«Өлеңім, сен аман бол…»

0
201 қаралды

(ақын Марфуға Бектемірованың жырлары жайлы)

Абайдың әлеуметтің теріс мінез-құлқын, пи­ғылын жаны күйіп сына­ған уытты жыр­лары әуелі адамзат, сосын қазақтың кемшін жа­ғын әшкереледі. Ақын Марфуға Бекте­мі­рованың өлеңдері де Абайдың осы жыр­ларымен үндесіп жатыр.
Кімге керек жасарып, құлпырғаның?
Тон ішінде білемін кім тұрғанын.
Сезбейсің-ау, сезбейсің, ел басына,
Туған тілді қорғайтын күн туғанын.
Осылай деп Марфуға жазған төрттаған-ру­баилер әлеуметтік өткірлігімен, іштей ар­­бас­қан, алауыз қоғамды дөп бейнелер шын­­шыл­дығымен, түйінді ойды төрт жолға сый­ғызған ше­берлігімен баурайды. Көз ал­дыңа бұлғын ішік, құндыз ішік кигенмен има­ни кісілікті мен­сінбес, байлық буымен ма­сайрап, болып-тол­ған біраз әйел портреті тізіліп тұра қалды. Ысы­рапшыл, қара қа­зақты адам қатарына са­намайтын биліктегі кей әйел заты. Қағынан же­ріген құландай тегіне тартуға құлықсыз, жо­ғары лауазымды, гендерлік кердең ханым­дар. Сондықтан ақын «Өзің сүйген қазағың орыстан да жат болар» деп күйінуі бекер емес.
Сырт тазасы не керек,
Тазарт әуел ішіңді!
Үмбетей жырау жесір дауында, қазақта Қа­банбайдан асқан батыр жоқ деп Төле би баға беретін қас батырға қаймықпай айтты.
Марфуғаның төрттағандарында адам мі­­нездерінің кішігірім галереясы бар. Исі адам­­зат бойындағы жамандықты жиі әжуа қыл­ған, XVIII ғ. орыс қоғамын сатирамен бей­нелеген шын­шыл ақын Иван Крыловтың мысалдарын­дай нысанаға дөп тиеді.
Арам тер боп жағу үшін басшыға,
Күлмес жерде күлкі жинау жақсы ма?
Жұрт алдында қутыңдайсың түлкідей,
Шыға бере айналасың қасқырға.
Бұл құбылғыш бейнеден әркім өзі та­ни­тын біреуді дәл көретіні жалған болмас.
Бұл дүниенің байлығы – лай ғой аққан,
Адамдар дандайсуды қайдан тапқан?
Қара жерге бір түп ағаш ексең,
Сол ағаш орман болса, соған мақтан.
Марфуға қазақтың бағзы дана қария­лары­нан қалған «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылын өлеңге көркем өріп отырған жоқ па! Жер бетінде бәрі бір-бірі­мен өзара бай­ланысқан, жері сұлудың елі сұлу. Жер көркі орман-су. Ол ластанса, өмір кермектенер.
Адам нәсілі материалдық құндылыққа ба­­ғын­ған сайын, ар-ұят, иманнан безіп, ақ­шаның құлына айналса, одан рухани әлемнің ақ періштелері, адамды жамандық­тан сақтап, қорғап жүретін нұрлы күш ие­лері шошынып, қарадай безінеді: «Періш­те төменшіктеп, қай­ғы жемек» (Абай). Тылсым дүниенің эзо­те­ри­калық тылсымын сезіп, жер бетінде ізі қалған не­бір даналық мұраны зерттеген игі ғұламалар мұ­ның сырын терең білген. Адам рухы тек көзге көрінер әлемге бағынбайды. Құпия құді­рет күшіне ештеңе жетпейді.
Адалдық қыл көпірдің ұшында тұр,
Қарғалар қарқ-қарқ етіп ұшып жатыр.
Шортандар шортан болып туламай-ақ,
Торына қу мансаптың түсіп жатыр.
Ерлердің рухы құлдилап кетуі. Нәпсі мен ашкөз жемірлікке бойұсыну түбі опық же­гізері жарық дүниеде қайталана беретін шырғалаң. Мұның бәрін Марфуға жалған мәдениеттің жалғанды билеп алуынан се­зеді: «Қоғам, / Ақыннан,/ Құтылмақ бо­лып жа­тыр. /Құтыла алмай, / Қол-аяғы, / Ты­пыр­лап жатыр».
Заманақыр,
Күннің көзі тұтылған,
Аштық жүрді жер бетінде құтырған.
Кеудесінде үзілмеген жаны бар,
Бір сәбиді құзғын шоқып отырған.
Қазақ халқын өткен ғасырда геноцид – құр­дымға жіберуге жасалған аштық тақы­ры­­бын Смағұл Елубаев «Ақ боз үй» атты ро­ма­нын­да жазды. Ол өлеңде иірім тартса ұр­пақ жа­дына үзілмес аманат.
Сендерше – менің орным,
От басы, ошақ қасында.
Көсеу ұстаған қолымның
Дәрмені жоқтай жазуға.
Мариям Хакімжанова ақын апасынан ба­та алған Марфуға Бектемірова әйелдің ақын бол­ғаны салмағы екі есе ауыр екенін ұқ­тыратын са­рынды көңіл түпкіріне бүгіп қал­май жазғаны дұрыс. Өйткені ақын жаны нәзік, соны біліп қасақана жаралайтын қай­ма­на жұрт бар. Абай «Жаны аяулы жақсыға қо­самын деп, / Әркім бір ит сақтап жүр ырыл­датып» десе, ащы шындықты айтты. «Өң­шең надан антұрған » (Абай) қарадай күй­гізген соң, екіжүзді іштарлықтан әбден ме­зі болған соң ақын өзін солай жұбатты. Мар­­фуға «Қарғадайын қарасыңдар. / Өсек­терің – мың бір түндей» деп бекерге налы­май­ды. «Күншілдер қыр соңымнан қуа бер­мек». Былайғы жұртқа бұл әсірелеу, ақын пен­делікке салынып, артық айтқан, жалалы сөз сияқты көрінуі бек мүмкін. Қызғаныш, сұқ, көре алмаушылыққа құл жандар өмірде қа­терлі дұшпан екенін басына түскендер бі­л­еді.
Тып-тыныш боп жатсам көрде,
Рахатқа шын батасыңдар.
Аққу болып жүзсем көлде,
Көздеп тұрып атасыңдар.
Жаны нәзік ақынды тым күйреуік деу бе­кер. Рухы мықты Марфуға.
Тынышымды алды тағдыр ылаңы,
Өмір мені сындырды да, құрады.
Әйелдігімді бұлдамаймын өмірде,
Өлеңімнің өзі неге тұрады?
Осы біздің қазақта әйелдігін бұлдайтын, сонысын ұят, ерсі санамайтын, егерде шын­дық­тан таймас әділ бәсеке болса қыр аса алмай қалатын қаншама төмен етекті бар?..
Ақын жанына зұлымдық өлердей бат­паса бейбіт күнде көңілін нілдей бұзған қа­паға қайрылғыштап күйінішпен жыр жаз­бас еді.
Кейбір надан жүрсе дейді көрінбей,
Өмір оның сатып алған төріндей.
Соғып жатқан жүрек барда кеудемде,
Жырым менің тұра алмайды төгілмей.
Япырым-ау, ақынның осы сөзі рас. Шы­ғар­машылық иелері мұның сырын әбден біледі. «Қараның ісі – қара дақ, қалады мәңгі, / Көз ілмей кейде күтемін жаралы таңды» деп Мар­фуға қызылкөз қызғаныш­тың құрбаны болудың азабын білген соң айтады. Құдай­дан бақ талант алдым деген­ше, өнерге ан­талаған бықсық пиғылдардан лағынет қар­ғыс алдым дей бер. Балға үймелеген қара шы­бындай анталап қаныңды сорады. Аяр күн­шілден қорғану амалдарын ақыры біліп ба­рып қана күйініш, реніштен құтыласың, тым құрыса қайтіп маңыңа маңайлатпауға ты­рысасың. Жамандықтары ұлғая келе құ­быжыққа айналғасын түбі өздерін жарға жы­ғады.
Менің аппақ көңілімді жылан боп,
Аямастан шағып алды бір апай.
Ақын түйіні «Адалдықпен ағарсын тек ақ шашың» деп иманға үндейтін «Сайтан» ат­ты өлеңінде қазіргі қазақ қоғамындағы бы­лықты, мекерлік бейнесін аңдатады:
Өсек айтып, жүрген елді ойрандап,
Күншілдердің кеудесі оған сайран-бақ.
Өзі сұмырай, сұмырайды таңдайды,
Таза жерде жүре алмайды тайраңдап.

Арамзаны жинап алып елдегі,
Ойыншығы етеді оны ермегі.
Құдайдан да қорықпайтын алдымен,
Қолпаштайды қараниет пендені.

«Саған келер ажал да жоқ, қауіп жоқ» –
Деген сөзге жатар надан қарқ боп.
Бір күні олар «құтқар» дейді Құдайға,
Сайтандардан сыбағасын алып боп.
Сайтан – адамның өз еркімен ізгіліктен бе­зініп, зұлымдыққа бас июі. «Сарайларда, / Сайтан бар деп жүр ғой жұрт, / Құдайы бар кірейікші күркеме». «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген Жиренше ше­шеннің аяғы лашығынан сыртқа шығып жа­тады екен. Қазақ аңызында ұлтқа тән ежелгі қағида тұр: құдайшыл қанағатшыл­дық, тоздырмайтын адалдық.
Марфуға «Қазақ қызы ән-жырын ұмыт­қан ба?», – деп жырға қосқандай, Сарыар-қа – туған жерге деген перзенттік сағыны­шын Сейфолланың Сәкені шалқи жырлаған сұлу Көкшенің Айнакөлін, Шортанды көлін, аруларын, Бурабайдың биші ақ қайың­дарын, Арқаның кең даласын, ақтү­тек дүлей қысын сүйіп жырлады. Сүйген жі­гітіне ақын қыз «Келмедің-ау жаным-ау бо­­рандарда, /… Сен келмеді, келмеуің өкі­ніш­ті, /Қалатындай осылай ақ қар мәңгі» деп наз айтуы өте жарасымды.
Қар жауып тұр…
Біздің елде, боран бүгін,
Жатырмын,
«Ақ кебінге», ораулымын.
Ертең мені,
Көмеді қар астына,соған бола жылаймын,
Соған күнім.
Махаббат…
Шалды мені құрбандыққа,
Көңіл айтқын,
Қоштасып тұрған жұртқа.
«Қыс деген қалың ойдың ордасы ғой»,
«Сүйемін Арқа қысыңды қатты, боран­ды, / Бұрқырап өткен боранда жырым оян­ды. / …Өмірді сүйем қыс үшін жанын қина­ған». Қыс сарыны ақын үшін аңсарлы, аяз­ды түнде жыр туады. Марфуға табиғат мез­гілін жүрегімен үндестіріп, кіршіксіз ап­пақ әлемде құлпытасқа жазылар өлең – эпитафия оқуы, дәлірегі, өзін-өзі жоқтап жыр жазуы қыстың таңғажайып көркіне елігу­ден туған ассоциация. Бір шеті ақын атаулы тегіс жерден сүрінер – романтика. Та­лай ақын, кейі екі мүшелге толмай-ақ, «Ме­ні де өлім әлдиле!» деп жырлаған Мағ­жанға еліктеп, «Мен өлемін, ажалды аңса­дым» деп шалық буып, өлең жазуды мәртебе көреді. Сөз киесі ұрарын албырттықтан аң­дамас.
Сөз байласқан жігітінің ауылы алшақ емес. Марфуғаның махаббат лирикасы қыз ба­лаға тән ибамен, бай, мөлдір, қайталанбас әсем сезіммен келеді. Жаны буырқанып, жер-көкті орап толқуы:
Ғасырда алғаш ғашықтық деген бұл дертті,
Тоқтамай жауған түсіндім жауын арқылы.
Сүйгенін күтіп, сағынуы «Мың бір түн» ертегісіндей, «Әупілдектің» әніндей көрікті:
Сүйгенім менің кейпінде құстың,
Қонар ма келіп жағаға?
Адамдық махаббаты жер-көкпен ұла­сады. Көркемдікке жанымен ынтығады.
Қызуы қатты қайнаған әлем,
Шоғыңды ыстық басыппын.
Аспанға…Күнге… Айға да мен,
Ғашықпын…
Мәңгі ғашықпын.
Бір басында үш есімі бар ақын – Марха­ба, Марқа, Марфуға. «Әже дауысын, / Аңсап тұрам сонда да, / Марқа… Марқа… Марқа­лап, / Біреу мені, / Шақырса екен деп». Ба­ла­лығын, ертегіге елтуін Марфуға ана бол­ған соң да жоғалтпағандай көрінеді. «Күл­ше қыз» деп, ертегі кейіпкері Золушкаға те­бірене өлең арнауы соның нышаны. «Ай­дай сұлу жетім қыздың жүзіне, / Көзін сал­май періште де өтпеген».
Ақын қазақ елінде болып жатқан әрбір жақ­сылыққа жаны сүйіне қуанады. Аза­мат­тығы табиғи. Оның «Оралман» атты өлеңін­де бауырмал мейірім тұнған. Оралман қауым­ды атамекенге ұшып келген жыл құстарына теңеуі өте көркем ассоциация! Қазақ өз қа­зағын қорсынып, қорашсына өлердей жат­сынса, бауырдан безіне басқа ұлт атта­ры­мен кемсіте атаса, онда шын бөтендер қап­таса, көресінді көрер еді. Өтірікшінің шын сөзі зая кетедінің керіне ұшырап, соры қай­найды. Құдай оның бетін аулақ қыл­сын!
Сол кішкентай,
Ұяны іздеп оралған,
Атанды құс,
Өз елінде «оралман».
Ұясынан қылтияды бастары,
Ақ мамыққа,
Балапандар оралған.
«Көкшетауым, кербезім, көгілдірім». Ту­ған жер сарыны ақын үшін ерен қымбат. Ол қазіргі шетел асқан қалталы жұртқа қы­зық­пайды.
Көрмей-ақ қойдым елді, өзге мүлде,
Теңіз де табылады өз жерімде.
Дәл мендей ғашық болып даласына,
Әр қазақ ие болсын өз жеріне.
Марфуға Бектемірова асқақ рухы Көк­шеден асып, Атырау-Қарауылдан асып исі қа­заққа шалқыған халық сүйген Ақан серіге жыр арнаған. Ақан сері бейнесі қазақ әде­биетінде сарқылмас тақырып. Өмірінде ар­тық туғаны үшін шикі надандықтан қор­лық шеккен, күншілдік өкшелеп, өксіп өт­кен Ақан сері Құлагерімен аңыздағы кен­­­таврдайын тұтасып кеткелі қашан. Ар­қада Сағынайдың асы көшкен бұлттай дүр­кіреп өткелі қай заман, бірақ қас тұлпары Құ­лагерімен Ақан серіні қазақ жады еш­қа­шан ұмытпайды. Ақан тұлғасын ер қанаты Құлагерден айырмай жоқтау Мағжан Жұма­баевтан басталған. Жер басып тірі жүргенде Ілияс Жансүгіров құсадан жаны егіліп, көрдегі Ақанмен қоса аңырап, тірі мен өлі рухы өлеңде қауышып, құдіретті поэма жаз­ғанда қайран ақын бұл құсадан ұзамай өз басына түсер ажал көлеңкесін жазбай се­зінгені былайғы жұртқа ерен жұмбақ.
Қызғанып сенен,
Табиғат берген дарынды,
Өңшең бір надан тынысы неден тарылды?
Жуынып қанмен түршігіп жатты құба бел.
Қызғаныштың құрбаны болып Құлагер.

Өшірмек болса,
Дауылдар сенің даусыңды,
Жоғалмас әнің, аралап кеткен тау-шыңды.
Қаншама жылдар, қаншама күндер өтсе де,
Құстармен бірге оралар әнің Көкшеге.
Марфуға «Сарайым бар, жан сарайым, жұ­мағым» деп тегін айтпаған. Оның жан са­райы арайлы, көркемдік әлемі нәзік, сұлу екен. Оның зор қазынасы – өлеңдері. Өмір­ден елу бес жасқа толмай өткен ақын рухы сол жыр керуенін кейінгі ұрпақ білсе, таныса деп аманаттады. Құс қауырсынындай жұм­сақ мейірім, қазақы болмыс, аққу көгі, туған жері мен елінің қасиеті, тектілігі Марфуға Бек­темірованың поэзиясында бар. Балаша өкпелеп, балаша жұбанар мінезі де қол­таңбасынан білінеді. Жырларына дәстүрлі дүниетаным тән. Адал ақын, аяулы жар, асыл ана – Марфуға. Қазақтың ақын қызы – Марфуға.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

Пікір қосу