Базарбай Жұманиязов
28.08.2015
3583
0
123472_1815580367_________________Ғибратты өмір сүрді
Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Көрнекті ком­позитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Базарбай Сағадиұлы Жұма-ния­зов 79 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Базарбай Жұманиязов абырой­лы ­еңбек етіп, ғибратты өмір сүр­ді.
1936 жылы 1 қарашада Орал облысындағы Жәнібек ауда­нының Орда ауылында дүниеге келген ол 1958 жылы Құрманғазы атындағы Алма­ты консер­ва­то­рия­сы­на ­оқу­­ға түсіп, еңбек жолын Орал облы­сы­ның Орда ауылындағы орта мек­теп­тің оқытушысы қызметінен бас­тады. Базарбай Жұма­ниязов Абай атындағы опера және балет театрын басқарып, Қазақстан Ком­позиторлар одағы басқармасының бірінші хатшысы болды.
Оның шығармашылығының басты тақырыбы – Отанға деген сүйіспеншілік еді. Б.Жұ­маниязовтың «Жер» (1967), «Отан туралы кантата» (1972), «Мерекелік шеру» (1980), «Дос­тық» (1980), «Кең-байтақ отаным менің» (1988) кантаталары, «Махамбет» операсы (1990), «Халқым туралы поэ­ма» (1969), «Айтыс» (1972) атты во­кал­ды-хореографикалық ком­по­зи­циясы, «Кек әні» (1978) во­калды-симфониялық поэ­ма­лары, «Дала» (1976) симфо­ниялық картинасы, «Қуаныш» (1980) симфониялық күйі, сим­фониялық оркестрге ар­нал­ған екі сюитасы (1985, 1987), «1731 жыл» ат­ты поэма-симфониясы (1987), көп­­теген ән-романстары қа­зіргі заманғы отандық кәсіби музыканың дамуына қосылған елеулі үлес болып саналады, сондай-ақ, ол бірнеше спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазды.
Базарбай Сағадиұлының ең­бегі мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталды. Ол «Парасат», «Халықтар дос­тығы» ордендерінің иегері, Орал қаласының құрметті азаматы атанды.
Жылдар өтер, бірақ абзал азамат, көрнекті өнер қайрат­кері, композитор Базарбай Сағади­ұлының жарқын бейнесі ел жадында әрдайым сақталары сөзсіз.
Марқұмның туған-туысқан­дарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрлігі.

Мәдениетті жан еді…

Базарбай Жұманиязов – белгілі композитор, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ағамызды Базеке деп атайтынбыз. Консер­ватория­ның алғашқы курсына келгенімде ол кісі ком­позиторлық бө­лім­де, Бру­­силовскийден са­бақ алып жүр екен. Болат есім­ді жігіт екеумізді таныс­тыр­ған соң бірден аға­лы-інілі болып жақсы араласып кет­тік. Базарбай ағаның «Көп қарадым су­ретіңе», «Ке­шір, жаным», «Ардақты аға», «Өнерлі шаштараз» деген ән­дерін алғаш радиоға жаздырттым. Мен ол кісіні қатты сыйлайтынмын, аса қадір тұт­тым. Оратория, контата секілді ірі жанрлар жазды. Шоқтығы биік, ең үлкен туындысы – «Махамбет» операсы. Ал «Көп қарадым суре­тіңе» әнін бүгінге де­йін, үшінші ұрпақ алмасып айтып келе­ді. Азамат ре­тінде де кішіпейіл, артық сөзі жоқ, ішкі мәдениеті өте жоғары, өз қыз­метін бұлдамайтын керемет адам болды. Бірнеше жыл опера театрының дирек­торы, Композиторлар одағының бас­шысы болды. Өте қара­пайым жан еді. Дүниеден осындай ірі тұлғаның кет­кеніне қабырғамыз қайы­сады, қай­ғы­ра­мыз. Өзі он жеті жыл бойы ауырса да соған қарамай, өмірге деген құл­шыны­сын ешқашан жоғалтқан емес. Ауырып отырса да жазуды тоқ­тат­пады. Қимас аға­мыз дүние салды.
Жаны жәннатта, иманы салауат бол­ғай!

Ескендір Хасанғалиев.

Қош бол, қазақтың Базарбайы!

Біз мына дүниеге қонақпыз. 1957 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияда бас қосып едік. Біріміз Шығыстан, біріміз Батыстан дегендей… Санасам, Базарбаймен жеті жыл бірге оқыппыз. Керемет жігіт еді. Ал­ғашында танысқанымызда Бәкең өзін өте алғыр, өткір, білімдарлық қы­рынан байқатты. Адамдық, азаматтық, қазақылық кейпін өмірінің соңынан дейін сақтаған біртуар азамат. Кілең мықтылар жиналған уақ қа­зақ музыка өнерінің ренессансына тап келді. Ол өмірге ерекше құштар бол­ды. Тек қана мен емес басқа да өнер иелері Базарбай Сағадиұлымен за­мандас, тағдырлас болды. Оның ерекше мінезі – мақтанбайды, еш­теңені саудаға салмайды, көлбеңдеп көптің алдына шыға бермейді, өтірік айт­пайды, бетегеден биік, жусаннан аласа жүрген біртоға кісі еді. Қош бол, қазақтың Базарбайы! Жатқан жерің жәннатта болсын!..

Нұрғали Нүсіпжанов.

Еліне адал қызмет етті

Қазақ өнері тағы бір қазаға ұшырады. Ұлтымыз қазақтың көрнекті композиторынан айырылды. Бұл тұлғаның қазақ өнеріне жасаған еңбегін айтып тауысу мүмкін емес. Дүниежүзілік деңгейде орындалған опералық һәм симфониялық туындылары бар. Музыканың қай саласына болсын жү­рексінбей барды. Мені бір таң қалдыратыны – ұлттық мәдениетіміздің ұлы­ларының көбісі Евгений Григорийұлы Брусиловскийдың шәкірттері. Ба­зарбай Сағадиұлы болсын немесе Еркеғали Рахмадиев болсын бәрінің ұстазы осы композитор болды. Өкінішке қарай Базарбай Жұманиязов көп ауырды. Соған қарамастан еліне қызмет етті. Жатқан жері жәннатта бол­сын! Өмірден озу деген Хақтың заңы ғой. Біреу ерте, біреу кеш дүние са­л­ады. Қош бол, қазақтың ұлы композиторы!..

Кеңес Дүйсекеев.

Хош, қадірлі ұстаз!

Базкең музыкалық дарыны мен бі­лімі тең түскен кәсіби композитор. Мен ол кісіден бірталай уақыт сабақ алдым, қадірлі ұстазымыз еді. Базкеңнің Құр­ман­ғазы оркестрі орындап жүрген «Сер­пін» деген шығармасы, «Махамбет» опе­расы кең тынысты жанр ретінде жақ­сы бағаланды, халық жақсы қабылдады. Базарбай Жұманиязовтың дүниеден өт­кені қазақтың кәсіби музыкасы үшін, қазақтың төл өнері үшін ауыр қайғы. Жаны жәннатта, топырағы торқа, иманы жолдас болсын!

Ермұрат Үсенов.

Композитор
Базарбай Жұманиязовқа

Оралмас енді қайтып қайта арманы,
Бір-бір тарих сазды әуенмен айта алғаны.
БАЗАРБАЙ ЖҰМАНИЯЗОВ жарқын бейне,
Музыка өнерінің майталманы.

Сазды әуенмен қысқарады жол арасы,
Әуен-саз, сиқырлы әуен сол анасы.
БАЗАРБАЙ ЖҰМАНИЯЗОВ асыл тұлға,
Сан жыл болған музыка төрағасы.

Кеудесін Тәңір сазға толтырғасын,
Қанатына бақ сазы оң тұрғасын,
Базарбай Жұманиязов композитор,
Жасаған Махамбеттің сом тұлғасын.

Сұлулықты сыйлады бір абатты,
Кеудесінен саз болып бұлақ ақты.
Ағалар алдындағы биязы жан,
Інілер алдындағы ұлағатты.

Музыка аппақ қары борағаны,
Әуен сазы – кеудесіне орағаны,
Үйімізге енгенді құда болып,
О басынан Базекең төр Адамы.

Әсем саз әуелеткен қаулап атын,
Жаятын жайсаң еді бау қанатын.
Сыпайы зиялы жан о басынан,
Кішіпейіл көрікті бір тау болатын!

Қолдан келер амал жоқ ажал қайғы,
Қайғының орнын қайта жаза алмайды.
Ел-халық қоштасып тұр, қош бол енді,
Қазақтың ұлы тұлға БАЗАРБАЙЫ!

Сапарлас жанға серік жолда болсын,
Көрікті едің қай зиялы орта болсын.
Қазақтың қимас асыл перзентісің,
Ал, аға, топырағың торқа болсын!

Шөмішбай Сариев.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір