ХАТТАР, ХАТТАР, ХАТТАР…
30.07.2018
2424
0

С.МҰҚАНОВ – Н.БАЙМҰРАТОВҚА

Сәлем бердік! Нұреке! Соңғы кезде ме­нің мынадай ойым бар. Нартайды, сені, та­ғы бірнеше халық ақындарынан бригада құрып, Қазақстанның бірнеше облыстарына шығарсақ деген. Бұған қалай қарайсыз?
Нұреке! Бір реттен ағасыз, екіншіден за­­мандас-құрбысыз. Кейде сырттан естіп саған ренжимін. Ол сырымды айтпай кетуім заңсыз сияқты. Сіз қарапайым адам емессіз. Тап өзіміздей сауатты, ар-ұятты адамсыз. Сырт естуімше, сауда-саттықпен айналысып кететін көрінесіз. Бұл Үлкен ұят! Нұрлыбек атыңа ұят. Бұныңызға қара басыммен де, Жазушылар одағы атынан да өкпелеймін. Өзіңізге жетерлік шаруашылығыңыз, әл-ауқатыңыз бар емес пе? Әдебиетке сіңірген еңбегіңіз, жазушы деген атыңыз бар емес пе? Саудамен жүріп көрінген милицияға жа­ғаңыздан сүйреткенің – өте ұят тірлік. Бар­лық жазушы, ақын деген атаққа кір кел­тіргендік. Мүмкін менің сөзіме ренжірсің. Әдейі ренжісін деп айтып отырмын. Бұлай қатты айтсам – достығым. Сізден тілейтінім – бұдан былай ондай өткінші жұмысты кәсіп қылмаңызшы. Сенімен мен саудасыз да күн көрсек қайтеді. Саудаға берген уа­қыт­ты творчествоға беруіміз керек қой. Ана­да Н.Оңдасыновқа «Төлеген Тоқтаров тура­лы поэма жазам» деген көрінесің. Сол поэ­маң қайда? Біз күтуліміз. Қазірде елуге ке­ліп қалдың. Енді елу жыл жүрмессің. Ой­лан. Адам өмірге талантты болып келгеннен кейін кәкір-шүкірмен, дүние әуесімен емес, әдебиетпен айналысқаны жөн ғой. Сәлем­мен, Сәбит. 27.04.1943 жыл. (ҚР ОМА, 1778 Қ, 78 І.).

С.МҰҚАНОВ – І.ЖАНСҮГІРОВКЕ

Ілияс! Аманшылық. Оқу июльдің ба­сын­да бітеді. Одан бері съезд болады ғой. Сонда көрісерміз. Қазіргі жұмыстарыңның күштісі съезге даярлық болу керек. Оны істеп жат­қан шығарсыңдар. Жанайдар осында жат­қан көрінеді. Бірер барып жолықтыра алма­дым. Съезд кеңесінен сөйлеспек ем. Ме­­­німше съезге: сен, Сәкен, Бейімбет, Мұх­тар төртеуің обязательно келулерің ке­рек. Он мүшеден бір өкіл ғой. Мұнда аты өкіл ғана емес, жазушылық бетін көрсете ала­тын, барлық мәселеге сөйлеп, қазақ әде­биетін таныта алатын адамдар керек. Ғабит бар, жоғарғы төртеуің бар, сендер келме­сеңдер көзге көріну көңілдегідей бол­май­ды. Сенен Үлкен өтініш: жинағыңның 1-томы шық­қан екен, екі бөлімде хрес­томатия шық­қан екен, соны маған не қатынасқаннан жі­берт де, не ала кел. Жұмыстарыңды жан­дандыру керек. Ананипқа мұнда ұры­сыңқыраған көрінеді. Басқа кеңесті кел­генде сөй­лесерміз. Адресім өзгерген.Ж.бен: Сәбит. Остоженка 53. ИКП, ком. 63 мне. Москва қаласы. 19 сәуір, 1933 жыл. (ҚР ОММ, 1368 қор, Қолжаз­ба­ның түпнұсқасы араб әрпінде).

С.МҰҚАНОВ – Ы.УӘЛИХАНОВҚА

Қадірлі Ыдырыс ағай! Хатыңызды ал­ған­мен, біраз уақыт болғанмен, жауабын ке­шігіп қайтарып отырмын. Кешіріңіз! Сә­лем алдында, сізге көңіл айтқым келіп отыр: балаңыз қайтыс болыпты, хайырын берсін. Ол бала (атын ұмыттым) 45-жылы ма, 46-жы­лы ма, біздің үйге келіп кетіп еді. Оты бар, келешегі зор бала сияқты еді, сізге ауыр қаза болған… Балаңыздың оқуы туралы: әрине, оқытқаныңыз жақсы (бұл жерде Шот-Аман Уәлихан туралы айтып отыр. Құрастырған. – Ә.Қ.). Бірақ, қайда? Сізге ке­шігіп хат жазуыма да осы сұраудың жауа­бын іздеу себеп болды… Бұл мәселені шешу үшін Сембаев керек болды, ол кісі күздей үй­де тұрмай, командировкадан жуырда кел­ді. Сөйлесіп ем, сізді сырттан біледі екен: «қарт кісінің үйренген орнынан қозғалғаны қиын ғой» – деп, бұдан орын берем демеді. Ал бала туралы айтатыны: «Алматыда оқытқысы келсе, биыл кешікті, ендігі жылы осындағы №18 қазақ мектебінің интерна­тына алдырайық» – деді. Қайсысын мақұл­дайсыз, өзіңіз шешесіз де.
Шоқан туралы: халыққа адал атқарған еңбек өлмек емес қой, әсіресе, біздің елде. Шоқанды көбірек зерттеп жүрген адамның бірі менмін. Бірақ, о туралы әлі үлкен еңбек жаза алған жоқпын. Жазылған біраз ма­қа­лаларымды, Москвада орыс тілінде «Нить Ариадны» атты пъесамды Шоқанның зор образына лайықты киім демеймін. Бірақ олармен тынып отырған мен жоқ. Ойым – үлкен романда. Оған біраз материалдарым бар, бірақ, жеткіліксіз. Жеткізу үшін: 1) Шо­қанның туып-өскен жерлерін аралауым керек. 2) Омбы архивінде біраз отыруым керек. 3) Қашқарияға барып қайтуым керек. Осы үшеуінің алғашқы екеуіне өткен жаз аттанам ба деп ем, қол тимеді. Ойым сізді де көру, кеңесу еді. Енді тіршілік болса, ал­дағы жазға жиналам. Ол-пұлдарды сұрап (Шоқанға байланысты) сізді әурелегім келеді де, сұрайтындарымды хатқа сыйғыза алмаймын. Осында алдыртуды да ойлаймын. Академияға бұл жөнінде сөйлесіп те жүрмін, нәтижесін хабарлармын. Жалпы, хатпен хабарласып тұрайық, ағай! Інілік сәлеммен – Сәбит Мұқанов. 30.10.1948 жыл. Алматы. (СМҒМӘММК. Қолжазба қоры).

С.МҰҚАНОВ – Ә.НҰРПЕЙІСОВКЕ

Әбдіжамил! Соңғы хатыңды кеше ал­дым. Аманшылық. Союздың салақтығын білесің, бұдан бір ай бұрын саған команди­ров­ка береміз деген қаулысын (напрасно) жо­ғалтып апты. Енді жаңадан шығарып, осы жұмада ақша бермек. Менің қалтамның осы кезде жұқалау жағы еді, дегенмен союздың ақшасы жеткенше талғажау бола тұрсын деп мың сом салдым. Төлеуханмен сөйлесіп ем, рукопісің әлі келмепті. Ажарға сәлем. Жуырда тапсырма айтып хат жазған ем, алған боларсың. Сәлеммен – Сә­бит. Алматы қаласы. 1952 жыл 21 сәуір. (ҚР ОМА. 2050 қор. Қолжазба.).

С.МҰҚАНОВ – Н.ФАЗЫЛОВҚА

Құрметті Фазылов жолдас! «Менің мек­теп­­терім»-ді аудару туралы жазған хатыңыз­ды алдым. Ондай ниетке кіргеніңіз үшін сізге де, баспаға да және Жазушылар ода­ғы­на да көп рахмет айтам. «Менің мектеп­те­рім»-нің Москвада орыс тілінде шыққан ва­риантын мен өзім орысша аудармасынан қысқартып бергем. Ол көлемдегі қысқар­тыл­ған қазақша варианты жоқ. Әрине, қа­зақша шыққан кітапты да, орысша шық­қан көлемге таяп қысқартуға болады. Егер оны тілесеңіздер, тез арада істеп бере алам. Бірақ, мен сіздерге басқаша өтініш айтайын деп едім: бұл күнге шейін менің ешбір шы­ғар­мам өзбек тілінде басылған емес. Сон­дықтан, егер, өзбек туыстарды қазақтың ақ шашты бір жазушысымен таныстырамын десеңіздер, түгел басуларыңыз мақұл болар еді. Бұлай деуіме екінші бір себеп: 1950 жылы «Менің мектептерім» деген атпен ба­сыл­ған қазақша кітапқа мен соңғы уақыт­та көп өзгерістер кіргізіп, «Өмір мектебі» деген атпен баспаға даярлап отырмын. Егер тұтас басқыларыңыз келсе, соңғы вариан­тын қазақшадан бұрын өзбек тілінде шы­ғаруға мақұл болар ем. «Менің мектептерім»-нің көлемі сіз айтқандай 35 баспа табақ емес, бұрынғы варианты да, қазіргі ва­риан­ты да ең әрі кетсе 30 баспа табақ. Сіздерге мен 25 баспа табақтың мөлшерінде ықшам­дап берер ем. Ақылдасып хабарын ай­туыңыз­ды өтінем. Орыс тілінде басылған кітап­тың сіздерге қажеті болмас. Жолдастық сә­лем­мен: (Сәбит Мұқанов). 5 май, 1952 жыл. Алматы. (СМҒМӘММК. Қолжазба қоры).

С.МУКАНОВ – Д.А.КУНАЕВУ

Председателю Совета Министров Ка­захской ССР тов. КУНАЕВУ Д.А.
Мы с Вами хорошо знаем, что одним из вы­дающихся представителей казахского народного творчества является наш совре­менник Кенен Азербаев, который живет на станции Отар, Красногорского района, Джамбулской области. Недавно я посетил его дом и видел его крайне тяжелое поло­же­ние: во-первых, он старый и больной, не годен к труду, во-вторых, у него в семье нет рабочего человека: мать старая, жена – бо­льная, дети – маленькие (их четверо), в третьих, кроме 300 руб. пенсии нет никаких до­ходов, нет скота.
Таким образом, эта большая нетру­дос­пособная семья живет в полуголодном состоянии. Были разговоры о том, якобы Азербаев страдает психической болезнью. Это – сущая ерунда. Он находится в здоро­вом уме, но только тяжело болен: слабое сердце, сильный ревматизм ног. Необходимо помощь этому чудесному акыну и ком­позитору нашего народа. Я предлагаю сле­дую­щее: 1) Издать по плану 1955 года од­но­томник его избранных песен и поэм в Каз­гослитиздате. 2) 1955 году издать од­но­том­ник нот с текстами сочиненных им пе­сен, который подготовлен к печати ком­позитором Ерзаковичем по линии из­­­­дательства Академии наук Казахской ССР. 3) Повысить ежемесячную пенсию до 600 рублей, на что он имеет право как вы­даю­щийся представитель народного ис­кус­ства. 4) Выделить ему квартиру в Алма-Ате на постоянное жительство. 5) Послать на ку­рорт, на лечение, за счет государства. 6) Ему в этом, 1955 году исполняется 70 лет со дня рождения 50 лет творческой деятель­нос­ти. Надо отметить этот юбилей и все вышеуказанное увязать с этим мероприя­тием.7) Присвоить ему звание народного композитора, на что он имеет право как ав­тор десятков мелодий, любимых народом, распространенных по всему Советскому Союзу. По всем этим вопросам необходимо принять специальное постановление Совета Министров Казахской ССР.
Депутат Верховного Совета Казахской ССР (С.МУКАНОВ).
18 апреля, 1955 года. г.Алма-Ата.
(ЛМ­МК­СМГМ. Фонд рукописей.).

Қ.МҰХАМЕДХАНОВ – С.МҰҚАНОВҚА

Құрметті Сәке! Сіздің хатыңызды ал­дым. Шыңғыстың тобымен түскен суретін, Жетісу қазақтарының – ұйғырларының (ру ба­сыларының) суретін жібердім. Сіз Мо­с­кваға аттанғанша жетіп үлгерсе, жақсы болар еді. Жанайдардың Мейрамының (қазақ үйінің сыртына әкесінің сауыт- сайманын іліп қойып түскен) суреті бар еді. Табылмады. Шыңғыстың суреті басылған кі­таптарды (4 том) көруіңіз хажет. Роман жаз­саңыз аса қызықты мағлұматтар бар. Ол кітап­тар мұнда бар еді. Аман ба, жоқ қолды бол­ды ма, әзірге білгенім жоқ. Абай му­зейінде жиналған бағалы кітаптардың со­ның ішінде сіз тартқан 1909 ж. Абай өлең­дері, 900-дей томын таратып жіберіпті. Өзім әзірше ½ ставкамен Пединститутқа орна­лас­тым. Басқа қызмет болмай тұр. Алматыда шаруаларым бар еді, аманшылық болса ал­дағы күзге болмаса, баруға мұрша болмай тұр. Өзіңіз Москвадан қайтқан соң хабар­ла­сармын. Жолыңыз болсын! Мына суре­т­тер қолыңызға аман тисе хабар етерсіз.
Ініңіз Қайым, Семей. 12. ХІ.1955 жыл. (СМҒМӘММК. Қолжазба қоры).

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір