Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескерілетін жайттар

0
244 қаралды

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Рәбиға СЫЗДЫҚОВА,
ҚР ҰҒА академигi, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркия «Dil korumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесi


Идиомалық, фразалық тұрақты тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазы­лады. Әдетте мұндай тіркестер бір ғана ұғымды білдіреді, сондықтан олардың екі сөзден тұратындары біріккен сөздерге ұқсап, жазуда көп қиындық келтіреді. Терминдік мәнге ие болып, біріккен сөз дәре­же­сіне көтерілген бірқатар тұлға­лар­дың о баста идиома не фраза болғандығы да (мысалы: келіссөз, көзқарас, ақсақал, атқамінер, т.с.с.) бұл қиындықты күшейте түседі. Дегенмен идиома мен фразалық тіркес компоненттерінің бөлек жазылатындығын негізгі қағида деп ұғыну қажет. Бұлар есім мағы­на­лы да, етістік мағыналы да болып келеді. Мысалы, есімдер: көк езу, сөз бұйда, өгіз аяң, арам ой, арам ой­лы, ақ көңіл, ақ көңілді, қара ниет, қара ниетті, қара ниеттілік, асқар тау, шалқар көл, бие сауым (уақыт), ет асым (уақыт), қозы көш (жер), тіс қаққан (бала). Етістік мәнді фразеологизмдер: тіл қату, тіл алу, тілге келу, тілін тарту, тіл өту, тіл ширату, бас ию, бас көтеру, бас салу, бас сауғалау, бас тарту, бас қатыру, бас қорғау, бас қосу, бас құрау, бел байлау, бой бермеу, бой тасалау, бой ұру, жан ұшыру, жан қию, жаны ашу, қол жету, қол қою, қол байлау, қол үзу, ат қою («ша­буыл­ға шығу» мағынасында), ат салысу, жек көру т.б.
Етістік мәнді фразалық тіркес­тер­ден жұрнақтар жалғанып жасал­ған туынды сөз тіркестердің де әр компоненті бөлек жазылады: тіл алу – тіл алғыш (бала), бас көтеру – бір үйдің бас көтерген үлкені, бас қатыру – бас қатырушылық, бой ұру – бой ұрғыш, жан қию – жан қиярлық (іс), жаны ашу – жаны ашығыш, қол жету – қол жеткен (табыстар), қол байлау, қол үзбеу – қол үзбей (көмектесу), жек көру – жек көрінішті, жек көрушілік, жүз таныс – жүз таныстық, салқын қан­ды – салқын қандылық, бір сөзді – бір сөзділік.
Етістік тұлғалы сөз тіркесінен жасалып, терминге айналған сөз­дер біріктіріліп жазылады. Мыса­лы: басқосулар (саяси-әлеуметтік термин, яғни белгілі бір адамдар тобы­ның белгілі бір саяси, қоғам­дық, тәрбиелік т.б. мақсатпен бас қосқан жиындарының ресми ата­уы), жанкүйер (спорт термині), мұзжарғыш (кеме), қаржыртқыш (мәшине атауы), қойтоғытпа (ауыл шаруашылығы саласының термині, яғни қойға қотыр түсірмеу және қотырдан емдеу үшін қол­даныла­тын арнаулы шараның атауы), өн­ер­­тапқыш, өнертап­қыштық, пікір­талас, атқамінер, алыпсатар, іза­шар, еттартқыш, шаңсорғыш (құрал атаулары).
Қыз, ер, сал, сері, батыр, бал­уан, сұлу, би, қожа тәрізді тұрақты эпитеттер өздеріне қатысты жалқы есімдерден бөлек жазылады. Олар жалқы есімдердің алдынан да, соңынан да келе береді. Алдынан келгенде, эпитеттер бас әріппен; ал соңынан келгенде кіші әріппен жазылады. Қыз Жібек, Ер Тарғын, Балуан Шолақ, Ер Төлеген, Батыр Мәлік, Тентек Ояз, Кішкене Молда (соңғы екеуі Мұхтар Әуезовтің «Абай» романынан), Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері, Қамбар ба­тыр, Баян сұлу, Жиренше шешен, Аяз би, Игілік би, Күреңкөз қожа (соңғы екеуі Ғ.Мүсіреповтің «Оян­ған өлке» романынан).
Түркі, моңғол хандары есім­де­рі­нің соңында келетін хан сөзі де­фис­сіз, бөлек жазылады (ал орыс жа­зуында бұл дефис арқылы таң­ба­ланады): Шыңғыс хан (орысша – Чингиз-хан), Тәуке хан (орысша – Тауке-хан), Жәңгір хан (орысша – Джангир-хан).
Ғылымның әр алуан саласына жататын күрделі терминдердің компоненттері бөлек жазылады. Ол күрделі атаулар бірнеше тәсілмен жасалады:
1. тәуелдік жалғаулы сөзбен келеді: көмір қышқылы, тіл білімі, оқу орны, мал шаруашылығы (жи­во­т­новодство), ауыл шаруа­шы­лығы, алма ағашы;
2. етістікті тіркес болып келеді. Мысалы: дауыс беру, жер аудару, ша­ғым беру (заң термині), тыйым салу;
3. анықтауышты тіркес болып келеді: өзара әсер (философия тер­мині), жеке адам (личность), жәрдем ақша (пособие).
Біріккен сөздерді жасап тұрған компоненттер, негізінен, түбір тұл­ға­лары сақталып, бірігіп жазылады: асқазан, алабұға, алақоржын (өсім­дік), баспасөз, балабақша, бірқа­тар, бірыңғай, бозбала, бозқырау, демалыс, денсаулық, еңбеккүн, жарқабақ, кәсіподақ, кәсіпорын, қолбасшы, қолжазба, қолөнер, қолтаңба, оңтүстік, орынбасар, өнеркәсіп, өнертану, өнертапқыш, сегізкөз, солтүстік, шаштараз, суықторғай, түйетауық, уқорғасын.
Бірсыпыра біріккен сөздер өзгерген қалпында, айтылуынша жазылады: бүгін, биыл, жаздыгүні, қыстыгүні, бүрсігүні, күздігүні, белбеу, қолғап, қолғанат, қолғабыс, қарағаш, апару, әкелу, түрегелу, мойынсұну.
Біріккен сөз болатындар:
• Топонимикалық атаулар, яғни жер-су аттары. Бұлар, негізі­нен, түбір тұлғалары сақталып жа­зы­лады: Ақтөбе, Ақжар, Алатау, Жезқазған, Талдықорған, Қызы­лор­да, Сырдария, Баянауыл, Ұлытау, Қаратау, Жаманшұбар, Еңбек­шіқазақ. Кейбір жер аттары үш сөзден жасалады да, үшеуі де бірігіп жазылады: Екібастұз, Қызыл­жарқұдық, Ақдаласор, Ак­түй­есай, Алқакөлқұм, Ақбасатан. Тіпті кейде төрт түбірден құралып жасалған жер-су аттары да кез­де­седі: Аймысықкөккөз (тау, шоқы аты, Қарағанды облысының Шет ауданында), Ақсортопырақсай (сайдың аты, Ақадыр ауданында).
• Қазақша кісі аттары мен ру-тай­па және бірен-саран халық аттары. Бұлардың да көпшілігі, негізінен, түбір тұлғалары сақта­лып, бірге жазылады: Ақбөпе, Ақ­ма­рал, Гүлжәмила, Ғалиябану, Жа­қыпбек, Жанбота, қаракерей, жетіру, қарақалпақ, қарақыпшақ. Бірқатар кісі аттары дыбысталуы жағынан өзгерген күйінде жа­зы­лады: Амангелді, Жангелді, Нұр­гел­ді, Қарагөз, Ботагөз, Айғыз, Әй­герім, Жанғозы, Телғожа, Дә­мет­кен, Ұлбосын, Айғаным.
Ғылым мен техниканың әр түрлі саласындағы терминдік мәнге ие болған атаулар бастапқы түбір тұлғаларын сақтап, бірігіп жазыла­ды. Оның ішінде:
саяси-әлеуметтік терминдер мен тарих, экономика ғылым­дарына жататын сөздер: өнеркәсіп, кәсіпо­дақ, бесжылдық, көзқарас, баспа­сөз, арақатынас, еңбеккүн, еңбе­кақы, жалақы, қаламақы, шикізат, қолбасы, келіссөз, қонақасы, өнер­табыс т.б.;
биология ғылымына жататын терминдер, яғни аң-құс, жан-жан­уар, өсімдік, ағаш, құрт-құмырсқа атаулары және осы салаға қатысты өзге де терминдік сөздер: алабота, кәріқыз, алақоржын (өсімдік ат­тары), қырықаяқ, бұзаубас, қа­ра­құрт (жәндіктер), ақиық, бізтұ­м­сық, бірқазан, өгізшағала (құс аттары), гүлтабан, бұршаққын, тозаңқап (ботаника терминдері).
Бірінші сыңары түсті білдіретін сын есімдер (ақ, сары, қызыл, қара т.б.) немесе мал, аң-құстардың жалпы атаулары (қой, сиыр, түйе, қозы, бөрі, аю, қоян, қаз т.б.), я болмаса тау, шөл, құм, дала, су, тас, у деген сияқты сөздер болып, екін­ші сыңары нақты өсімдік немесе аң-кұстардың аты болса, бұлармен жасалған сөздер биоло­гиялық терминдер ретінде қосы­лып жазы­ла­ды: құмбетеге, субе­теге, қоян­жоңыш­­қа, сиыр­жоңышқа, түйе­жоңыш­қа, қойжусан, қызыл­жусан, қаражусан, қойқарақат, бөріқа­ра­қат, аюқарақат, қызыл­қарақат, қарақарақат, түйекекіре, укекіре, атбұршақ, түйебұршақ, бөрібұр­шақ, майқаңбақ, балқаң­бақ, сор­қаң­бақ, аққайың, қотыр­қайың, үлпекқайың, қызылқайың, итжуа, итбүлдірген, итбадам, итқонақ, итқұмық, итошаған, итсигек, итбүлдірген, таутеке, субүркіт, сужылан, убалдырған, убидайық.
Ақ, қара, қызыл, қоңыр деген сын есімдер аң-құс, өсімдіктердің түсін айыру үшін қолданылған болса, бөлек жазылады: ақ аю, қо­ңыр аю, қара бұрыш, қызыл бұ­рыш, қара жүзім, қоңыр қаз. Кер сөзі де түсті білдіріп тұрса, бөлек жазы­лады: кер ат, кер ала, кер бесті, кер жағал, кер төбел, кер марал, ал кері және керілген сөздерінің ықшам­далып барып тіркескен түрімен келген күрделі сөздер бі­рігіп жазылады: керауыз, керза­ман, кермиық, кертақыс, кертарт­па.
Физика-математика ғылым­дары мен өндіріс-техника саласына жататын терминдердің бірсыпыра­сы біріккен сөздер болып келеді. Мысалы: сегізжақ, үшжақ, көпмү­ше, бірмүше, көпбұрыш, темірбе­тон, қазаншұңқыр (котлован), майбал­шық (раствор), жанармай, жағар­май.
Медицина, ветеринария сала­ла­ры­на қатысты терминдердің бір­қатары екі түбірден жасалып, бірігіп жазылады: шорбуын (арт­рит), сарысу (илену), сарыауру, көк­жө­тел, құрқұлақ, өкпеқұрт, қоян­жел.
Мәдени-ағарту, өнер, әдебиет­тану, тіл білімі салаларына жата­тын терминдердің ішінде екі түбір­ден бірігіп жасалғандары едәуір: күй­табақ, қылқалам, қолтаңба, сөз­жұмбақ, жолжазба, сегізаяқ, сөз­жасам, сөзтізбе (реестр).
Спорт саласына жататын тер­­миндер екі түбірден жасалса, бірік­кен сөз болады: бессайыс, он­сайыс, мұзайдын, ойынсерік (парт­нёр), жанкүйер.

(Жалғасы келесі санда)

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.