…

– Бәйбішесі тауыпты кемтар бала!.. –
Күңкілдесті естіген ел таңдана.
Сүйерқұл тек ешқандай сыр бермеді,
Тәңірі өзі жасаған ол шаруаға…

— 2 —

Жылдан жылға есейіп, қарқын ала,
Өсіп жатты жәймендеп «жарты бала».
Сойы кемтар болғанмен, ойы тұлпар,
Өзгелерден өзгерек парқы дара.

Бір адамдар Жартыны үлгі етеді,
Бір адамдар менсінбес мүлде тегі.
Кескегінің азды-кем кемісі үшін,
Келемеждеп көңілін кірлетеді…

Кезең еді аспанда бұлт аунаған,
Кезегімен бақ пен сор бұлтаңдаған.
Кең қонысты бір күні жау жапырып,
Көшіп өтті өзендей жұрт арнадан…

Көшіп өтті қатерсіз жаққа қарай,
Көшпей енді… зор жауға таптала ма-ай?!
Есін жиған ел бір кез бағамдаса,
Жарты жоқ – Жаратқаны жаққан арай…

Бұны естіген Қожбанбет дүр құбылды,
«Сақтай гөр!..» деп бауырын, құлдық ұрды.
Бес қыр асып баяғы жұртқа келсе,
Емізіп тұр боз бие бір құлынды.

Түн іші еді. Себездеп ай сәулесі,
Нұрланып тұр жайлаудың жайсаң төсі.
Таңырқаған Қожбанбет тізгін тежеп,
Жақындады биеге «шәй», «шәй» десіп.

«Бар жылқыны үдере жау айдаған,
Бірақ жалғыз боз бие қалай қалған?
Кексе тартқан, түліктің басы еді…» –
Осыны ойлап биеге маңайлаған.

Келсе… кенет сенбеді көргеніне,
Жалғыз қалып, қалжырап, шөлдеді ме?
Еміп жатқан биені
Бауыры екен,
Балап еді құлынның емгеніне.

— 3 —

Қайтты кері Қожбанбет Жартыны алып,
Жұрттың бәрі бұл іске таң, қуанып.
Жел жүгірді жеткізіп елден елге,
«Жұртта қалған Жартының» даңқын алып.

Келе сала Қожбанбет қол қамдады,
Жауда кетті жинаған бар малдары.
Басынғанның басына бәле салып,
Қайтарсам деп жылқыны армандады.

Жігіт ертіп жанына жүз қаралы,
Жауды бетке ап, сазарып, сызданады.
Жүрер бетте Жарты бір кеңес айтты,
Інісіне бұрылды ол тыңдағалы:

– Ала кеткін, ағаке, боз биені,
Әжетіңе жарайды, ол – киелі.
Арандаспай жауменен амалдарсың,
Бағамдап ал қайтатын жол-жүйені…

Қожбанбет бір ер еді батыр тұлға,
Көзсіз іспен, әрине, қапылсын ба?
Інісінің құп алып оң кеңесін,
Тартып кетті тобымен жасын-сынға.

Жаудың барлап жайылым, жер-жүйесін,
Сәтті күтті қара бұлт төндіретін.
Бір жырада бекініп біраз жатты,
Сездірместен жауына ой-ниетін.

Қырқаны асып, құлдилап етекке өтіп,
Бір жігітке биені жетектетіп,
Түн ортасы жетті кеп жылқыларға,
Көкейінде керемет есеп бекіп…

Қалың жылқы төл басы – бозды танып,
Шұрқырасып соңынан ерді шауып.
Қуғыншыны көп жігіт қағып тастап,
Мың жылқымен оралды,
Елді тауып.

Құдыреттің киесін кім ұғынар,
Шалдар айтты: «Бала екен Қызыры бар.
Жарты аманда жалпы аман болар, сірә,
Жарты барда жаудың да туы құлар!».

— 4 —

Көз ұшында бұлдырап көш келеді,
Керуенді көш – қазақтың өскен елі.
Нар үстінде жайғасып Жарты отыр,
Жылдар өтіп, жігіт боп өскен еді.

Ат, түйенің жүкке тоқ қос қапталы,
Адалбақан, аяққап, ас-заттары.
Сәнді сандық, саптыяқ, сырлы қасық,
Зерлі кесе, шара мен тостақтары.

Киіз үйдің шаңырақ, уықтары,
Оларды да теңдеген буып бәрі.
Қалы кілем, тұскиіз, сырмақ пен ши,
Қыста киер күпі, тон, тұлыптары.

Ат әбзелі, әшекей күмістелген,
Аяңменен келеді жүріп керуен.
Арқа кеңіп, желпінтіп жайлау буы,
Жандарына тың қуат, үміт берген.

Жас түгілі үмітпен дос боп кәрі,
Жарқын сырды шертеді жас шақтағы.
Ақ жаулықты аналар ән бастаса,
Әуеніне қосылар қоштап бәрі.

Басына жырға киіп, жорға мінген,
Қыз-бозбала өзінше ол да дүрбең.
Алты ай қысқы қоныста әрең шыдап,
Жеткенінше жайлауға зорға жүрген…

Көш соңында мыңғырған мал көрінер,
Мал артынан шұбалған шаң бөлінер.
Үйір-үйір жылқы мен шұбырған қой,
Жайнап тұрған жайлауға сән көрінер.

— 5 —

Көш жолында бар еді бір бай ауыл,
Ынтымағы, ырысы тұздай ауыр.
Сол ауылдың ай қабақ қызы бар-тын,
Көшкен елге қарайды ол нұрлана бір.

Нар үстінде тоқымдай бұлт келеді…
Тоқым бұлттан қыз бейне құт көреді.
Бұлт астында жайланып Жарты отыр,
Жайсаң жүз, нұрлы дидар, нық денелі.

Көрініске қарап қыз таңырқады,
Кеудесінде әлсіреп сабыр шамы.
– Анау көшті дереу, тез тоқтатыңдар! –
Ағайынға берді ол әмір тағы.

Бұл жанның бір киесі бар деп біліп,
Қарсы алады Жартыны жайнап-күліп.
Жарасып, Жарты екеуі бас құрайды,
Қойғандай бәрін біреу ойластырып…

Жартыға ұл ереді, қыз ереді,
Жайнайды, ұрпағы өсіп, жігер-өңі.
Ауырған малы-жанын ағайынның,
Жалғыз-ақ сипай жазып жібереді.

Жартыдан мал алғандар малды болып,
Шығады ауылының алдына озып.
…Бес ғасыр бұрын өткен бабам еді,
Болсыншы Жарықтықтың алды жарық!..

ПІКІРЛЕР2
Аноним 03.09.2023 | 19:42

Қаламыңнан жақсы жырлар төгіле берсін!Жарты атаңның әруағы желеп-жебеп өсып өне бергін,бауырым

Аноним 03.09.2023 | 20:48

Нағашым, жазар жырыңыз көп болсын! Жарты аман болса, жалпы аман болады деген, аман болыңыз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір