Археологияға қатысы жоқтар археологиямен айналысуда

1
289 қаралды

Тәуелсіз сана тәуелсіз тұжырымдар жасайды

Ерден ОРАЛБАЙ, археолог


– Шығыс Қазақстан облысының Тар­бағатай аймағындағы Елеке са­зы қорғанынан табылған алтын бұйым­дар археология саласындағы үл­кен жаңалық ретінде бағаланды. Қаз­ба жұмыстарының басы-қасында өзіңіз болған екенсіз. Бұл жоба қа­шан, қалай басталғаны туралы айтып өтсеңіз…
– Көрнекті археолог-ғалым Зей­нолла Самашевтің бастамасымен Астана қаласында Әлкей Мар­ғұ­лан атындағы Археология инс­ти­туының бөлімі ашылған еді. Сол бө­лімде қызмет етіп жүргенде Шы­ғыс Қазақстан облысының бұрын зерттелмеген өңірлерін зерттеу қол­ға алынып, Шыңғыстау өңірі, Қал­ба жоталары мен Тарбағатайға көп көңіл бөліне бастады. Ал 2011 жы­лы Тарбағатай өңіріне архео­ло­гия­лық барлау жасаған кезде Тар­ба­ғатайдың ең биік нүктесі – Тас­тау басты назарға алынды. Тас­тау­дың етегінде қысы-жазы ақ қар жатады. Бақ­ташылардың айтуымен сол жер­де көптеген үймелер мен дөңдер бар екенін білдік. Елеке сазы жайлауын өз көзімізбен көргенде қола дәуірі, ерте сақ кезеңі, үйсін, ғұн, кейінгі көктүріктер кезеңдеріне қа­тысты мол ескерткіштер барын біл­дік. Көне түркі кезеңіне қатысты Қа­зақстанда баламасы жоқ, бірегей қа­ғандық кешен табылды. Сол жы­лы барлық ескерткіштердің санын анықтап, жоспарға енгіздік. Үш жүз­ден астам қорғандағы ескерт­кіш­терді өз ерекшелігіне қарай жеті топқа бөлдік. «Елеке сазы 1» деп аталған тас қорғанның баламасын анықтауда ұстазымыз Зейнолла Самашұлы «бұл ескерткіштер кө­не түркі дәуіріне тән болуы мүм­кін» деген болжам жасады. Шы­нын­да мұндағы ескерткіштер Ор­та­лық Моңғолиядағы Шивэт ул­лан, Білге қаған, Тоныкөк ес­керт­кіштеріне өте ұқсас. Ал Елеке са­зы жайлауындағы ескерткіштерді топ­тастыра қарағанда ерте сақ ке­зеңі­нің, сонау Тувадағы – Аржан, Зай­сандағы – Шілікті мәдение­ті­мен бір кезеңде қалыптасақаны анық­талды.
– Ескерткіштер санын қалай анық­тайсыздар?
– Үш жүзден астам ескерткішті же­ке-жеке санап шықтық. Топог­ра­фиялық жоспардың талабына сәй­кес әр қорғанның көлемі мен ор­ны түгел қамтылуы керек. Деген­мен Елеке сазындағы қорғандардың саны нақты 300 деп кесіп айтуға бол­майды. Себебі, бо­лашақта дәл осы жерден өзге қорғандар табылуы мүм­кін.
– Бір қорғанның табылуы мен он­дағы ескерткіштер санын анықтау, та­былған заттарды зерттеу ісіне қан­ша уақыт кетеді?
– Ол ескерткіштердің күр­де­лі­лі­гіне байланысты. Бір ескерткішті екі-үш жыл қазатын кездер болады. Бірақ, оның алғашқы қоры­ты­ндыларын білу үшін табылған зат­тарды археологиялық, зоология­лық, астеологиялық зерттеулерге ше­тінен жібере береміз. Ондағы зерт­теулер кемінде екі үш-жыл жал­ғасады. Мәселен, Елеке сазын дәл анықтау үшін Тарбағатай өңі­ріне 2011 жылы бардық. Суретке тү­сіріп, тиісті құжаттарын жасап сол жылы Шығыс Қазақстан об­лыстық «Тарихи-мәдени мұраны қор­ғау жөніндегі» инспекциясына тап­сырдық. Бұл ескерткіштер та­рихи-мәдени мұра ретінде 2011 жы­лы реестрға енгізілді. 2012 жы­лы топографиялық жоспары кар­таға түсірілді. Кейінірек 2016 жылы Шы­ғыс Қазақстан облысының әкі­мі Даниял Кенжетайұлының бас­тамасымен «Шығыс Қазақ­стан­да археология саласындағы ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарын дамыту» атты бағдарлама қабылданды, бұл бағ­дарлама әлі де жалғасуда.
Осы жоба аясында қолға алын­ған қазба жұмыстары негізінде ең ал­дымен «Елеке сазы-2» қорымын, оның ішінде 7-қорғанды зерттедік. Ескерткіш Ерте Сақ кезеңіне, б.з.д. VII ғасыр кезеңіне келеді. Мұндағы қорғандар құрылымы жағынан Же­тісудағы Бесшатыр обаларына ұқ­сайды, аяғын бүккен бұғы бей­не­сіндегі алтын жапсырмалар – Зай­сандағы Шілікті жазығындағы ал­тындарға жақын, қола жебелер – Орталық Қазақстандағы Талды қо­рымынан, Шығыс Қазақ­стан­дағы Майемер қорымынан табыл­ған жәдігерлерге ұқсас. Елеке са­зындағы 2016 жылғы зерттеулер ар­хеологтардың осы жерге деген қы­зығушылығын арттырды. Сырт­қы келбетіне қарағанда Сақ мәде­ние­тінің бастауында тұрған Ар­жан­мен кезеңдес, б.з.д. IX ғасырдың ескерткіштері болуы да мүмкін де­ген тұжырым бар. Сол себепті биыл­ғы 2018 жылдың жазында көр­некті ғалым Зейнолла Сама­шев­тың жетекшілігімен жүргі­зі­летін зерттеулер нәтижесінде Сақ мәдениетінің бастауы туралы осы уақытқа дейін айтылған ғылыми тұжырымдарға жаңа бетбұрыс жасалуы әбден мүмкін.
– Бір сөзіңізде Елеке сазынан та­­был­ған адам сүйектерінің баль­зам­далғаны туралы айтқан едіңіз. Бальзамдалған адам сүйектері бұ­дан бұрынғы Таулы Алтайда, Берел қорығында да табылғаны белгілі. Еле­ке сазындағы бальзамдалған адам сүйектерінің ерекшелігі неде?
– 2012-2014 жылдар аралығында ҚР Білім және Ғылым министрлігі тарапынан бөлінген грант бойынша «Тарбағатайдағы сақ бекза­да­лары­ның ескерткіштері» атты жобаны қолға алғанмын. Тарбағатай ау­данының орталығы қазіргі Ақ­суат ауылының қасынан оншақты қорған қаздық. Сол қорғанның бірі­нен бұрғыланып тесілген адам сүйек­тері табылды. Оған Ә.Мар­ғұлан атындағы Археология инс­ти­тутының жанындағы антропо­ло­гиялық лабораторияда зерттеу жа­салды. Мұндағы ерекшелік – Еле­ке сазынан табылған қорғанның уақыты Берел мен Ақсуат қорған­да­рының уақытынан үш-төрт ға­сыр бұрынғы кезеңге сәйкес келеді. Сондықтан, Қазақстан жеріндегі адам сүйектерін медициналық тұр­ғыдан бальзамдау уақытының ең ерте кезеңі Елеке сазынан табылды деп айтуға толық негіз бар. Мұнда сүйек­тің шіріп кетуіне себеп болатын жұлын, сүйектердің ішіндегі жі­лік майы мен ми алынып тастал­ған.
– Археологиялық қазба жұмыс­тарын жүргізудің әдіс-тәсілі сіз осы салада жұмыс істей бастаған 1997 жылдан бері қаншалықты дамыды? Осы жылдар ішіндегі Қазақстандағы лабораториялардың жетістігі неде?
– Археология – Қазақстандағы ең жас ғылымның санатында.Тәуел­­сіздік алған жылдарға дейін Қа­­зақстанда түрлі археологиялық қаз­ба жұмыстары жүргізілгенмен же­ке Археология институты – Қа­зақстан Ғылым Академиясының құ­ра­мындағы Тарих, археоло­гия­лық және этнографиялық институ­ты­ның археология бөлімі негізінде 1991 жылы ғана құрылды. Ол бө­лім­­ге Кемел Ақышев ағамыз жетек­ші­лік еткен. Дәл сол кезеңде әл-Фа­ра­би атындағы ҚазҰУ-де Әб­ді­манап Оразбаев ағамыз археология ка­фед­ра­сын ашты. Ал қазір археология ғылымы қарқынды түрде дамып келеді. Зерттелуі тиіс аймақ анық­­талған уақытта оны бірден қаз­бай, геомагниттік сканер құра­лы арқылы қорғандар мен қала­шық­тарда сканерлік жұмыстар жүр­гізіп, оның құрылымын анықтау арқылы белгілі бір орынға түсу қолға алына бас­тады. Бұл өте тиімді тәсіл, өйт­кені бір затты табу үшін бұрынғыдай бүкіл қорғанды бүлдірмейміз.
Ал енді археолгиялық ескерт­кіш­­­терді зерттеу технологиясы қа­­зір ерекше дамыды. Ол бұрын­ғыдай далалық жағдайда емес, то­пырағымен бірге шым күйінде ар­найы орталыққа жеткізіліп, жа­бық кеңістікте зерттеу қолға алына бас­тады. Мәселен, Берелден та­был­ған заттар Алматы қаласындағы «Қырым аралдары» деп аталатын Қы­рым Алтынбеков есімді рес­тавратордың лабораториясында ар­шылып жатыр. Лабораторияның да­лалық жағдайдан артықшылығы көп. Мысалы, табылған органи­ка­лық зат киіз дейік, оны аршу барысында далада жел тұрса киіздің бе­тін бүлдіруі мүмкін. Ал лабора­то­­риялық жағдай ондай кедер­гі­лерден сақтайды, әр затты орнынан қозғамай микроскоппен қа­­рау­ға мүмкіндік көп. Берел қо­ры­­мындағы ат әбзелдеріндегі көзге кө­рінбейтін алтын жіптермен ті­гілген кестелер осындай техноло­гия­­ның арқасында жарқырап кө­рін­ді.
– Археолгия ғылымның коммерциализациялануы біздің елде қалай жүзеге асып жатыр, бұл ғылымның өзін-өзі қаржыландырудағы әлеуеті қандай?
– Археология ғылымының өзін-өзі қаржыландыруға әлеуеті же­теді. Коммерциализация, яғни на­рыққа бейімделу бұл салада бұ­рыннан бар, ол заман талабы. Бірақ қолданыстағы Заңда көп жағдай ескерілмеген, бүгінгі заманның талабына сай емес. Археологиялық жұ­мыстар туралы бап 1992 жылы қа­былданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану» туралы заңның аясында қарас­тырылған еді. Ол заң бойынша ар­­хеологиялық ұйымдар белгілі бір ай­мақта тарихи-мәдени ескерт­кіштің бар екенін анықтап бере ала­ды. Алайда оның қорғау ай­ма­ғын белгілейтін құзіретке ие емес. Заңда тарихи-мәдени ескерткіштің қор­ғау аймағын қай мекеме жасап, қай мекеме жүргізетіні нақты ай­тыл­маған. Лицензия алған археолог ретінде мұндай мәселемен бір­неше рет бетпе-бет келдім. Кез кел­ген компания бізге археоло­гия­лық барлау жасап беруге тапсырыс жасап, археологиялық ескерткіш табылған жағдайда оның қорғау ай­мағын белгілеп беруді талап етеді. Бізде ондай құзірет жоқ еке­нін айтқан тұста мәселе туындайды. Заңда жерді жырту арқылы не­месе бұта-талдар егіп қорғау ай­мағы белгіленеді және оған арнайы тақ­тайшалар қойылады деген пункт бар, бірақ оны нақты кім жа­сайтыны белгісіз. Біз өз мінде­тімізді орындап ескерткіш аумағын анықтадық дейміз, ал олар қорғау аймағын анықтап беретін тиісті орынды іздеп дал болады. Мұндай шикіліктер заңда өте көп.
Елімізде археологиялық барлау жүр­гізуге рұхсат алған жауа­п­кер­ші­лігі шектеулі серіктестіктер мен же­ке кәсіпкерлер бар. Алайда олар­дың жұмысын қай мекеме қа­да­ғалайтыны белгісіз. Археологиялық ескерткіштер туралы заң солқыл­дақ болғасын, заман талабына сай құ­рылған археолгиялық ұйымдар­ды қадағалайтын орган белгілен­бе­гендіктен дәл қазіргі уақытта ар­хеологиялық ескерткіштерімізді қор­ғай алмай отырмыз.
Меніңше, мұның барлығын Ә.Мар­ғұлан атындағы Археология инс­титуты қадағалауы керек. Инс­титутқа заңдық құзыр беріліп, оның жанынан республикадағы бү­кіл қазба жұмысын қадағалайтын ғы­лыми-сараптамалық орталық құры­лып, қолға алынған жобалар­дың заң талабына сай екенін анық­тап, табылған заттардың актісін жүргізіп, оны зерттейтін орын мен сақтау орнын белгілеп берсе жөн еді. Ал қазір осы саладағы коммерциализация еркіндігін пайдаланып, археологияға қатысы жоқ адамдар археологиялық компаниялар ашып алған. Тендер ұтып алады да бір археологты жалдап жұмыс істетеді. Мұндай бейбере­кет­сіздікке себеп болып отырған ең алдымен заңның солқылдақ­ты­ғы.
– Ол компаниялар табылған археологиялық қазбаларды қайда апарады?
– ҚР Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің 2015 жылғы №376 бұй­­­­рығына сәйкес археологиялық жәдігерлер зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін музейге тапсырылуы шарт. Мұндай бұйрық шыққанымен ел аумағындағы барлық азамат та­былған археологиялық ескерт­кіш­терді өз еркімен мемлекетке өткізіп жүр деп сеніммен айту қиын. Кім­нің нені, қалай тауып жатқанын еш­кім білмейді. Елімізде қазба жұ­мыстары негізінде табылған заттарды өз мекемесіне музей экспонаты секілді жайнатып қойып қой­ған мекемелер бар. Ал өрке­ниет­ті елдерде кез келген қазба жұ­мысының нәтижесінде табылған зат мемлекет меншігі болып са­нала­ды. Ал біздің елдегі жәдігерлер «ұс­тағанның қолында, тістегеннің ау­зында» кетіп барады.
Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі Археологиялық заңға қатысты өз­гертулер мен толықтырулар ен­гізу мақсатымен ғалымдардан ұсы­ныстар сұрап отыр. Қазір еліміздегі ар­хеолог-ғалымдар бас қосып 1992 жы­лы қабылданған заңмен салыс­тыра отырып бірқатар ұсыныстар әзірлеу үстінде. Заң дұрысталып, елі­міздегі археологиялық жәдігер­лер тиісінше қорғауға алынады де­ген сенім бар.
Ресейде жеке адамның тарихы 100 жылдан асатын дүниені өзінде сақтауына рұқсат жоқ. Азамат оны мемлекетке өткізуге мін­детті. Ал бізде, керісінше, музейлер­де тарихи-мәдени ескерткіштерді сатып алатын бөлімдер бар. Ал бұл «қара археологияға» тікелей жол ашып отыр. Ресейдің археология­лық ескерткіштерге байланысты та­лапты қатайтқаны белгілі бір дең­гейде біздің елге әсер етіп отыр. Заң­сыз істерін ол жақта жалғай алмай қалған «қара археологтар» ен­ді біздің елге келді.
Жоғарыда аталған Елеке сазы жай­лауында «қара археологтар» бір қорғанды трактормен қазып, тонап кетіпті. Одан соң Ақсуат ауылының ір­гесіндегі 3-4 шақырым жерді алып жатқан, биіктігі бес метр бо­латын патшалық обаны да трактор­мен қазып жәдігерлерді алып кеткен. Бұл тек Шығыс Қазақстан ау­ма­ғында болған жайт. Өкінішке қарай, Қазақстанның өзге аймақ­тарында мұндай бейберекетсіздік жоқ деп айта алмаймыз.
– Ескерткіштерді тонау бағзы заманда да болғаны айтылады…
– Бұл үрдіс жалпы ежелден бар. Ерте көшпелілер заманында ес­керт­кіштерді тонаудың мақсаты бү­гінгіден басқа еді. Бір халықтың ор­нына қоныстанған екінші тайпа ал­дыңғы жұрттың мұраларын жойып тастауға тырысатын. Бертін келе қазақ рулары өз жерлерінің ше­карасын сол рудың белгілі адам­дарының молаларымен нақ­ты­лай­тын болған. Археологиялық қазба жұ­мыстары кезінде тонаушылардан сақтанған елде мүрдені басқа жерге қойып, қорғанды мүлде бас­қа жерге белгілеу дәстүрі болғанын байқадық. Ерте сақ кезінде адамды жер бетіне жерлеп, үстінен үйме тұр­ғызған, қабір шұңқыры болма­ған. Ал кейінірек қабір шұңқырын ақымдап жерлеу, қабірге жапсарлас басқа бөлме қазып соған жерлеу дә­с­түрлері пайда болды. Тіпті екін­ші қабір шұңқырына жерлеу дәстүрі де болды. Бұл әдісті Есіктегі Алтын адам табылған қорғаннан көру­ге болады. Ол жерде негізгі ор­та­лық қабір тоналып кеткен немесе онда мүлдем адам жерленбеген болуы да мүмкін. «Бұл орталық қабірде патша жерленіп, қазіргі таң­дағы еліміздің мақтанышы бо­лып отырған алтын адамымыз оның туысы немесе жауынгері болуы мүмкін» деген пікірлерде бар. Қалай дегенмен де бұл қор_ғаннан тонаушылардан сақтану­дың белгісін көруге болады.
I Петр кезінен де орыс-казак_тар­дың тонаушы тобы қазақ же­рін­дегі көп жәдігерлерді алып кеткен. Эрмитаждағы I Петр-дің арнайы залында негізінен біздің жерден барған жәдігерлер топтастырылған. Олардың көрме залына шықпай жертөлелерде жатқаны қаншама. Бейресми деректерге сүйенсек, онда тек Шығыс Қазақстаннан барған жәдігерлердің өзі екі жарым миллионнан астатын көрінеді.
– Ашылмаған ескерткіштерді қор­ғау жайын айтып өттіңіз. Ал ашыл­­ған археологиялық ескерткіш­тер аймағын қорғау мәселесі қалай жүзеге асады?
– Қазір археология саласы алға жылжып кетті де, консервация – уақытша сақтап тұратын мүмкіндік жетілмей қалды. Елбасының бас­тамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» , «Халық тарих толқынында» бағ­дарламаларының негізінде ар­хеол­гиялық қазба жұмыстары біт­кеннен кейін ол жерді халықтың игілігіне беру, аспан асты музейіне айналдыру ісі қолға алына бастады. Мәселен, биыл Атырау облысында Сарайшық қаласының орнын, Шығыс Қазақстанда Берел және Шілікті қорымдарын ашық ас­пан астындағы музейге айналдыру үшін қомақты қаржы бөлінді. Археолгиялық ескерткіштерді дұ­рыс пайдалана білсе ол мемлекетке көп қаржы әкелетін сала және оған сұранып тұрған ескерткіштеріміз бар. Бірте-бірте осы жолға бет бұрамыз деп үміттенемін.
– Археология саласындағы ұр­пақ сабақтастығы қалай жүзеге асып келеді. Жалпы, бұл ғылымға бел шешіп кіріскен сізден кейінгі буын ғылымның болашағына қалай қарайды?
– Әл-Фараби атындағы ар­хеология кафедрасымен тығыз бай­ланыстамын, археология инситутында да бұл салаға ден қойған жас қыз- жігіттер бар. Қазір ғылы­ми-зерттеу институты бұрнағы жыл­дардағыдай базалық тұрғыдан қаржыландырылмайды. Әр ғалым немесе әр орталық өзінің грантына қарай қаржы алады. Жоба жетекші­сі қай маманды өз жобасына алатынын өзі шешетіндіктен барлық жас маман ұдайы экспедицияға шы­ғып ақша табады деп айта ал­май­мын. Биылдан бастап базалық қаржыландыру қайта қолға алынады деген үміт бар. Егер сол үміт ақ­талса археолгияға қызығатын жас­тар әлдеқайда көп болар еді деп ойлаймын.
Еліміздегі археологиялық ес­керт­кіштердің 90 пайызы әлі ашыл­­мады. Сәйкесінше, оның та­ри­хи-мәдени олжалары мен ғы­лы­ми жаңалықтары әлі де көп. Ен­деше бұл ғылымының болашағы ал­да деп сеніммен айтуға толық не­гіз бар.
– Археология саласында шетелден ғалым шақыру үрдісі әуелден бар. Бұл үрдістің, сіздіңше, тиімділігі неде?
– Археология саласы шетелдік мамандармен жақсы байланыс орнатқан. Қазақ археологиясының белді ғалымдары қалыптастырған біздегі мектепті шетелдік мамандар құрметтейді. Бұрын шетелдік ма­мандармен қарым-қатынас ғы-лыми конференцияларда ғана көз­ге көрінетін. Білім беру саласы Бо­лон жүйесіне көшкелі бері оқу орындарындағы доктаранттардың жетекшісінің бірі шетелден, біреуі Қазақстаннан болуы міндет. Бұл жүйенің ендігі бір талабы бойынша доктаранттың импакт-фактор жур­налдарға мақаласы жариялануы тиіс. Қазақстандағы, әсіресе, гуманитарлық саладағы ғалымдар осы талаптың арқасында шетелдік ғалымдармен байланыс арттыруға бұрынғыдан гөрі қатты ынталана бастады. Алайда, Қазақстанның ар­хеологиясы мен тарихына қатыс­ты алыс шетелден ғалым іздеп қа­жеті жоқ. Олай дейтінім, Корей немесе АҚШ ғалымдарына біздің тарихи жәдігерлеріміз түкке қажеті жоқ, олар біздегі археология туралы еш мәлімет білмейді. Іздесеңіз де Қазақстандағы археологиялық зерттеулерге қатысы бар маман таба алмайсыз. Ал енді археология­лық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттарды, мәселен, керамиканы зерттеу жөнінен шетелдік ғалымдармен байланыс орнатуға болады. Бұл жерде әр зерттеушінің тақырыбына сәйкес жеке мән берілсе деп ойлаймын. Бізде қазір олай емес, жетекші міндетті түрде алыс шетелден болуы керек деген қызық талап бар. Маған қойылған талап бойынша Франциядан Сарменьто Хулио есімді ғалыммен төрт ай бірге жұмыс істеуім керек. Менің тақырыбым «Арал мен Кас­пий теңіздері аралығының ерте темір дәуір ескерткіштері». Оған Француз ғалымы не айтуы мүмкін, төрт ай ол кісімен қалай жұмыс істей­мін? Сол себепті ҚазҰУ-дің проректоры Тілекқабыл Рамазанов мыр­заға өтініш айтып ем, ол кісі өті­нішімді ескеріп, мені Ресейдің Челябинск өңіріне жіберді. Дүние­жүзіне белгілі білім ордасы Оңтүс­тік Орал Университетінде өзінің үл­кен мектебі қалыптасқан Оң­түс­тік Орал бойын, Арал, Каспий, Жайық маңайын зерттеген Таиров Александр Дмитриевич есімді ғалымның қасында екі ай жүріп көп нәрсе үйрендім. Докторлық диссертациямның құрылымына жаңа бағыт берді.
Сол себепті жаратылыстану ғы­лымынан бөлек гуманитарлық саладағы шетелдік ғалымның жетекшілігі жайындағы талапқа аса жіті көңіл бөлген жөн болар еді. Әр оқу орнының басшылығы док­таранттарды шетелге жіберетін кез­де оның тақырыбына сай келе­тін, ізденісіне бір септігі тиетін жағын ойласа құба-құп. Мәселе – шетелдің алыстығы мен жақынды­ғын­да емес, тақырыпты қаншалық­ты білетіндігіне байланысты.
– Сіздің ойыңызша Қазақ­стан­да­ғы археология ғылымында бұрын­ғы­дан өзге бағытқа бетбұрыс байқа­ла ма?
– Бүгінгі таңда Қазақстан ар­хео­логия саласында үлкен мектеп қалыптасып үлгерді. Оның қазы­ғын қағып, керегесін тіктеп, уығын қадаған Әлкей Марғұлан, Кемел Ақышев, Әбдіманап Оразбаев се­кілді ғалымдарымыз Ресей археология мектебінен қанаттанып, кей жағ­дайларда батыс ғалымдарының тұжырымдамаларымен келісіп жұ­мыс істесе, кейінгі жылдары мүлде басқа тұжырымдамалар жасап жүр. Өйткені, олар жүргізген қазба жұ­мыстарынан табылған деректер көшпелі мәдениет туралы көптеген жаңалықтардың ашылуына түрткі болды. Ата-бабасынан бері осы жер­ді мекен еткен ғалым бұл жерден табылған жәдігерлерді зерттеуде көп нәрсені терең түсіне алады, өйткені ол оның өмір-салтымен са­бақтасып жатыр. Тәуелсіз ойлап, деректерді жаңа көзқараспен зерделеу ұлттық кодтың оянуына әсер етіп, еуропалық бағыттағы ғылыми тұжырымдарға қарсы, жаңа ғылы­ми тұжырымдамалар жасауға ық­пал етті. Тәуелсіз сана ғана жаңа, тәуелсіз тұжырымдар жасай алады. Европоцентристік бағыттағы ға­лым­дар көшпелі мәдениетті дәл сол көш­пелі елдің ұрпағынан шық­қан ғалымдар секілді терең зерттеп, түйсіне алмайды. Қазақ­стан­дағы ар­хеология саласы бұған де­йін прак­тикалық тұрғыдан қа­лып­тасса, ендігі жерде теория­лық тұр­ғыдан да дамып, нығайып келе­ді. Сондықтан бұл ғылымның бо­ла­ша­ғынан күтетін үміт көп. Жа­һандану заманында қазақ хал­­қының дәс­түрлі мәдениетін жұ­ты­лып кетуден сақтайтын маңызды конценпциялар қалып­тастыратын ықпалды ғалымдар шығады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.


Ерден Оралбай, археолог

1996-2000 жылдар аралығында Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің тарих факультетінде оқыған.
2003 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірді.
2003 жылдан ҚР БҒМ ҒК Ә.Марғұлан атындағы археология институтында инженер, ғылыми қызметкер.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты. «Арал мен Каспий теңіздері аралығының ерте темір дәуірі ескерткіштері» атты тақырыпта диссертация жазу үстінде.
«Шығыс Қазақстанның байырғы өнер туындылары» және «Қызылүйік» атты монографиялардың авторы.

1 пікір

  1. Жас ғалым қазіргі отандық археология ғылымының даму ерекшеліктеріне жете мән беру керек деген пікірі және ең алдымен біздің елдің археолог-мамандары тарихшы мен этнологтардан тысқары салалық ғылымдар(жаратылыстану)мамандарымен бірлесе жұмыстар атқаруы қажет деген ойы да жөн айтылған. Біздің кеңістіктегі археологиялық тұрғыдағы нысандарды тарих тілімен сөйлету жетіспей жатыр. Бұл дүние де уақытты және терең зерттеуді қажет етеді. Әйгілі ғалымдар З.Самашев, Ә. Төлеубаев және кейінгі толқын ғалымдар қатарынан Ғ.Қ. Омаров, А. Бейсенов және т.б. еңбектері ұзақ мерзімді ізденісті зерттеулерінің нәтижелері, арысы он жыл, берісі 4-5 жыл көлемінде ғана ғылыми айналымға ене бастады. Ерден ініміз, дала тарихының мұраларының сақталу мәселесін де нақты айтқаны дұрыс, өйткені барша саналы қауымды мазалайтын мәселе. Әр дәуірдегі сол ескерткіштердің тоналуын осы уақытқа дейін сыртқы әсерлерге аударып келдік. Енді дербес ел болғанда әлемде жоқ, болса да сирек кездесетін ескі дүние құндылықтарын сақтауда енжарлық танытудамыз. Заңды түземей, ештеме өзгермейтін жағдайға жеттік. Жергілікті әкімдіктер тарапынан тарих қазынасын қорғау мәселесі мүлдем қолға алынбаған. Алынса да жергілікті патриоттар тарапынан ғана жеке тұрғыда қорғалуда. Жергілікті халыққа жеткізе айту, түсіндіру жұмыстарын ғалымдардың өздері жергілікті билік және халық ішінен шыққан белсенділермен бірлесіп жұмыс жасамаса 4-5 жылдан кейін тоналған қорғандар ғана қалатын сыңайлы. Тонаумен алған дүниелерін сатып, өздерінің жеке бас пайдасына жарату немесе құнды жәдігер шықса соны қымбатқа сатып байып кетеміз деген ойларының өзі дұрыс емес. Әр нәрсенің иесі бар демекші, оның киесі атады. ондай жағдайлардың бірсыпырасын білеміз. Тұқымымен құрып кеткендері болған… Сол Ерден бауырымыз зерттеу жүргізген Елеке сазында тонаушылықпен айналысқан Көкпекті жағының кісілері. енді солардың қатарына ақсуаттың кісілері де қосыла бастапты дегшен әңгіме бар. Заң орындары оларды білетіні де бар сияқты. мойындата алмапты деген сөз және бар. Болмағанды болды дегізетін полиция дәрменсіз болса, Елеке сазына профессор З.Самашев жетпей жатып дым қалдырмай қопарып кете ме деген қауіп бар.
    Шұғыл түрде аудандық әкімдік бұл жағдайды назарына алмаса болмайды. Мәдениет бөліміндегі жауапты адамдар тек тіркелген ескерткіштерді сызып тастаумен айналыспай, оны сақтау қатарын көбейту жағына мән берсе жөн болар еді. Рухани жаңғыру бар дүниені сақтау, қорғау жалықтың құлағына жеткізу болар, егер санасы бар болса түйсігі қабылдап, ол да қорғаушы болары сөзсіз. Мақтансақ құндылықтармен мақтанайық. Соған сакй әрекетке көшу қажет. Халықтық мұраны зерттеу бар да, сақтау мен қорғау әлсіз болғаны заңның дұрыс жұмыс жасмай жатқанынан ба әлде заңның өзі әлсіз бе, міне осы айырықты құзырлы орындар назарға алуы шарт деп санаймыз.

Пікір қосу