Баланы оқытуды жек көрмедім…
14.07.2017
1357
0

Ескіден қозғасақ, бұрындары Мұстафа Шоқайдың Ташкентте білім алып жүрген кезінде ауылдан барған ағайын-туыс шәкірт Мұстафаға соқпай, жолықпай қайтпаған екен. Ағайындары Ташкенттің орыс гимназиясында өте жақсы оқып жатқан Мұстафаның оқуына сүйсініп, бәрі жыл сайын бір-бір қара малдан шәкірттің оқуына атайтын көрінеді. Сол ауылда жиналған малды өзге бір ағайыны Ташкент базарына апарып сатып, ақшасын Мұстафаға жеткізіп отырған. Мұның бәрі не үшін? Ауылдан шыққан өреннің дүниенің білімін еш алаңсыз, уайымсыз оқып, білуі үшін жасалған қамқорлық.
Өткен дәуірдің кескін-келбетін суреттеген кез келген көркем шығармаға қайыра үңіліп көріңіз – үлкен қалаға оқуға аттанған балаға жалғыз ата-ана ғана емес, күллі ауыл тілектес болатын еді. Бүгінде сол тілектестік мемлекет деңгейінде де сақталып отырғанының куәсіміз. Жыл сайын ҰБТ басталар уақыттың қарсаңында оқуға талпынған талапкерге кім-кімнің болса да тілеулестігі басым.
Ал, оқуға, бала оқытуға деген қазақтың ынтасы өзгермегені өзгермеген. Осы күні де баласының оқуы үшін қолындағы барын беруге даяр ата-ананың көп екенін,«Қазақ әдебиеті» газетіне сұхбат берген белгілі ғалым Рахман Алшанов та айтқан болатын. Биылдың өзінде де шәкірт-баласын оқуға жіберіп, ауылында тақымын қысып отырған ата-ана баршылық.

Білім және Ғылым министрлігі өкілдерінің келтірген дерегіне сүйенсек, еліміздің 165 ҰБТ өткізу пункттерінде 20-27 маусым аралығында тестілеу жаңа форматта өткізіліпті. ҰБТ-ға қатысуға мектептің 92 827 түлегі, олардың 67 627 (76,3%) қазақ тілінде және 20 968 (23,6%) орыс тілінде тест тапсыруға өтініш берген.
Тестілеу барысында 85 446 тыйым салынған зат, оның ішінде 43394 электрондық құрылғы (ұялы смартфон, роутер, модем және т.б.) және 42052 қағаз жүзінде (шпаргалка, оқулықтар және т.б.) алынды.
Республикалық аппеляциялық комиссияға мазмұны бойынша 199 тест тапсырмалары түсіп, оның 103 қанағаттандырылды. Техникалық себептерге байланысты келі птүскен 12 тест тапсырманың 7-і қанағаттандырылды.
Қазақстан бойынша бес пәннен ҰБТ қорытындысы бойынша орташа  балл – 80,5. (Салыстыру үшін, былтыр орташа балл – 81 болған). Шектік деңгейден, яғни 50 балл алған оқушы 74 517 ((84,1%), оның ішінде  60-65 балл: 5935 (7,9%), 66-119 балл: 52 717 (70,7%), 120 – 139 балл – 5 064 (6,8%). Шектік деңгейден өте алмағандар саны – 14 066 адам (15,8%).
Ең жоғары балл жинаған Алматы қаласындағы «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» КММ бітірушісі Тасан Саят Елтайұлы – 139 балл, 7 адам – 138 балл жинаған екен.
Мектеп түлектері арасында жоғары балл жинаған шәкірттермен біз де сөйлесіп, олардың таңдаған мамандығы, ҰБТ-ға дайындығы жайлы сұрақ қойып көрген едік…


Ерасыл Қамшыгер,
«Білім-Инновация» лицейінің түлегі

Түлектер негізінен жаратылыс­тану пәндерін таңдайды

Перзент ретінде ата-анамның, «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы ретінде ұстаздарымның білім нәрімен молынан сусындауға сіңірген еңбегі мол. Жоғарғы сыныпқа көшкеннен бастап Алматы қаласындағы «Достық» білім беру орталығына барып, сол жердегі ұстаздардың да көмегімен арнайы даярландым. Ол орталықтың әр пәннен даярлаған арнайы кітаптары бар, сол кітаптардың негізінде түрлі жаттығу жұмыстарын жасап, тапсырмалар алып жүрдім. Өз бетімше ҰБТ сұрақтарына қатысты тест кітаптарын көрсем, міндетті түрде қолға түсіріп, есептерін шығаруды әдетке айналдырдым. Сыныбымда 26 оқушы мектеп бітірдік, оның ішінде мен 124 балл, тағы бір досым 123 балл алды. Таңдаған пәндерім: физикадан – 32; химиядан – 37 балл алдым. Құжат­тарымды Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне тапсырдым. Құдай қалап, оқуға түсіп кетсем, химик-инженер мамандығын алып шығатын боламын. Химия пәніне деген қызығушылығымды мектептегі ұстаздарым оятты. Мекепте жүргенде жетінші сыныптан химия пәнінен олимпиадаларға қатыстым. Сол кезден химия пәні мені ерекше баурап алды. Түрлі химиялық реак­циялардың соңы неге апаратыны, химия пәнінен берілетін есептер, тапсыр­маларды шешу қызықтырады. Таңдаған мамандығымды тарқатып айтар болсам, органикалық заттардың химиялық технологиясы деп айтуға келер. Бұл, негізінен, мұнай-газ саласына қатысты зерттеулер жасалатын мамандық.
Өз құрдастарыма қарап байқағаным: мектептегі достарым, «Достық» білім беру орталығына барып жүрген өзге де құрдастарым, негізінен математика мен физика, биология мен химия пәндерін таңдайды. Жалпы, осы пәндер негізгі пән болатын мамандықтарға қатысты байқау да оңай болмайтын шығар деп болжамдап отырмын.


Мәди Түкетаев,
Алматы облысы, Іле ауданы,
Жаңаталап ауылындағы №25 орта мектептің түлегі

Қала салғым келеді

Он жыл бойы  ҰБТ-ге 125 балдық жүйе бойынша дайындалып жүрдім, бірақ 11 сыныпта  жаңа формат  бойынша ҰБТ тапсыратынымызды  білдік. Бұл, әрине, мен үшін өте қиын сынақ болды. Себебі, қазақ тілі пәнінің орнына  оқу сауаттылығы, математика пәнінің орнына математикалық сауаттылық пәні  және таңдау пәнінің екі пән болуы, үлкен жауапкершілікті қажет етті. Маған мектептегі ұстаздарым қазақ тілі пәнінің мұғалімі  Жамалқан Тұрарова, тарих пәнінің мұғалімі Гүлбақша Махина, математика пәнінің мұғалімі Зұлхмар Жұмағалиева, физика пәнінің мұғалімі Ғалия Керімқұлова ұстаздарымның көмегі көп тиді. Себебі, жаңа формат бойынша  1 сұрақта 3 жауаптан берілген тапсырма негізінде жауап табуым керек екен. Бірден жаңа жүйеге бейімделуіме көмек көрсеткен осы ұстаздарымның еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Таңдаған мамандығым – құрылысшы-инженер кәсібі. Осы мамандығымды таңдауға себепкер болған адамдар – өзімнің туыстарым.  Таңдауыма өз үлесін қосқан, осы мамандықтың қыр-сырына қанық еткен  нағашы ағаларым – Жұмашев Рахымжәне Серік ағаларымның үміттерін ақтаймын деп ойлаймын.
Білім берген мектеп ұстаздарының, ата-анамның үмітін ақтап, бар күшімді салып ҰБТ-дан 119 балл жинадым. Әрине, менің арманым көп. Мұғалімдеріміз бізге: «Тәуелсіз елімізді көркейтіңдер» деп ақ батасын берді.Болашақта мықты құрылысшы-инженер болып, Қазақстан қалаларының келбетін әлем таңданатындай өзгертіп, үлкен ғимараттарда өз қолтаңбамды қалдырсам деймін. Таңдаған мамандығымды ең керемет деп бағалаймын. Мақсатыма жету үшін талмай еңбектенемін. Мен жайлы ендігі он-он бес жылда күллі әлем естіп, мықты құрылысшы екенімді мойындайтын болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір