ЕЖЕЛГІ ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІ

0
48 қаралды

Ежелгі үйсіндер – қазіргі Қазақстанның Жетісу өлкесі мен оған көршілес Қырғызстан және Қытай Халық Республикасының Шыңжан аймағында іргелі мемлекет құрған байырғы этнос. Олар қазақтың этникалық түп-тегінің ең көне тамыры саналады. Ғалымдар ежелгі қытай жазбалары мен археологиялық материалдарға сүйене отырып, ежелгі үйсіндерде мемлекеттік биліктің көшпелі халықтарға тән қалыптасқан жүйесі, мемлекеттіктің барлық нышандары болғанын атап көрсетеді.


Ежелгі үйсіндер жайлы дерек көзі негізінен көне қытайдың тарихи жазба деректемелері: «Тарихи жазбалар. Дад-уан баяны» және «Хәннама. Жаң Чянның ғұмырнамасында» сақталған.
Ондағы мағлұматтар айқындығымен, хронологиялық дәлдігімен аса құнды.
Жалпы ежелгі үйсін туралы зерттеулер кейінгі бір жарым ғасырдан бері тарихшылардың назарынан тыс қалған емес.
Әсіресе, кейінгі жылдары қытай тіліндегі деректемелер басқа тілдерге аударылып, халыққа кең таныла бастады. Соның бірі – 2005 жылы Қытайдың Шыңжан халық баспасынан басылып шыққан «Ежелгі Үйсін елі» жинағы. Жинақты құрастырушы – Шадыман Ахметұлы. Бұл жинақпен және ежелгі Үйсін елі туралы деректермен біз Үрімжі қаласына барған сапарымызда таныстық. Ежелгі Үйсін елі туралы әңгімемізді біз осы жинақты және көне қытай жазбаларында сақталған түрлі деректемелерді пайдалана отырып өрбітпекпіз.
Қытайдың «Хәннама. Дад-уан баянында» Үйсін тарихының ең алғашқы дерегі кездеседі. Онда Үйсіндер (Усунь) Дұнхуаң мен Чилян (Келен, шулен) тауы аралығын (қазіргі Хыши дәлізін) мекен еткені, ғұндардың батысындағы шағын ел болғаны баяндалады. Үйсіннің көсемі Нәнді би болған. «Хәннамада» Бән Гудың жазуынша: Нәнді бидің еліне ұлы нүкістер (ұлы йүзілер) шабуылдап, Нәнді биді өлтіреді. Нәнді бидің халқы Ғұндарды паналайды. Нәнді бидің жаңа туған баласы Елжау күнбиді аталық Бозоқ ябғу қалың шөптің ішіне жасырып, азық алып қайтып келсе, оны көк құртқа (қасқыр) емізіп жатады, ет тістеген қарғалар оны төңіректеп ұшып жүреді. Мұны киенің құдіретіне жорып, Бозоқ ябғу нәрестені көтеріп барып Ғұнға бағыныпты. Ғұн тәңірқұты баланы жақсы көріп, қамқорлығына алады. Үйсін күнбиі – Елжау ержеткенде Ғұн тәңірқұты оған Батыс өңірді мәңгі қорғау міндетін жүктейді. Ол шашылған елін жинап, төңірегіндегі ұсақ ұлыстарды шабуылдап, мыңдаған әскер жинап, оларға соғыс өнерін үйретеді.
Б.з.б. 177 –1776 жж. Ғұн тәңірқұты Мөде ұлы йүзілерге шабуылдап, оларды талқандайды. Б.з.б. 174–161 жж. Лаушаң тәңірқұты ұлы йүзілерді ойрандап, олардың ханын өлтіріп, бас сүйегінен тостаған жасайды. (Тарихи жазбалар. Дад-уан, баяны). Ұлы йүзілер ауып, Іле өзені алқабына келіп, онда мекендеген сақ тайпаларын талқандайды. Сақ ханы оңтүстікке қарай ығысып, қашып кетеді.
Ата кегін қуған үйсін күнбиі – Елжау Ғұн тәңірқұты Лаушаңның қолдауымен қалың қолмен келіп, Іле өзені алқабындағы ұлы йүзілерді талқандайды. Ұлы йүзілердің бір бөлігі батысқа ығысып, Бактрия жеріне қоныс аударады. Енді бір бөлігі өз орнында – Іле өзені алқабында қалып, Үйсін ұлысына қосылады. Олардың ішінде бұрыннан қалған сақ тайпалары да болады.
Үйсін елінің бұдан кейін күш-қуаты мейлінше артады. Ғұндардың тәңірқұты – Лаушаң қаза болып, олардың өзара қырқысы салдарынан мемлекеттік қуаты әлсірейді. Осыны пайдаланып, Елжау оларға бағынудан бас тартады. Ғұн билеушілері Үйсін еліне шабуылдап, жеңіліп қалады. «Киелі елге килікпейік» деп, бойын аулаққа салуға мәжбүр болады. Осыдан соң Үйсін елі Іле өзені өңірінде өркендеп, қуатты мемлекет құрады. Ол Батыста Шу, Талас өзендеріне, Солтүстікте Балқаш көлінен бастап, оңтүстік-батыста Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейінгі ұлан-байтақ өңірді қамтиды. Үйсін елі шығыста Ғұнмен, солтүстікте – Қаңлымен, батыста – Дауанмен, оңтүстікте – Тарым ойпатындағы қалалармен шекаралас болды. Үйсін елінің астанасы Чыгу (Чекук) болды. Үйсінде: 120 мың түтін, 630 мың адам, 188800 сайлауыт әскер болды. («Хәннама». Үйсін баяны).
Бұл сан сол заманда Батыс өңірдегі 40 мемлекеттің жан саны мен әскер санының жалпы жиынтығынан әлдеқайда артық. Сол заманның санақ мәліметі бойынша, Батыс өңірдегі 40 мемлекет 39895 түтін, 309757 адам, 70499 әскер болған. (Уаң Миңжы, Уаң Бинхуа: «Үйсін туралы зерттеу», 48-49 б.б.). Атап айтқанда Үйсін мемлекетінің халық саны олардан екі есе, әскер саны екі жарым еседен артық болған. Сол заманның деңгейімен алғанда Үйсін мемлекеті аса құдіретті болғаны байқалады. Сондықтан да тарихшылар: «Үйсін Батыс өңірдегі мейлінше құдіретті мемлекет» деп жазған.
Үйсін күнбиі – Елжау бидің он ұлы болған. Олардың ішінде Дулы (Датлұқ, Дұғлу) деген ұлы қабілетті де қайратты, соғыс өнеріне шебер қолбасы болады. Ол он мың атты әскерімен өз алдына бөлек тұрған. Күнбидің тақ мұрагері ерте қайтыс болады да, оның Жөнші (Күнсүй) би деген баласы жетім қалады. Ол қайтыс боларында әкесі Елжау биге Жөнші биді тақ мұрагері етіп қалдыруға келіседі. Тақ мұрагерлігінен үмітті Дулы бұған наразы болып, Жөнші биді өлтірмек болады. Бұл жағдайды байқаған Елжау күнби Дулының қастандығынан қауіптеніп, Жөнші биге он мың әскер беріп, бөлек қояды. Елжау күнбидің өзі он мың әскерімен ортада өзін қорғап тұрады. Сонымен үйсін елі өз ішінен үш ұлысқа бөлінеді, бірақ барлығы күнбиге бағынатын болады («Хәннама. Батыс өңір баяны»).
Тарихи деректерде қазақтың үш жүзге бөлінуіне байланысты әртүрлі жорамалдар, топшылаулар айтылады. Оған ежелгі үйсін елінің үш ұлысқа бөлінуі негіз болды ма екен деген ой келеді.
Егер Елжау бидің Дулы деген ұлы он мың қолмен құрған жеке ұлысын қазіргі қазақтың «кіші жүзі» десек, немересі Жөнші (Күнсүй) басқарған ұлысты «Орта жүз», ал Елжау өзі ие болған ұлысты «Ұлы жүз» деп қарауға болатын сияқты. Мүмкін, уақыт өте келе қазақтың басқа ру тайпалары осы үш ұлысқа қосылып, топтала келе қазақтың үш жүзінің құрылуына негіз болған шығар.
Б.з.б.141 жылы Хән (Қытай) патшалығына Хән Уди Лю Чы патша болады. Бұл кезде Хән патшалығының солтүстігіндегі ғұндар күшейіп, Хән еліне шабуыл жасап, қауіп-қатер төндіріп отырады. Осы жағдайға байланысты Хән елінің белгілі елшісі Жаң Чян патша Хән Удиге мынадай ұсыныс береді: «Қазір Үйсіндер құдіретті елге айналып, ғұндарға бағынудан бас тартып отыр. Бұрын ғүндардың ханы Хұтшеге (Ғұняға) қараған Хыши дәлізі бізге қарағаннан бері иен тұр, үйсіндер шығысқа қайтып, осы өңірге қоныс тебетін болса, ғұндардың оң білегін үзіп тастауға, үйсіндермен одақтассақ, батыстағы Бактрия және т.б. жерлерді де өзімізге тәуелді етуге болар еді», – дейді. Бұл пікірді мақұлдаған Уди патша Жаң Чянды Үйсін еліне үш жүз адаммен жібереді. Жол азығы үшін он мыңдаған қой, сиыр айдайды, әрбір адамға мініске екіден ат беріледі, тарту-таралғы үшін сан мың алтын, күміс, торғын, торқа, асыл бұйымдар алып жүреді. Жаң Чян Үйсін еліне келіп, Елжау күнбимен дидарласады. Алайда Елжау «Шығысқа көшіп кел» деген ұсынысты қабылдай қоймайды. Дегенмен Хән патшалығымен жақын таныс болу үшін Жаң Чянға өз елшілерін қосып, Хән патшасына ондаған тұлпар тарту етіп, алғыс айтады. Б.з.д. 115 жылы Үйсін елінің елшілері Жаң Чянмен бірге Хән патшалығының астанасы Чаң-Әнға барып, халқымен танысып, бай, құдіретті ел екенін көріп қайтады. Осыдан бастап екі ел арасында барыс-келіс байланысы дами бастайды. Осындай жағдайда Елжау Хән патшалығымен жақындай түсуді көздеп, б.з.д. 110–109 жылдары Хән патшасының ханшасын айттыруға кісі салады, мың жылқы қалың мал айдатып, құда болады. Хән Уди патша бұны қуанышпен қарсы алып, үйсіндердің жылқысынан он асыл тұқымды тұлпарды алып, Чаң-Ән қаласының маңындағы хайуанаттар паркінде көпшілікке көрмеге ұстайды. Уди патша Шижүн ханшаның ұзату тойына ерекше мән береді. Өйткені үйсіндер Батыс өңірдегі ең ірі мемлекет болатын. Шижүн ханша жүздеген нөкерімен Үйсін еліне ұзатылады. Оның алтын, күміс, торғын, торқа, киім-кешек, жасау, жиһаз артқан көш керуені екі шақырымға созылады. («Хәннама. Батыс өңір баяны»). Ұзақ сапардан соң Шижүн ханша үйсін елінің астанасы – Чыгу қаласына келіп жетеді. Шижүн ханшаның Үйсін күнбиі Елжау биге ұзатылуы әдеттегі құдандалық емес, белгілі саяси мақсатты көздеген құдалық еді. Үйсін күнби Елжау Хән әулетінің ханшасы Шижүнді айттырған кезде жасы жетпістен асып, егде тартқан, немере-шөберелі болған кезі болатын. Шындығында ол ханшаны некелесу үшін емес, екі ел арасындағы дипломатиялық саяси мақсат үшін алғаны айқын. Өйткені Шижүн ханшаны өзінің алғашқы ойына байланысты Елжау би немересі Жөнші биге қосады және оны б.з.д. 104 жылы шамасында өзінің орнына таққа отырғызады. Осыған байланысты профессор Жаң Шимән «Үйсін қазақтары туралы зерттеу» деген еңбегінде: «Юанфыңның алты жылы (б.з.д. 105 жыл) Үйсін күнбиі мың жылқы қалың мал айдатып, Хән патшасының ханшасын сұрады. Хән Уди патша салтанатты той жасап, Шижүн ханшаны Үйсін еліне ұзатты. Бұл кезде Ғұндар да өз ханшасын күнбиге берген еді. Үйсін күнбиі ұзатылып келген ғұн ханшасын сол тізесін басқан бәйбіше етіп белгіледі. (Ғұндардың ғұрпы бойынша сол тізесін басқан бәйбіше нағыз патшайым саналған). Шижүн ханша өзінің төркінінен еріп келген нөкер, қорғаушы, кәнизәк, әтектері болып жүздеген адамының күтуімен ордада тірі жесір болып отыра берді. Тек құрғақ атағы болмаса, бір жылдан астам мезгіл ішінде күнбидің (Елжау бидің) дидарын бір-ақ рет көрген еді», – дейді.
Үйсін еліне ұзатылған Шижүн ханша үйсін ордасында бес жыл тұрып, б.з.д. 103 жылы шамасында қайтыс болды. Ол Шауфу (Саубу) атты бір қыз туып қалдырды. Шижүн ханша өмірінің соңғы жылдарын туған жерін, елін сағынып, ішқұсалықпен өткізеді. Өлең жазып, ән шығарумен айналысады. Оның көңіл күйін, сағынышын бейнелейтін «Аққу» әні өшпей, ұмытылмай біздің заманымызға жеткен.
Елін, жерін сағынып, қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына көндіге алмай жүріп шығарған өлеңінен үш шумақ келтірейік:
Туыстар сап әлекті,
Сыйғызбады үйге кең.
Жат патшаға жар етті,
Үйсін елін билеген.

Көмкерілген киізбен,
Дөңгелек үй – тұрағы.
Ішкен асы қымыз бен
Еттен ғана тұрады.

Туған елді ойласам,
Алғызбайды құса дем.
Құс боп қанат байласам
Отаныма ұшар ем.
(Қазақшалаған Қуаныш Ахметов. «Жетісу» газеті, 31.07.2004 ж.).
Ежелгі көне замандардан қытай жазбалары Үйсін елінің, Үйсін мемлекетінің қалыптасуы, дамуы, қоныстануы, басқа ел-жұртпен қарым-қатынасы, тағдыр-талайы бізге тарих теңізіне батып кетпей жетіп отыр. Осының өзі қазақ халқының жыл санауымыздан бұрын-ақ өзінің мемлекеттігі, яғни белгілі аумағы (территориясы), ел басқару құрылымы, арнай ы дайындалған әскері, белгіленген шекарасы (сым темірмен қоршалмаса да), басқа елдермен, мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасы болғанын көрсетеді. Сондықтан елдігімізге, мемлекеттігімізге тереңірек үңілген жөн болар. Ежелгі Үйсін мемлекетін жалпы қазақ мемлекеттігінің бастауы деп қарауға толық негіз бар.

Ескерту: Ежелгі үйсін мемлекеті осыдан 2150 жыл бұрын құрылған еді.


Дүйсен ЖҮНІСОВ,
Қазақстан Педагогикалық ғылымдар Академиясының академигі,
Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетінің
Құрметті профессоры

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.