Ең үлкен мәдени байлық

0
191 қаралды

…Бәрінен бұрын қазақ мектептерінде қазақ тілін оқыту жайы мәз емес екендігін айтуымыз керек. Қазақ тілінің грамматикасы мектептердің 7-класына дейін ғана өтіледі. Әрине, осы уақыттың ішінде де көпшілік оқушы сауаттана алады. Міне, осыдан кейін мектеп бітірушінің басым көпшілігі қазақ тіліне қайта оралмайды.

Өйткені, Қазақстанның бірде-бір жоғары оқу орнында (филология фа­ку­ль­тетінен басқа) қазақ тілі пәні жүрмейді. Жоғары оқу орындарында қазақ факуль­тетін ашудың қажеттігін айтпағанның өзінде, институттарда оқитын қазақ студенттеріне қазақ тілін оқыту шарт. Жоғары оқу орындарын, әсіресе техни­калық, жаратылыс факультетін бітіру­шілердің басым көпшілігі қазақтың әдеби тілін мүлдем ұмытып шығады. Осыдан бастап орысша сөйлей, жаза алатын, бірақ ойындағысын ауызша да, жазбаша да қазақ тілінде жарытып жеткізе алмайтын кадрлар пайда болады. Мұның ақыры неге соғатынын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Бізде қазақ тілінде жаза білетін инженер, агроном, зоотехник, физик дегенді ілуде бір кездестіруге болады. Мұның өзі көп жағдайда кісі күлерлік жағдайға душар етеді. Қазақ интеллигенті ана тілін білмейді! Ең қынжыларлығы сол – бұл мәселені кейбір жолдастар әбден табиғи, заңды көрініс деп санайды. Ол-ол ма? Хал­қымыздың мақтанышы болып саналар профессор, ғылым кандидаттарының дені қазақша кітап түгіл, кішкене мақала да жаза алмайды. «Самарқанда бір қызым бар, бұдан да өткен сорақы» деген екен біреу. Біздің басшы қызметте отырған қазақ жолдастардың біразы да қазақша сауаттымыз деп мақтана алмаса керек. Астанадағы, облыс орталықтарындағы балалардың көпшілігі қазақ тілін біл­мейтіні құпия ма? Әрине, бұл арада бала­лардың еш айыбы жоқ. Кінәлі олардың ана тілін менсінбейтін, «оқыған» ата-аналары екені даусыз.
Бұл жөнінде жекелеп мысал келтірме­сек те, әркімнің-ақ көкірегінде сайрап тұрғаны түсінікті. «Дүмше молда дін бүзар» дегендей, мұндай көріністі тіл бұзарлық демеске болмайды. Қайткен күнде де, тілді екінші тілді ұмытудың есебінен үйрену жақсылық емес. Қалада тұратын әжелер мен олардың немере­лерінің ыммен немесе тілмәш арқылы сөйлесетінін де көріп жүрміз. Міне, бізде орыс мәдениетінен үйрену дегенді нақ осылай, тұрпайы түсіндірушілер аз емес. Кейбір жолдас­тар прогреске жетудің бірден-бір жолы ана тілін ұмыту деп ойлайтын тәрізді. Әрине, олар баяғы Абай айтқандай «Прошение жазуға, тырысар келсе шамасы» дейтін білімнің, мәде­ниеттің бетінде қалқып жүргендер екені күмәнсіз. Қазақ балалары өз ана тілін өте жақсы білетін болсын деген мәселені батыл қоятын уақыт жетті.

Рахманқұл Бердібаев.
«Қазақ әдебиеті» газеті.
1956 жыл. 22 сәуір.

Пікір қосу