ҚАЖЫНЫҢ ҚАБІРІ
20.07.2018
1245
0

Гурвел СИНГХ ПАННУ, үнді жазушысы


Моуджу бүгін тіпті көңілсіз. Ашуланса, eкі жұдырығын түйіп алып, үн-түнсіз шыға жөнелетін ежелгі әдеті. Мол бұтақты баньян ағашының астына шалқасынан жатып, қолына түскен шөпті тістелей бepедi, көзін қалың жапырақ арасынан көрінген көгілдір аспанға қадайды. Ашуы тарап, мазасыз ойлар толастаған кезде Моуджу үйге қайта оралады. Бүгін ол бip құты шарапты түгел ішіп қойған-ды. Сондықтан әбден мас болып, ұйықтағанда да көз алды бұлыңғырланып, әлденелер елестеді.

Басқа бip жағдайда болса, имам Фазал Шахқа деген ренішін Моуджу ұмытар еді, ал бүгін ыза буып, қай-қайдағы өкпе-реніш пен ұрыс-керіс eciнe түсе береді. Оның ceбeбi мынадай: таңертең Моуджу Фазал Шахтың алдында қол қусырып тұрып, ізетпен тіл қатты:
– Мырза, мен төрт жыл бойы сізге зор сеніммен адал қызмет еттім. Ойыңызды қас-қабағыңыз­дан-ақ түсініп, көзді ашып-жұм­ғанша орындап жүрдім. О, мырза! Құлыңызға рақым ете көріңіз. Осы маңдағы жақын ауылда ба­ла­ларым тұрады. Соларды асырау үшін табыс іздеп шыққан пақыр­мын ғой. Бейшаралар менен кө­мек күтіп, зарығып отыр. Дін­шіл­дер­дің қабірге әкелген са­­­да­қа­­сынан маған аз-кем қа­ражат бepiп, ізгілік жасаңыз. Сонда ай сайын, аз да болса, үйге бірдеңе жіберіп тұрар едім. Бала-шағамның қарны тойып, мен сіздің құлақкесті құлыңыз болып, бұрынғыдан да құлшына еңбек етер едім.
Моуджудың бар айтқаны осы-ақ. Бipaқ Фазал Шах бұлқан-талқан болды, оның алдында адам ecтімеген әдепсіздік жасалғандай немесе біреу ар-намысын тапта­ған­дай ызаға булықты. Ашудан көзі шатынап, аузы қисайып, тici шықырлады, қолынан тәспісі түсіп кетті, оның шылдыр еткен дыбысы Моуджуды мазақтап күл­гендей болды. Күп-күрең боп кет­кен имам орнынан атып тұ­рып, айғай салды:
– Жоғалт көзінді, оңбаған па­сық! Сен жалшысың! Саған қан­дай пайыз берілмек?! Үлес ал­мақ­пысың? Әбден тойынып алған соң, құтырайын деген екенсің! Шық қазір!
Моуджу, әдеттегісінше, имам­ды іштей балағаттап, баньян тү­біне барып сұлай түскен еді. Түс ауып, күн кешкірді, ал Моуджу ағаш көлеңкесінде ауыр ойға батып әлі жатыр. Айтқан тілегінде eшқандай өрескелдік жоқ сияқты. Имамға төрт жылдан бepi қызмет етіп жүр, бұдан әрі істей беруге де қарсы емес, өзінің еңбегіне ақы ғана талап етті емес пе? «Имам са­да­қаға түскен әр рупиядан бір ан беріп тұрса ризамын ғой. Соған да қуанып, табысым бар деп жүрер едім. Ол мен туралы да ойлауға тиісті емес пе? Оһ-һо-һо, имам – дүниеде теңдесі жоқ әулие адам, өмірдің бүкіл игілігі өз қолында, тамақ пен киім үшін қам жемейді. Қалағанынша ішеді, жейді, наша тартып, ақшаны қаттап жинай береді. Дәл бәрін ана дүниеге ала кететіндей құнығады, ал бір ба­қытсыздық кездескен күні бәрі де қалады. Иә, имам менің ау­ыр еңбегімді бағалап, есептесуге тиісті еді ғой» дейді Моуджу өз ойын іш­тей жалғап. «Талай рет оның денесін сылап-сипадым ба,
тру­б­­ка­сына теме­кі толтырып, ойы­на алғаны­ның бәрін орын­да­ма­дым ба? Қа­бірдің табысы ше? Ол табыс тек менің арқамда ғана түсіп жатыр ғой».
Қабір Делиден Ка­лькут­таға баратын жолға жақын көз ұшындағы төбенің үстінде. Қабірдің тұрған жері өте қолайлы, айналасындағы жақын маңда бірде-бір қала, ауыл жоқ. Керуен атаулының бәрі жолдағы Кхотрин қажының қабіріне бұрылмай кетпейді. Оның даңқы ең алыс түкпірлерге тарап, кеңі­нен жайылды. Керуеншілер бұл арада бірнеше күн тынығып, Құдайға құлшылық жасап, мол садақа беріп кететін. Олар ешқа­шан саудада зиян шегіп, жол то­наушыларға кездесіп көрген емес.
Моуджу ұзақ мезгіл ел кезіп жүріп, осы әулиенің қабіріне тап болғанын, жаны ізгі, иманды адамға жұмысқа орналасқанын үлкен сәттілік деп білген-ді. Әу­лие Кхотрин қабірінің даңқын арттыра беру үшін Моуджу күн ұзаққа дамыл таппайтын. Небір қызықты тарихи оқиғаларды ретін тауып айта білген ол тәуап етуші­лерді көбейте түсті. Әулиенің өміріне байланысты талай кере­метті ойынан шығарып айтты, соның арқасында тәуап етушілер Кхотрин қажыны пайғамбардан кем санамайтын болды. Жаңа келгендердің әрбіріне Кхотрин әулиенің ізгі істері туралы ұйыта сөйлей білгендіктен, олар сада­қаны мөлшердегіден екі-үш есе артық беріп кететін.
– Имамның өзі де үлкен әул­ие, – дейтін адал жалшы иесін қоса мақтап. – Ол жұмақтың есігін ашып тұрғандай жылы шы­рай көрсетеді, ал біреуге ашуланса, оны тамұқтан бір-ақ көресің.
Моуджуға сенген адамдар Фа­зал Шахқа жақындай бере иіліп құрмет көрсетіп, сыйлыққа көп­теген кілемдер, жылы шәлілер беретін. Моуджудың еңбегі арқа­сында имамның кірісі төрт жыл­дың ішінде жүз мың рупияға жет­ті, қабірге келетін жалғыз аяқ соқпақ үлкен дүбірлі жолға айналды. «Табыс осылай көбейіп еді» деп ойлады Моуджу, «ал мен ақша жөнінде емеурін білдірсем-ақ, өзімді cөгe бастайды». Ақы­рында Моуджу «қабірді тастап, қалаға кетсем» деген шешімге келді, «ол жақтан маған лайықты жұмыс табылып қалар» деп ойла­ды. Ендігі жерде қайыр тілеп өтсе де, Фазал Шах имамға тегін жұ­мыс істемек емес.
…Күн кешкірді, Кхотрин қа­жы­ның қабіріне бет алған керуен шаңды аспанға көтеріп, жақындап қалды. Қоңырау шылдыры Моуджудың ойын бөліп жіберді. Орнынан ұшып тұрып, Фазал Шахтың үйіне қарай беттеді.
– Ием, – деді ол жалынып, – маған кешірім ете көріңіз. Менің сөздеріме сіз қатты ренжідіңіз. Өрескелдік жасаған құлыңызды кешіріңіз.
Иесі қасына келіп, жылы шы­раймен арқаға қақты.
– Оқасы жоқ, Моуджу. Саған ризамын. – Қожасы алысқа, жа­қындап келе жатқан керуенге көз жіберді.
– Бір ғана тілегім бар, ием. Сізге төрт жыл бойы адал қызмет ет­тім. Енді менің өз жайыма ке­туіме рұқсат етіңіз!
– Жақсы, Моуджу. Сені бө­ге­меймін, – деді Фазал Шах таңер­теңгі сөздерді есіне алып.
Имамның бұйрығымен Моу­джу­ға жиырма шақты жылқының ішінен ең кәрі, әрі ауру ат берілді. Сөйтіп, керуеншілер төбенің ба­сына көтерілгенде, Моуджу тоғай арасына қарай, батып бара жатқан күнді бетке ұстап жүре берді.
Моуджу кеткен бірінші жыл­дан бастап-ақ әулие қабірге келу­шілер саны азайды. Әрине, табыс та кеміді. Тәуап етушілермен енді Фазал Шахтың өзі сөйлесіп, уағыз айтса да, ісі күн өткен сайын кері кете берді. Екі-үш жылдан кейін тіпті ешқандай кіріс болмай қал­ды. Имамның күндіз-түні ойла­ғаны нан мен наша сатып алатын ақшаны қайдан табу жайы еді. Керуендер енді келмейтін болды, әрине, керуен келмеген соң мол сыйлық-садақа да түспейді. Қабірге барар жол қалың шөптің арасынан әзер көрінетін тар соқ­паққа айналды. Бұл күйге түсірген Моуджудың қарғысы деп ұйғарды ол. «Оған аздап ақша беру керек еді» деп ойлады имам. «Бірақ, амал не, бәрін күні бұрын болжап отыра аласың ба?».
Бір күні Фазал Шах «осы жол­дың төменгі жағында күндік жерде жаңа әулиенің тұрағы табы­лыпты, онда Гхоре Шах әулиенің қабірі бар екен» дегенді естіді («гхоре» – «ат» деген сөз). Қазір оған тәуап етушілер көп, барлық сый-садақа да соған апарылады. Имам керек-жарағын, садақа жи­най­тын ыдысын алып, шығысқа қарай жүріп кетті. Келесі күні ол Гхоре Шах әулиенің қабіріне жет­ті. Қабір үлкен баньян ағаштары өсіп түрған, көркем көріністі алаң­да екен. Жол жиегінен құдық қазылып, жаңа керуен-сарай салыныпты. Тоғай арасындағы шатырлар алдына от жағылып, үлкен қазандарда палау пісіріліп жатыр. Бір кездердегі өз салтана­тын еріксіз есіне түсіріп, Фазал Шах имам көзіне жас алды. Кенет анадай жерде маңғазданып тұрған Моуджуды көріп қалып, аяғын тез басып қасына жетіп барды. Алдында басын иіп тұрған Моуд­жуды имам құшағына қысты. Моуд­жудың қызметшісі құр­мет­пен қол қусырып, бұйрық күтіп тұр. Моуджу оған «кет» дегендей белгі беріп еді, ол иіле-иіле кейін шегінді. Ал Моуджу Фазал Шахты жайғастырып отырғызып, хал-ахуалын сұрай бастады.
– Моуджу бауырым, ең әуелі мынаны айтшы, мына әсем үйді қалай алдың? Сенің тасың ылғи өрге домалайды. Біздің қабір сен кеткен соң-ақ мүлде құлдырады. Ал сен мұнда жаңа қабірді байы­тып жүрсің. Бұрын бұл зират жө­нінде ешкім ештеңе білмейтін еді. Қазір бәрі осылай қарай шұ­бырады.
Маған ешбір керуен соқпай­тын болды. Айналадағы жұрттан еститінің: «Әулие Гхоре Шах, әу­л­ие Гхоре Шах!». Мұның бәрі, әрине, сенің еңбегің.
– О не дегеніңіз, о не дегеніңіз, имам! – Моуджу қолын сілтеді. – Менің барлық бақ-дәулетім – сіздің жомарттығыңыздың нәти­жесі. Рухани ұстазым сіз емессіз бе? Бұл бақыт үшін өмір-бақи тек сізге ғана борыштымын.
– Қалайша? – Фазал Шах аң-таң.
– Есіңізге түсіріп көріңізші, – деді Моуджу, – бір кездері мына құлыңызға ат сыйлап едіңіз ғой. «Сол ат әйтеуір бір жерге жеткізер» деп, шығысқа қарай жүріп кеттім. Дәл осы араға келгенде, ат зоры­ғып өлді. Әбден ызаландым: ілгері де, кейін де жүре алмай, орта жол­да қалдым емес пе?! «Фазал Шах әулие адам, демек, оның жылқысы да әулие!» деген ой түсті де, осы ара­ға атымды жерледім. Бір апта­дай өткен кезде керуеншілер кел­ді. Мен аһ ұрып, жылап-еңіреп, керуеншілерге жайымды айттым: «Осы жол үстінде менің ұстазым – атақты әулие Гхоре Шах кенет қайтыс болды. Оны осы араға жер­леуге тура келді. Егер ол өз жерінде өлсе, шәкірттері оған тамаша бейіт салдырып, мол сый-садақасын жасар еді. Жалғыз мен не істемекпін?!».
Әулие Гхоре Шахтың ізгі істері туралы әңгімемді естіген керуен­ба­сының әбден көңілі босап, әулиенің басына қолма-қол бейіт тұрғызуға, маған үй салуға бұйрық берді. Су-суан, азық-түлік, көп ақша тастап кетті. Құрметті имам, міне, содан бері күн артынан күн өтіп жатыр, тәуап етушілер мен табыс та молая түсуде. Қабір даң­қы да артып келеді, көрдіңіз бе, сіздің құлыңыз бұл арада да жалықпай еңбек етіп жүр. Осы­ның бәріне себепші – сіз берген ат. Кұдіреті күшті Құдайым Гхоре Шахтың жанын жәннатта етсін! – деп Моуджу сылқ-сылқ күлді.
– Жарайсың, Моуджу, жарай­сың! Ұстаз өсиетін орындаған екен­сің, – деп Фазал Шах бұ­рынғы жалшысын арқаға қақты. – Ал сен мендегі қабірде әулие жатыр деп ойлап па едің? Онда жатқан да – бір кездері жол үстін­де өлген есегім болатын. «Кхот­риннің» дәл мағынасы – есек деген сөз. Міне, содан бері Кхот­рин қажының қабірі арқа­сын­да күнелтіп жүрмін.
Фазал Шах имам мен әулие Моуджу қарқылдаса күліп, құ­шақ­таса кетті. «Гхоре Шахтың қа­біріне келген кім екен, әулие Моуд­жудың құрметті ұстазы ма, әлде сүйікті шәкірті ме?» десіп, ке­руеншілер аң-таң болып, әң­гімені сан-саққа жүгіртіп жатыр.

Орысшадан аударған
Ләзиза СЕРҒАЗИНА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір