Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескерілетін жайттар

1
1 250 қаралды

Рәбиға СЫЗДЫҚОВА,
ҚР ҰҒА академигi, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркия «Dil korumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесi


Емле ережелерін жасауда бұған дейінгі қолданылып келе жатқан жазу ережелерінің негізі сақталады. Алайда латын жазуына көшкен жағдайда әлі де көңіл бөлетін тұстар бар. Бұрынғы жазуымыздағы кемшіліктерді қайталамауымыз керек. «Емлені бұрынғысынан артық болғандай етіп өзгертуде мағына бар; бұрынғысынан төмен болғандай етіп өзгертуде мағына да, мақсат та жоқ», – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, емледегі кемшіліктерді жөндеп, қазақ тілінің табиғатына сай емле жасауымыз керек.

Қазақ тілі орфографиясында да­­уысты, дауыссыз дыбыстардың жазылуының барлығы бірдей қиын­дық туғызбайды. Олардың көп­шілігі сөздің кез келген жерінде қол­да­ны­лып, өз әрпімен жазыла береді. Тә­жірибеде бірсыпыра қиын­­дық кел­тіріп жүрген тұстар – дауысты ә, ы, і дыбыстарын таң­ба­лайтын әріп­тер мен дауыссыз х, сонор й, у ды­быстарын таңба­лай­тын әріптердің ем­лесі.
Ә әрпі орфографиялық ереже бойынша көбінесе сөздің екінші, үшін­ші, соңғы буындарында жазыл­май­ды, бірақ алдыңғы буындағы жіңіш­ке дауыстының әсерімен ке­лесі буындағы жуан а дыбысы ә бо­лып жіңішке айтылатын (естілетін) сәттерде қай әріпті жазу қиындық келтіреді. Мысалы, тәкаппар, кітап сияқты сөздерді тәкәббар, кітәп деп те айтамыз (немесе оқимыз). Әдетте орфография (сөздерді дұрыс жазу) нормалары мен орфоэпия (сөз­дерді дұрыс айту) нормалары барлық сәтте бір-біріне сай түсе бермейді. Әсіресе бұл – сөздерді сөйлем іш­ін­де қолданғанда, яғни сөйлеу үстінде айқын көрінеді. Ә әрпінің түбір сөздің екінші буынында жазылатын сәттері де бар. Бұлар – жалпы ережеден ауытқитын, сондықтан ескертуде көрсетілетін сөздер. Мысалы, ә әрпі сірә, куә, куә­лік, күнә, күмән, іңкәр сияқты са­наулы сөздердің екінші буынында жазылады. Ә әрпіне аяқталған не­месе соңғы буынында ә әрпі жа­зылған сөздерге қосымшалар жуан жалғанады: кінә+лау (кінәлеу емес), күнә+сыз (күнәсіз емес), күнә+ға (күнәге емес), күмән+дану (күмәндену емес), Күлән+ға (Күләнге емес).
Бұрынғы емлемізде жаңсақ танылған тұстар бар. Яғни й, у ды­быс­тарын бірде дауысты, бірде дауыссыз деп танып келдік. Орыс тілінің үлгісімен й дыбысын әр­да­йым жіңішке, у әрдайым жуан ай­тылады деп келдік. Сондықтан жіңіш­ке айтылатын й-дің алдынан і әрпін жаз­бай келдік: би, тиек, киім, биік, имек, ирек, иіс, ине. Алайда й үнемі жіңішке айтыла бермейді: мый, сый, қый, жый т.с.с. Сонда да й дыбысының жуан айтылған түрі де (ый) жалаң и әрпімен таңбаланды: бидай, диқан, риза, қария, иық, дария, қағида, қиын, сиыр, Сағира, Қалима. й, у дыбыстарын бірде дауыс­ты, бірде дауыссыз деп танып, ій, ый дыбыстарын жалаң и-мен, үу, ұу дыбыстарын жалаң у таңбасымен беру оқыту ісінде, морфемалардың жігін ажыратуда, сөздерді буынға бөлуде, тасымалдауда елеулі қиын­дық келтіріп келді. Тіл табиғаты бойынша, қиын, қиық, қуыс, гуіл де­ген сөздер дұрысында қы-йын, қы-йық, құ-уыс, гү-уіл болып буын­да­луы керек болғанмен, шартты түр­де қи-ын, қи-ық, қу-ыс, гу-іл деп буын­дап, соған қарай тасымалдап келдік.
1924 жылы Орынбор қаласында өткен Қазақ білімпаздарының съе­зін­де й, у дыбыстары ерекше талас ту­дырғаны белгілі. Сонда Ахмет Байтұрсынұлы й, у дыбыстарын қа­­лай тексергенде де дауысты деу­ге болмайтынын, екеуінің де дауыс­­сыз екенін дәлелдеген еді. «Емле туралы» атты мақаласында ғалым: ««Й» дыбысы жалғыз-ақ «йә» деген сөзде келетін көрінеді. Оның өзінде оқығандар болмаса, жай қазақтар «жә» деп айтатын көрінеді», – деп жазған еді (Емле туралы //Еңбекші қазақ, 1929, 27 март). Қазақ білімпаздарының съезінде сөйлеген сөзінде Елдес Омаров қазақ тілінде «у», «й» болып айтылатын дыбыстар басқа түркі тілдерінде «ғ», «қ» сияқты дауыссыз дыбыстармен алмасатынын (тау – тағ, сиыр – сығыр) ескертіп, «у» мен «й» дыбыстары тегінде дау­ыс­сыз екенін көрсеткен. Бұл дыбыстардың дауыссыз дыбыс екені бүгінде профессор Әлімхан Жү­нісбектің еңбектерінде де жан-жақты дәлелденді. Ендеше, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілінің емлесін жасауда қазақ тілінің табиғатын, шынайы болмысын танытуымыз керек. Сондықтан жуан болып келген жерде ый (мый, мыйық, оқый­ды, тасыйды, сый, сыйлау, сыйады, тый, тыйады, тыйылды), жіңішке бо­лып келген жерде ій (жібійді, ерій­ді, кемійді, тійеді, бійлейді) жазуымыз керек. Сол сияқты жуан айтылатын сөздерде ұу (сұу, сұуық, тұуыс, барұу, жұу, жұуық); жіңішке айтылатын сөздерде үу түрінде (гүу, гүуледі, келүу, жүрүу) таңбаланады.
Йы, йі дыбыстарына біткен етіс­­тік­терге көсемшенің -ый /-ій жұрнағы жалғанғанда, ый, ій әріптерінің орнына жалғыз й әрпі жазылады. Мысалы: байы + й – байый (Біздің ауыл жыл­дан жылға байый бермек), байый­мын, байыйсың, байыйды (және осы­лар­дың көпше түрлері), байыйтын; кейі+й – кейій (Сен оған кейій берме), кейіймін, кейійсің, кейійді, кейійтін; ұйы + й(ды) – ұйыйды (Сүт тез ұйыйды), ійі + й(ді) – ійійді (Бұл сиыр тез ійійді).
Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде де сөз басында келген ж, ш дыбыстары (бір буынды сөздерде) мен үнді (сонор) й дыбысының аралығында а дыбысы тұрса, ж, ш дыбыстарының өздері де жіңішкеріп, дауысты дыбысты да жіңішкертіп жібереді. Қосымшасыз жеке айтылғанда жәй, шәй болып естілетін сөздер бар. Жалғау-жұрнақтар жалғанғанда, олар жуан қосымшаларды қабылдайды: жайыңа отыр (жәйіңе отыр емес), жайсыз тиді (жәйсіз тиді емес), жайғасу (жәйгесу емес), жайлау (жәйлеу емес), жайша жүру (жәйше жүру емес), жайылым (жәйілім емес), жайырақ (жәйірек емес), т.т. Сондай-ақ, шайға кел (шәй­ге кел емес), шайсыз қалу (шәйсіз қалу емес). Сондықтан жеке келгенде де, қосымшалармен қолданылғанда да, жай, шай сөзде­рінде жуан а әрпі жазылады. Бұл үшінші дыбыстың й болуына байланысты.
Ы, і әріптерінің қолданылуында да біраз қиындық бар. Мысалы, олардың сөз ортасында жазылатын не жазылмайтын; кейбір сөздерді тәуелдегенде, түсіп қалатын не түсіп қалмайтын; сөз басында р, л дыбыстарынан бұрын жазылатын не жазылмайтын орындарын жете анықтап алу қажет болады.
Сөз ортасында не соңында келген екі дауыссыздың арасына қысаң ы, і дауыстыларын салмай, шұғыл айтылуы мен араларына ы, і дыбыстарын қатыстырып, соларды анық қосып айту жазуға да әсерін тигізеді. Мысалы, жарқ-жұрқ етті дегендегі жарқ деген сөздің айтылуы мен Шамның сәулесі жарық екен дегендегі жарық сөзінің айтылуы бірдей емес. Алдыңғысының соңғы екі дауыссызы кілт, шұғыл айтылса, соңғыда р дыбысы созылыңқы айтылады. Осы құбылыс жазуда да ерекшеленіп, жарқ-жұрқ дегенді ы әрпінсіз жазамыз да «сәуле беру» мағынасындағы жарық сөзін ы әрпі­мен жазамыз. Осы сияқты жапырақ, қоңырау, мағына, құбылыс, үкімет деген сөздердің орталарындағы дауыссыздар кілт, шұғыл айтыл­майтындықтан, араларына ы, і әріп­­тері қойылып жазылады. Тек жазылуы қалыптасып кеткен яғни, сахна сияқты санаулы сөздер ғана ортасына ы, і әріптерін салмай, екі буын болып таңбаланады.
Сөздің соңғы буынындағы екі дауыссыздың арасындағы ы, і әріптерінің жазылуы немесе тү­сірілуі белгілі бір грамматикалық құбылысқа байланысты. Көптеген тілдерде сөз тұлғасы өзгергенде, кейбір дауысты дыбыстар сусып түсіп қалады. Қазақ тілінде де соңғы буындарында ы, і қысаң дыбыстары бар бірқатар сөздерді тәуелдегенде соңғы қысаң дыбыстар сусып түсіп қалады: халық + ы – халқы, көрік + і – көркі (ажары), ерік + і – еркі. Бұл заңдылық ы, і дыбыстарының үнді (сонор) р, л дыбыстары мен қатаң қ, к дыбыстарының аралығында келген жағдайда ғана байқалады. Ал қалған сәттерде соңғы буындағы қысаң дыбыстар сусымайды, сақталып айтылады және жазылады: киім + і – киімі, құлын + ы – құлыны, ойын + ы – ойыны, бұрым + ы – бұ­ры­мы, дауыс + ы – дауысы, ауыл + ы – ауылы.
Тәуелдегенде соңғы қатаң дауыс­сыз дыбысы ұяңдап кететін сөздерде ы, і әріптері түсірілмейді: көрік + і – (ұстаның) көрігі, білік + і – (арбаның) білігі, Халық + ы – (Мұсабайдың) Халығы. Бірақ бұған қарап кез келген сөзге тәуел­дік жалғауы жалғанғанда, соңғы буынындағы ы, і дыбыстарын сақ­тап жаза беруге болмайды. Мы­на сияқты сөздерді, яғни соңғы буы­нын­дағы қысаң ы, і дыбыстары үнді (сонор) дыбыс пен қатаң дыбыстың ортасында келген сөздер­ді тәуелдегенде, қысаң дыбыстар сусып түсіп қалады және түсіріліп жазылады: бөрік + і – бөркі, кө­рік + і – көркі («ажар, келбет» ма­ғы­на­сында), мойын + ы – мойны, мұрын + ы – мұрны, халық + ы – халқы, ерік + і – еркі, әріп + і – әрпі, т.т.
Ы, і дыбыстарына аяқталатын сөздерге дауысты дыбыстан бас­тал­ған қосымша жалғанғанда, ы, і әріптері түсіріліп жазылады. Мысалы: алты + ау – алтау, жеті + еу – жетеу, екі + еу – екеу.
Соңғы буынында ы, і дыбыстары бар түбір етістіктерге (мұнда да көбінесе р, л сонорлары мен қ, к қатаң дауыссыздардың аралығында келген ы, і дыбыстары бар сөздерге) дауыстыдан басталатын жұрнақтар жалғанғанда, қысаң дыбыстар сусып түсіп қалады, бұл заңдылық жазуда да сақталады: үрік + ек – үркек, бұйыр + ық – бұйрық, қорық + ақ – қорқақ, қорық + атын – қорқатын, қорық + ыныш – қорқыныш т.т.
Сондай-ақ кейбір зат есім, сын есімдерге көбінесе а, е сияқты ашық дауыстыдан басталатын қосымшалар жалғанғанда, соңғы буындарындағы ы, і дыбыстары түсіріліп айтылады және жазылады: орын + а – орнады (орынады емес), ойын + а – ойнады (ойынады емес), жиын + а + лыс – жиналыс (жиыналыс емес), ерін+ еу – ернеу (ерінеу емес), қырық + ыншы – қырқыншы (қырықыншы емес) т.т.
Айыр-, қайыр-, майыр-, шой­ыр-, үйір-, шүйір- сияқты етістік түбір­леріне етіс жұрнақтары (-ыс, -ыл т.б.) жалғанғанда й-ден кейінгі ы, і әріптері түсірілмей, сақталып жазылады: айырылу, айырысу, қайы­рылу, қайырысу, үйірілу, шүйірілу.
Соңғы буынындағы ы, і әріпте­рін түсіріп не түсірмей жазу бірқатар сөздердің мағынасын айыру үшін пайдаланылады. Мысалы: ауыру – етістік (көп ауыруға болмас) және ауру – зат есім (Ауру адам жазылып келеді; Ауруды асқындырмау керек); ұмтылу – талпыну және ұмытылу – естен шығу.
Р дыбысынан басталатын бір­­қа­­тар сөздердің басында (р әр­пінен бұрын) ы, і әріптері жазылады да бірқатарында жазылмайды. Бұл сөздердің саны аса көп емес, сондықтан сөздіктен қарап жазуға болады. Дегенмен бұларды ажырататын белгілердің бірі мынадай: егер сөз басындағы р дыбысынан кейін қысаң ы, і дауыстыларынан басқа дауыстылар келсе, сөз басында ы, і әріптері жазылмайды: рас, рай, рахмет, ресми, рәсім, рең, рет, риза, рия, ру, рұқсат, рәсуа. Ал р дыбысынан кейін ы, і қысаң дауыстылары келсе, олар сөз басында да жазылады: ырым, ырыс, ырық, ірі, іріту, ырылдау т.б.
Түбір сөздің басындағы л дыбысынан кейін дауысты дыбыс келсе, сөз басында ы, і әріптері жазылмайды (ілім деген сөзден басқасында); лақ, лаж, лас, лай, лезде, лек-лек, леп, леген, лоблу, лоқсу, лық (толды). Бұл ережеге қарап ілу, ілесу, іле-шала дегендердің жазылуын шатастырмау керек: бұл сөздердің түбірі іл болғандықтан, сөз басында да і әрпі сақталады.
Қазақша кісі аттары баласына ат қойған ата-анасының қалауына немесе сөздің сол өлкеге, сол отбасына тән болып қалыптасып, дағдылануына байланысты қалай айтылса, солай жазылғаны дұрыс. Бірақ бұл еркіндікті тілдің дыбыстық заңдылықтарына қайшы етіп пайдалануға болмайды. Мысалы, қазақтың төл сөздері мен араб, парсы тілдерінен енген сөздер еш уақытта екі дауыссыз дыбыстан басталмайды. Ол екі дауыссыз дыбыстың не алдында (сөз басында), не ортасында ы, і дауыстыларының бірі қатысып айтылады. Бұл фонетикалық заңдылыққа жалпы есімдер де, жалқы есімдер де (соның ішінде кісі аттары да) бағынады. Сондықтан соңғы жылдары кітап, газет-журнал беттерінде орын теуіп бара жатқан Рза, Сматай, Сланов, Рсалды, Смайыл, Сқақ сияқты жазулар мүлде қате. Бұл есімдер қазақша жазғанда Ырза (немесе Риза), Сыматай, Сылан(ов), Ырысалды (немесе Ырсалды), Ысмайыл (немесе Сымайыл), Ысқақ түрінде таңбалануы керек.

(Жалғасы келесі санда)

1 пікір

  1. Тіл жанашыры, нағыз Тіл анасы… Өзгерістің өзекті мәселелерін айқын көретін жанның амандығын тілеймін!!!Аман болыңыз, Рабиға апай!

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.