Сәтті аяқталған ота
31.08.2026
59
0

Шымкентте 22 жастағы нау­қасқа өте сирек әрі күрделі операция сәтті жасалды. №1 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері асқазан-ішек жолынан қайталама қан кетумен ауыр халде түскен 2004 жылы туған пациент­ке жоғары күрделіліктегі, сирек жасалатын операцияны сәтті орындады.


Науқасқа бронхоэктазиялық ауру, портальды гипертензия, өңеш көктамырларының варикозды кеңеюінен болған қан кету, ауыр дәрежелі постгеморрагиялық анемия, тромбоцитопения және ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздік диагноздары қойылған.
Бұған дейін пациентке барлық қажетті консервативті және эндоскопиялық емдеу әдістері жүргізілді. Алайда ем нәтижесіз болып, қан кету екі рет қайталанған. Науқастың өміріне төнген қауіпке байланысты дәрігерлер консилиумы күрделі хирургиялық ем жасау туралы шешім қабылдады.
Операция барысында лапаротомия, көкбауырды алып тастау және көкбауыр венасы мен сол жақ бүйрек венасы арасында қан айналымын қайта қалыптастыратын спленоренальды анастомоз салу кезеңдері орындалды.
Бұл күрделі операцияның негізгі мақсаты қайталама қан кетуді тоқтату, портальды гипертензияны азайту және өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алу болды. Дәрігерлердің біліктілігін мен аурухананың керекті құралдармен толық жабдықталуына арқасында ота сәтті аяқталды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір