ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ СЕНБІЛІККЕ ҚАТЫСТЫ
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында World Cleanup Day (Дүниежүзілік тазалық күні) халықаралық экологиялық акциясына орай жалпықалалық сенбілік өтті.
Экологиялық акцияға Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен ведомстволық бағынысты медициналық ұйымдардың қызметкерлері белсенді қатысты.
Сенбілік барысында Дендропарк аумағындағы бекітілген учаскелерде санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп, қоқыстар жиналып, аумақты абаттандыруға үлес қосылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қаламыздың тазалығын сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру.
Таза қала – ортақ жауапкершілік!
АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Шымкент қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жүкті әйелдерді ерте анықтау, медициналық бақылауға алу, антиретровирустық терапиямен қамтамасыз ету және нәрестелердің денсаулығын бақылау бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
1990 жылдан бері АИТВ-мен өмір сүретін аналардан дүниеге келген 741 бала АИТВ-инфекциясы анықталмай, дені сау болып есептен шығарылған.
2026 жылдың басынан бері АИТВ-мен өмір сүретін аналардан 15 бала дүниеге келді. Қазіргі таңда 15 баланың барлығының да дені сау, АИТВ инфекциясының анадан балаға берілу жағдайы тіркелген жоқ.
Бұл нәтижеге АИТВ инфекциясын дер кезінде анықтау, жүкті әйелдерді тұрақты медициналық бақылауда ұстау, антиретровирустық терапияны уақтылы бастау және профилактикалық шараларды сақтау арқылы қол жеткізілуде.
Мамандардың айтуынша, АИТВ-мен өмір сүретін әйел дәрігердің ұсынымдарын сақтап, қажетті емді тұрақты қабылдаған жағдайда дені сау бала дүниеге әкеле алады. Сондықтан жүктілік кезінде АИТВ-ға тексеруден өту, медициналық бақылауда болу және тағайындалған емді үзбей қабылдау маңызды.
Шымкент қалалық ЖИТС орталығы ана мен бала денсаулығын қорғауға, АИТВ инфекциясының алдын алуға және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған шараларды тұрақты түрде жалғастыруда.
МЕДИЦИНА САЛАСЫНДА
ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖАНДАНУДА
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, пациент пен медицина қызметкері арасындағы қарым-қатынасты бақылауға және медицина мамандарын агрессиядан қорғауға бағытталған цифрлық жобаларды жүзеге асыруда.
2026 жылғы маусымнан бастап жедел жәрдем бригадалары жеке бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілді. Бүгінде барлық бригадалар бейнетіркегіштермен жабдықталған. Жүйе жедел жәрдем диспетчерлік пультімен, Шымкент қаласы Полиция департаментінің жедел басқару орталығымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ахуалдық орталығымен синхрондалған. Жасанды интеллект агрессия белгілерін анықтаған жағдайда диспетчерлерге дереу ақпарат береді.
Сонымен қатар қала ауруханаларының 9 қабылдау бөлімінде жасанды интеллекпен жабдықталған бейнебақылау жүйесі енгізілді. Камералар агрессиялық жағдайларды анықтап, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды бағыт – телемедицина. Қазіргі уақытта жабдықтар орнатылып, интернетке қосылып, мамандар оқытылды. Жоба 4 қалалық емханада жүзеге асырылуда.
ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
МАСТЕР-КЛАСС ӨТУДЕ
Шымкентте онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи әдістеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық мастер-класс өтуде.
Іс-шараға шетелдік жетекші онкологтар, интервенциялық хирургтар мен радиологтар, сондай-ақ отандық медицина мамандары қатысуда. Жиын барысында қатерлі ісіктерді емдеудің жаңа технологиялары мен аз инвазивті хирургиялық тәсілдер талқыланып, бірқатар әдістер тәжірибе жүзінде көрсетілуде.
Мастер-класс жұмысына Санкт-Петербург қаласындағы Н.Н. Петров атындағы Ұлттық медициналық зерттеу онкология орталығының жетекші интервенциялық хирургтары, Ұлан-Батордағы Жапон-моңғол университеттік клиникасының директоры, профессор, Сеулдегі интервенциялық радиологтар, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанның жетекші онкология орталықтарының хирургтары қатысуда. Франция мен Австралияның жетекші онкологтары іс-шараға онлайн форматта қосылды.
Мастер-класс аясында Шымкент қаласының Онкологиялық орталығы бар көпбейінді қалалық ауруханада бүйректің қатерлі ісігін емдеуде криоабляция әдісі алғаш рет қолданылды. Бұл — ісік тінін төмен температура әсерімен жоюға бағытталған аз инвазивті емдеу тәсілі.
Сонымен қатар сегіз науқасқа заманауи аз инвазивті емдеу әдістері жүргізілді. Мамандар қалқанша безі, бүйрек және бауыр ісіктерін емдеуде қолданылатын жоғары технологиялық тәсілдерді тәжірибе жүзінде көрсетуде.
Іс-шара барысында онкологиялық ауруларды ерте анықтау, скринингтік тексерулер мен чекап арқылы алдын алу мәселелеріне де назар аударылуда.
Халықаралық мастер-класс екі күнге жалғасады. Іс-шара аясында барлығы 15-ке жуық операция өткізу жоспарланған.
Жиынның негізгі мақсаты — халықаралық тәжірибені меңгеру, заманауи медициналық технологияларды клиникалық тәжірибеге енгізу және онкологиялық науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.