МЕҢДІҚАРАНЫҢ МЕҢЕТАЙЫ
Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор ұстазымыз Хайыржан Бекхожин университеттегі баспасөз тарихы туралы лекциясында облыстық газеттерге тоқталып, соның ішінде бір кезде өзі де редактор болған Қостанай облыстық газеті жайында айтқанда (кейін «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі (1860-1958)» монографиясында жазылғандай): «1925 жылы Бейімбет Майлин Қызылордадағы республикалық баспасөзге ауысты. Жұмаш Еленов та сонда кетті. Сондықтан газетке хабар жазып, қаламы төселген тілші Меңетай Жақсылықов «Ауыл» газетіне әдеби қызметке алынды» деген еді.

Ол кезде студент-жастар арасында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы, оның кейіпкері Меңтай есімі кең жайылып тұрды. Әз-ағаңның Меңтайына ұқсас әрі бір-ақ әріп айырмашылығы болғандықтан шығар, Меңетай деген есім сол шақтан санада сақталып қалыпты. Кейін Бейімбет Майлин шығармашылығына байланысты зерттеулер арқылы жазушының төл шәкірті Меңетайға жақындай түстік.
Меңетай Жақсылықов (1900 жылы туған) – Қостанайдың Меңдіқара өңірінің қазағы; ең алғаш үш жылдық ауыл мектебінде сауат ашып, медреседе дәріс алған. Бұдан кейін Орынбордың мұғалімдер институтында білім алып, саяси сауаттандыру мектебінде оқыған. Еңбек жолындағы бірінші белесі – ауыл мектебінің оқытушысы болуы. Осы кезде Қостанайдың «Ауыл» газетінің жергілікті тілшісі ретінде үзбей мақала жазып, Бейімбеттей танымал тәлімгердің кәсіби мектебінен өтеді, журналистика әліппесін үйрене бастайды. Сөйтіп, көп ұзамай газет редакциясының табалдырығынан аттап, шығармашылық әлеміне келіп кіріп, мәңгілік мамандығын табады.
Меңетай газетшілік еңбегін енді бастаған тұста, редакциядағы әріптестері Бейімбеттің дәстүрін сақтау мақсатында, ел ішіндегі жер-жердегі тілшілердің күшімен «Ауыл» газетінде «Жедел қарт» деген арнаулы сын-сықақ бөлімін ашады. Оның тізгіншісі Меңетай болады. Газет «Жедел қарттың» көзімен ел ішіндегі ерсі қылықтарды өткір сынап, жаңа қоғамның күш алуына көмектесіп отырады. «Жедел қарт» газеттің, осы бөлімді жүргізушінің және басқа да жас газетшілердің шығармашылық тұрғыда жетіліп, өсуіне игі ықпал етті.
Бейімбет пен Меңетай былайғы өмірде де ағалы-інілі болып, рухани жақындықта ғұмыр кешкен. Бейімбеттің өзі жақсы көретін, жақсы білетін достарының, құрдастарының, замандастарының есімін шығармаларының кейіпкері, бөгде есім етіп пайдаланатын әдісі бар. Алғашқы өлеңдерінде, баспасөз бетіндегі бастапқы жарияланымдарында, кейінгі прозалық туындыларында бұл әрекеті көп байқалады.
Мысалы, «Биғаншаның хаты» әңгімесінде әріптес шәкіртінің есімін былай пайдаланды:
«Меңетай шал азырақ бөгеліп тұрды да:
– Осы да жөн-ау. Ішерлігімізді колхоздан алдық, үкіметке бермей оны қайтпекшіміз? Колхоз жоспарынан тысқары жарты десте салып едім, 50 пұт астық қорым да тұр. Жазыңдар, соны түгелімен беремін, – деді ол».
Бейімбет, негізінен, «Ауыл» газетінде біршама қолданған «М-тай» бүркеншік есімі Меңетай бауырының есімін қысқартудан пайда болған. Жазушы «Серттескендер», «Былай қылсақ қайтеді?», «Займ помыш» секілді оқшау сөздеріне, «Мұхаметжан Серәліұлы», «Есенбай», «Өше ме десең, өрши түседі», «Ауылдың» жылдық тойы», «8 март күні» секілді шағын туындылары мен кейбір өлеңіне «М-тай» деп қол қойды. Бейімбеттің бүркеншік есімі аз емес; ал аз ғана уақыт қолданған «М-тай» ауыл тілшісі Меңетай бауырының есімін өзімсініп пайдаланған газетшілік ғұмырдың бастапқы кезеңіне тура келеді (бұдан ұлттық баспасөздегі бүркеншік есім тудырудың өзіндік бір тәсілін көруге болады). Меңетайдың өзі «М-тай» есімін сирек қолданды, көбіне «Метей» деген бүркеншік есіммен жазды.
«Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің байырғы қызметкері, белгілі журналист Есхан Есетовтің «Мырқымбай» деген деректі әңгімесі бар. Мұнда Қостанайдың «Ауыл» газетінің редакторы Меңетай Жақсылықов Мырқымбай туралы өлеңдердің тууына себепші, жазушы мен кейіпкер арасын жалғастырушы тұлғасында көрінеді, яғни шығармашылық тәсіл ретінде Мырқымбайдың Бейімбетке «жазған хатын», жазушының Мырқымбайға «арнаған хатын» (өлеңдерін) бір-біріне жеткізу жолы таңдап алынады.
Автор оны былай сипаттайды:
«Меңетай Жақсылықов. Бұл – осы Бейімбеттің Қостанайда қалған ізбасары. Бұрын Бейімбеттің өзі істеп кеткен сондағы округтік газеттің қазіргі редакторы. …Меңетай кеше келіп манағы Мырқымбай хатын да өз қолымен әкеп тапсырып кеткен. Сонда сол хатты беріп жатып, «Мырекеңе жауабын да өзім ала кетемін ғой» деп Бейімбетке наз нышанын білдірген.
Меңетай да – каламгер жігіт. Оның бет-әлпеті, ұзынтұралау талдырмаш бойы, қайырған шашы, селкем ғана білінетін шешек дағы да осы Бейімбет тәріздес. Бірақ мінезі өзгешелеу. Бейімбеттей тұйық емес, серпіле сөйлеп, аңқылдап отыратын апайтөстеу, ақ көңіл жігіт. Бейімбеттің өзімен үзеңгілес келе жатқан көптенгі таныс, аралас-кұралас, елдес адам…»
Меңетай өнерге құмар жастардың бірі болды. Бұл құмарлық сол кезде, әсіресе ауыл мұғалімдерінің шығармашылық қабілетін көрсетуінің бір жолы болып көрінді. Бейімбет Майлиннің ертеректе Қостанай жастары арасында кең таралып, жиі қойылып жүрген «Неке қияр», «Қаламқас», «Бетім-ау, құдағи ғой», т.б. шағын пьесаларына Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Жұмаш Еленов сияқты т.б. талантты жастармен бірге, мұғалім Меңетай Жақсылықов та қатысып жүрді.
Александр Затаевич қазақтың мың әні мен күйін жинап жүргенде, сол кезде Қостанай уезінің Ара қарағай болысында тұратын Меңетай Жақсылықов оған «Сексембайдың әні», «Перизат бауырым» әндерін өзі айтып жаздырған. Бұл әндердің нотасы (сөзімен бірге) А.В.Затаевичтің атақты кітабында берік қатталғаны белгілі.
1930 жылы Қостанай округі таратылған соң, Меңетай Жақсылықов газет басшысы ретінде «Ауыл» газетін Торғай ауданына (1928–1956), аудан орталығы Торғай селосына (қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданының орталығы) көшіріп әкелген көштің басында болып, осы жерде газет шығару ісін жолға қояды.
1930 жылдың қазан айынан «Ауыл» болып қайта шыға бастаған сол газет жылдар өте келе, талай кезеңді бастан өткеріп, атауын бірнеше мәрте өзгертіп, қазір «Біздің Торғай» деп аталады. Журналистік дәстүрді жалғастырған «Ауыл» газеті Торғайда 1936 жылға дейін өз атымен (кейінірек «Социалды ауыл» болып) шығып тұрды.
Меңетай Жақсылықов отыз үш жасында Ақтөбенің облыстық «Социалистік жол» газеті редакторының тағдырлы тізгінін қолына алып, Шеген Құдаманов, Мақсұт Жанышев, Тумыш Сарғожаев сынды ізашар арыстардың ізбасары болды және аталған қызметті басқа әріптестерінен біршама көп уақыт атқарды.
Меңетай Жақсылықов басшылық еткен жылдары жас газет өзінің қоғамдағы орны мен рөлін күшейтуге ұмтылды, басылымның халық арасында кең таралуына, оқырманның ықыласына бөленуіне баса назар аударылды. Бұл үшін басылымның жалпы мазмұнын жақсартып, жаңартуға, газет сөзінің пәрменділігін арттыруға, оқырманға жедел жетуіне ерекше мән беріліп, ішкі ұйымдастыру-шығармашылық жұмыстары жетілдірілді. Әсіресе очерк, өлең, деректі әңгіме түрінде көркем-публицистикалық жанр өрлеу жолына шықты. «Фельетон», «фельетонсымақ», «фельетонша», «оқшауша орнына» айдарларымен өткір сынға өріс ашылды.
Меңетай тізгін ұстаған тұстағы тақырып аясының кеңеюі, шығармашылық еркіндік, жазуға деген құштарлықтың артуы осы бір отыз екінші-отыз үшінші жылдардан басталып, отыз жетінші жылға дейін созылған аз уақыттың аясында газеттің қалыптасу-даму қадамын тездетіп, мазмұнын айтарлықтай жақсартып, материалдардың пәрменділігін күшейтіп, журналистер шеберлігін шыңдаған шынайы кезең болды.
Жаңа редактордың келуімен төрт бет болып шыға бастаған газет алғашқы күннен әдебиет, өнер мәселесін тұрақты жазуға көшті. Мысалы, Меңетай басқарып отырған газетте 1934 жылғы 20 қаңтарда елімізде «Қазақ әдебиеті» газетінің жарық көруіне байланысты алғашқы №1 «Әдебиет беті» ашылды. Арнаулы беттегі «Әдебиетіміз жаңа дәуірде» деген редакциялық мақала, «М.Ж.» бүркеншік есімімен жазылған «Ән, күй шеберлерінің өлкелік слеті болады» деген кеңейтілген ақпарат Меңетайдың өз қаламына тиесілі екені сөз саптауынан анық байқалады.
Осы күннен бастап «Әдебиет беті» нөмірленіп, 1937 жылдың аяғына дейін жүйелі шығып тұрды. Оқырман назарына жергілікті авторлардың туындыларымен қатар, белгілі қаламгерлердің көрнекті шығармалары ұсынылып, қазақ көркем әдебиетін насихаттау кең өріс алды.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 20 жылдығына орай газет Қазақстанның басты жазушысы Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» атты жаңа повесін бірнеше нөмірге түгелге жуық жариялады (мәтінін профессорлар Темірғали Нұртазин мен Сейділда Ордалиев алғаш рет үйірге қосқан «Жалбыр» повесінің шығармашылық тарихын кезінде нақ осы сақталу сапасы жақсы жарияланыммен салыстыра отырып таразылағанбыз).
Меңетайдың газеті бұдан кейін Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов жазған, «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған «Батыр-большевик Амангелді» атты ұзақ очеркті бірнеше нөміріне көшіріп басты.
Сол сияқты Бейімбет Майлиннің 1936 жылы «Әдебиет бетінде» берілген «Бақыт» әңгімесі жазушының белгісіздеу шығармасының бірі еді. Мұхтар Әуезовтің «Ән сөзі» әңгіме-мақаласы танымдық тұрғыда өз ерекшелігімен көрінді.
Газет көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің әдеби құбылыс болып танылған атақты «Құлагер» поэмасын бірнеше нөміріне тұтас жариялады.
1936 жылы газеттің кезекті нөмірінің қос беті қазақ кеңес әдебиеті көшбасшыларының бірі Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық қызметіне, жекелеген әдеби туындыларына арналды.
Осы жылдары А.С.Пушкин шығармашылығын насихаттауға ерекше мән берілді. Ілияс Жансүгіров аударған «Гавриилиада» поэмасы «Гебрайылнама» деген тақырыппен газеттің бір бетін алып жарияланды.
Бұдан кейін Ілияс қазақша сөйлеткен «Евгений Онегин» оқырмандармен тілдесті.
Қадыр Тайшықов аударған «Капитан қызы» да газет арқылы көпшілікке жетті.
Тайыр Жароков аударған «Кавказ тұтқыны» газеттің тұтас бір бетін алып жатты.
Меңетай Жақсылықовтың редакторлығы тұсында, газеттің 1934 жылғы бір нөмірінде алғашқы қазақ заңгері, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, демократ Бақытжан Бейсәліұлы Қаратаевтың (1863–1934) дүниеден өткені туралы азанама жарияланды.
Батыс Қазақстан өңіріндегі Қаратөбе жерінде дүниеге келген Бақытжан Қаратаевтың есімі көпшілікке жақсы таныс және өмірбаян деректері де кеңінен мәлім. Ел құқығын қорғау жолында аянбай еңбек еткен айтулы заңгердің қазақ халқын аштыққа ұрындырған Өлкелік комитеттің бірінші хатшысы
Ф.Голощекиннің қылмысын бетіне басып, қарсы шыққан ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа жайылып келеді.
Өмірінің соңына дейін Ақтөбе қаласында тұрып, жетпіс бір жасында дүниеден өткен Бақытжан Қаратаевтың қазасы туралы хабарлап отырған газет ақпаратын бақытжантану жайындағы тарихи жарияланымның бірі деуге болады. Мұнда оның өмірбаянына тереңдемей (патша заманындағы заңгерлік қызметі, 1927 жылы діни көзқарасы үшін большевиктер партиясына мүшеліктен шығарылғаны сияқты), негізінен, кеңестік заман лайық көретін өмір кезеңі туралы айтылады.
«Қарт қызыл партизан Бақытжан Қаратайұлы ағұстың 24 күні қайтыс болды, – деп жазды газет. – Бақытжан 1860 жылы Батыс Қазақстан облысында туды. Бақытжан – Қаратай сұлтанның тұқымы.
Бақытжан 1904 жылдан 1914 жылға дейін Кадет партиясында болып келді, жиһангершілік соғысы басталар алдында бәлшевизм жағына шыққан.
1917 жылдан 1918 жылға дейін бәлшевектің тапсырған міндеті бойынша Батыс Қазақстан облысында қызмет істеген. 1918 жылы Орал қаласында абақтыға түсіп, қызыл әскердің күшімен босаған.
Абақтыдан босаған соң жергілікті елден ерікті атты әскер ұйымдастыруға кіріскен. 1919 жылы бірнеше ай бойы батыс майданында 4-қызыл бригәдасы әскерінің саяси бөлімінің бастығы болып қызмет істеген.
1919 жылы үйел айында Қазақстан өлкесіндегі төңкеріс комитетінің мүшесі болып тағайындалған. Қазақстанда азамат соғысы тарихы материалын ұйымдастыруда еңбек сіңірді. Соңғы 2 жыл ішінде ұзақ науқасқа шалдығып төсекте жатты».
1937 жылғы мамырда бірінші хатшы Айтмұхамбет Мусиннің төрағалық етуімен өткен Ақтөбе обкомының бірінші пленумында Меңетай Жақсылықов облыстық «Социалистік жол» газетінің редакторы болып бірауыздан қайта бекітілді, обкомның бюро мүшелігіне кандидат болып сайланды.
Меңетай осының алдында обкомның өкілі ретінде Ырғыз ауданында іссапарда болып қайтқан. Оны кейіннен «халық жауларымен» байланыстыруға осы Ырғыз сапарының бір ұшы тиді. Ол былай болған еді: 1937 жылғы күзде бүкіл Ақтөбе аймағын дүр сілкіндірген сот болды: онда «Ырғыз ауданындағы контрреволюцияшыл-ұлтшыл, диверсанттық-зиянкестік ұйым» мүшелері жауапқа тартылды. Айыптау қорытындысы «НКВД-ның облыстық басқармасы Ырғыз ауданында контрреволюцияшыл ұлтшылдық көтеріліс жасамақ болған диверсиялық
ұйымның бетін ашты және ол ұйымды таратты» деп басталды. Онда аудандық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Үмбетияр Асқаровты осы «ұйымды» басқарды деп, оған қоса тағы сегіз адамды (аудандағы жауапты қызметкерлер Сүлеймен Тасболатов, Жолболсын Ақшолақов, Шотбай Ембергенов, Жолмағамбет Айызақов, Қамаш Алқамбаев, Әнапия Шынтеміров, Досмұқан Тоқмәмбетов, Баймағамбет Байкин) сотқа тартты. Мұнда әрбір айыпталушыға қатысты көп нәрсе айтылды, олардың жауаптары берілді.
Мысалы, «айыпкер» Әнапия Шынтеміровтен сот отырысында алынған жауапта былай жазылды:
«Әпрелдің 28-і күні Асқаров біздің бәрімізді қонаққа шақырды. Қонақта Тасболатов, Айызақов, Алқамбаев, Ембергенов, Тағаев (халық жауы болған оқытушы), Демесінов (аудандық қаржы бөлімінің бастығы), Жақсылықов (облыстық «Социалистік жол» газетінің редакторы), Садықов (аудандық партия комитетінің қызметкері), Есболаев (аудандық атқару комитетінің председателінің орынбасары), Дайрабаев (алашордашыл оқытушы) болды. Қонақтықтың аяқ шеніне таман бірқатар адам кетіп қалды. Соның ішінде Жақсылықов бірге кетті…»
Ол заманда обкомның өкілі ретінде ауданға арнайы іссапармен келсе де, қазақы дәстүрмен бейтаныс азаматтың дастарқанынан нан ауыз тиіп шықса да, сотталып жатқан «контрреволюцияшыл-ұлтшыл, диверсанттық-зиянкестік ұйым» мүшелерімен газет редакторының бірге қонақ болғаны – жазасыз қалмайтын қылмыс. Кез келген бас қосуды басқаша түрлендіріп, ұлтшылдыққа ұрындыра салуға себеп жетіп жатыр еді. Осы тұста НКВД «куначество» деген терминді ойлап тауып, қазақтың өз қонақжайлығын өзінің сорына айналдырды.
Сот шешімімен ырғыздық тоғыз адамның алтауы «партия мен халықтың жауы» ретінде ату жазасына кесілді, үшеуі ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Редактор Меңетай Жақсылықовтың басына да қара бұлт үйіріліп, табаны тайғанақтай бастады.
Обкомның кезекті пленумында сөз сөйлеген Меңетай Жақсылықов: «Қазір Ырғыз ауданында өтіп жатқан контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашистерге қатысты процеске байланысты баспасөзде менің де аты-жөнім аталды. Мені осы бандамен бірге той-тойлады делінген. Бірақ мәселе былай болған еді: мен ауданға келіп, аупартком хатшысы Тасболатовқа кірдім. Кірсем, әлгі адамдардың бәрі сол жерде ішіп, жеп отыр екен… Менің қателігім, осы топтың ішінде кімдер бар екенін тексермей, орталарына барғаным еді», – деді.
Дегенмен «халық жауларымен» байланыс ізсіз қалмады. Меңетай қара тізімге ілінді.1937 жылғы 14 қарашада газетке ең соңғы рет редактор ретінде қол қойды. Келесі күні қызметінен босатылды және көп ұзамай партия қатарынан шығарылды. Ақтөбе обкомы 1938 жылдың бас кезінде облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне кандидат Меңетай Жақсылықовты «халық жауларымен байланысып шырмалған» адам ретінде өз құрамынан шығарды. «Отыз жеті» мен «отыз сегіздің» қаншеңгел күндерінде партиядан шығу мен жұмыстан босаудың ақтық жолы абақты еді. Меңетайға сол сәт жақындап келе жатты…
Осы кездің жағдаятын қазақтың көрнекті ақыны Мәриям Хакімжанованың естелігінен білуге болады. Мәриям апай сол бір қиын-қыстау кезде, Табын (қазіргі Байғанин) аудандық НКВД бастығы болып істейтін күйеуі Серғали Бермұхамбетов ұсталып кеткеннен кейін, екі баласымен күн көруі қиындап, еш жер жұмысқа алмай, Ақтөбе қаласында қатты қиналып жүрген шағында, әріптес-жерлес ағасы, облыстық газеттің редакторы Меңетей Жақсылықовтан көмек сұрай барады. Жазушы Мағира Қожахметова қағазға түсірген осы естелікте мынадай жолдар бар:
«Социалистік жол» газетінің бас редакторы Меңетай Жақсылықовқа барған. – Мені корректорлыққа алсаң қайтеді?
– Айналайын, Мәриям-ай, мен де қыл үстінде тұрмын ғой, – деп жауап қатқан ол. Артынша бір ай өтпей оны да партиядан шығарып, қызметінен босатты. Облыстық тұтынушылар одағы председателінің орынбасары Айжан Тоқмағамбетова екеуін қатар шығарды партиядан. Бір күні түнде есік қағылды. Айжан екен. «Мәриям, бүгін Меңетай да, мен де сендердің тобыңа кіріп отырмыз. Қажығали (інісі) екеуің кезекке тұрып, билет алып, елеусіздеу бізді шығарып салмасаңдар, қамаламыз», – деді. Түнімен билеттің кезегін тосып, оларды пойызға отырғызып жібердік».
Бейімбеттің белгілі шәкірті, «пойызға отырып кеткен» Меңетай Жақсылықовтың тағдыры әлі күнге белгісіз. Кейбір жарияланымда қуғын-сүргін жылдары ату жазасына ілінді деген де пікір ұшырасып қалады, бірақ мұны дәлелдейтін дәйекті дерек әзір кездесе қойған жоқ.
Бізге қаламгер Меңетай Жақсылықовтың әртүрлі тақырыпты қозғайтын мақала, фельетон, т.б. журналистік жарияланымдары белгілі, бірқатарының мәтіні қолымызда бар. Мәселен, Бейімбет ұстазының ықпалы мен өнегесі жазу-сызуынан сезіліп тұратын Меңетай мұрасының ішінен «Домбыра мен пәтепон» (патефон) очеркі оның қолтаңбасын жақсырақ тани түсуге көмектеседі. Мәдениет мәселесін жазуға бейім Меңетайдың тәлімгеріне тән жазу мәнерін ұстанып өткені байқалмай қалмайды.
Абайдың бір шумақ өлеңін («Құлақтан кіріп бойды алар…») эпиграф ретінде алған очерк: «Қонжар МТС-ның тұрған жері – Михайловский пәсөлкесі Темірден 75 шақырым деседі. Бір жұмыспен осы МТС-қа баруға тура келді. МТС-қа барсаң, ар жағында «Ашшы құдық» қалқозының төбесі көрініп тұр. «Ашшы құдық» аудандағы қазақ қалқоздарының ең тәуірі, бетке ұстаған қалқоздарымыздың бірі» дейді аудан басшылары. Солай болғансын бұл қалқозды біздің де көргіміз келді» деп басталады.
«Ашшы құдық» қалқозына барғанда автормен МТС-тың партия ұйымдастырушысы әрі директорының орынбасары Медеубаев және аудандық «Социалды майдан» газетінің редакторы Сыздық Омарханов (қостанайлық жерлесі, кейін «отыз жетінің» отына күйген) сапарлас болады.
Меңетай әдеттегі қызметтік іссапардың мазмұнынан қалқозшылар өміріне жаңалық болып енген патефон арқылы күйтабақ тыңдау құбылысын таңдап алады және сол әдіспен екінші жағынан қазақ өнерін насихаттау көзделеді.
Міне, қалқоз төрағасы Сапи Сақбаев іске қосқан патефон күйтабағы халық әні «Қанат талдыны» қалықтата жөнелді. Автор осы сәтті былай бейнелейді: «Қанат талдыны» желдете, құтырта соқты. «О», пәлі!» деді отырғандар. «Баяғы Сексембай марқұм өлеңді салған жерден осылай іліп әкетуші еді-ау, білесің бе», – дейді Сыздық» (Бұл арада сөз кезінде Меңетайдың өзі Александр Затаевичке айтып жаздырған, Қостанай өңірінде айтылатын «Сексембайдың әні» деген шығарма жайында болып отыр. – С.Б.) .
Патефон күйтабағы «маймаңдатып» «Сырғақты» әнін бастайды. Автор әннің бір шумағын келтіреді:
Әуеде ұшып жүрген қара шыбын,
Нәрсенің қолдан шыққан бәрі шығын,
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің аман-есен, қарашығым!
Бұл күйтабақтың соңын «безілдетіп-безілдетіп апарып, мұны да бір-ақ түйді» деп түйіндейді. Бұдан соң осылайша әр әнге өз бағасын бере отырады:
«Алқымы кеуіп, тістеніп «Алтайға» басып Елубай кетті. Әнінің аяғын «шаттанғандай, шаттанғандай» деп қайырғанда таңдайы тақ-тақ етеді»; «Қиылып, қалықтаған дауыспен Күләш шықты». «Даусының өткірін-ай, құлағыңды жарып кетеді» дейді тыңдап отырған қалқозшылар; «Сұрша қыз» бен «Дударайға» салып Сара шықты».
Кезек «Қойшының әніне» келеді:
Айта бар, барсаң сәлем Шұға жанға,
Аямай әкең сатты сені малға.
Болғанда сен ол жақта, мен бұл жақта,
Дариға-ай, сен де арманда, мен
де арманда.
Аққу едің көлдегі,
Сұңқар едің шөлдегі,
Амалым бар ма, әттең, тәңір-ай
Аха-хау, шөлдедім!
«Біз де сый қонақ екенбіз деп тымсырайып отырмадық. Екі жағымыз да құрғақ сыпайыгершілікті қойып, кәдімгідей шүйіркелесіп сөйлесіп, пәтепонның қызығына түстік… Пәтепондағы әншілердің әніне елтіп, ауыздарының суы құрып, делебесі қозып, әрқайсысын әртүрлі көтермелеп отырған осы ауылдың қалқозшылары еді», – дейді Меңетай бұдан әрі қарай.
«Көңіл жадырап, шайдай ашылған» сәтте кезек күйге келеді. «Айжан қыз», «Адай», «Шалқыма» күйлері орындалады. Ферма бастығы болып жүрген жас қалқозшы Бимекен «Шалқыманы» патефоннан үйреніп алып, айнытпай қайта тартатын болып шықты.
«Мынау ғажап екен! Пластенкедегі күйді айнытпай домбыраға түсіріп алуға үлкен еп, асқан шеберлік керек-ау! Пәтепондағы күйді қағып алған домбырашы жігітті көргіміз келді» дейді автор. «Қутығай қара» ферма бастықпен жүздесіп, өнерін тамашалаған соң Меңетай ол туралы: «Бабы келіссе анау-мынау шаршы тобыңа ұялмай-ақ белсеніп түсетін сазы бар. Тікірейген қара мұртының жебесі, жұқаша келген еріні, жылтырап, күлімдей қараған өткір көзі талағында биті бар екендігін айтпай-ақ сездіріп тұр» деп жазды.
Халық арасынан шыққан талант Бимекеннің өнеріне сүйсінген Меңетай: «Тышан дейтін кісі орысша білмегеніне назаланып: «көкірек біледі, тілмаш нету» деген екен. Сыздық екеуміз домбыраны көкірегіміз білгенмен, қолымыз тарта білмейді деп ерте туып, кеш қалғанымызға өкіндік» деп және бір қайырады.
Мәдениетке бет бұрған қалқозшылар патефонға елігу арқылы өнер-білімнің кереметімен, мәдениеттің жетістігімен көзбе-көз ұшырасып отыр дегенге саятын авторлық идеяны очерк тілі былай түйіндейді: «Радио, пәтепон ауылға келді. Домбыра, қобыз, сыбызғы мәңгі аңсап күткен достарын құшақ жайып қарсы алды… Домбырадан, пәтепоннан шыққан «құлақтан кіріп бойды алған жақсы ән мен тәтті күй» социализмнің қамына, еңбекші елдің бағына жұмсалсын. Көсіл, домбыра. Сайра, пәтепон, Ағыт жаңа жырды. Аңқыт күйді. Шырқа әнді. Гүлденсін өмір. Көтерілсін көңіл. Заман біздікі. Іркілме?
– Ой, пәлі-ай!».
Өмір дерегі жеткілікті жария болмаған Меңетай Жақсылықовтың Қостанай, Торғай, Ақтөбе жерінде (әлі нақтыланбаған дерек бойынша Жезқазған жағында) журналистік, редакторлық қолтаңбасы қалды. Бірақ бұл өңірлерде Меңетай есімі көп атала бермейді. Баспасөзге қатысты кейбір жарияланымнан аты-жөні оқта-текте жалт беріп қалатыны бар…
Әдебиет пен өнердің жанашыры болып өткен газеткер Меңетай Жақсылықов өмірінің айтылмаған ақиқаты мен ашылмаған ақтаңдағы аз емес. Қостанай жағына жол түсіп, меңзеулі Меңетай Жақсылықов туралы сөз қозғаған сәтімде әріптес-замандасым «қазір өзі мұндайды керек қылатын кісі де қалмады ғой» деп қамықты. Расында да, белгілі қаламгердің белгісіз ғұмыры туралы баяндау бүгінде кімге керек?! Әлде… кешегіні көрген, бүгінгіні бастан кешіріп жатқан, аға ұрпақтың адал ісіне әркез құрметпен қарап, сүйсіне еске алатын ескерімді буынның зейін-зердесі ескірмеген сіз бен біз секілді өкілдері үшін ғана қажет пе екен?!
Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымдарының докторы, профессор