ЖАН АЛҚЫМ (Монодрама)
БІРІНШІ КӨРІНІС
Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Қатты шыққан дыбыстардан әлдебір темір есіктің ашылып, әлдекімдердің біреуді сүйреп әкеп, әлдеқайда гүрс еткізіп тастағаны білінеді. Іле есіктің қайта құлыпталғаны естіледі.
Дікілдей басқан аяқ дыбыстары ұзап кеткен соң айналаны бір сәт өлі тыныштық басады.
Тура ортадан сахнаға сыздықтап жарық түседі. Төбедегі бірте-бірте күшейген жарықпен бірге айқындалып, үш қабырғасы бітеу үй іші анық көрінеді. Артық мүкамалы жоқ тар бөлме.
Жерде жатқан адам басын көтеріп, кигізілген әлде қалта, әлде қап, бас киімді жұлып тастап, аузындағы жапсырманы алып, жан-жағына алақ-жұлақ қарайды. Келесі сәтте орнынан қарғып тұрып, есікке ұмтылады.
– Ей, жауыздар… кімсіңдер сендер? Ашыңдар есікті! Жанымды алсаңдар да, көзіме бір көрініп алыңдар! Жай жүрген кісіні байлап-матап алып кететін кім едіңдер сендер? Мен не қылдым сендерге? Қапыда қол салып, басыма қап кигізіп, қапасқа тастайтын… қай әкелеріңнің құны бар менде? Жігіт адамды осылай қорлауға бола ма екен! Келіңдер бері… жігітше сөйлесейік!
Есікті тепкілейді. Иығымен итереді. Тұтқасын іздейді. Ештеңе таппайды. Дереу қайта айқайға басады.
– Ей, кімсіңдер деймін? Кім болсаң да, кел бері… сөйлесейік! Әкеңді өлтірсем, оныңды айт, асырып құн төлейін! Басқа қажетің болса, оны да өтейін! Көрін бері кеп көзіме! Аты-жөні жоқ, осылай да басынуға бола ма екен ер азаматты! Не қылдым мен сендерге? Әлде ала алмай жүрген ұзында өш, қысқада кектерің бар ма? Жеті атаңның құны кетсе де айт, артығымен төлейін! Әлде байлығыма қызығып, тартып алмақ боп жүрген қызылкөзсіңдер ме… оны да айтыңдар! Сөйлесейік!
Есікті тепкілейді. Иығымен итереді. Ызаланып тағы айқайға басады.
– Әй, иттің балалары! Не жаздым мен сендерге… ашып айтпайсыңдар ма! Жанымды алсаңдар да, себебін айтып алмайсыңдар ма! Кісіні осылай соққыға жығып, қор етуге бола ма екен? Не істедім мен сендерге?.. Өз жөніммен жүрген біреумін… Ешкімде бес бересе, алты аласам жоқ… артымнан келіп пышақ ұратындай не жаздым алдарыңда?
Алдымда кінаң бар, құным бар десең, айтыңдар бері шығып? Бәлкім, бір түсінбестік болған шығар… мені біреумен шатастарған шығарсыңдар?.. Сөйткендерің анық… әйтпесе, мынаның аты не… еш себепсіз. Мен жайыммен жүрген адаммын. Осы жасқа келгенше ешкімнің ала жібін аттап көргем жоқ! Сенбесеңдер, сұраңдар… танитындардан!
Кенет жүзін төбеге бұрып, бұрыш-бұрышты тінтіп, әлдене іздейді.
– Ей, сұмырайлар, мені көріп тұрсаңдар, сөзіме құлақ салыңдар! Арада бір түсінбестік болды. Сендер мені біреумен шатастырдыңдар! Не мені біреу қате көрсетіп жіберді… Сенбесеңдер, келіңдер, сөйлесейік… сонда бәрі белгілі болады. Егер ондай бірдеңе бола қалса, уәде берем, жазғырмаймын, арызданбаймын, ешқайда және ешкімге айтпаймын! Болады ондай-ондай адам болған соң. Бастысы, мәселені… ушықпай тұрғанда шешейік. Әйтпесе, қиын болады. Жазатайым жағдай болуы мүмкін! Обал-сауап деген бар… істі насырға шаптырмай бітірейік. Жалынып-жалпайғаным емес, шын сөзім!.. Мен іздеушісі жоқ, әншейін біреу емеспін. Ертең осы істен өздерің қашып құтыла алмай қаласыңдар, айтпады демеңдер! Одан да ың-жыңсыз бітісейік. Сендерде жазық жоқ, мәселе – көрсетушіде… Естіп тұрсаңдар, маған жылдам жауап беріңдер! Тағатым таусылуға таяды!
Алғашқы арыны басылып, әлдеқайда құлақ түріп, шамалы тұрады.
– Ей, иттің балалары… шошқаның күшіктері! Мен не айтып тұрмын сендерге! Шық бері, қабырғаны тасаламай! Үкімет адамы болсаң, оны айт… жүздесейік! Адам құқы деген бар емес пе… үн жоқ, түн жоқ, байлап-матап әкеп, зынданға қалай тастай саласыңдар?! Сұрақ қайда… тергеу қайда? Кінәм болса айтпайсыңдар ма бетіме! Мойныма қоймайсыңдар ма дәлелімен! Салығымды өтемедім бе… әлде табысымды жасырдым ба? Не істедім? Ондай ештеңе жоқ. Бәрін уағында төлеп, жұмысымды таза істеп жүрмін. Сендер үшін емес… қаншама адам қарап отыр қолыма. Бір кілтипан шықса, не деп жауап берем оларға… олар да бала-шаға асырап отырған жандар ғой… Дағдарыс, қиыншылық болса мынау… екі өкпеден қысып келе жатқан… ешкімнің көз жасына қалып, күнә арқалағым келмейді! Сол үшін шаруамды таза істеп, тыныш жүрмін. Тағы бір жағы, сендерге ешбір тесік қалдырмау керек… мыстарыңды сөйтіп құртпаса болмайды… білдіңдер ме! Шынын айтсам, заңнан емес, заңды пайдаланып құлқындарыңды толтыруға әзір тұратын ашкөздіктеріңнен қорқам сендердің… еш арамдыққа барғым келмейді. Мемлекет қоржынына түсетін ақшаны сендерге беріп, күнәһар болғанша, заң бұзушы атанып, түрмеде отырған артық… білдіңдер ме!.. Айтыңдар енді, ұрлап әкеп, тамұққа тастайтындай не бүлдірдім мен… шекара бұздым ба, әлде Отан саттым ба? Болмаса, шетелге құпия ақпар бердім бе… айтыңдар!
Не істесеңдер де, сұраңдаршы әуелі мені, тергеңдер! Тексеру деген болмаушы ма еді сендерде… қайда соларың? Айып жоқ, үкім жоқ, осылай да үнсіз әкеп қамап тастауға бола ма екен азаматты! Біле білсеңдер, бұларың – қылмыс. Осыдан аман шығайын, қарап тұр, ісім сендермен болады…
Бір сәт үнсіз қалып, кенет есіне бірдеңе түскендей селк етеді. Іле есік тепкілеуге қайта кіріседі.
– Әй, доңыздар, естіп тұрсыңдар ма мені?! Бармасам болмайтын шаруам бар менің сағат 02:00 де. Маңызды кездесу. Шетелдік кәсіпкерлермен келіссөз жүргізуім керек… уағдаласып қойғанбыз… босатыңдар мені! Менің жеке шаруам емес, елдің ісі! Шетелдіктер Қазақстанға қаржы құйып жатыр! Өз аяғымен келген әуметті қашырмаңдар! Естеріңді жиыңдар! Елге деген кішкентай сезімдерің болса, босатыңдар мені.
Не шаруа болса да, сонан соң сөйлесейік! Бармай қалсам, мұны менің кемшілігім емес, «қазақтар сөзінде тұрмайтын тиянақсыз халық екен» деп ойлайды. Сосын екінші жоламайтын болады… Мен, негізі, сол шаруаның алдында емханаға кіріп, анамды көріп шығайын деп елең-селең жүре салғам… соны пайдаланып, қапы қалдырып отырсыңдар!.. Қап, ақымақ басым… жігіттер ереміз дегенде, анам көрсе, алаңдап жүрер деп тастап кетіп едім, оңбай жаңылған екем.
Іштей ширығып есікті тағы тепкілейді.
– Әттең, ақымақ басым! Қарап тұрып ит пен құсқа жем болғанымды қарашы! Бұдан да өлгенім артық еді! Торға түскен торғайдай тыпырлап қор болғанша, қарамды батырғаным артық еді (тістеніп)!
– Әй, иттің балалары, елмісің, жаумысың… жөніңді айтшы бері шығып! Бүйтіп қорлағанша өлтір мені біржола! Еркек болсаң, бұлай намысымды таптап, насырымды қасыма! Талайды көргенбіз біз де. Бірақ сендер құсап… ешкімнің жыртығына қол салып, жігерін жасытқан жоқпыз! Жау болса да, таптауға болмайтын жігіттік, азаматтық ар деген болады… шамасы, сендер оны білмейсіңдер! Білсеңдер, бұлай істемейтін едіңдер! Сендердің ойлағандарың сол құлқын… құлқынның құлысыңдар, сендер! Түкке тұрмайтын шүкімайттар!!! Қарғыс атсын сендерді!
Апыл-ғұпыл сыртын сипалап, жанқалталарын ақтарады. Ештеңе таппайды.
– Менің із-түссіз кеткенімді естісе, өзі әрең жүрген анам не күйге түсер екен деші! Әй, ақымақ басым! Арқа тұтып жүрген бала-шағама, анама сүйеу бола алмай, құладым-ау құрдымға қор болып! Әй, жігіттер! Тіл қатсаңдаршы тез, сөйлесейік! Бәлкім, менен бірдеңе дәмететін шығарсыңдар! Не болса да, келісем, қалағандарыңды берем. Өмір болған соң, болады бір қысылтаяң жағдай… сондайға тап болған шығарсыңдар… айтыңдар, көмектесем! Тек мені тездетіп жіберіңдер… өзім үшін емес, анам үшін сұрап отырмын мұны… анам үшін! Сендер де анадан туған адамсыңдар ғой!.. Мына жағдайды естісе шыдай алмайды… өзі ауырып жүр. Сол анам үшін босатыңдар мені… ал шарттарыңды айтыңдар, қандай үлкен болса да, орындаймын және ешкімге айтпауға, арызданбауға уәде берем! Қасам іш десеңдер, ішейін оны да… жіберіңдер мені… анам үшін…
Сәл басылып, өз-өзінен қорланғандай сүлкіні түсіп, ойланып қалады.
Қарақұрықтанып барып сахнада жарық сөнеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Жарық сыздықтап қайта жанады. Өзгермеген әлгі көрініс. Төр жақтағы тамға сүйелген ұзын орындықта кәсіпкер отырады ауыр ой үстінде. Бағанағы арын жоқ, жуасыған. Кешікпей өзі де аңғармай күбірлеп сөйлей бастайды.
– Не боп кетті өзі? Түк түсінсем бұйырмасын! Қайдан тап болдым мен мына тамұққа? Осынша намысымды таптап, қор қылатындай не жаздым мен? Ешкімге ештеңе қылмаған секілді едім ғой? Қайдан… неден жібердім? Тағдырдың қай соққысы бұл сілтеген… қай күнәмнің қарымтасы? Үкімет құрық тастады дейін десем… неге? Не жазығым үшін қырына алады? Таза еңбегіммен нанымды тауып жеп, бала-шағамды асырап жүрмін! Салығын уағында төлеймін. Реті келгенде, қайырымдылығын да жасап жүрмін. Әрине, ол – ел алдындағы міндет, Құдай алдындағы борыш. Осы елмен ел боп, кісі санатына қосылып жүрміз! Ал мына жазаға ұшырайтындай кінәм не, жазығым қайсы? Шекара бұзған жоқпын, Отан сатқан жоқпын, өйткені оған қажеттілік жоқ. Мемлекеттік құпияны тіпті де атамаңыз. Оны өзім білмеймін, қайда шашам? Демек, үкімет тарапынан келген зауал емес. О жақтан келсе, бүйтіп ұрлап әкеп, жасырын жауып тастамас еді… тергеуі бар, соты бар, үкімі бар… бәрі өз тәртібімен жүрер еді. Ашық және әшкере! Ал онда… қайдан келді мына зобалаң? Әлде жоғарыда отырған бір дәудің аяғын басып кеттім бе (шамалы іркіліп ойланады)? Жоқ, ондай ештеңе болған жоқ. Жүрер жол, өрер өріс белгілі ғой… келісілген… мүлт кетсең, тоңқалаң асасың… олай болуы мүмкін емес. Әлде… Тоқта! Ойланайыншы аз… осы баяғыда байқаусызда қолым тиіп кеткен біреулер болмасын… Тоқта! Не жасырары бар, болды ғой талай нәрсе ол кезде… жас болдық, мас болдық дегендей… оның үстіне, өмірдің өзі соған итермеледі… таңдау болмады… жан бағу, бала-шаға асырау керек болды. Сосын, амалсыз араластық… ар жағының күңгірт екенін біле тұра қол салдық. Енді ел істеп жатқан тірлік. Керек болса, сол жолмен мал тауып, қоңданып алғандар болды көз алдымызда. Ал біз балаларға нан тауып бере алмай, бетімізбен жер бастық. Сөйтіп жүргенде тап болды ғой о пәле… ойлануға үлгермей, қойдық та кеттік. Кейін білдік, бұл адам дегенде түк ынсап болмайды екен. Мына жақта қара халық бір үзім нанға зар болып жүрсе, қолында билігі, жоғарыда көкесі барлар ішкені алдында, ішпегені артында, шалқып өмір жүріп жатыпты. Қайдан білейік… араласқан соң білдік. Бәрі арамнан жиылған мал. Шетелден арзанға әкелген спиртті бөтелкеге құйып, сыртына марка шаптап неше есе қымбатқа сатады екен. Ал қоймалары, жасайтын жерлері – су тегінге алған, баяғыда мың қой сыйған баздар. Жекешеленгенде қанжығада кеткен елдің мүлкі… енді дөкейлердің меншігі. Қалай, ә? Қалай ғана олардікі болуы керек?
Кеңес одағын әкелеріміз сенікі-менікі демей, иықтасып бірге тұрғызған жоқ па? Енді оның мұрасы неге күштілердікі болуы керек? Неге біз одан құр қалуға тиіспіз? Осыны түсіндірді бір күні бұрыннан айналысып жүрген таныс жігіт. Талайдан сыйлас еді. Қиналып жүргенімді көріп, жаны ашыған ғой… бәрін жайып салды!
«Қалай сонда… барып тартып аламыз ба?» дедім мен дымға түсінбей. Заңның оларды қорғайтынын білем, ертең анау-мынау болып кетсем, бала-шағам қайда қалады деген қорқыныш қой мұны айтқызған. Миығынан күлген білісім: «Жоқ. Оның өз жолы бар. Сен тек келіссең болды. Қалғаны басқалардың шаруасы» деді. Түкке түсінбесем де келістім. Қайраттың бар кезі. Күннің бір уағында «Кел» дейді, келем. «Кеттік» дейді, кетеміз. Айдалаға барып жол тостық. Зәулім сарайлардың маңындағы үйлерді жалға алып, кірген-шыққанды аңдыдық. Мен тікелей ештеңе атқарғам жоқ, тек барып кел, алып келдің шаруасымен жүрдім. Сонда да зуаным ұшады. Тек бума-бума ақша алғанда ғана ұмытылады әлгі үрей. Кейін құныға бастадық. Жұмыста қатаң тәртіп. Көп көзге түспейсің. Сол ғана тосады жолыңды, болмаса жалғыз қара тартып кеткің келеді кейде. Дүние-боқ дегеннің жаман екенін сонда білгем. Сарылып ұзақ жатасың. Ешкімге ешқандай сұрақ қоюға болмайды. Өйткені жауабы берілген – үлесіңді алып, ырыздығыңды теріп жеп жүрсің. Бітті! Мен зеріге бастадым. Қызық емес еді «тыл». «Алдыңғы шепке» шыққым келді. Реті келгенде, досыма айттым. «Саған осы маң жетеді» деді ол. «Қауіп-қатер бар» дегенді қосты соңынан. Мен қоймадым. «Жарайды» деді досым бір күні үнсіз күрсініп. Артынан өкіндім. Әрі сол жолы «алдыңғы шепке» өткенім де дұрыс болды ма деп ойладым. Өйткені, не істеп жүргенімізді өз көзіммен көріп едім. Құрып қалсын өйткен тірлігі! Несібесі де құрысын өйтіп тапқан! Адам өмірімен «айналысатын» қанды балақ топтың құрамында жүріппін. Осы жолы соның бір «әрекетіне», өзім үшін соңғы «әрекетіне» қатысыппын. Айдалаға барып жол тостық. Мидай жазық дала. Қарайған қада көрінбейді айналадан. Бір кезде күткен дүниеміз де көрінді көз ұшынан. Тізбек-тізбек керуен. Көлігі түйе емес, КАМАЗ. Іле жағдайды түсіндірді. Тоқтатуымыз керек екен. Олар да оңай-оспақ жау емес. Атыс болуы мүмкін. Өздігінен берілсе, оқ шығарып қажет емес. Басқаша болғанда, аяу жоқ. Дегенмен, мақсат – адам емес, зат қой, өлмейтін жерден ату керек. Мен «алдыңғы шепке» шыққаныма қатты өкіндім. Қолыма қару алып «жауға» шаппақпын. «Өз несібемді бөлісу үшін». Қайдағы несібе, айдаладағы КАМАЗ-ға әкеп тығып қойған! Мынау – көз апара тонаушылық еді. Обал-сауап қайда қалмақ сонда! Ары қарай ойлануға орын болмады, керуенді көлікпен қоршай келіп тоқтадық. Ұзын-шұбақ көш. Алдын тырп еткізбей басып қалғанымызбен, артқылары әзір отыр екен, бір-екі жігіт оққа ұшты. Содан білдік олардың берілмейтінін. Атыс қызды. Әскерде болмаған басым не істерімді білмеймін. «Осында қал! Қашқандар болса, өткізбе!» деді досым қасымнан өтіп бара жатып. Мен мәшиненің астына кіріп жасырындым. Тарсыл үдей түсті. Дәл сол кезде қасымнан бірдеңе қалбаң еткендей болды. Қарғып тұрып, тұра қудым (орнынан атып тұрады). Омбы қарға малтығып, андай жерге барып ұшып түсті (алға жылжып). Соңынан жетіп барсам, жап-жас жігіт екен (шошына тіксінеді). Мен жеткенше кері бұрылып үлгеріпті. «Атпа… атпа, ағатай, атпа!!!» деді жалынып. «Мен жүргізушімін… атпа!!!» деді тағы қайталап. Мұндайда не істеуді білмейтін басым жапақтап бөгеле бердім. Анау арқасымен сырғып, жылжып барады. «Тоқта!» дедім батылданып. Тапсырма солай ғой! Сол сәт «тарс» еткен дыбыс естілді алдыңғы жақтан. Өзімнің сол білегіме келіп бірдеңенің тигенін білдім. Оң қолымдағы мылтық шүріппесін басып қалыппын. «Тарс» етті де, алдымдағы бала сылқ етті. Сол аралықта артымнан «кеттік» деген бұйрық келді. Бәрін ұмытып, көлікке қарай ұмтылдым. Кері бұрылып, дайын тұрған джип, мен іліне сала ытқи жөнелді. Не болғаны белгісіз, тартып отырдық. Қалай болғанын, жоспардың немен аяқтағанын білмеймін. Әзір де хабарсызбын. Тәртіп солай. Сұрауға болмайды. Жауап та берілмейді… Сол жолғы жорықтан көкейімде әлгі жігіт қалды. Оның жүргізуші емес екені анық еді. Ол өтірік айтты. Жүргізуші болса, қашпас еді. Жалданған адамға бәрібір емес пе! Қашқанына қарағанда, керуен иесі. Болмаған күнде, қатысы бар кісі. Атпауым керек еді… өзінен болды. Имандай шыным, атайын деп ойлағам жоқ. Нем бар қаймана біреуге өлім тілеп… өзінен болды. Ақталғаным емес, ақиқаты сол. Өмірі көрмеген кісіде нем бар менің… өзі бастады пәлені… әуелі өзі атты. Мені оқ атуға мәжбүр етті!.. Ұстап тұрғаным болмаса, мен оқ атуды білмеймін. Амал қанша, аман қалатын еді… өзінен болды!
Аман қалған болуы да мүмкін… оқтың қай жерінен тигенін білмеймін, жанынан өтіп бара жатқанда, бір жағына қарай аунап түскендей болды… соған қарағанда аман. Тоқта… (шошына дауыстап, артына ыршып кетеді). Мына тажал дәл соның өзі болып жүрмесін… кек қайтарып жүрген! Рас (тағатсызданып ары-бері жүріп) мынау соның өзі (сәл ойланып)! Бірақ… бірақ одан бері қай заман? Аттай жиырма жыл өтті емес пе! Өш алғысы келсе, содан бері қайда қалыпты… бірдеңе істер еді ғой… Әлде содан бері менің кім екенімді анықтай алмай жүрді ме? Бәрін енді біліп, жұмысқа жаңа кіріскен шығар… (үрейленіп). Әбден мүмкін! Қапы жіберген сәтімді дәп басып, қол салған болды!.. (Тіксініп) Ал онда мені неге үн-түнсіз қамап қояды? Әлде осылай әбден қорлап, жүрегімді кеміріп, құсадан қан құстырып өлтіргісі келе ме? Не қылмақ сонда… (қалт бөгеледі). Жарық сөнеді.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Жарық бірте-бірте күшейіп қайта жанады. Сахна әуелгі қалпы.
Кәсіпкер тізесін құшақтап еденде отырады. Тіпті де шөге түскен. Сәлден соң басын көтеріп, сөйлей бастайды.
– Бұл не сонда? Ескерту… әлде ишара? Санамды сілкіп, ойландырғысы келетін шығар, бәлкім? Әлде осылай тұйыққа тіреп, ұмытқанымды есіме түсірмек пе? Қиялға еріп, талай жерді шарлап келдім, кісіні азапқа салғаннан басқа түгі де жоқ. Пенде деген де бір қызық жаратылыс екен, енді ойлап отырсаң, өткенін бәрі өкініш, арман екен. Сірә, заман өзгергеннен шығар, бастан кешкеннің бәрі жиіркенішті боп көрінеді екен. Ойлағың келмейді-ау, бірақ санаға кіріп алған жегі құрт, қалай құтыларсың? Ұмытайын десең де, қолыңнан келмейді… Шынын айтақанда, уақыт солай болды ғой, әттең, әйтпесе нем бар менің айдаладағы біреудің қанын арқалап! Заман солай болды… басқаға шара қалмады (дауысы өзгеріп).
– Жоқ! (Кенет шыңғыра айқайлап орнынан атып тұрады. Қызына тістеніп сөйлеп кетеді). Жоқ! Сонда… таудай бір азаматты жайратып тастап, кінәні заманға жаппақсың ғой, ә… сөйтіп, өзіңді арашалап, ақтап алмақсың, сұмырай!.. Жоқ, оныңа жол жоқ! Күнәдан еш уақытта құтыла алмайсың! Қолыңмен істегенді мойныңмен көтересің! Саған ақымақ бол деген ешкім жоқ өйткені. Қиналғаннан, таршылықтан елдің бәрі қарақшы боп кеткен жоқ қой ол кезде. Ілдәлдалап өмір сүрді. Қылмысқа бармай, адал еңбекпен асырады бала-шағасын. Есесіне пәк… таза күйінде қалды. Бүгінде қиналмайды. Жандары тыныш. Ақымақ емес себебі… әр нәрсенің есебі, алмақтың салмағы бар екенін біледі. Ал сен ақымақсың! Кем ақыл болған соң, қарыздың қайтарымы, қылмыстың жазасы болатынын білмедің. Соның салдарында келіп жеткен жерің, міне, мынау – тас зындан! Сауап! (Арыны басылмай тағы сөйлейді) Мұның аты не? Мұның ата жаза! Ақылы кемдерді алып соқпай тынбайтын қылтұзақ! Басқа болуы мүмкін емес. Асқақтағанның арынын, менменсігеннің көкірегін басар қарымта! Ертерек ес жиып, тәубеге келгенде… бұл күнге қалмас едің! Шамалы түйсігің болғанда, әттең… (сәл бөгеліп, артынша сөзін басқа мәнерде жалғайды).
– Рас, ондай ой болды менде… іздегім келді. Түні бойы ұйықтай алмай, шошып ояна берген соң, алыста қалған қанды алаңға барғым келді. Бір дерек тауып, өлі-тірісін білейін дедім. Бірақ, қалай… қайтіп жетем күншілік жолға? Оның үстіне, айдала, қақаған қыс… көлік те болмады тақымымда. Екінші жағынан, әлі топтың құрамындамын ғой… тәртіп қатал, қия бассаң, құрығаның. Оны былай қойғанда, не деп барасың жаңа ғана атып кеткен «ата жауыңа»… «Сені мен атып едім, өшіңді қайтарып ал» дейсің бе, не дейсің?.. Тағы бір тараптан, үйірлі көкжалдар ғой олар, көзін бақырайтып қойып тастап кетпесе керек-ті. Жер сипап қалатынымды білдім. Жабулы қазан сол күйі жабулы қалды. Кейін естен шығыпты. Жасаған күнәсін ұмыта алатын пенделік-ай десеңші!.. Содан, міне… енді ғана… шарасыз халге түсіп, тығырыққа тірелгенде жадымда қайта жаңғырып отыр! Кеш қой енді… бәрі кеш! Қалғаны тек қапаста жатып, жаза өтеу! Тағдырдың жазғанына мойынсұну (сәл ойланып барып сөзін қайта жалғайды). Бірақ осы бір емес, біраз адамның қанын арқалағандар да жүр ғой аман-есен жер басып. Керек десең, қаперіне де алмайды. Ал соларға неге келмейді бұл зауал? Әлде соны істеу үшін жіберілген залымдар ма олар?.. Бәлкім, солай шығар? Оған дәлел, бұрын бірге істеген жігіттердің көбі қазір тасы өрге домалап, байып кетті. Шенділері де жетеді араларында. Дегенмен, дұрыс болмағандары да бар. Бір-екеуі отырып келді. Намазға жығылып, сәждеге бас қойды бәзбірі. Түрлі тағдыр иесі түрлі жолға түсті. Бәлкім, мұның бәрі сырттай қарағанда шығар. Анығында, ішкі өмірінде не болып жатқанын кім біліпті? Менен әрмен шырылдап, сазайын тартқандар да бар шығар! Бәрінің басынан өтіп болып, кезек бүгін маған келген шығар… (сәл кідіріп, іле мырс етіп, миығынан күледі). Қара мұның дәмесін! Өзіңді алдап, көңіліңді алдарқатқаның ғой бұл, ә! О байқұс! Осы ғой сенің түбіңе жеткен пәле! Ел істеп жатыр, ел көргенді көрем… ел қатарлы келе жатырмын… ел… ел… Нең бар осы елде! Не көрсе жұрт өзі біледі. Өз жайын ойламай, лағып кеткен түрін қара мынаның! Әлін білмей әлек болған сорлы! Аттыға еріп жаяудың таңы айырылғаны осы ғой! Мұның жалғыз ғана аты бар, ол – жаза! (Қатты ышқына айғайлайды) ЖАЗА! Төбеңе бұлт үйіріліп, басыңа күн туды сенің! Есіңді жи, ақымақ! Ойлан! Өткен ессіздігіңнің жазасын өтеуге дайындал! Басқа түк қалған жоқ саған! (Шамалы ойланған соң, сөзін қайта жалғайды).
– Әлде осының бәрі жай біреудің қалжыңы ма? (Шамалы үнсіз қалады. Артынан мырс етіп күледі). Ей, жандалбаса үміт! Сен әлі тірі ме едің, жалғызым?! Бар ма едің сен көкірегімнің бір түкпірінде? Үш күн, үш түн… әлде одан да көп күн нәр татпай, қамалып жатқанда да бірдеңеден дәмелендіріп, алдағың келеді-ә сенің! Сен өлмейсің, үміт! Сен өлсең де, менен кейін өлесің! Өйткені сен – өміршеңсің! Сен сол жанкешті, түлкі бұлаңыңмен қайда сандалтпадың мені?!. Ақыры жеткен жерім, міне, мынау болды – тар қапас! Дүние соңының, таусылар тұсының бар екенін неге айтпадың ертерек! Алар есебі, тартар таразысы бар екенін неге ескертпедің? Енді келіп, әлсіреп өлейін деп жатсам, тағы бірдеңеден дәмелендіргің келеді. Енді маған не қалды бұл дүниеде?! Ештеңе… дәнеңе де қалған жоқ! «Соңын күт, бір мәнісі болар» дедің. Күттім. Не шықты содан? Енді келіп ақылға сыймайтын сөз айтып, біреудің қалжыңы шығар дейсің. Тапқан екенсің жетіскен сылтауды! Түктен үміттенбеймін енді! (Шамалы үзіліс). – Дұрыс, бұл қалжың! Бірақ адамның емес, тағдырдың қалжыңы. Сірә, «тоқта, тізгініңді тарт» деген жерден байқамай өтіп кеттім. Енді соның сый табағы тартылып отыр алдыма. Ескерту… (Әнтек кідіріп барып дауысын сәл қатайтады). – Жоқ, бұл ескерту емес. Мен тағы бірдеңеден дәмеленіп отырмын. Ақиқатында, бұл еске салу емес, мынаның аты – жаза! Сол ескертуді елемегеннің, уағында тізгін тартпағанның қарымтасы (шамалы бөгеледі)! – Тоқта! Жаза-ақ болсын! Мақұл екен! Сонда мені неге адам баласы жазалауы керек? Неге өзім секілді екі аяқты пенде бар-жоғымды безбенге салуы керек? Мені сүйреп әкеп осында тастағандар – адамдар ғой! Олар неге Құдай ісіне араласады?.. (Шамалы үнсіз қалады). – Білмедім! Бірақ бір нәрсе анық, бұл – жаза. Бәлкім, Құдай ақымақтарды осылай адам қолымен жазалайды! Менікі соның нақты мысалы! Қалай болғанда да тегін іс емес!
(Төбедегі жарық өлеусіреп барып сөнеді).
(Соңы)