Құс қанатындағы хат

Қазақ поэзиясында өзіндік үні мен қолтаңбасын қалыптастырған ақындардың шығармашылығы – ұлттық руханияттың ажырамас бөлігі. Баян Бекетова, белгілі ақын, «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері. Алашқа аты мәшһүр Мариям Хакімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Марфуға, Фариза, Қанипа, Күләш сияқты апаларының ізін басып келе жатқан, олардан бата алған, осы Күміс күймелі көштің заңды жалғасы, талантты қазақтың ақын қызы. Оның 30-дан астам өлеңіне ән жазылып, рухани дүниесі айналысқа түсіп отырды.Осындай сыршыл ақындардың бірі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Баян Бекетованың шығармашылығына арналған «Құс қанатындағы хат» атты әдеби-сазды кездесу жыр сүйген қауымның басын қосты.Өлеңді өмірінің өзегі еткен ақынның шығармашылық әлемі – сағыныш пен сырға, туған жер мен адам тағдырына, нәзік сезім мен терең ойға толы. Баян Бекетованың өзі айтқандай, «Өлеңім – өмір серігім». Шынында да, оның поэзиясынан ақынның қуанышы мен мұңын, сағынышы мен арманын, жүрек тебіренісін аңғаруға болады. Кеш шымылдығы көпшілікке танымал әнші Заттыбек Көпбосынұлының орындауындағы «Ақмаржан» әнімен ашылды. Әсем әуені мен сырлы сөзі үйлескен әннің сөзін ақын Баян Бекетова жазған. Көңілге жылы әсер сыйлаған әуезді ән көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, тағылымды кештің әсерлі басталуына жол ашты.

Ақынның осыған дейін ақындар топтамасынан бөлек, жеті кітабы, жыр жинақтар шыққан, сонымен бірге Библиографиялық көрсеткіші, 2015 жылы шығыпты. Биылғы жылы «Абай» баспасынан «Қызғышқұс» атты жыр кітабы жарық көргелі жатыр екен, бұйыртса. Жыр патшайымы Фариза Оңғарсынова «Жалғыздық» атты жыр жинағына алғы сөз жазған екен, онда: Ақын — ұлттың байлығы. Ол ұрпақтарды рухани қоректендіріп, аламгершілік пен шыншылдықтың, әділеттілік пен адалдықтың негізін қалайды. Баянның ағынан жарылып жазған өлеңдері терең тамырлы ұлтымыздың рухани азығына айналады деп сенемін.» деген екен. Ақынның жырлары бүгінде рухани азыққа айналып, рухани айналысқа түсіп кеткен, әсіресе жастар сүйіп оқитын, жатқа айтатын өлеңдері жетерлік.

Ал, өлеңге айналған әндері радиодан, теледилардан айтылып, әлемжеліде айналып жүреді.Шығармашылығы мен атақтары туралы мәліметтер түрлі энциклопедиялар мен Википедияға енген.Оның шығармашылығы жөнінде Мұзафар Әлімбаев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырзалиев, Рафаэль Ниязбеков, Есенғали Раушанов, Аян Нысаналин, Темірхан Медетбековтей ірі тұлғаларымыз мақала жазып, оң пікірлерін білдірген.
Әдебиетке адалдық, поэзияға құрмет:Әдеби-сазды кештің шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, филология ғылымдарының докторы, ғалым, қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қансейіт Әбдезұлы ашып, ақынға ізгі тілегін білдірді.
Кештің келесі сөз кезегінде көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көптеген жыр додаларының жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Ғылым академиясының академигі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып болды. Әдебиет өкілдерінің ақын шығармашылығына берген бағасы кештің мазмұнын байытып, Баян Бекетованың қазақ поэзиясындағы өзіндік орнын айқындай түсті.

Кездесу барысында ақынның өзі де өлеңдерін оқып, оқырман қауыммен шығармашылық сыр бөлісті. Оның поэзиясындағы табиғат көріністері ерекше бояумен өріледі. Қайың, бұлт, шық, қар, құс, қызғалдақты қырлар мен көл бетіндегі инелік секілді табиғат образдары ақынның қиял әлемімен астасып, өзіндік көркемдік кеңістік қалыптастырады.
Қаратаудан басталған жыр:Әр ақынның шығармашылығында туған жердің орны бөлек. Баян Бекетованың поэзиясында да туған өлке айрықша орын алады. Қаратау, балалық шақ, туған ауыл, таныс табиғат және сол мекенге деген сағыныш – ақын жырларының негізгі арналарын құрайды.
Баянның өлеңдерін оқығанда Қаратаудың самалы мен туған жердің топырағы сезілгендей әсер қалдырады. Ақынның туған жерге деген сағынышы мен рухани байланысы «Қаратау мен қара өлең» атты әдеби толғаныста да кеңінен көрініс тапқан. Мұнда Қаратау, туған жер және қара өлең ұғымдары ақынның шығармашылық әлемімен сабақтасып жатыр.
Кеш барысында туған жерге арналған жырдың оқылуы осы тақырыптың мәнін тереңдете түсті. Ақын үшін Қаратау – жай ғана мекен емес, балалық шақтың естелігі, рухани тамыр, жүрекке жақын туған өлке.

Әйел әлемінің сырлы бейнесі:Баян Бекетова поэзиясының тағы бір үлкен арнасы – әйел әлемі. Ақын әйелдің қуанышын да, мұңын да, сағынышын да, арманын да шынайы жырлайды. Оның өлеңдеріндегі әйел бейнесі нәзіктікпен қатар қайсарлықты да танытады: ол сезіне алады, сағына алады, кешіре алады, сүйе алады және өмірдің ауыртпалығын көтере алады.
Осы себепті ақынның әйел тақырыбындағы жырлары жеке адамның тағдырынан асып, көптеген әйелдің жүрегіндегі айтылмаған сырға айналады. 2022 жылы жарық көрген «Шолпы» жинағында да нәзік жандылардың болмысы мен адам жанының нәзік иірімдері кеңінен көрініс тапқан.Кездесу барысында осы тақырыптағы өлеңдердің бірі оқылып, ақынның әйел болмысын бейнелеудегі шеберлігіне назар аударылды.
Ақынға ақжарма тілек:Кеш барысында Баян Бекетованың шығармашылығына арналған жылы лебіздер де айтылды. Атақты ақын, Шешенстанның батыры, Қазақстанның ақыны, көрнекті қаламгер, марқұм Рафаэль Ниязбектің жары, радиожурналист, қаламгер, жары туралы «Табыс сыры» кітабын жазған, Еңбек ардагері Гүлжан Мұхамедиева ақынға жүрекжарды тілегін білдірді.

Баян Бекетованың шығармашылық ерекшеліктерінің бірі – ойды қысқа әрі нұсқа жеткізуі. Ақын шұбалаңқы шумақтарды ұнатпайтынын, ойын ықшам беруді жөн көретінін айтқан. Бұл ұстаным оның поэзиясынан анық байқалады. Аз сөзге көп мағына сыйдыру, қарапайым жолдардың астарына терең сыр жасыру – ақын шеберлігінің бір қыры.
Оның «Өлең отын қаладым да лауладым…» деген жолдары да шығармашылық болмысын айқын танытады. Ақын үшін өлең – жай ғана сөз емес, жүректің оты. Ол кейде лаулап, кейде маздап, кейде адам жанын жылытып, кейде оқырманын ойға жетелейді.
Ақындар сабақтастығы:Әдеби кешке Тараз қаласынан арнайы келген Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызы да қатысып, өз лебізін білдірді.
Астанадан қаламдас ақын сіңлісі Мемлекеттік ғылыми кітапхананың меңгерушісі Маржан Ершуова кешке қатысып, ақын апасының шығармашылығымен таныс екенін, өлеңдерін сүйсініп оқып жүретінін айтып, өзінің ақ тілегін білдірді.

Келесі кезекте Баян ақынның сіңлілері – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Мағиза Құныпияқызы да болды.Ол өз сөзінде Баян Бекетованың шығармашылық әлеміне қатысты ой-пікірін ортаға салды.Сондай-ақ Алматы қаласында адвокаттық қызметтен бастап, заң саласында көп жыл еңбек етіп, сот төрағасы болған, сот тақырыбында еңбектер жазған шығармашыл тұлға, ақын Болат Қатықбаев та кеш төрінен орын алып, ақынға деген ізгі тілегін білдірді.
Қазіргі замандағы қолынан қаламын түсірмей өндіре жазып келе жатқан қаламдас құрбым, басылымдарға шыққан өлеңдерін күтіп алып тұщына оқимын. Жинақтарының біразы қолымда, өлеңдерінде сәбидің еңбегінің лүпілдеп тұрғанындай бір нәзіктік бар, ерекшелігі, Баян өлеңді ұйқас қуып, бұрқыратып жаза бермейді, ол бұл сәтте өте кірпияз, тұспалдап, бейнелеп беруі басым, образды түрде түрлі иірімдермен береді. Бұл өлеңнің көркемдік компоненттерінің ең ұтымды тұсы. Сондықтан оның өлеңдері , сыншы Аян Нысаналин баға бергеніндей, Баянның өлеңдері «жүректі қозғайды, сезімге щабады».
Жырдан әнге айналған сыр:Баян Бекетованың шығармашылығын сөз еткенде, оның өлеңдерінің әнге айналуын да ерекше атап өткен жөн. Ақынның оннан астам өлеңі ән болып, көпшілікке кең тараған. Соның ішінде «Ақмаржан», «Саған гүлім», «Балапан бақыт» әндерінің орны бөлек. Бұл әндерді әнші-композитор Заттыбек Көпбосынұлы орындап, көпшілікке танытты.
Әсіресе «Ақмаржан» әнінің тарихы қызықты. Әннің негізіне Баян Бекетованың «Үмітім менің» жинағындағы өлеңдері арқау болған. Заттыбек Көпбосынұлы ақынның жинағын оқып отырып, «Көгершін болып кеткенмін» атты өлеңіне назар аударып, кейін оны әнге айналдырған. Осылайша ақынның жүрек сөзі әуезді әнге ұласып, халық арасына кең тарады.Бұл – поэзия мен музыканың тоғысқан тұсы. Ақын жазады, композитор әуен береді, ал халық оны қабылдап, өз жүрегінің әніне айналдырады. Баян Бекетованың жырларының осындай тағдырға ие болуы – оның өлеңдеріндегі табиғи әуез бен ішкі ырғақтың айғағы.

Кеш барысында «Ақмаржан», «Саған гүлім», «Балапан бақыт» әндерінің орындалуы әдеби кештің мазмұнын одан әрі аша түсті.
Жүректен шыққан жыр:Баян Бекетованың шығармашылығына берілген әдеби бағалар да аз емес. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Аян Нысаналин оның поэзиядағы өзіндік орнын атап, Баян Бекетова қазақ поэзиясында болмаса, оның орны білінер еді деген пікір білдірген. Ал белгілі ақын, жазушы Ханбибі Есенғарақызы оның шығармашылығына сүйсініп, әдеби ортада Баянды «Сапфоның сіңлісі» деп атайтынын жеткізген.
Кештің мазмұнын айшықтай түскен ерекше сәттердің бірі – шараға арнайы қатысқан қадірлі қонақтарға құрмет көрсету рәсімі болды. Басқосу соңында Мұхтар Әуезов кітапханасының жетекшісі Қадырбекова Балнұр Асқарқызы сөз алып, кеш қонақтарына шынайы ризашылығын білдірді. Ол ана тілінің ұлт болмысын қалыптастырудағы айрықша орнына тоқталып, тілге деген құрмет – елге, тарихқа және ұлттық құндылықтарға деген құрмет екенін атап өтті.Сонымен қатар, осындай тағылымды кездесулердің жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастырып, рухани дүниесін байытудағы маңызын ерекше атап, шараға арнайы атсалысқан азаматтарға алғысын жеткізді.
Кеш соңында арнайы шақырылған қонақтарға сый-сияпаттар табысталып, олардың ел руханиятын дамытуға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және ана тіліміздің мәртебесін көтеруге қосып жүрген еңбектеріне құрмет көрсетілді. Бұл игі рәсім кештің әсерлі қорытындысына айналып, қонақтарға деген зор ілтипат пен шынайы алғыстың көрінісін танытты.
Баян Бекетованың поэзиясы – туған жер мен адам жүрегін, табиғат пен сезімді, әйел әлемі мен өмір шындығын сабақтастырған сырлы поэзия. Оның жырларынан Қаратаудың самалы, туған жердің топырағы, ананың мейірімі, әйелдің нәзік жүрегі, ғашық жанның сағынышы, адамның жалғыздығы мен үміті сезіледі.
«Құс қанатындағы хат» атты әдеби-сазды кездесу ақынның шығармашылығын танытқан тағылымды басқосу ғана емес, поэзияның адам жүрегіне жетер құдіретін сезіндірген рухани жүздесу болды.Ақынның өлеңдері кітап болып оқылып, жыр болып жатталып, ән болып шырқалып келеді. Ең бастысы – оның жырлары оқырман жүрегінен орын тапты.Кеш соңында Баян Бекетоваға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілектері айтылды. Қаламы мұқалмай, жырының жалыны басылмай, жаңа туындыларымен оқырманын қуанта беруіне тілектестік білдірілді.
Өлеңі – әнге, әні – елге, жыры – жүрекке жалғаса берсін!
Ғали МАХАББАТ,
«Мұхтар Әуезов атындағы
кітапхананың қызметкері»
ПІКІРЛЕР9