ҰЛТ СЫНШЫСЫ
21.05.2026
34
0

Түнеугүні бір әріптес:
– Кімдерді оқып жүрсің? – деді. Оқымайтын күніміз жоқ қой. Тосын сауалға тосылған жоқпын.
– Әмірхан Меңдекені қайталап оқып жүрмін. Серік Ақсұңқарұлын боса да жібермеймін. Бауыржан Омарұлын оқу бір рахат. Ұлықбек Есдәулет қара өлеңнің ғана емес, қара сөздің де шебері ғой. Таяуда Тоқаш, Дәуітәлі туралы ғажап деректер айтты. Кезінде жақсы оқылған, Мұхтар Құл-Мұхаммед аса жоғары бағалаған «Әбілхаяттың» жалғасын жазып жүр-ау деймін. Рахымжанға, Қуандыққа, Нұрғалиға, Жүсіпбекке оралып отырамын. С.Сыбанбай, Д.Қуаттарды, жастардан Ықылас Ожайды, Ерлан Жүністі оқып қоямын. Айта берсем, тізімді ұзарта беруге  болады, – дедім.
Енді осы сауалға жауапта алдымен аузыма түскен Әмірхан Меңдеке туралы айтуға талаптанып көрейін.
Айтқандай, әлгі тосыннан сауал қойғышқа «бүгінгілер рухани қажетіңді өтемей жатса, бұрынғыларды оқимын. Олар енді тіпті ғажап» дегенім де бар екен ғой. Әмірхан сол бұрынғының да, бүгінгінің де адамына (болашақтың да)  жатады. Өйткені осыдан отыз жыл бұрынғы жазғаны бүгін де жойқын, жасампаз, өткір,  өзекті. Бұл жөнінде кейінірек жетіңкіреп, біліңкіреп жазуға тырысамын.
Бұрынғының адамдары. Менің оларға деген сағынышым  қай кезде де алабөтен. Оларды әр кез құрметпен еске аламын. Бір ағамыз «Осы қит етсе, Шерхансыз сөйлемейсің» деуші еді, бұл жолы да  Шерағаңды аттап кете алмадым. Олсыз Әмірхан әлемінде әйтеуір бірдеңе жетіспей тұратындай. Әрине Әмірхан жерде қалмас еді, бірақ маған ол  Шерағаң болмағанда әлі күнге қайралмай қалатындай көрінеді. Бір Әмірхан емес, қай-қайсымыз да солай болар ма едік.
«Егемен Қазақстанда» жүргенімде газетсіз күні өтпейтін әкем марқұм бірде тереңдеп кеткен әңгіменің бір тұсында:  «Осы Шерхан өзі  жанынан безген адам-ау, деймін. Байқашы, балам», дегені бар еді. Сол Шерағаңа деген халықтың сағынышы әлі де сұрапыл. Бүгінде ютубтан ол кісінің сұхбаттары, мақалалары, өткір сөздері жиі берілетіні де соның белгісі. Қазіргі  жер-көкті  жасанды интеллект жайлап алған қоғамда жасанды мінезден шаршаған халық сөз жоқ, сол мінезді сағынады. Мінез мектебін. Кешегі Оралхан, Темірхандарды айтпағанда, біз білгенде  сол мектептен шыққан санаулы санаткердің бірі де бірегейі – осы Әмірхан Меңдеке. «Шерханның шекпенінен шыққандар» деген әйгілі тіркестің дүние есігін ашқанына жарты ғасырдан асқан болар-ау. Бүгінде осы шекпенге кіріп, шығып жүргендер көп. Мейлі ғой. Дейтұрсақ та Әмірханның жөні бөлек. Ұстазына тартып, жанынан безіп жазатын шедевр-шәкірті болып қалыптасты.  Әрине, ол  Темірғали Нұртазин, Рымғали Нұрғалиев сынды ұлық ұстаздарын қай кезде де аузынан тастамайды. Қалай дегенде де өнер-өмір жолында бетбұрыс жасап, тіпті тағдырын өзгертіп жіберген Шерағаң – бір төбе де,  басқалары  бір төбе.  Мұны өзі де айтып жүреді. Бүгінде ұзақ уақыттан бері жазып жүрген, жариялауға әлі асықпайтын (бұл жазбаның сенсация болатынына еш күмәнім жоқ,  өйткені  онда бұрын-соңды айтылмаған көп шындық бар) жазбасында ұстаздың   ел біле бермеген өзгеше қырына тоқталмақшы.  «Кейін ойлаймын ғой. Туғаным емес, туысқаным емес, тіпті рулас емес, нағашы-жиенді де емеспіз. Бұл Жәнібеков неге мені қайта-қайта оқтан алып қала береді» деуші еді Шерағаң. Бұл сөзіне кейде Камалды да қосып айтатын. Сол Өзағаңның өнегесін бұл кісінің өзі де жүзеге асырып, қазақтың қаншама марқасқаларының маңдайын жарқыратты. Осы тұста тіл ұшына орала кеткен Анатолий Кимнің «Я всю жизнь любил художников, я прощал им все недостатки характера и натуры, если они имелись» деген сөзін аудармасыз-ақ келтіргенді жөн көрдім. Шерағаң да талантты адамдарға осы ұстанымда болған еді. Тас жармаса, бас жармаса тұрмайтын таланттың ұсақ-түйек кемшілігін елең қылмай, оның, ең алдымен,  ұлтқа тигізер пайдасын ойлап, ондайда әдеттегі аласапыран мінезін «әй, ит-айға!» жыға салатынын да көргенбіз. Сонсоң отқа да, суға да салып, одан өлсе де айрылмайтын, айналып келгенде танымалдық деңгейге жеткізіп, тұлға етіп шығаратын. Қысқасы ол тұлға тәрбиелейтін. Әмірханнан қайда барса да айырылмауының себебі енді түсінікті бола бастайды.
Әрине, талант тәңірден беріледі, сосын тектен тарайды. Ал ұстаз, тәлімгердің қолынан келетіні сол таланттың жолын ашу, оған дұрыс  бағыт-бағдар беру, қамқор болу. Дер кезінде мұндай тәрбие, ұстаз  көрмеген дарынның тағдыры басқа арнаға бұрылып кетуі әбден мүмкін. Міне, әу бастан өзін ой еңбегіне, шығармашылыққа – «бейнет сусынына» (Абай) арнаған адамның бағына сондай ұстаздың жолығуы да – бір бақыт. Мәселен, Мағауин, Ергөбектерге Кенжебаевты жолықтырғанындай.
Ұстаздың да ұстазы бар. Шерағаң да пенде. Үстінен 120 бетке дейін арыз жазылған адам біреуді қанша талантты болса да кешірмеуі мүмкін ғой. Жоқ Шерағаң, Бельгерлер мұндайды тез ұмытады. Неге? «Қанша арызқой», «ата жауы» болса да оның  дарынды дүниесін оқыса өзінен бетер қуанады. Бұл кісінің осы қасиеті ұстаз көрген Әмірханның көңілінде жүреді екен. Былай деп жазады:
«Шерағаң кадрға ерекше мән беретін. Қол астына талантты журналистерді, дарынды қаламгерлерді жинауға күш салатын. Сонан кейін қарақан басының ғана қамын ойлайтын журналистерді көп ұстамайтын, жұмыстан шығарып жіберетін. Ұлттың мұңын мұңдай білетін, жоғын жоқтай білетін журналистерді ұнататын. «Өз пайдаңды ойлама, елдің, ұлттың пайдасын ойла! Өз пайдаң соның ішінде» дейтін Шерағаң ұдайы. Қазір қарап отырсам, әулиенің аузынан ғана шығатын сөз екен ғой.
…Талантты тану өз алдына, сол талантты қалай бағалайды, қадірлей біледі десеңші! Қазіргі күнгі бас  редакторлар осылай жасар ма еді? Іздемек тұрмақ, қабылдауына келген адаммен ыңыранып әзер сөйлеседі…
…ҚазМУ-дің филология факультетінің 5-курс студенті Әбіш Кекілбаевты Шерағаң бірден «Лениншіл жастың» бөлім меңгерушісі етіп жұмысқа алды. Сонда мүйізі қарағайдай сыншылар мен белгілі қаламгерлер Шерағаңның үстінен Орталық Комитетке (ЦК) арыз жазады. «…мұрнын сүрте алмай жүрген студентті бөлім меңгерушісі етіп алды» деп».
Бұл аз десеңіз, Әбекең бұл ойын одан әрі үстемелей түседі. «…Герольд Бельгердің біздің ұлттық зиялыларымыздан бір артықшылығы, ол өмірде біреумен дүрдараз болып жүрсе де, әлгі адамның құнды, өте бағалы дүниесі жарық көрсе: «Мынау – аса құнды, бағалы дүние! Енді осы дүниенің қадіріне жетейік, бағалай білейік, насихаттай білейік» деп айта алады және мұны еш уақытта жасырып, бүгіп қалған емес, талай-талай айтты да («парасат» дегеніміз де осы! «ішкі мәдениет» дегеніміз де осы! «кісілік»  дегеніміз де осы!)
Ал енді біз біреуді жек көріп қалсақ (мінезіне бола, әйтпесе қайсыбір қылығына бола), бітті, әлгінің өзін де, сөзін де жек көріп бітеміз. Оның өзі де, сөзі де (шығармашылығы) жексұрын көрініп тұрады. Біздің ұлттық зиялыларымыз да осы бір кемшіліктен (бәлкім, білместік? бәлкім, кесірлік, бәлкім…) арыла алмай-ақ қойды. Қашан арылады? Ол тағы белгісіз…
Әлбетте біздің мұндай кесір-кердеңгімізден, ең алдымен, ұлт зардап шегеді. Ұлт сорлайды. Ұлтымыздың мүддесі ұтылады…»
Әу бастан ұлы өнерге, үлкен өнерге осы бір «қарғыс атқыр» қасиеттерден әбден арылып бет бұрған ол талантты адамдардың шығармашылығына осындай талғам, таным, түсінікпен келіп кірісті. Сол жылдардағы  «Қазақ әдебиетіндегі» алабөтен ізденістерді былай қойғанда, оның ресми, сықиған «СҚ»-ның бетінде дауыл тұрғызған дүниелерін де талдап, таразылайтын  зерделі  зерттеушісі табылса, бір ғанибет! Бұл, шыны керек, қазақ көсемсөзінің де бір дәуірлеген, дүркіреген шағы болды.
Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиетінен» соң «СҚ»-ға ат ауыстырды. Жүсіпбек Қорғасбектің «Әкеміз басқа әйел алып кеткендей боп жүрміз» дейтін  атақты афоризмі аспандап тұрған кез. Оның үстіне бұл биліктің өзі өз болып, бір тауып кеткен шешімі еді. Бұдан кейін 99 пайыз ресми, мұзды мұхиттың тоңын жібіту үшін жасалған жанкешті жұмыстың қалай жүзеге асқанын көз алдыңызға елестете беріңіз. Осы тұста басқалармен қатар «Қазақ әдебиетінен» Әмірхан Меңдекеге ұсыныс түсті. Арнайы «Ғылым және білім» бөлімін ашып берді. Көпен Әмір-Бекті де шақырып, оған фельетон бөлімін ашып берді. «Таным және талдау» деп өзгертілген «еңбекші хаттар» бөлімін басқару мен пақырға бұйырды. «Егеменнің» әр нөмірі оқыла бастады. . Әсіресе бірінші беттегі Әбекеңнің ұсынысымен ашылған «Бірауыз сөз» айдары бірден назар аудартты.  Әбден кең көсіліп, газет бетінде жатып алатындар үшін де бұл рубрика жақсы сабақ болды. Ал енді Әмірхан мен Темірханның «Бір ауыз» сөзі айрықша болатын. Шерағаңның өзі де өте белсенді болып, үлгі көрсетті. Осы күнде жұрттың қолында жүрген «Бір кем дүниесін» жазу да сол кезден басталған болуы керек.
Әрине, Әбекеңнің кезінде журналистикада жасаған жанкешті жұмысын мақалаға бастау ретінде пайдаланғанымыз болмаса, ол, ең алдымен, ел мойындаған әдебиет сыншысы, әдебиет зерттеушісі. Сыншы болғанда да сұрапыл, сұр мергені (стрелок с характером). Әр жазушының болмысын терең таныды. Сыншы адамға бір ғана білім жеткіліксіз, оның бойында аңсау, арылу, сағыну, ойлау, сезіну,  түйсіну, тіпті түңілу, тіксіну тәрізді ақылдың атрибуттары, көркемдік компоненттері, адами қасиеттер қатар өріліп жатса керек. Содан да болар ол талантты терең танып қана қоймай, оны армансыз  аялайды, кейіпкерін кемелдендіріп жібереді. Бұл бағытта атап айтар мысал жетіп артылады. Ол жағына кіріссек, ұзап кетеміз. Оның қаламынан шыққан сынның қуатты, тегеурінді, тартымды болатыны сонша, кейбір жазушылар өзін танымай қалатын да жағдай болды-ау. Бұл ретте ол зерттеушілер жіктеп көрсететін сынның ішінде органикалық сынды шырқау биікке көтерді. Мынадай бір тосындау ойды қолданудың сәті келіп тұр. Шыңғыс Айтматовтың 60 жылдығында қалмақтың көрнекті ақыны Давид Кугультинов: «Шыңғыстың прозасы музыкалы проза» деп еді. Оған Шыңғыстың: «Прозадан музыка чығат. Қандай укумуш, а? Гениально» деп іле жауап қатқаны бар. Әдетте живописьтің ақыны, музыканың ақыны деген Тицианға, Шопенге қатысты айтылған теңеулер де бар.  Осы өре биігінен тәпсірлесек, біздің Әбекеңді сынның ақыны десе де үйлесіп-ақ кетеді. Сынында саз, сарын, әуен бар. Сүгірдің шертпесіндей, өзі жазғанындай, Айрауықтың ащы күйіндей. Бұл кісінің жазуында жай сөз, жай сөйлем деген болмайды. Сөзді майыстырып, мойнын бұрап қолдану деген атымен жоқ. Есесіне есте жоқ ескі сөздерді тірілтіп отырады. Оның сынында сюжет бар. Әңгімедей оқылатыны да содан. Лиризм мен психологизм жібектей желпіп, параллель, жарысып отырады.   Біз шыны керек, әдебиетке қатысты қасаң, таптаурын, жалпылама, сипай қамшылап, социалистік реализм шеңберінен шыға алмай жазылған «сын» мақалаларды да көп оқыдық. Көңілжықпастықпен жазылған қазақи сынға әбден етіміз үйренген. Тағы да Шерағаң еске түседі. Ол кісі  редакторлық еткен жылдары «Қазақ әдебиеті» бұл мәселеде мұзжарғыш болғанын атап өту керек. Сол кезде Әлия, Әмірхан, Тұрсынжандар атқа мініп, қаламын тасқа қайрап сол канондарды келмеске келтіргендей еді. Бүгінде сол екпіннің баяулап, мерейтойлық, қара мақала, эсселердің әдеби сын деп қабылданып жататыны да жасырын емес.
Айтпағым, әдеби сын қандай болады дегенде Әбекеңді басшылыққа алсақ та болады. Оның әдеби сыны тұнып тұрған мағына, мазмұн. Ұлттың мазмұны, мағынасы. Мұндай сынның ғұмыры ұзақ болады. Дәуірлерге көшіп жүреді. Ұзақ дегеннен ойға түседі. Адамның өмір жасын Алла береді. Әркім Алланың берген жасымен өмір сүреді. Ал соның ішінде  ең ұзағы талант жасы.Оны да Алла береді. Демек, мұндай адамдардың талант жасы ұзақ болады, елмен бірге жасай береді. Өйткені оларды оқымау мүмкін емес. Сыншының өзі жиі жүгінетін Толстойда: «Тютчев деген ақын бар. Оны оқымау, онсыз өмір сүру мүмкін емес» деген сөз бар. Сондықтан Әмірханды оқымау да мүмкін емес. Талант жасының ұзақ болатынына бұлжымайтын бір мысал осы. Бұл аз десеңіз, тағы бір айғақ айқайлап тұр. Алаштың ардақты ақыны Серік Ақсұңқарұлы қайсыбір жолы «Әмірхан Меңдеке – ұлттық сыни ойымыздың көш  басында тұрған азамат. Екі-үш жыл болды, Әбекеңнің «Жалғыздық сені қайтейін…» деген кітабын күнде парақтап, тереңіне бойлай алмай жатырмын. Бұл еңбек абайтануға қосылған елеулі үлес болғалы тұр» деп жазды. Үлкен интеллектуал ақынның ойын ілгерілетіп жіберсек былай:
Секеңнің айтып отырғаны жазуында ұдайы кемелдік ұстанымдары, тың ой, тосын көзқарастар көрініс беріп отыратын сұрапыл сыншының «Қайнар» баспасынан жарық көрген кітабы. Хас өнерге түсіндірменің қажеті жоқ. Шын өнер кісіні күрсіндіреді, толғандырады, тамсандырады, қилы ойға салады. Әдеби сынды биік, ұлық өнер деңгейіне көтерген көрнекті сыншының толғанысы да, танымы, талдауы, парасат пайымы да әдеттегідей ешкімге ұқсамайды. Қауып жазбайды, тауып жазады, танып жазады, талғап жазады. (Өзгені айтпағанда, Әуезовті, Аймауытовты талдап, тану үшін қандай деңгей керек екенін бағамдай беріңіз). Секеңнің айтатынындай бар, бұл кітап – ойлы оқырман үшін үлкен олжа. Қоғам күткен кітап. Қайтесіз жұрттың қолында тозатын-ақ кітап қой. Біздің «Шәукімбай шенеуніктерге» (Әбекеңнің «Абай жолының» жарияланбаған қолжазбасындағы Шәукімбай туралы толғанысын еске түсіріңіз) керегі кітап емес әрине. Мемлекеттің ақыл-ойы – таланттарды түгендеу олардың түсіне де кірмейді. «Олар неге көрінбей кетті, неге жазбай кетті?» деген сауал оларды ешқашан алаңдатқан емес. Қайта үнсіз жатқаны жақсы, пайдалы. Есесіне, бұл кісінің университетте дәріс оқып жүргенін естігенде қуандым.
Пайдалы әсер коэффициенті тұрғысынан қарағанда, сәл естілеу, әсерлілеу көрінген эссенің түйіні мынадай болып шықты:  Оның қай кітабы да жоғары оқу орындарында оқулық орнына жүруге тиісті алапат автоанализдерге (ішкі дүниенің қопарылуы, ақтарылуы, зор рухани қуаты, жоғары интеллект, үлкен мәдениет, өлшеусіз білім, т.б.) негізделген, ұлттың төлтума тұрпатын,  рухи  даму бағдарын, ұлы өнердің мақсат-мұратын, міндетін анықтауға жауап беретін жауһар жазбалар. Аристократтық әдебиеттің озық өкілі, дегдар тұлғаның әлі күнге тұсаукесері де өтпеген, дұрысы  қоғамда рухани сұраныс тудырып, дүркін-дүркін талқыланып жатуға тиісті «Жалғыздық сені қайтейін…» атты кітабында осыдан жиырма жыл бұрын Қабдеш Жұмаділов туралы жазған нәбәрі үш-төрт беттік «Ұлт жазушысы» деген мақаласы бар. Мақала емес, ұлттық рух реквиемі десе де болғандай-ау. Сол дүниесін автор былай түйіндейді: «Бір сөзбен жинақтай айтсақ, Қабдеш Жұмаділов – ұлт жазушысы. Ақын үшін, жазушы үшін «ұлт ақыны», «ұлт жазушысы» атанудан асқан мәртебе де, абырой да, атақ да, даңқ та болмақ емес. «Кімде-кім өз ұлтын сүйсе, қияметте де Алла Тағала оны сол ұлттың сапында тірілтеді» дейді қасиетті Хадис. Ұлтқа, өз ұлтына қызмет еткеннің әманда жүзі жарық, жұлдызы жоғары. Қабекеңнің де жұлдызы жоғары».
Күні бүгінге дейін бір де бір ресми атағы жоқ сыншының өз сөзін өзіне үтір, нүктесін қалдырмай қайтарсақ, қателесе қоймаспыз.
Ол – ұлт сыншысы. Бұдан артық атақтың қажеті бар ма өзі?!

 

Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір