ТЕРЕҢДІК пен КЕМЕЛДІК

0
267 қаралды

Тыныштықбектің қандай ақын екенін білетіндер көп болса да, қандай адам екенін білетіндер жоққа тән сияқты. «Мен бір жұмбақ адаммын…» деп Абай айтқандай, бұл ақын бойын жасырған жүйріктей, бір қараған адамға, сабырлы, салқынқанды, салиқалы, сабаз сияқты боп көрінеді. Әрине, мұндай сипаттар оның бойында жоқ емес. Дегенмен…

Тыныштықбекпен тамырласқан отыз жылдай уақыт ішінде оны арнайы түрде зерттеп, зерделеп көрмесем де, араласып, құраласып жүрген соң, бұл адамның қыры мен сырына, адыры мен аңғарына қаныға түскенімді несіне жасырайын. Тәкеңнің ақпейіл аңқаулығымен қатар осы күнге дейін қыр соңынан қалмай келе жатқан албырттығы мен адуын мінезін, нәзік сезімталдығы мен кінәмшілдігін алма-кезек көріп келе жатып, оның толқындай төңкерілген, алмастай аударылған мі­не­зіне әбден көндігіп алғанмын. Оның кей сәттегі тұнжырап, тымырайып қалатын шақтарынан жалығып кетсем де, ақ са­малдай аңқылдап, тоқтамай сөйлеп, тіпті, ойыма кіріп-шықпайтын бір кереметтерді айтып кеткенде, шын рақатқа бататыным-ай! Өзін жиі сағынып жүретінім де содан болар.
Ақындардың көпшілігі жас кезінде-ақ жарқ етіп көрініп, бірі оттай лаулап, өрт­тей қаулап кетсе де, енді бірі шолақ өзен­дей тез тасып, тез басылып қалады, құмға сіңіп, жоғалып та кетеді. Ал Тыныштықбек ақын өлең кемесіне кешірек мінсе де, тез арада-ақ капитандыққа жақындап қалған матрос сияқты, есімі ел санасына өш­пестей боп жазылып үлгерді.
Оның «Ақшам хаттары» деген алғашқы кітабы ақ қанатты көгершіндей өлеңсүйер қауымның жүрегіне ұясын салып, бала­пан­дарын да ұшырып жіберді. Алайда, Тәкең мастанбады, мақтангерлікке са­лын­бады. Керісінше, тіптен тереңдеп, ке­мелденіп, өлең сөздің өрнегіне жаңа бір ай­шықтар қосып, «Ырауан» атты кітабын шы­ғарды.
Одан кейінгі уақыт… Он екі томдық «Қас Сақ Аңқымасы». Бұндай ұлттық фи­лософиямен, мифологиямен қоса қабат өрілген дүниетанымдық, сөзтанымдық үлкен еңбек қазақ топырағында әлі күнге дейін жасалған жоқ. Расын айту керек, бұл – бір институттың бітіре алмайтын шаруа­сы.
Он екі томнан тұратын осы бір сөз­та­ным лұғатының екі-ақ томы жарық көрді. Қалған томдардың шығуына да көп уақыт қалған жоқ шығар деген тәтті үміттің таң­дайымызда тұрғаны да рас.
Тыныштықбектің кейінгі шыққан кі­та­бы «Бесінші маусым жұпары», сөз жоқ, ерек­ше кітап. Бұл туралы өлең түсінер қауым өз әлдерінше шын ықыластарын біл­діріп те жатыр…
Мен сөзімді Тәкеңнің қандай адам екен­дігінен бастап, оның шығармашы­лы­ғына ауысып кетіппін ғой.
Ақыры айтқан соң, ақиқатын ай­тайын­шы. Тыныштықбектің маңдайалды марғасқа болуына өзіне тән қажыр-қай­раты мен жігер-намысы жебеу болса, ел­ден ерек ақын болып жетілуіне оның зайы­бы Шағангүлдің махаббаты мен сүйіс­пеншілігі, сенімі мен төзімі, жар ең­бегінің өнбегіне тигізген ықпал-әсерлері демеу болды.
Дос-ағамның көңіліне келсе де ай­тайын, Шағангүл болмаса, Тыныштықбек бүгінгі биіктерге шыға алмас еді.
Осы тұста:
Ақындардың ойқы-шойқы мінезін
Асыл жардың алақаны тегістер, – дегім келіп отыр…
Шіліңгір шілденің жиырмасы – жақсы күн! Өйткені, бұл күні Шыңғыстаудағы Шы­бынды өзенінің бойында қазақ шайы­ры Тыныштықбек Әбдікәкімұлы дүниеге келді!

Әбубәкір ҚАЙРАН

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.