Алтын Орданың бүгінгі қоғамдағы ұлағаты
31.08.2026
53
0

«Қазақ елі – Алтын Орданың заңды мұрагері!» Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың аузымен айтылған бұл асқақ әрі салтанат­ты, өр қуатты лебіз халқымызды шексіз қуанышқа бөлеп, тіпті ел аумағынан асып, шартарапты шарлап кетті, әлемнің көзіқарақты, көкірегі ояу қауымын елең еткізген сенсациялық жарияланым ретінде қабылданды.

Қазіргі әлемдік саясат, халықаралық жағдай ушығып тұрған аса күрделі сәтте Мемлекет басшысының батыл сеніммен бұндай сөзді айтуы үлкен тәуекелдің ісі болатын. Сонымен қатар бұл ақиқат еді. Осы тарихи ақиқаттың ел Президенті
Қ.Тоқаевтың басшылығы кезеңіне орайлас келуі де кездейсоқ емес секілді. Өзінің президенттік миссиясына дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы ұзақ жыл дипломатиялық қызметтер атқарды, еліміздің Сыртқы істер министрі, Премьер-министр ретінде де, мемлекетіміздің ішкі-сыртқы жағдайларын салыстыра бажайлап, салмақтап, көкейіне көп ой түйе білген, саясаткерлігі ұштала түскені, халықаралық жағдайды толығымен барлап, ұшқыр да байсалды пайымдылыққа қол жеткізген тәжірибесі осындай тарихи зерделі байлам жасауға жеткізді. Әйтеуір, біздің пайымдауымызша, қазақ елін Алтын Орданың заңды мұрагері тұрғысынан жариялау – асығыс қабылданған шешімнің жемісі емес, ұзақ толғаныстардың, жан-жақты зерделенген, арғы-бергі ел тарихнамасы, саяси қоғамдық бағыты сарапқа салынып, әбден талданып-таразыланған және ең бастысы, ел келешегіне, ұрпақ болашағына ықпалдылығы терең ойластырылған аса маңызды елдік шешім болды.
Президентіміз сөзін шегелей, нақтылай түсіп: «…Алтын Орда көшпенділер өмірін қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасты», – деп өркениетіміздің тамыры тереңде жатқанын әлем алдында айқындап берді. Турасын айтқанда, бұл дегеніміз – қазақтың өз жерін өзіне көпсінетіндердің, астамшыл, қасаң түсініктердің көмейіне құм құюмен бірдей еді. Өз ұрпағымызға да, қоршаған орта, әлемге де, ұзақ ғасырлар бойына теріс ұғымда таныстырылып келген жұрт тарихнамасының нағыз шынайы беттерінің жарқырай танылып ашылуы – халқымыздың көптен зарыға күтіп келген, үмітін өшірмей, жүрегінде аялаған арманы еді. Ел Президентінің осылайша халқына сүйіншілеп, жар салуы өз кезегін күткен тарихи әділеттіліктің салтанат құруы болатын. Алаш арыстары осы мүдде жолында арманда кетті.
Бірақ текті жұрттың ар-намысы біржола тапталып қалмасы анық еді. Уақыты жетті, шамырқанып, серпіліп, рухтанып, қайта бас көтерді!
Міне, біз бұл қуанышты оқиғаны осылай бағалауымыз керек.
Ел Президенті бұл ресми жарияланымына аяқасты келіп, оқыстан шешім қабылдаған жоқ, бұл – көптен бері сөз болып, талданып-таразыланып келе жатқан, толғағы жетіп, енді ресми түрде жария болуын күткен мәселе. Естеріңізде болса, ел Президенті Қ.Тоқаев 2019 жылы тамыз айында Ұлытауға сапарында бұл туралы ойларын ашық білдіріп, Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханға мемлекеттік тұрғыдан зор құрмет көрсетуіміз керек екенін жеткізіп, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын кеңінен атап өту туралы мәселе көтерді. Осы арада тарихи шегініс жасауға тура келеді. Сол жолы Ел басшысы арнайы сөз қылғандай, Алтын Орда, осыдан тап 750 жыл бұрын бүгінгі қазақ топырағында толық дербестігін жариялаған екен. Нақтылай түссек, Алтын Орданың негізі Жошы ханның тұсында қаланғанымен, екінші ұлы Батудың тұсында ол «Алтын Орда» атанып, құрылып, керегесін кеңейтіп, қанатын жайды. Сондықтан әлемдік тарихнамада Алтын Орда Бату ханның билігімен тығыз байланыстырылады. Батудың тұсында, ең әуелі Шыңғыс қаған уығын қадаған, Жошы хан өрбіткен Ұлы Даладағы Түркі қағанатының даңқы шарықтады. Бату хан атасы мен өз әкесінің қолы жетпеген, армандап өткен биік шыңдарға көтерілді, қағанатының аумағын әлденеше есе нығайтты. Шыңғыс қағанның өзге ұлдары Үгедей, Шағатай, Төлелердің ешқайсысы да, ұрпақтары да мұндай жетістікке жете алған жоқ. Шыңғыс қаған асқан көрегендікпен тұңғыш ұлы Жошы мен немересі Батуға зор үміт артқан еді, сенімі ақталғанын өзі көре алмай кетсе де, ұрпақтары ғасырлар бойы кешіп өткен тарих жолдары толығымен дәлелдеді. Бату билеген Алтын Орда – Алтай тауынан Дунай өзеніне дейінгі ұлан-ғайыр аймақтарға иелік етті.Алтын Орда мемлекетінің астанасы Еділ бойындағы Сарай-Бату қаласы болған, кейінірек Сарай-Беркеге көшірілген; Берке Батудың ұлы екенін ескерер болсақ, демек, астаналары билеушілердің атымен аталып отырған. Сонымен бірге Алтын Орда дәуірінде Аш-Тархан (Астрахань), Сарайшық сияқты сол замандағы ірі шаһарлар бой көтерген. Міне, Алтын Орданың өркениеттік дамуын осы шаһарлар дәлелдеп берген; мұнда бұрын-соңды болмаған архитектуралық ғимараттар тұрғызылған; оқу-білім, мәдениет салалары өрістеген; тұрғын үйлерге су құбырлары жүргізілген, моншалар салынып, қызмет істеген, яғни Бату басып алған елдерінің үздік жақтарын қабылдап, өзі құрған мемлекет пайдасына жаратып, іске асырып отырған. Бұл туралы мағлұматтарды ғылыми дерек көздерінен көптеп кездестіруге болады. Сөзіміз құрғақ, жалаң болмасын, мына бір энциклопедиялық дерекке үңілейік: «Бату (Батый, Сайын хан. 1208 – 1255) – Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның екінші ұлы. Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаушы. 1227 жылы әкесі қайтыс болып, Жошы ұлысын басқарады. 1235 жылы Қарақорымдағы Ұлы Құрылтайда Батысқа жорық жасау туралы шешім қабылданады. Бату бастаған қалың қол 1236 жылы Еділ бойына жетіп, жергілікті қыпшақ тайпаларын, келесі жылы желтоқсанда орыс князьдықтарын өзіне бағындыра бастайды. 1241 жылы Бату Еуропаға шабуылға аттанады. Краков пен Бреславль қалалары отқа оранады. Лигница түбіндегі неміс-поляктармен болған шайқаста Бату сарбаздары көшпелілердің соғыс өнерінің еуропалықтардан көш ілгері екенін дәлелдейді. Еуропа құрлығына дендей еніп, Венгрияны жаулап алған тұста, 1241 жылы желтоқсанда, Қарақорымнан Шыңғыс ханның тағында отырған Үгедей қайтыс болған хабары жетіп, Бату атының басын кері бұрады…»
Таза шынайылыққа құрылған тарихи деректердегі ортақ ақиқат осы, яғни Батудың әлемдік тарих беттерінде айрықша таңбаланған әйгілі «Батыс жорығының» 1241 жылы белгіленген межелі жеріне жетпей, келте қайырылуы туралы деректерге сүйенеміз. Бірақ Бату атасы Шыңғыстың өсиетін ақырына дейін орындап, Батысты жаулау жорығын жалғастыратынына сенімді болған. Ал оның арманының орындалмау себептері әрі қарай былайша түсіндіріледі: «…Осы кезде ұлы хан болып Үгедейдің ұлы Күйік сайланады. Бірақ Күйікті бұл таққа лайықсыз деп есептеген Бату бөлініп шығып, өз аймағында дербес мемлекет құрады. Оны Алтын Орда деп атайды…»
Жошы құрған Ұлыстың, Бату ханның Алтын Орданы құруымен жалғасқан бұл мемлекеттік құрылымның Қарақорымдағы Шыңғыс хан негізін қалаған империядан іргесін аулақ салуы ерекше назар аудартады. Жошы да, баласы Бату да Шыңғыс билігіне қарсы шықпаған, мойынұсынған, қолдаған. Ендеше, мәселе неде? Бату жорықтан оралып келе жатқанда, өзге бауырлары Ұлы Құрылтайды асығыс ашып, оның келісімін күтпестен, Үгедейдің ұлы Күйікті даңқты атасының тағына отырғыза салғандарына қатты наразы болған. Бату бұл жерде іштарлықтан емес, даналықтан өзгеше шешім қабылдайды. Ақылды хан Күйіктің қандай екенін жақсы білген. Оның ел ұстауға өресі жетпейтінін, іші тар, қызғаншақ әрі арамза ниетті екенін, қулыққа бейімдігін ерте аңғарғандықтан, ендігі жерде дана атасы негізін қалаған Ұлы қағанат-империядан береке-бірлік кете бастайтынын болжап, іргесін аулақ салуды жөн көрген!
Міне, Батудың өте көреген, парасатты шешім қабылдағанын тарих көші де дәлелдеді. Бүгінгі заманда оған біз де айқын көз жеткіздік. Батудың болжай алғанындай, Күйік хан секілді керітартпа, күйкі билеуші Алтын Орданы өркениет дәуіріне жеткіздірмек түгілі, оның дамуына кедергі жасап, қолынан келгенше жолын кес-кестейтіні сөзсіз. Шынында да, Қарқорымдағы Шыңғыс хан негізін қалаған билік те, оның Батудан өзге ұрпақтары да бастары қосылмай, өзара қырқысып, аты өшкендері тарихтан белгілі. Бұл арада, Жошыдай ұлы мен Батудай немересінің болашағына зор үміт артқан Шыңғыс қағанның көрегендігін, Президентіміз қайталап еске салып отырғандай, Жошы хан мен Бату хандардың кемеңгерлігін, олар құрған, өз заманынан оздырған Алтын Орданың таңғажайып салтанатын танытуға, зерттеп, зерделеуге барымызды салуымыз қажет.
Тағы бір көңіл бөлетін нәзік мәселе – Жошы мен Батуды Қарақорымдағы Шыңғыс қаған негізін қалаған империяға қарсы қойып алмау. Рас, Шыңғыс қаған барша ұрпақтарына өзі құрған, негізін қалаған империя жолымен жүруді өсиет етті, Қарақорым билігін орталық билік деп тануды міндеттеді. Бірақ Шыңғыс хан өмірден өткен соң, империяның басы қосылмай, берекесі кетті, оларды енді қайтып, бұрынғысынша бір орталыққа бағындырып, біріктіру мүмкін болмай қалды. Осыны қысқа ғана өмір сүрсе де Жошы да, ұлы Бату да жақсы түсініп, өз жолдарымен кетуге, дербес әрекет етуге мәжбүр болды. Алайда бұдан «олар Шыңғыс қағанның өсиетіне құлақ аспады» деген ұғым тумауы керек. Олар өздерінің дербес жолдары арқылы оның өсиетін асыра орындады. Ал Шыңғыс қағанның басқа ұрпақтарының басы қосылмауына Жошы мен Батудың еш кінәсі жоқ, оған олардың өзара қырқысқан алауыздықтары себеп болды. Бұл да тарихтың ащы сабағы ретінде ескеріліп, айқындалып отыруы тиіс. Шыңғыс ұрпақтарының сан ғасырлық тарихы аса күрделі де қилы жолдардан өткендіктен, жас ұрпақ үшін ештеңе дүмбілез, шикі қалмағаны, әбден иі қанғанша талданып барып, ақ-қарасы ажыратылып, ұрпақ таразысына ұсынылғаны дұрыс деп білеміз. Президентіміздің талабы да осыған саяды. Жоғарыдағы дереккөзі де бізді осындай ізгі ойларға жұмылдырып, ынталандыра түседі: «…Алтын Орда мемлекеті Шығыс, Батыс және Дешті Қыпшақ жерлерін, Ресейдің Еуропа жақ бөлігін, Балтық теңізінің шығыс өлкелерін, Польша, Венгрия, Бұлғария, Кавказ аймақтары кіретін кең-байтақ жерлерді қамтыды. Алтын Ордада мемлекеттік басқару ісі Шыңғыс ханның «Жасақ» заңдар жинағына сәйкес жүзеге асырылды. Бату хан тұсында Алтын Орда нығайып, мемлекеттік басқару ісіне, салық жинау жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізілді. Халық санағы жүргізілді. Аймақта байланыс желісі қалыптасты. Қалалар мен бекіністер салынды…» («Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Қ.Ж.Райымбеков. Қ.Т.Байғабылов. Алматы. Аруна. 2011ж.)
Әрине, зерттеу деректері кейде әрқилы болып келуі мүмкін, дегенмен, айтар ойлары тым алшақ та емес. Алтын Орда туралы зерттеулер, жалпы қазақ халқының арғы-бергі тарихы бір ізге түсіп, айқындала беретініне сеніміміз мол. Ең ғажабы, осы Бату хан, халыққа орыстың тарихи жылнамалары, шежірелері танытқандай, ешқандай «жауыз», «қанішер» адам болмағанын, керісінше, жұмсақ мінезді, биік мәдениетті әрі өте шебер дипломат, білімпаз, өнерді бағалайтын адам болғанын Батыс тарихшылары жақсылап сипаттама жасап, жазып қалдырып отырған. Сөзіміз қисынсыз болмасын, солардың бірі,
итальян жұртының әйгілі саяхатшысы Плано Карпини өз еңбегінде Алтын Орда, оның астанасы Сарай-Бату қаласы, билеушісі Бату ханның атақ-даңқын естіп, көруге құмар болғаны, ақыры, іздеп келіп, шындық екеніне көзінің жеткені туралы жазған. Плано Карпини Алтын Орда мен оның басты қаласының салтанатын көріп, ауызын ашып, көзін жұмғандай болған. Осындай ұшы-қиыры көзге көрінбес далада, әлемдік өркениеттерден шалғай жатқан жерде қарыштап даму, мұндағы бой көтерген қалалардың өте жаңашыл архитектурасы, жалпы, бұл елдегі мәдениет, экономикалық үрдіс, сауда-саттықтың үздік жолға қойылуы оны таңғалдырған. Саяхатшы осының бәріне мұрындық болып отырған Бату ханның жеке басының қасиеті туралы тамсана жазған; оны өзі мүлде көріп білмеген, естімеген жұрттар өкілінің әрі билеушісінің кісілік қыры, биік мәдениеті, талғампаздығы айрықша тамсандырған. Шыңғыс хан ұрпақтарының ішінде Батыс жұртына ең танымалы да, ең құрметтісі де Бату болған. Плано Карпини сияқты көптеген саяхатшылар, зерттеушілер жазғандай, ол өзіне бағынышты болған елдерге ешқашан қысастық қылмаған, қанаушылық жасамаған, керісінше, өз салт-дәстүрлерін ұстануына жағдай тудырған, әкесі мен атасының өсиетімен дін бостандығын берген, яғни Батудың иелігіндегі қағанатта қаншама жұрттар, христиан, ислам, будда т.б. діндерін ұстаған халықтар өзара ынтымақтастықта, бірлікте өмір сүрген.
Ешқандай тарих, бір елдің ғана атынан айтылып, жазылып немесе біржақты империялық мүдде көздемейтіні белгілі. Даңқы жер жарған Алтын Орда да, оның өркендеу дәуірінің құдыретті билеушісі Бату да үнемі жақсы, жағымды жағынан таныла бермейді. Көне тарихи жазбалардың бірінде, мысалға алар болсақ, Бату шектен тыс қатал болып сипатталады: «…Ол үлкен әскермен Еуропаға, Меотия батпақтарының солтүстік жағалауына кірді және алдымен Солтүстік-Шығыс Ресейді жаулап алып, ең бай Киев қаласын қиратты, поляктарды, силезийлерді және моравиялықтарды (Чехиямен шектескен ежелгі славян мемлекеті) жеңіп, ақыры Венгрияға бет алды. Бодан елдерді қатаң жаншыды және қатты қорқытты. Ол жорыққа шыққанда бүкіл христиан әлемі үрейде болды…»
Жалпы, Батудың ерлік жорықтары туралы аңыз, әңгімелер де, тарихи зерттеу­лер де, көркем шығармалар да жеткілікті. Бір шығарма, зерттеулерден – ақылды, парасатты, көреген, білікті әрі оқу-білімді, өнерді, өркениеттік бағыттарды қолдаушы, қалалар тұрғызушы Батуды танысақ, келесі бір деректерден, аяушылығы жоқ, қатыгез, кешірімсіз, тасжүрек, мейірімсіз, қиратушы, қанағатсыз, тойымсыз Бату тұлғасын көресің. Сірә, мұның бәрі өз заманыңның саяси мүддесінен, қай қырынан танығың келген ниетіңе қарай қалыптасуы да мүмкін. Тағы бір жиі дау тудыратын мәселе – Бату ханның орыс жеріндегі жорықтары туралы деректер. Кейінгі дәуірлеген Ресей империясы тұсында Бату билігін мойындағысы келмеушілік, теріс түсіндірушіліктер көптеп орын алғанға ұқсайды. Осының бәріне нүкте қою ниетімен үлкен зерттеу­лерге барған – отандық тарихшы, профессор марқұм Талас Омарбеков болатын. Алтын Орданың жеңістері, Русь князьдықтарымен қарым-қатынасы туралы ғалым былайша ой өрбітеді: «…Шындығында да, орыс халқын топтастыруда, олардың бір орталыққа бірігетін мемлекетін қалыптастыруда Сайын хан (Бату хан) негіздеген Алтын Орданың рөлі зор. Сайын хан 1238 жылдың ақпанына дейін бұрын бір-біріне бағынбайтын 14 орыс қалаларын (ішінде Мәскеу де бар) басып алғаннан кейін орыс кінәздары оны еріксіз мойындады. Алғаш 1243 жылы Ярославль кінәзі келіп бас иді. 1247 жылы Новгородтың атақты кінәзі Александр Невский өз бауырымен және көптеген боярларымен бірге келіп, Алтын Орда дәргейіне бас ұрып, бағыныштылығын мойындайды. Орыс кінәздары 1249 жылдан бастап, Сайынға адалдығын білдіріп, оның ұлы Сартаққа жаппай ант беруге көшті.
Бір сөзбен айтқанда, Алтын Орда қол астына түскен халықтардың этносаяси өмірінде айтарлықтай өзгерістер орын ала бастады. Байырғы түркітілдес Еділ бойының бұлғарлары енді «татар» аталып кетті. Қыпшақ даласында жаңа тайпалық бірлестіктер құрыла бастады. Бұл этникалық өзгерістер болашақ Ноғай, Қазақ, Өзбек, Башқұрт, Қарақалпақ тәрізді көптеген түркітілдес халықтардың қалыптасу үрдістерін жеделдете түсті…»
Міне, біздің қазіргі тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін, жас ұрпақ болашағы үшін, ендігі жерде, бұрынғы халқымыздың өткенін мансұқтаған, қайтсе, келемеждеп, қасақана төмендетуге тырысқан жалған империялық астамшылық мүдде тұрғысынан жазылған зерттеулерден гөрі, өзіміздің шынайы тарих мүддесі көзделген ақиқатты деректерге көбірек жүгінуді қолға алатын мезгіл жетті. Ел президенті Қ.Тоқаевтың тікелей ықпалымен ел тарихы өзінің әділетті арнасын тауып, түзу бағытта қызу жұмыстар жүргізіліп жатқаны жүрегімізге зор қуаныш ұялатады. Дей тұрсақ та, көпшілігіміз ажыратып, айыра алмай жүрген, не болмаса, айырсақ та, жеткілікті мән бермей жүрген бір мәселе бар, осы тарихи маңызды мәселеге тарихшыларымыз да мән бермей, орағытып өте шығатын секілді. Айтайын дегеніміз, әкесі Жошы хан негізін салып, Бату ханның тұсында даңқы өрлеген Алтын Орда империясы мен Шыңғыс қаған негізін қалаған, орталық орда тұғыры, яғни қазіргіше, астанасы, бүгінгі Моңғолия топырағындағы Қарақорымда тұрған империяның аражігін ажырата алмаушылық бар. Шын мәніне келгенде, Шыңғыс қаған, балаларына өзі жаулап алған жерлерді теңдей қылып бөліп берген. Үлкен ұлы Жошыға: Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан әрі, қағанның өзі өсиет еткендей, «моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақ (Шыңғыс қағанның Жошы ұлысына осындай айрықша миссия міндеттеуінің өзі, оған деген зор сенімі мен үмітінің дәлеліндей секілді) және оңтүстікке қарай, Каспий мен Арал теңізіне дейінгі өлкелер тиесілі болған. Екінші ұлы Үгедейге: қазіргі Моңғолияның батыс бөлігі, Жоңғария мен Шығыс Түркістан аймағы берілген. Үшінші ұлы Шағатайға: Әмудария, Сырдарияға қарасты өлкелер; Мауераннахр, Жетісу, Іле, Шығыс Түркістан аймағы қарасты болған.
Ал қағанның кенже баласы Төлеге сол кездегі Шыңғыс хан империясының қара шаңырағы саналған Моңғолия өлкесі берілген. Осылай дей тұрсақ та, бұл бөлінушілікке қатысты сан қилы сан-саққа жүгіртілген алып-қашпа әңгімелер өте көп екенін шамалаймыз. Оның ең бастысы – жоғарыда атағанымыздай, Жошы ханның Ұлысы мен әке қара шаңырағын ұстап қалған Үгедей билігінің аражігін ажырата алмаудан туындайды. Сонымен бірге Шыңғыс қағанның өзі құрған Ұлыстың – айбынды империяның билігін кімге аманаттағаны туралы деректерде де бірізділік жоқ, бір зерттеулерде: «Шыңғыс қаған балаларын өлер алдында жинап алып, қара шаңырағын әрі негізгі билік тізгінін Үгедейге өз аузымен аманаттаған» дейді; екінші бір деректерде: «Ол өзге балаларына сенімсіздік білдіріп, қағанатының билік тізгінін үлкен ұлы Жошыға тапсырған» дейді. Осы пікірдің жаны бар, өйткені Шыңғыс хан сан қилы жорықтарында балаларын жанынан тастамай, әскерлерінің тізгінін беріп, өзі үстінен бақылап отырған. Мұндағы мақсаты – балаларын бөрінің бөлтіріктеріндей ерте ауыздандыру әрі ел ұстау, әскер басқару істеріне жетілдіре беру. Шыңғыс хан алған жерлері көбейген сайын, оған иелік етудің де оңай болмасын көрегендікпен болжай білді, сондықтан да ұрпақтарын ерте дайын­дауға ниеттенді. Міне, осындай мұрат жолындағы жорықтарда Шыңғыс ханның көңілінен шыққан, үміт артқан ұлы – үлкен ұлы Жошы. Әрине, балаларының бәрі де – әкелеріне тартқан, шеттерінен алып түсер көкжал, беттері қайтпас қайсар, жүрек жұтқан өжет, арыстандай айбатты ерлер болған, бірақ солардың ішінде Жошы сұрапылдығымен, тайсалмас қайраттылығымен ерекшеленген. Шыңғыс хан оған ең жауапты ұрыстарды сеніп тапсырған және Жошы үнемі сенімін ақтап отырған.
Әйтсе де, бар айыбы – шешесі Бөрте екеуінің артынан сөз ерген. Шыңғыс хан ертеректе, тұңғыш көрген жары, бәйбішесі Бөртені шаңырағына түсірісімен жорыққа аттанып кеткенде, өштескен меркіттер шаңырағын шауып, жас қалыңдығы Бөртені тартып алып кетеді, қоныста қалған қара-құра топ жасанып келген жауға түк істей алмай қала береді. Шыңғыс хан жорықта ұзағырақ жүріп оралғанда, арада біраз ай өтіп кетеді. Әрине, оралысымен меркітті шауып, жары Бөртені қайтарады, көп ұзамай, ол босанып, ұл табады, оған жолда туған жолаушы деген мағынада «Жошы» деген есім қойылады. Жұрт өсек қылып: «Бұл Шыңғыс кіндігінен емес, меркіттен туған» деп жел сөзді гулетеді. Жошы осындай қаңқу сөздерді естіп өскеніне қарамастан, жігерлі болып жетіледі, әрі-беріден соң өзге балаларынан гөрі Шыңғыс ханға көбірек тартқан ұлы болып ержетеді. Әуелгіде көңілінде күдігі сейілмеген әке, бірте-бірте ол ойынан қайтып, Жошының өзіне тартып туғанына разы көңілін жарына да, туыс ортасына да білдіріп отырған. Осыған іштарлық қылған, Жошыдан кейін Бөртеден іркес-тіркес өмірге келген балалары Жошыға өш болып өскен. Алғашында балалық тентектік болып көрінген осы дүрдараздық, олар есейе келе ұлғая берген. Тіпті айбарлы әкенің өзі бұған істер қайраны болмай, қатты уайым жеген екен дейді. Қолынан бар келгені, Жошыға ертерек енші атап, иелігіне осы күнгі қазақ жерлерін беріп, әскер бөліп, Ұлытаудың бойын біржола қоныс қылып, тездетіп аттандырып жібереді. Әрине, қара шаңырақтан, анасынан, бар туыстан ажырау оңай болмаған, бұған Жошы басында қатты қапаланған. Бірақ, бір жағынан, мұның көреген шешім болғанына көп ұзамай көзі жеткен. Бұл туралы да сан саққа жүгірген әңгімелер көп; бірі – «ақылды әке Жошыны өзге ұлдарының өшпенділігінен қорғаған» дейді; екіншісі – «Шыңғыстың өзі де Жошыны жек көріп, тезірек құтылуды ойлаған» дейді. Десек те, салмақты ойға жүгінсек, көптеген ғылыми тұжырымдарда байыпталатындай, «Шыңғыс қаған өз иелігіндегі ұлан-ғайыр жерлердің түп қонысы – қара шаңырағы ретінде Жошыға берген Ұлысын, яғни осы күнгі қазақ жерлерін қарастырған» деген пікірге көбірек ден қоямыз және Жошы парасатты да көреген әкенің сенімін ақтай білген. Шыңғыстың өзге ұлдары құрған Ұлыстардың берекеті кетіп, әрқайсы билікке таласып, қырқысып жүргенде, Жошы Ұлысы дәуірлеп, салтанаты асты, алты ғасырға жуық уақыт бойы билік құрған бірден-бір мемлекеттік құрылымға айналды. Ал Жошы Ұлысының аясында құрылған Алтын Орда туралы әңгіме тіпті бөлек.
Тағы бір айрықша айтатынымыз, Жошы – әкесі Шыңғыс қаған өсиетіне құрметпен қараған билеуші, дегенмен ол бала жасынан өз бауырларымен ымыраға келмесін жақсы түсінген. Оның о бастан дербес саясат ұстануының мәнін осылай ұғуымыз қажет сияқты. Олай дейтініміз, Жошы өзі бас болып, бауыры Үгедейдің әке өсиетімен оның орнына, Ұлыстың қарашаңырағына ие болып, Бас қаған тағына отыруын қолдап, ықпал жасайды, оған өзге бауырларындай дау айтып, таласып, іштарлық қылмайды. Жошының дана билігін ұлағат қыла отырып, кісілік қасиеттерін де өнеге еткеніміз жөн және бұған қосатынымыз, оның баласы Бату да әкесі мен атасының даналық қасиеттерін, ақыл-парасатын әрі сұңғыла саясаткерліктерін бойына молынан сіңіріп өскен. Міне, ол құрған, салтанатын асырған Алтын Орданың сән-салтанаты асып, өркениетке қол жеткізуін бұл әулет­тің тектілік қасиетін сақтай алғандығымен түсіндірген дұрыс. Бату хан да – атасы Шыңғыс қаған құрған қағанатқа, қара шаңырағына зор құрметпен қараған билеуші. Оның үлкен бір дәлелі: естеріңізде болса, көптеген тарихи құнды ғылыми зерттеулерде айтылып, жазылып жүргендей, Батудың ең даңқты жеңісті жорықтарында жүргенде, Ұлы Дала аумағынан асып, Еуропа елдерін бірінен кейін бірін жаулап, оны тоқтататын ешбір күш табылмағанда, Бату кенеттен, Үгедей қағанның қайтыс болған хабарын естіп, қара шаңыраққа оралуға шешім қабылдайды.
Өзіңіз ойлаңыз, оның орнында кім қандай шешім қабылдар еді? «Ол сол жолғы Еуропа құрлығына жорығын он үш жылға жоспарлаған екен» деген деректер бар, мына оқыс хабарды естімегенде, осы мүддесіне жетуге Бату ханның мүмкіндігі зор болған. Айбынды әскерінің алдында ешқандай күш қарсы тұра алмаған. Оның әскері сол заманның ең үздік жетілдірілген қару-жарақтарымен жасақталған және Еуропада сол уақыттарда Алтын Орданың айбарлы әскеріне қарсы тұрарлық қауқар болмаған, тіпті Алтын Орда әскерінің ат тұяғы баспай тұрып, Еуропа елдерін, христиан жұрттарын үрей жайлағаны жайлы деректер өте көп. Мұндай жағдайда қандай қарсылық?!
Жалпы, Бату ханның әскери қабылеті туралы аңыздар көп тараған, тіпті атасы Шыңғыс ханнан өткен қабылетті әскери қайраткерлігі туралы да жиі айтылады. Мұны Шыңғыс ханның өзі де аңғарып, Жошы мен оның ұлы Батуды көтермелей, мақтай бастағаны өзге ұрпақтарының қызғанышын тудырған. Батудың тағы бір үздік қыры – айналасына мықты қолбасшылар топтастыра білгені. Солардың ішінде Сүбедей баһадүр айрықша дараланған. Ол еңгезердей алып, батыр тұлғалы, жалғыз көзді болған екен, әскерінің артында жүрмей, үнемі алдында бастап жүрген. Сүбедей баһадүр заманында Шыңғыс ханның даңқты жорықтарында, кейіннен Жошы хан жорықтарында қол бастаған. Ал Бату хан тұсында атағы тіптен асқақтап, Алтын Орданың бетқаратпас айбарына айналған. Міне, Бату хан Сүбедей баһадүр секілді қол бастаған жорықшыларына әскерін сеніп тапсырып, өзі көбіне Алтын Орданың мемлекеттік істерімен, халық­аралық қарым-қатынас, өркендету істерімен айналысқан. Сондай-ақ талай аса жауапты шайқастарға өзі де қол бастап шыққан. Арыстандай азулы Шыңғыс қаған да, оның ең айбарлы мемлекет құра алған даңқты ұрпағы Бату да өздерінің ұлы бабалары – Аттиланың ізімен жүріп, Еуропаны тұтас бағындыра алмады.
Тек Бату ғана ата аманатын орындауға аз қалғанда орта жолдан кері қайтуға мәжбүр болды. Халқы Сайын, яғни ақылды билеуші деп атаған Бату даңқты атасының өсиетіне қол жеткізе алмағанына қатты қынжылумен өмірден өтіпті деседі. Кім білсін?!
Тарих болжамдарға арқа сүйейді. Әйткенмен ел тарихатынан, ата-бабалардың өткен жолдарынан ақиқат іздеу – ұрпақ үшін ұлы парыз болып қала бермек. Иә, тарих жолдары көрсетіп келе жатқандай мәңгілік ешнәрсе жоқ. Алтын Орда дәуірі ұрпақтарына мәңгілік ұлағат болып қала берері сөзсіз.
Міне, бүгінгі күні Президентіміз
Қ.Тоқаев та, ғалым, зерттеушілерімізге Алтын Орданың озық қырларына назар аударуды тиянақтап тапсырып отыр. Нақты тоқталар болсақ, таяуда ғана Астана төрінде өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның алдына қойған міндет-мақсаты да осы мұрат үдесінен шығу болатын. Симпозиумда сөз алған Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев, Алтын Орданың тарихи маңыздылығына, өз дәуіріндегі орасан ықпалына және бүгінгі қоғамымыздағы рөлінің жоғарылығына кеңінен тоқталып өтті әрі Алтын Орда ақиқатын тануда тарихи обьективтілік пен ғылыми жауапкершіліктің маңызды екенін баса көрсетті.
Олай болса, Президентімізбен бірге Ұлы Дала тарихын жаңғыртуға атсалы­сайық, ерлік пен қайсарлыққа толы, өр рухты тарихымызбен болашаққа нық сеніммен қадам басайық дегіміз кедеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір